Төтенше жағдай кезінде туған сәбилерге ерекше есім берілді

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ТЖ кезінде өңірде 1846 сәби дүниеге келген. Оның 961-і ұл, 885-і қыз бала.

Төтенше жағдай кезінде туған сәбилерге ерекше есім берілді
travelpress.kz
722

Атыраулық екі отбасы су тасқыны кезінде дүниеге келген сәбилеріне ерекше есім берді, деп хабарлады turkystan.kz nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Атырау қаласында дүние есігін ашқан нәрестеге Тасқын-би деген ат қойылса, Индер ауданында туған сәбиге Тасқынбек деген есім берілді.

Индер ауданы, Көктоғай ауылының тұрғыны Бибінұр Бозова 10 күн бұрын 8-ші сәбиін босанды. Бойы – 51 см, салмағы – 3787. Су тасқыны кезінде дүниеге келген нәрестеге әулеттің нағашысы ырымдап Тасқынбек деген есім берген.

«Босануым қиындау болды, алты күн перзентханада болдым, дәрігерлер операциямен босандырып алды. Ұлымның есімі су тасқынына байланысты қойылды. Жолдасымның нағашысы қырда мал бағады, еңбегі сінген кісі. Өзіме де бұл есім ұнады. Ең бастысы дені сау болып өсіп кетсін. Қазір ұлымның жағдайы жақсы, дәрігерлер келіп тексеріп тұрады. Енді отбасымызда төрт қыз, төрт ұл бар», - дейді 40 жастағы Бибінұр Бозова.

Атырау облыстық азаматтық хал актілерді тіркеу басқармасының басшысы Алмагүл Төремұратованың мәліметінше, Атырау қаласындағы тағы бір отбасы 29 сәуірде дүниеге келген тұңғыш ұлының есімін Тасқын-би қойған.

Жалпы Атырау қаласында ер балаларға ең көп қойылған есім – Мұхаммад. Бұл есіммен 32 ұл баланы атаған.

«Қыздарға ең көп қойылған есім – Айша. Айша есімін иеленген 33 атыраулық қыз бар. Одан кейін қыз балаларға Медина есімі – 31, Асылым – 29, Сафия – 27, ұлдарға Хамза – 19, Айсұлтан есімі 15 рет қойылған» - деп жауап берді басқарма өкілдері.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ТЖ кезінде өңірде 1846 сәби дүниеге келген. Оның 961-і ұл, 885-і қыз бала.

Серіктес жаңалықтары