«Көрсетпегенді көрсеттің»: Ақбота Керімбекова «Аппақ гүлдер» әнімен адам емдеген Смановты сынға алды (ВИДЕО)

"Қасиетті кісілердің есімдерін қор қылды-ау…"

«Көрсетпегенді көрсеттің»: Ақбота Керімбекова «Аппақ гүлдер» әнімен адам емдеген Смановты сынға алды (ВИДЕО)
Фото: "1001 түн" бағдарламасы
562

Белгілі әнші Ақбота Керімбекова әлеуметтік желідегі жеке парақшасында өзінің төлқұжатына айналған – «Аппақ гүлдер» әні арқылы адам емдеген Ұлықбек Смановтың әрекетін сынға алды.

«Бәрін көрдім» деуге болмайды десек те, маңдайымызға жазылған өнер жолының дәм-тұзы бұйыртып, көп нәрсеге қанықтық, бірақ, дәл мынадайды көру үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Әннің көңілге демеу, жанға медеу болатыны рас, солай екен деп дәл осылай жасауға бола ма?! Аңқау елге арамза молда болғандардың ақыры жақсы болғанын көргенім жоқ, адамдар бірнәрсеге тәуекел етіп немесе бірнәсеге кірісу үшін ақырын неге ойламайды екен осы?..

Әбден сарсаңға түсіп, қажығандарды, жанына тыныштық, дертіне дауа іздегендерді сендіру, көндіру оңай… Мына үкілі кісінің алдында тұрғандар да бір ғажайыпқа сеніп келген шығар, оларды жазғыра алмаймын, қателік жасағанды табалау еш заманда да дұрыс болмаған. Ал, енді “аппақ гүлдетіп” тұрған кісіге Құдай сана берсін!

Қасиетті кісілердің есімдерін қор қылды-ау… Сырдағы Серік Ыдырысов ағам айналасына “ақылыңды жойма, ақырыңды ойла”, – деп отырушы еді!..

Ай, өмір-ай, көрсетпегенді көрсеттің-ау. Екінші трансында марқұм Нәби екеуміз орындаған “Ақ шағала” дейтін әннің музыкасына салып айтып тұрғаны ше?», – дейді әнші.

Серіктес жаңалықтары