192
ЭКСПО кезінде америкалық қонақтар 71 қойылым көрсетеді
ЭКСПО кезінде америкалық қонақтар 71 қойылым көрсетеді
Орталық коммуникациялар қызметінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде өткізілетін шараларға арналған баспасөз мәслихаты өтті деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі.
Брифингке «Астана ЭКСПО-2017» АҚ шараларды ұйымдастыру және контент департаментінің директоры Марат Омаров, канадалық CIRQUE DU SOLEIL® павильоны жобасының директоры Бернар Пурье мен «Reflekt» шоуының режиссері Фернан Рейнвиль қатысып, өздерінің жоба-жоспарларымен таныстырды.
– Биылғы көрмеге 45 DEGREES компаниясының өкілдері келеді. Олар ЭКСПО кезінде халықтың назарына ойын-сауық бағдарлаамаларын ұсынады. Бұл компания дүние жүзіне кеңінен танылған CIRQUE DU SOLEIL® тобына кіреді. Америкалық қонақтар 16 маусым мен 10 қыркүйек аралығында 71 қойылым көрсетуді жоспарлап отыр. Олардың бәрі өздерінің павильонында болады, – деді М.Омаров.
Ал канадалық мамандардың айтуынша, CIRQUE DU SOLEIL® павильонында 2 000-нан астам адам емін-еркін қойылымдарды тамашалай алады. Әрбір шараның бағасы 4 000 теңге көлемінде болады.
– Біздің компания 1984 жылы құрылған. Сол кезде көшеде өнер көрсетіп жүрдік. Кейін CIRQUE DU SOLEIL® тобына басқа да әртістер келіп, қатарымыз толықты. Қазір біздің ұжымда 50 елден 4 000-ға жуық адам қызмет етеді. 1 300 әртісіміз бар. Осы кезге дейін бірнеше рет әлемді айналып, 60 елде өнер көрсеттік. 400 қалада болдық. Біздің көрермендеріміз саны 160 миллионға жетті, – дейді «Reflekt» шоуының режиссері Фернан Рейнвиль.