Қазақстанда емге жұмсалатын шығынды 100 пайыз мемлекет төлейді
Мысалы, миға қойылатын бір стенд 3 миллион теңгеден жоғары тұрады. Кейде бір адамға екі стенд қоятын жағдай кездесуі мүмкін. Қазақстанда бұның бәрін мемлекет өз мойнына алып отыр.
«Қазақстанда дұрыс емдемейді» деген сөз бар. Бірақ осыны жоққа шығарып жүрген білікті мамандар да жетерлік. Қазір ми қан тамырлары ауруымен ауыратын науқастардың арасында «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамы нейрохирургия бөлімшесіне, оның басшысы Серік Дүйсенбіұлының алдына барсақ дейтіндердің қатары көбейіп тұр. Бір ғажабы, мұнда келген науқастармен қарым-қатынас тек қазақ тілінде жүргізіледі. Ашылғанына әлі 4 жыл бола қоймаған бөлімшенің ел арасында осыншама беделге ие болуының себебі неде? Біз бөлімше басшысымен әңгімелескенде, осының астарына үңіліп көрдік.
Серік Дүйсенбіұлы кім?
Алдымен оқырманға кейіпкерімізді таныстырып алған жөн шығар. Серік Дүйсенбіұлы 1972 жылы Қытайдағы Үрімші қаласында дүниеге келген. Мектепте қазақ тілінде білім алған. 1990 жылы мектепті үздік бітіргесін оқуға түсіп, дәрігер болуға ниет қылады. Ол үшін қытай тілін білу керек еді. 2 жыл қытай тілін оқытатын курс оқыды. Табиғатынан алғыр бала іліп әкетті. Соның арқасында 1992 жылы Шиян медицина университетіне оқуға түсті. Бұл – тікелей Қытай денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын 5 іргелі оқу орнының бірі еді. Клиникалық медицина факультетінде тәлім алды. Сосын Шыңжаң медицина университетінің магистратурасына түсті. Сол кезде нейрохирургия саласына ден қойды. Төрт жыл оқудың алғашқы жарты жылында университетте негізгі білім бойынша тәлім алды. Жарты жылдан соң университеттің 4000 кереуеттік 1-клиникасына ауысты. Енді науқастармен тікелей жұмыс істеді. Ота жасауға араласты. Тәлімгерлері жанында еді. Профессор-ғалымдармен тізе қосып жұмыс істеді. Нейрохирургияның қыр-сырына жіті үңілді.
Қытайдағы білім жүйесі бөлек. Ол жақтағы магистратура дегеніміз қазақстандық өлшеммен алғанда резидентурадан өткенмен бірдей. Магистратура бітірген адам бірнеше құжат – магистрлік бітіргендігі, резидентураны тәмамдағаны һәм лицензия алғандығы туралы сертификат алып шығады.
Университетте өте жақсы оқыды. Қытай тілін меңгергенін жоғарыда айттық қой, енді ағылшын тіліне ден қойды. Өйткені ағылшын тілі – ғылым тілі. Онсыз алға аттап басу мүмкін емес. Оны да жетік меңгерді. 2004 жылы біздегі «Болашақ» секілді Қытайдағы бағдарлармада бақ сынап, Жапонияда білім алуға мүмкіндік алды. Жапонияда оқу үшін жапон тілін білу керек-тін. Жарты жыл тіл үйрету курсында оқыды. Сосын Жапонияның Kyoto University-інде білімін жетілдірді.
Жалпы, Шығыс, Батыс медицинасы деген ұғым бар ғой. Қытайлықтар шығыс медицинасы дегеннен гөрі қытай медицинасы деуге бейім. Ал жапондар шығыс медицинасы дейді. Қытайда да, Жапонияда да Шығыс, Батыс медицинасы қатар қолданылады. Екі мыңыншы жылдардың басында Қытайда жапон медицинасын озық үлгі ретінде танитын. «Жапонияда оқып, алған біліміңіз алдағы 10-15 жылға жарайды» деген тәмсіл бар еді. Бұның сыры мынада – сіз сол білім алған кезде қолданған технологияңыз Қытайға 10-15 жыл ішінде жетуі мүмкін. Бірақ Қытай соңғы жылдарда бұл айырмашылықты едәуір қысқартты. Ал ол кезде жағдай басқаша еді. Міне, бұл сол уақта білім алды. Жалпы, Жапонияда медицина ғылымының деңгейі мүлде жоғары. Кейін Американың Department of Neurosurgery, Miami Univeristy, Jackson Memorial Hospital, Harborview Medical Center, Washington University, Seattle University of California-Sanfrancisco секілді орындарда өндірістік тәжірибеден өтті ғой, бірақ жапондардағы ғылымға деген көзқарас, науқастармен жұмыс істеу тәсілі мүлде бөлек екеніне көзі жетті. Жалпы, Жапония мен Америкада медицина саласының қатты дамып кеткенін көңілге түйді.
