Егіс науқаны: Үміт пен күдік

Көктемгі егіс жұмыстарын қам­та­масыз ету үшін биыл Үкімет 140 млрд теңге бөлді. Бұл кем дегенде 2 млн гектар алқапқа егін салуға мүм­кін­дік береді.

Егіс науқаны: Үміт пен күдік
www.istockphoto.com
890

«Көктемнің бір күні – бір жылға азық» дейді. Көктем мезгілінің аяқталуымен қатар елімізде егін егу науқаны да аяқталып келеді. Биыл тасқын су басқан аймақ­тар тұқым қоймаларын су басып қалғандықтан және жер кеуіп үлгермегендіктен көктемгі дала жұмыстарын аяқтап үлгермей жатыр. Шаруаларға жанар-жағармай жеткілікті ме? Жағдай бақылауда ма? Мамандар не дейді?

Көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі та­биғи апат ауыл шаруашы­лығына орасан зор шы­ғын әкелді. «Шаңырақ» қоғамдық ұйымының бас­шысы Алмасбек Садырбаев «Су тасқыны аграрлық сек­тордың дамуын бірнеше жылға кейінге шегерді» деп баға берді. Оның айтуынша, селмен бірге арам­шөп тұқымы тарайды, оның ішінде улы шөптер болуы мүмкін. Бұл – шаруашылыққа өте үлкен зиян. Яғни, тасқынның беті қайтқанымен, салдарынан туындайтын қиындықтар енді басталады. 

                                                                             Үкімет қанша қаржы бөлді?


Тасқын судың беті қайтқаннан кейін жоқ-жітігін тү­гендеп, етек-жеңін жия бастаған жұрттың егіс жұ­мыстары қалай болар екен деп абдырап қалғаны рас. Министрлік өкілдерінің «Су тасқыны биылғы егіс науқанына кесірін тигізбейді, еш кедергі жоқ» де­ген сөзінен ауылдағы ағайынның көңілі орнына түсті. 
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкі­мет отырысында көктемгі дала жұмыстарын уа­қытылы әрі сапалы жүргізу мәселелері ерекше ба­қы­лауда екенін мәлімдеген болатын. Биыл жалпы егіс алаңы – 23,8 млн га. Оның ішінде бидай, майлы да­қыл­дар егілетін аумақ – 21 млн гектардан асады. 


– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы да­қылдарын әртарап­тан­дыру жөніндегі тапсыр­ма­сына сәй­кес, бидайдың егістік алаңдары өт­кен жыл­мен салыстырғанда 426 мың гектарға қысқарды,  – деді А.Са­па­ров. 


Сонымен қатар майлы дақылдар алаңын 373 мың гек­тарға және азық­тық дақылдарды 66 мың гектарға ұл­ғай­ту жоспарланып отыр. 
Бүгінде барлық аймақта көк­тем­гі егіс жұмыс­тары жүр­гі­зі­лу­де. АШМ мәліметі бойынша, бар­лы­ғы 17,9 млн га жерге егін егілді. Сон­дай-ақ астық, көкөніс, майлы да­қыл­дар, картоп, қант қызылшасы және мақ­та егілді.
Дала жұмыстарын сәтті жүргізу­дің негізгі фак­тор­ларының бірі – ми­не­ралды тыңайтқыштарды қол­дану. Мем­лекет басшысының тапсыр­ма­сы­на сәйкес, биылға арналған тыңайту жос­пары 1,5 млн тоннаны құрайды, оның 900 мың тоннасы – отандық зауыт­тар­дың өнімі.
Көктемгі егіс жұмыстары өз ал­ды­на, егістіктерді хи­миялық өңдеу уа­қы­ты­лы жүрмесе, еңбектің зая кет­кені. Биыл бұл мақсатты іске асыруға мем­лекет пес­тицидтердің құнын 50 пайыз мөлшерінде суб­сидиялау тү­рін­де қолдау көрсетіп отыр. 
Сала басшысы егіс науқанын жүр­гізу үшін ауыл шаруашылығы құ­ры­лым­дарында 150 мың трактор, ша­­ма­мен 5 мың бірлік жоғары өнімді егіс ке­шені, 76 мың сепкіш, 219 мың то­пы­рақ өңдеу құралы бар еке­нін атап өтті.


