Экологиялық мәдениет жалпыұлттық идеологияға айналcа...

Экологиялық тиімділік индек­сі­нің 2024 жылғы мәліметтеріне сәй­кес, Қазақстан 180 елдің ішінде жал­­пы 40,9 балмен 93-орынға жайға­сып­ты.

Экологиялық мәдениет жалпыұлттық идеологияға айналcа...
сурет: istockphoto.com
851

Жадыраған жаз айы басталғалы адамдар жаппай табиғат аясына шығып, таза ауамен тыныстап, демалыс маусымын бастады. Демалыстың қай түрі болса да жақсы, алайда экологиялық мәдениетіміз қай деңгейде деген сауал санада қылаң береді.   

Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл жағдайы – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жаңа эколо­гия­лық мәдениетті қалыптастыру үшін толық ауқымды экологиялық ре­ви­зия жүргізу керек екенін мәлімдегені есімізде. 

«Біздің қоғамдағы экологиялық мәдениет мәселесі өте маңызды. Әлем­дік экологиялық антирейтингте Қазақстан өкінішке қарай көш­бас­­шы позициясында тұр. Біздің елде экологиялық проблемадан ада бір­де-бір өңір жоқ. Туындаған бұл жағдай бізді ең батыл әрекет­терге ша­қыратын өте күрделі жағдай деп есептеймін», – деген болатын Президент. 

Қазақстан 180 елдің ішінде 93-орында

Әлемдегі 180 елдің экология­лық көрсеткіштерін салыс­ты­­рып, талдап әрі түсіндіретін Environmental Performance Index (EPI) де­ген көрсеткіш бар. Экологиялық тиім­­ділік индексі соңғы жылдағы қол­­жетімді деректерді пайдалана оты­рып, мемлекеттерді экологиялық көр­сеткіштеріне қарай бағалап, рей­тинг жасайды және осы бағалау­лар­дың соңғы онжылдықта қалай өз­гер­ге­нін есептейді. Рейтинг  елдердің кли­маттық өзгерістерге, экологиялық ден­саулыққа және экожүйе өмір­шең­дігіне қатысты көрсеткіштерін баға­лау үшін 58 көрсеткішті қолданады. Бұл көрсеткіштер елдердің эколо­гия­лық саясат мақсаттарына қаншалық­ты жақын екенін ұлттық деңгейде ба­ғалайды. Индекс экологиялық көр­­сеткіштері жоғары және төмен ел­дер­ді анықтап, елдерге эколо­гия­лық тұ­р­ақ­тылыққа жету жолында прак­тикалық нұсқаулар береді. 
Экологиялық тиімділік индек­сі­нің 2024 жылғы мәліметтеріне сәй­кес, Қазақстан 180 елдің ішінде жал­­пы 40,9 балмен 93-орынға жайға­сып­ты. Жақсы көрсеткіш деуге де, жа­ман көрсеткіш деуге де келмейді. Алдымызда – Кабо-Верде, Аргентина, Парагвай, Сальвадор, Тунис, Малави, Гвинея-Бисау, Боливия және Конго Рес­публикасы бар екен. Ұйым жеке­ле­ген компонеттер бойынша Қазақ­стан­ның экожүйесінің өміршеңдігі – 48,10; экожүйенің саулығы – 48,60; ауа­ның сапасы – 28,60; су ресурстары – 27,50; ауыл шаруашылығы – 60,50; кли­маттың өзгеру саясаты 34,90 бал­ды құраған. Экологиялық тиімділік ин­дексі Қазақстанға әуе сапасы мен су ресурстары саласында эколо­гия­лық көрсеткіштерді жақсарту үшін әлі де едәуір жұмыс істеу қажет еке­нін көрсетеді. Бір қуанарлығы, соңғы он жылдықта Қазақстанның көр­сет­кіші 11,80 балға жақсарған. Рейтинг­тің көш басында Эстония тұр. Атал­ған ел соңғы жылдары парникті газ­­­дар­дың атмосфераға  шығаруды шектеп келеді. 

Экологиялық білім кімге керек?