Қытайға оралғасын емдеуші-дәрігер болып жұмыс істеді. Медицина университетінде дәріс оқыды. 2004 жылы докторантураға тапсырған болатын, 2007 жылы медицина ғылымының докторы атанды. Қытайдағы оқу жүйесінің ерекшелігі сол, жұмыс істеп жүріп, оқи бересің. Бір күн де клиниканың жұмысынан қол үзбейсің. Яғни, жазып жатқан дүниеңді, ғылыми тәжірибеңді іс жүзінде жүзеге асырып жатасың. Докторлық диссертацияң дайын болған кезде ғана, қорғайтын күніңді белгілейді.
2012 жылдан бастап Серік Дүйсенбіұлы магистранттар тәрбиелей бастады. Жылына екі тәлімгер қабылдайтын. 2019 жылы Қазақстанға кеткенше он шақты магистрантты тәрбиелеп шығарды. Сол жылы профессор атанды. Осы арада айта кететін бір жайт бар. Қытайда профессор атану оңай емес. Мысалы, Шыңжаңда қазақтан шыққан 10 шақты медицина ғылымдарының докторы бар. Ал «Медицина ғылымдарының профессоры» атанғандар бір қолыңыздың саусағына жетпейді. Өйткені талап өте жоғары, оның үдесінен шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал профессор атанған адам болашақ медицина ғылымдарының докторын әзірлеуге мүмкіндік алады. Яғни, докторлық диссертацияға жетекшілік етеді. Оның үстіне біздің кейіпкеріміз мемлекеттен үлкен грант алатын. Қаржысы қомақты еді. Сол грант арқылы шәкірт тәрбиелеуге мүмкіндігі бар-ды. Бірақ Серік аттың басын Қазақстанға бұрғанды жөн санады. 2006 жылдан бастап атамекенге келіп кетіп жүретін. Ол кезде Қазақстандағы медицина саласы көп төмен-ді. Ұлттық нейрохирургия орталығы әлі құрылмаған шақ. 2008 жылы аталған орталық құрылғанда арнайы шақыртумен келіп, шеберлік дәрісін оқыды. Атақты дәрігер Серік Ақшолақовпен тізе қосып жұмыс істеді.
2013 жылы Қалқаман ауруханасында 3 айдай жұмыс істеп кетті. 2017 жылы «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Абай Байкенжин Қытайға барған сапарында, егер, бұның елге қайтатын ойы болса, орталықтан нейрохирургия бөлімін ашып беруге әзір екенін айтты. 2019 жылы елге келгенде сол ұсыныс бір бүйірінде жатқан-ды. Алматыға келгесін Абай Қабатайұлына хабарласқаны содан. Ол кісі сөзінде тұрды. Орталықтағы Нейрохирургия бөлімшесі осылай дүниеге келген-ді. Бұл – 2020 жылдың наурызы болатын.
Жылына 400 ота жасалады
Серік Дүйсенбұлының айтуынша, нейрохирургия – өте нәзік, күрделі, қауіп-қатері көп, отасы ұзаққа созылатын, науқасы бірден аяққа тұрып кете қоюы қиын сала. Шығыны да көп. Өйткені ол ең соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылуға тиіс. «Ғарыш саласында қолданылатын технологияның бәрі нейрохирургияда қолданылады, – дейді кейіпкеріміз. – Мысалы, мидың ішіндегі өспені табу үшін навигациялық жүйе, стереотаксикалық әдіс, робот технологиясы осы нейрохиругияда жүзеге асырылады. Нейрохирургия – жүйке жүйесі. Ол 3 бөлімнен тұрады – ми, жұлын және перифериялық жүйке жүйесі. Перифериялық жүйке жүйесі дегеніміз, жұлыннан шыққан сыртқы жүйке талшықтары. Біз осыған қатысты оталардың бәрін жасаймыз».