– Бүгінгі таңда өңірлердің ақ­па­ра­ты бойынша тех­никаның дайындығы ша­мамен 98 пайыз, жаппай егіс жұ­мыс­тарының басталуына қарай бұл тех­ника 100 дайын болуы керек, – де­ген болатын А.Сапаров. 


Министрдің айтуынша, шаруа­лар­ды жеңілдетілген ди­зель оты­ны­мен қамтамасыз ету мақсатында ба­ға­сы литріне 250 теңгемен 376 мың тон­на бөлінді, бұл на­рықтық бағадан 15 пайызға арзан. Былтыр көктемгі жұ­­мыстарды жүргізуге өңірлерге 413 мың тонна ди­зель отыны бөлінген. 

Энергетика министрі Алмасадам Сәт­қалиев көктемгі егіс жұмыстары ке­­зінде қажетті дизель отынының ба­ғасы 20 өңірде де былтырғы дең­гей­де сақталатынын айтты. 


– Жалпы, биыл көктемгі дала жұ­мыс­тарын жеңілдетілген қар­жы­лан­дыру 580 млрд теңгені құрайды, оның 400 млрд теңгесі қаржы институт­та­рын тікелей субсидиялау тетігі бойын­­­ша жылдық таза 5 пайызбен шаруа­лар­ға несие ретінде берілетін қаражат, – деді АШМ Айдарбек Сапаров.


Көктемгі егіс жұмыстарын қам­та­масыз ету үшін биыл Үкімет 140 млрд теңге бөлді. Бұл кем дегенде 2 млн гектар алқапқа егін салуға мүм­кін­дік береді. Форвардтық сатып алу бағ­дарламасына 40 млрд теңге жос­пар­ланған. 


– Субсидияларды бөлу бойынша бар­лық құқықтар әкімдіктерге беріл­ген­діктен, Ауыл шаруашылығы ми­нист­рі әкімдермен бірлесіп, шаруа­лар­ға тиесілі субсидияларды әділетті жә­не тиімді бөлу мәселесін қатаң ба­­­­қылауға алу қажет. Қаржы осы са­ладағы ірі ойыншылардың табыс кө­зіне емес, ауыл тұрғындарының мүм­кіндіктерін кеңейтіп, шы­ғары­ла­тын өнім көлемін арттыруға ықпал етуі тиіс, – деген болатын Премьер-Ми­­­нистр Олжас Бектенов.


Үкімет басшысы оңтүстік өңірді су­мен қамтамасыз етуді, оның ішінде ұзақ­мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жө­нін­де шаралар қабылдауды тапсырды. 
Жалпы, былтырғы жыл шаруалар үшін оңайға соқпағанын білеміз. Жаз­дағы қуаңшылықтың соңы күзде то­лас­сыз жауынға ұласты. Нәтижесінде, ша­руалар көктемде еккен егіндерін жи­най алмай, шығынға батты. Астық­тың сапасы түсіп, субсидиялау жүйесі де істен шықты.  

                                                                           Субсидияның сұрауы


Субсидия демекші, елімізде фер­мерлерге берілетін субсидия бойынша қарыз сомасы 160 миллиард теңгеден асып кеткен. Ал ауыл шаруа­шылығы техникасы паркінің 75 пайыз­дан астамы тозып тұр. Бұл тура­лы Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеді. 
Егіннің бітік шығуы егіс науқаны­ның қалай жүргізілгеніне байланысты. Сапалы әрі уақытылы жасалған жүйе­лі жұмыс өз нәтижесін берері анық. 
Премьер-Министр қолайсыз ауа райы астықтың сапасы мен көлеміне айтарлықтай кесірін тигізетінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай олқы­лық­тың алдын алуға болады. Алайда әкім­діктер  бұл мәселеге бейжай қа­рауы шаруаны шатқаяқтатып отыр. 


– Диқандар өңірлердің нақты жос­­парлары мен салалық министр­лік­тің міндеттерінен бейхабар. Оның үстіне, егіншілердің арасында суды көп қажет ететін дақылдардың егіс ал­қаптарын әдейі азайтып көрсету фак­тілері де кездеседі. Бұл су тап­шы­лығына байланысты қалыптасып отыр­ған күрделі ахуалды одан сайын қиын­датып жібереді, – деді Үкімет бас­шысы.