Экологиялық білім мен тәрбие мә­селесі 1970 жылы БҰҰ дең­гейін­де ұйымдастырылған «Адам жә­не биосфера» бағдарламасын қа­был­даудан басталған-ды. Жиында ал­ғаш рет халықаралық деңгейде та­­­­биғат ресурстарын қорғау және оны тиімді пайдалану туралы бағ­дар­ла­ма жасалып, экологиялық сипат ал­­ған болатын. Сол кезден бастап да­мыған елдер экологиялық білім ту­ралы конференциялар өткізіп, ше­шімдер қабылдап,  ғаламдық стра­те­гия­лық жоспарларын бекітті. 1992 жы­лы БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қор­ғау және даму жөніндегі конфе­рен­циясында экологиялық білім мә­селесі туралы «Тұрақты даму үшін арнайы білім қажет» деген тұжырым жасалды. 
Ал қазақстандықтардың эколо­гия­лық білімі мен мәдениеті қандай де­ген сұраққа нақты жауап беру қиын. Алайда соңғы жылдары жеке­ле­ген азаматтардың экологиялық санасы оянған сияқты. Жануарларға жа­салған қатыгездікті, табиғатқа қар­сы қиянатты, әрбір резонанстық жағ­дайды тез арада әлеуметтік желі­де жариялап отырады. Бұл сең қозға­лып жатыр дегенді білдіре ме деген сауалды  жиһанкез блогер Динара Бо­­­латқа қойған болатынбыз. 

– Бүгінде экологиялық мәдениет не­гізгі проблемалардың бірі. Алайда эко­номикалық, әлеуметтік мәселелер ше­шілмей жатқан кезде халықтың са­насы экомәдениетке қарай бұрыла ал­майды. Тағы бір ескеретін мәселе, біз экологиялық мәдениет, қоршаған ор­таның ластануы туралы сөз қозға­ған­­да Қазақстанды Норвегия, Фи­нлян­дия, Жапония, Сингапур сияқты елдермен салыстырамыз. Аталған ел тұрғындарының әл-ауқаты жақсы, экономикасы дамыған. Брижит Бар­до бізден мысықтардың құқығын та­лап еткені әлі есімізде. Біз әзірге үй жануарларын қорғайтын заң шығара ал­маймыз.  Өйткені бізде мысық тұр­мақ, азаматтардың құқығы дұрыс қор­ғалмайды. Сондықтан да тұр­мыс­тық мәселе шешілмей, көптің санасы экологиялық мәдениетке өзгермейді. Яғни, Маслоу пирамидасы бойынша халықтың базалық қажеттіліктері өтелгенде ғана санамызда өзгерістер пайда болады, – деді. 

Шынын айту керек, Қазақстанда эко­логиялық мәдениетті арттыру мақ­сатында әртүрлі бастамалар іске асы­рылып жатыр. Мәселен, мектепте ба­ла­ларға табиғатты қорғау және ре­сурстарды үнемдеу туралы айтыла­ды, елде экологиялық акциялар мен сен­біліктер жиі өткізіледі, түрлі эко­ло­гиялық қозғалыстар мен үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. 

– Экологиялық сананың ояу бол­ға­ны маңызды. Бүгінгі жастар бұл жа­ғынан белсендірек. Олар көп жағ­дай­да экологияны ойлап әрекет ете­­ді. Кофе сатып алса, ішіп болған­нан кейін қағаз стақанын қайта өңдейтін жәшіктерге салады. Қайта өңделуге жататын материалдардан ті­гілген сөмкелерді, ыдыстарды қол­да­нып, белгілі бір акцияларға қаты­сып жатады. Жаңаша, өзгеше, ерекше ойлайтын, санасы сергек жастарды қол­дап, табиғатты аялау туралы фи­льм­­дер, әлеуметтік роликтер көр­се­тіл­се, баннерлер ілінсе, үгіт-насихат ж­ұмыстары жүргізілсе, құба-құп. Ба­лаға агрессивті түрде айтқаннан, на­си­хат түрінде көрсеткен нәтижелі бо­лады. Мәселен, дамыған елдер Оң­түс­тік Корея немесе Жапонияның өзінде әлі күнге көп нәрсе көшеде немесе метролардың ішінде ро­лик­тер арқылы түсіндіріледі. Сон­дықтан біз түсіндіруден шарша­мауымыз ке­рек. Бұл ретте біз әлеуметтік желіні тиім­ді құрал ретінде пайдалана ала­мыз. Сонымен қатар үй жануарлары­на жасалған қорлау әрекеттерін, та­би­ғатты бүлдіру сынды заңбұзу­шы­лық­ты байқаған әрбір адам әлеу­мет­тік желі арқылы өз көзқарасын біл­дір­се, көптің назарын сол мәселеге ау­дар­са, нәтижелі болады, – деп қо­рыт­ты ойын жиһанкез блогер Ди­нара Болат. 

Кезінде экономика ғылым­да­рының кандидаты Жақсыбек Құле­кеев балаларға экологиялық мә­­де­ниетті мультфильм немесе қы­зық­ты видео, интерактив арқылы үйрету керек деп ұсынған болатын.

– Мұндай жердің табалдыры­ғы­нан бастап танымдық мәні болуы ке­рек. Одан бөлек, экологияға бала­лар­дың, ересектердің көзқарасы қан­дай екенін білу үшін ғылыми, әлеу­меттік зерттеу жұмыстарын жүр­гізу керек. Астана, Алматы, Шым­кент­ке экомектеп, экосаябақ салу қа­жет. Астанада тіпті зоосаябақ жоқ, – деген болатын ғалым. 