Бөлімшеде ота негізінен жоспарлы түрде жасалады. Мидың неше түрлі ісігі, ми қан тамырларына ұшыраған, яғни инсульт болған адамдар, миына су жиналғандар, миында туабітті ақауы бар кісілер осында келеді. Кейбір жағдайларда ол ақаулар жылдар бойы білінбей келіп, жас ұлғая келе белгі беруі мүмкін. Бұдан бөлек бұнда жұлынға да ота жасалады. Бұл – жұлын, омыртқа және жұлынның сыртына біткен жүйке талшықтарына жасалатын ота болып үшке бөлінеді. Бұның бәрі микрохирургиялық отаға жатады. Жалпы, жұрт «грыжа диски» дейтін ауруды біздің кейіпкеріміз омыртқа табақшасының жарылуы деп атайды. Табақша дегеніміз – екі сүйектің ортасындағы қысымды азайтып, ұстап тұратын жұмсақ сүйек. Ол әртүрлі себеппен қысылып, жарылып кетуі, сөйтіп, жұлынды басып қалуы, сыртқа барып тұрған жүйке жүйесін зақымдауы мүмкін. Міне, бөлімшеде осындай ауруларға ота жасалады.
17 кереуеттік бөлімшеге науқастар республиканың түпкір-түпкірінен квота арқылы келеді. Бөлімше ең соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталған. Жылына 400-ге жуық ота жасалады. Миға жасалатын күрделі оталарды негізінен Серік Дүйсен-біұлы өз жауапкершілігіне алады. Хирургтің байқауынша, қазір, әсіресе, қазақ арасында ми артериясының қалталануы (Cerebral Aneurysm – ред.) басым. Әдетте, қан тамырының «қабырғасы» өте жұқа. Қалталанған сәтте шар секілді сыртына шығып кетеді. Бұның себебін зерттей келе ол бұның негізінен суық өңірлерде тұратын адамдардың арасында көп болатынын аңғарды. Өйткені суыққа байланысты қан тамыры жиі тітіркенеді, кейде босап, кейде қатты қатаяды. Суық өңірлерде тұратын адамдардың қан қысымы ойнамалы болатыны да содан. Бұған біздің ылғи майлы, тұзды тамақ тұтынатынымыз да себеп болады. Оның үстіне қазір адамдар үнемі күйзелісте жүреді. Инсульттің көбеюіне мұның да әсері бар. Айтпақшы, қытай қазақтары «стресті» «идеялық ауыртпашылық» дейді екен...
Миға, жұлынға ота жасау өте қиын жұмыс. Мидың ең бір күрделі нүктесіне «бойлай алу» екінің бірінің қолынан келе бермейді. Миллиметрлер рөл ойнайтын сәтте қолың дірілдемеуі керек. Серік Дүйсенбіұлының айтуынша, жүрегің орнықты болып, миың мен қолың бірге жұмыс істеуге тиіс. Бұндайда жылдар бойы жинаған тәжірибең «көмекке келеді». Миға қай тұстан «кіретініңді» түйсікпен сезінуің керек. Өйткені қан қай жерде ұйығанын сіз білмейсіз. Ал ми талшықтары дегеніңіз – шексіз әлем, «жайып салса», жер шарын неше рет айналып кетер еді. Тәжірибелі дәрігер «мидың жотасы», «мидың сайы» деп бөліп отырады. Алғаш ота жасаған жас талап бұны біле бермейді. Қолың сәл дірілдесе, қозғалып кетіп ми ұлпаларын жаралап алуыңыз мүмкін. Әрине, қазір соңғы үлгідегі навигациялық жүйе қатты көмектеседі. Бірақ хас маманның жөні бөлек. «Жапонияға барған кезімізде нейронавигациялық жүйені көріп қатты қызықтық. Өйткені Қытайда бұл жүйе әлі жоқ еді. Сонда білікті жапон дәрігерінен бұның қаншалықты пайдасы бар дегенімде, ол: «Ең үлкен навигация – нейрохирургтің миы» деп жауап берді» – дейді кейіпкеріміз. Расында да, тәжірибелі дәрігер қай жерде қан ұйығанын немесе ісік барын түйсікпен сезеді. Миға қай жерден «кіру» керегін де аңғара қояды.
Өлім деңгейі әлемдік көрсеткіштен төмен
Қазір заманда нейрохирургия саласының мамандары үш түрлі – микрохирургиялық, эндоскопиялық, эндоваскулярлық – технологияға сүйенеді. Бұның ішінде микрохирургия күрделі болып саналады. Мысалы, эндоваскулярлық технологияны жарты жылда үйренсе, бұған он шақты жыл керек болады. Сондықтан да бұл саладағы маман өте аз.
Серік Дүйсенбіұлы нейрохирургиялық оталарды 4 дәрежеге бөледі. Біріншісі – миды ашу, мидың тері, сүйек жарақаттарын емдеу. Екіншісі – мидың сүйегінің астындағы, бетіндегі өспелерді сылып тастау. Үшіншісі – мидың ішкі қабатындағы гематомаларды, терең емес ісіктерді алу. Төртіншісі – ми бағанасының ішіндегі ісіктерді алу, түпкірде, мидың негізінде орналасқан ісікті алу, т.б.