Қазір техниканың дайындығы 98 пайыз дейді министрлік. Алайда Бек­те­нов ауыл шаруашылығы техни­ка­сы­ның тозғаны да өткір проблема күйін­де қалып отырғанын еске салды.   


– Қазір жалпы техника паркінің ша­мамен 75 пайыздан астамының то­зығы жеткен. Бұл мәселе де тиісті ше­шімді талап етеді. Диқандардың жаңа техниканы сатып алуын жеңіл­де­тіп, сыбайлас жемқорлық тәуекел­де­рін азайту қажет. Аталған мәселені ше­шу үшін фермердің өзі төлеп кел­ген алғашқы 15 пайыз жарнаның ор­нына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салынуға тиіс, – деді ведомство басшысы.


Орақшы – бір кісі, комбайн – мың кісі. Қазір техниканың кү­шімен адам жасар күндік жұмысты аз уақытта бітіруге болады. Көктемгі да­ла жұмыстары кезінде техника сыр бер­се, шаруалардың орта жолда опық жеп қалары анық. 
Көктем келсе, шаруалар жан­та­ла­сып, дабыл қағуы жылда қайта­ла­на­тын дәстүрге айналған. Онсыз да ин­­­­­фляциядан, несиенің қымбатты­ғы­нан қажыған шаруаларға субсидия да тым кешігіп төленеді. 

– Өткен жылғы субсидиялар бойын­ша қарыз 160 млрд теңгеден асып кетті. Бұл қаражатты егіс жұмыс­та­­рына жаратуға болатын еді. Жеңіл­де­тілген дизель отынын үлестіру ба­ры­сы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тап­шы­лық жасауға жол бермеу керек, – деп тапсырма жүктеді Үкімет басшысы. 


2023 жылдың соңында субсидия бойынша мемлекеттің шаруалар ал­дындағы қарызы 95 млрд теңгеге жет­кен еді. Сала министрінің айтуын­ша, аграрлық шаруаларды субсидия­лау­ға 155 млрд теңге қажет болған. Оның 60 млрд теңгесі шаруаларға тө­­­ленген. 

– 60 млрд теңгенің 30 млрд тен­гесі тыңайтқыштар мен тұ­қым­дарды алу­ға егін шаруашылығына берілсе, 30 млрд теңге сүт, ет, және селекция жұ­мыс­тары үшін мал шаруашылығына бө­лінген, – деп есеп берген болатын ми­нистр. 


Елімізде ауыл шаруашылығын қол­­дауға 1,2 трлн теңге жұм­сал­ғаны­мен, Қазақстан әлі де импортқа тәуел­ді. Субсидия мәселесін Сенат Төрағасы Мәу­лен Әшімбаев та қозғаған бола­тын.  

– Субсидиялау ережелері соңғы жыл­дары 50 рет өзгерген болар. Бұдан бө­лек, ауыл шаруашылығы саласында құ­­жаттарды реттеу бір жылда 3 рет өзгерді. Біз қазір құжаттар тізімін өз­герту мен субсидиялау саясатын өз­гер­тудің қаншалықты пайдасы бар еке­нін ойлауымыз керек, – деген бо­ла­тын Сенат Төрағасы. 


Жыры бітпеген субсидия мәселесі биыл да өзекті. Бұл бағдарламаны жүйе­леп, бір арнаға тоғыстыратын ма­­мандардың жоқтығы ма, әлде ми­нистрліктің немқұрайлығы ма, бел­гісіз...

                                                                           Қамба астыққа тола ма?


Елдегі 23 млн 800 гектар егістікке жа­рамды жердің бүгінде 14 млн гек­тар жеріне егін егілді. Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі Аманғали Бер­да­линнің айтуынша, биыл көктемгі егіс науқанына қосымша қаражат бө­лінген. Үкіметтің қолдау қаржысы ай­мақтардағы шаруаларға берілген. 