Халықтың экологиялық бі­лі­мін арттырып, мәдениетін кө­теріп, санасын өзгертуді балаларға экологиялық білім берумен ғана шек­теуге болмас. Бала көзбен көр­ге­нін істейтінін есепке алсақ, табиғатқа жа­нашырлық таныту әуелі ата-ана­дан бастау алуы керек. Өйткені та­би­ғат аясындағы демалыстан соң плас­тик бөтелкені тастап кететін, өзен-көл­­ді ластайтын, жануарлар мен құс­­­­тарды ататын, тіпті шылымның тұ­қылы мен шемішкенің қалдығын тастайтын көбінесе үлкендер. Алайда мына бір парадокс назар аудартпай қой­майды. Мәселен, шетелге қыды­рып барған отандастарымыз сол жақ­та жүрген жерлерін жинап, тәр­тіп сақтайды. Себебі сол елдің заңы қа­тал екенін, жат жерде ешқандай проб­лемаға ұрынбай аман-есен қай­ту­ды ойлайды. Ал өзіміздегі демалыс ай­мағына, табиғат аясына шыққанда, ке­рісінше, тамағының қалдығын ша­шып, айналасын бүлдіріп кетеді. Қайт­пек керек, тұрғындарға қолда­ны­латын жазаны, тәртіпті қатаңдату керек пе? 

Жапониядағы Токай университе­тін­де бакалавр, магистратура, докто­ран­тура бітірген Сәуле Жолдаяқова  эко­логиялық білім әр адамға керек деп санайды. 

– Экологиялық мәдениет, ең ал­ды­мен, әр адамның бойындағы жал­пы мәдениетіне, отбасындағы тәр­бие­сіне орай қалыптасады. Мысалы, жа­пондардың табиғатқа деген көз­қа­расы, қарым-қатынасы «үйлесіп, үн­десу» философиясынан бастау ала­ды. Табиғатпен үйлесіп өмір сүру, жыл мезгілдеріне тән ерекше құбы­лыс­тарды қалт жібермеу – Жапония­да ежелден қалыптасқан дәстүр. Жа­пон халқының табиғатқа зиян кел­тірмеу ұстанымы «моттайнай» де­ген өмір стилінен байқалады. Бұл сөз қазақтың «ысырап» немесе «обал бо­лады» дегеніне келеді. Табиғи ре­сурс­­тарды шектен тыс қолданбай­мыз, қажеттен артығын алмаймыз де­ген қағида. Бүгінде бұл ұстаным дү­ние жүзіне кең таралып отыр, – дей­ді PhD докторы Forbes жур­на­лын­да жариялаған сараптамалық ма­қа­ла­сында.  

Ғалымның айтуынша, қоқысты сұрыптау жапондықтардың күн­делікті әдеті. Олар қоқысты шы­ғару­да оның сұрыпталған түріне орай, өз күні, өз тәртібі бойынша рет­­­­тейді. Елдің табиғи ресурсы шек­теу­лі болғандықтан, қоқысты энер­гия көзіне айналдыруға баса мән береді.   

– Жапондар арасында «Қоқысты сол күйінде тастай салсаң, қоқыс бо­лып қала береді, ал сұрыптасаң, ре­­сурсқа айналады» деген тәмсіл бар. Бұл мәселеде – 3R: Reduce. Reuse. Recycle жүйесі қолданылады. Оны қа­­­­­зақ­ша «3Қ: Қысқарту. Қайта қол­дану. Қайта өңдеу» деп аударуға бола­ды, яғни: қажетіңді ғана қолдан, ал­ға­­ныңды қайта қолдан, шегіне жет­кен­де, қайта өңде деген мағына бе­ре­ді, – дейді экология жанашыры.

Қазақстандықтардың экологияға деген көзқарасы әртүрлі деңгейде қа­­лыптасып отыр. Алайда жыл сайын бір­тіндеп жақсарып, адамдар­дың эко­логиялық мәселелер туралы ха­бар­дар болу деңгейі артып, таби­ғат­қа де­ген жанашырлығы мен жауап­кер­ші­лігі артып келе жатқандай. Көп­те­ген қазақстандық қалдықтарды сұ­рып­тап, энергияны үнемдеп, эколо­гия­лық таза көліктерді пайдаланып, са­налы түрде әрекет ете бастады. Де­­­генмен әлі де көптеген жұмыс  ат­қа­рылып, экологиялық білім мен мә­дениетті одан әрі арттыру қажет еке­ні анық. 

Серіктес жаңалықтары