Осы арада ерекше бір айта кететін нәрсе бар. Бізде квотамен келген науқастардың ота шығынын 100 пайыз мемлекет төлейді. Ал көп мемлекеттерде олай емес. Мысалы, Қытайдың өзінде 90 пайыздан аспайды. Онда да ол кезінде жақсы жұмыс істеп, сақтандыру полисіндегі ақшасы жоғары болса ғана жоғары төленеді. Ал көршілес Өзбекстан мен Қырғыз Республикасында квота арқылы келгендерге ауруханада жатып, ота жасау тегін болғанымен, мидың қан тамырларына жасалатын эндоваскулярлық оталардың материалына (стенд, спирал секілді – ред) кететін шығынды өзі төлейді. Ол материалдардың бәрі шетелден әкелінеді. Ал бұл – өте көп қаржы. Мысалы, миға қойылатын бір стенд 3 миллион теңгеден жоғары тұрады. Кейде бір адамға екі стенд қоятын жағдай кездесуі мүмкін. Қазақстанда бұның бәрін мемлекет өз мойнына алып отыр. Сондықтан сақтандыру жүйесін керексіз деуге болмайды. Бұл саланы мейлінше дамыту керек. Бұл – күллі әлемде бар тәжірибе. Сақтандыруға деп төлеген қаржыңыз басқа біреуді аман алып қалуы немесе басқа біреудің салған ақшасының сізге пайдасы тиюі әбден мүмкін. Егер, сіз өз қалтаңыздан төлейтін болсаңыз, жиған қаржыңыз ол отаның ширегіне де жетпеуі мүмкін.
Бөлімшеге квотасыз келіп, ота жасау туралы өтініш айтатындар да бар екен. Бірақ жеңіл-желпі болмаса, күрделі ота жасайтындарға квотамен келу керектігі жөнінде кеңес беріледі. Өйткені нейрохирургия – қауіп-қатері мол сала. Көзсіз тәуекелге баруға болмайды. Науқас көп жатып қалуы мүмкін.
Қазір медицина күн санап дамып жатыр. Әлемде нейрохирургия саласына эндоскопиялық, эндоваскулярлық, робототехникалық әдістер кеңінен енді. Бұл – адамға келетін зақымды азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, бұрын миды ашып жасайтын оталардың көбі қазір арнайы жабдықтардың көмегімен тамыр арқылы жасалады. Пайыздық өлшемге шаққанда 70-80 пайыз шамасында.
Ал енді отадан шыққандардың арасындағы өлім деңгейі қандай? Әлемдік көрсеткіш 5 пайызды көрсетіп тұр. Яғни, 100 отаның 5-еуі қайғылы аяқталады. Ота үстінде немесе отадан кейін дүние салады. Оның әртүрлі себебі бар. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш одан төмен. Әңгіме арнаулы квотамен келіп, жоспарлы түрде ота жасатқандар туралы екенін еске саламыз. Серік Дүйсенбіұлы басқаратын бөлімшеде 4 жылға жуық уақыт ішіндегі өлім көрсеткіші 1 пайыздан төмен. Бірақ ауруханадан шыққаннан кейінгі жағдай өзіңіздің күтінуіңізге және сіз тұратын аудандағы дәрігердің емдеу қабілетіне байланысты.
Айтпақшы, бөлімшеде іс-қағаздарының бәрі қазақ тілінде жүргізіледі. Диагноз да қазақша қойылады. Бұнда жұмыс істейтін 5 дәрігердің бәрі ана тілін жетік біледі. Ал енді науқас орыстілді болса, онымен аудармашы арқылы сөйлеседі. Аудармашы болғанда, сол іштегі дәрігерлердің көмегімен. Бірақ дәл осы себеппен келушілер қатары азайып жатқан жоқ. Керісінше, Серік Дүйсенбіұлының алдына жете алмай жүрген адам көп.
Маман даярлау ісіне мән беру керек!