– Су тасқыны жағдайын ескеріп, шаруаларға қолдауды күшейттік. Шаруа қожалықтарына биыл қосым­ша 300 млрд теңге берілді. Қаражат, жа­нар-жағармай – барлығы уақытын­да қамтамасыз етілді. Бәрі ойдағыдай іске асырылып жатыр, ешқандай ке­дер­гі жоқ, – деп мәлімдеді вице-ми­нистр. 


Министрлік мәлімдемесінен бө­лек шаруашылықтың қыр-сырын же­тік білетін сарапшылардың пікі­рі­не де құлақ түріп көрелік. Жақында Сә­кен Сейфуллин атындағы Қазақ аг­ротехника университетінің егін­ші­лік және өсімдік шаруашылығы ка­фед­расының қауымдастырылған про­фессоры, PhD докторы Әділбек Но­ғаев биыл егіс науқанына төнетін бірнеше қатердің бар екенін айтқан болатын. 

– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде сапалы тұқымның жоқ­тығы үлкен қауіп төндіреді, өйт­ке­ні былтыр күз жауын-шашынды бол­ды. Көптеген дақыл тамыр жайып, ауыл шаруашылығы тауарын өнді­ру­шілер сапалы тұқым ала алмады. Со­ның салдарынан биыл кейбір тұ­қым­ның тапшылығы бар, алдағы қауіп-қатер осыған байланысты, өйткені са­палы тұқым – мол астықтың кепілі, – дейді Ә.Ноғаев.  


Сарапшының айтуынша, рес­пуб­ликалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды су шайып ке­туі­не байланысты жыралар пайда бол­ған. Олар кейбір егіс алқаптарына ба­ратын жолда тосқауыл болуы мүм­кін. 
Апат салдары жайында дабыл қақ­қандардың бірі журналист әрі аг­рарлық сарапшы – Кирилл Павлов. 

– Біздің шаруалар тұқым ай­на­лы­мын сақтамайды. 10-15 жыл бойы бір дақылды еге береді. Әдетте, бидай са­­­лады. Мұның соңы жерде пато­ген­дердің пайда болуына алып келеді. Осы­дан келіп астық көлемі азаяды. Егістік алқаптарын тасқын су басқан­да, осы патогендер, топырақты өңдеу­ге қолданылған пестицид, инсекти­цид­тер суға қосылды. Бұл су еңістеу жер­де жатқан егістік алқаптарына же­теді. Тағы бір мәселе – егістік ше­ка­расы. Су басқан жерлерде бұл ше­кара шайылып кетті. Оны мемлекеттік жер кадастрінің автоматтандырылған ақ­параттық жүйесі бойынша қалпына кел­тіреді. Жер аумағында 500 метрге дейін өзгеріс болуы мүмкін, – дейді са­рап­шы журналистерге берген сұх­батында. 
Қостанай облыстық Ауыл шаруа­шы­­­лығы және жер қатынастары бас­қар­масының бас маманы Кенже Жұ­ман­дықов: «Күздік дақылдар зардап шек­кен жоқ және жердің ылғал­ды­лы­ғы биыл жақсы болғандықтан, егіс өнім­ді бола ма деп отырмыз, – дейді.

 
Басқарма маманының айтуынша, ел­дегі агросектордың локомотивтері Қос­танай, Ақмола, Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарында егін маусымы ма­­мырсыз басталмайды. Сол себепті биылғы тасқыннан келетін қауіп те, салдар да жоқ дейді. Шаруалар да қар суының молдығы қуаңшылықтан құтқарады деген сенімде. 
Әрекет түбі – берекет. Қожалық­тар техника, жанар-жағармай, субси­дия­мен қамтылса, күзде өнім де бітік шы­ғар деген үміт көп. Соқасын сай­лап, техникасын майлап отырған сол­түстіктегі ағайынның аузына май дейміз. 
P.S. 
Ел арасында «Күзде нан бағасы қымбаттайды екен» деген алып-қашпа сөз желдей есіп жүр. Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде бидай қоры жеткілікті екенін, су тасқыны болғанына қарамастан нан бағасы қымбаттамайтынын айтты. Бұл да ертеңін ойлап уайымдаған ағайынға жақсы жаңалық. 

Серіктес жаңалықтары