Кейіпкеріміздің айтуынша, маман даярлау ісіне жіті мән беру керек. Әр маман өзін-өзі үнемі жетілдіріп отырған абзал. Қазақстандағыны айтпағанда, Қытайда 4 мыңнан астам ота жасаған Серіктің кабинетінде қытай тіліндегі көптеген кітап бар. Әр отаға кірердің алдында бір шолып шығады. Дәрігер ғылыммен шұғылдануы керек. Әйтпесе, оның жай оташыдан айырмашылығы болмайды. Яғни, академиялық жолмен жүруі керек. Серік Дүйсенбіұлының бір байқағаны, Қазақстанда аурухана университетке қарамайды екен. Яғни, «университеттің ауруханасы» дейтін аурухана жоқтың қасы. Ал әлемдік тәжірибеде үлкен ауруханалар оқу орнымен тікелей байланыста болады. Яғни, ғылымға сүйенеді. Арнайы зертханасы болады. Студент ә дегеннен жұмысқа араласады. Бізде осы мәселені жолға қойған абзал. Әлемдік стандарт солай. Серік Дүйсенбіұлы секілді білікті мамандар жоғары оқу орнында сабақ беруге тиіс. Ол қазір өз бастамасымен Астана медицина университетінен 3 тәлімгер алыпты. Ал негізінен бұл мәселені мемлекет реттеуі керек.
«Сіз әлемдік деңгейдегі мықты мамансыз! Қазақстан сізге қандай жағдай жасады?» – деп сұраймын ғой Секеңнен. «Бөлімше ашып берді. Жұмыс жасауға мүмкіндік жасады. Одан артық не керек?» – дейді ол күліп. Қандас мәртебесін алып, соның жеңілдіктерін пайдалану ойына да келмепті. Үйді өзі сатып алған. Ешкімге алақан жайғысы келмейді. Керісінше, барынша жұртқа көмектесіп жүр. Қазақстанның әлемдегі ең бір мойны озық елдермен қатар тұрғанын көргісі келеді.
Оның айтуынша, қазір Қытайдан медицина саласына қатысты мықты мамандар келген. Бірақ олардың көбі жұмыссыз жүр. Өйткені тіл білмейді. Орыс тілін! Лицензия алу да бір ақырет. Өйткені ол жерде де орыстілділер отыр. Бұндай жағдай Серік Дүйсенбіұлының де басынан өткен. Бұл лицензия алу үшін емтиханды ағылшын тілінде тапсыруды өтініпті. Өйткені орыс тілін білмейді, ал қазақ тіліндегі оқулықтарды түсіну өте қиын. Әлемдік стандарттағы терминологияның көбі өзгеріп кеткен. Негізінен, орыс тілінен аударылған. Қотарылған десек, дәлірек келетін шығар. Басында құзырлы органдар ағылшын тілінде тапсыруға келіскенімен, кейін әңгіме сиырқұйымшақтанып, қазақ немесе орыс тілінің бірін таңдауға тура келген. Бұл қазақ тілін таңдапты. Өйткені жаза білмесе де, оқи алады. Соның арқасында лицензия алған.
Міне, әлемдік деңгейде танылған, дүниенің төрт бұрышында өз саласындағы кез келген мәселе бойынша кез келген мықты маманмен ашық сұхбат құра алатын ғалым-дәрігер өз елінде осындай сынақтан өтуге мәжбүр болған.
Бұл Серік Дүйсенбіұлының басындағы ғана жағдай емес. Ол қайта өзін дәлелдеп, жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Науқастардың алғысына бөленіп жүр. Соған жағдай жасаған «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Абай Байкенжинге рахмет айтады. Ал Қытайдан келген, сондағы ірі ауруханаларда жұмыс істеген көптеген маман қазір жұмыс таба алмай отыр. Дені – қазақ мектебін бітірген, қытай тілін жетік білетіндер. Арасында мықты онколог, гастроэнтеролог т.б. мамандар бар. Бірақ олардың қазақшасы Қазақстанға жарамай тұр. Денсаулық сақтау министрлігінде осы мәселе бірнеше рет көтерілгенімен түйін әлі шешілмепті. Енді олар өздері бір орталық құруға ұмтылып жатыр екен. Бірақ әзірге кедергі көп.
Бұл – Қазақстанға келген маман қазақтардың жағдайы. Ал әлемнің түпкір-түпкірінде мықты клиникаларда істеп жүрген қандастарымыз бар. Олар да атамекенге оралғысы келеді. Бірақ...
«Бірағымыз» көп болып тұр...
Мемлекет басшысы шетелде жүрген мықты мамандарды, ғалымдарды елге шақыру жөніндегі мәселені жиі көтеріп жүр. Ғылым мықты болған жерде ғана еліміз ілгері дамиды. Әйтпесе, өгіз аяңмен алысқа бармасымыз анық.
Қазақстаннан кеткен мықты ғалымдармен бірге, өзін әлемге танытқан қандастарымызды да шақыру керек. Сонда ғана көшіміз түзеледі.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