Ішімдік – қоғам қасіреті

Маскүнемдікті емдеу үшін кешенді көз­қа­рас керек. Оған психологиялық қолдау, әлеу­меттік ортадағы өзгерістер, ұзақмерзімді ем­деу бағдарламалары және қайтадан ішім­дікке салынуды болдырмау стратегиялары кіре­ді. Сонымен қатар маскүнемдікке шал­дық­қан адамдарға қолдау көрсету үшін от­ба­сы мен жақындарының рөлі де өте маңыз­ды.

Ішімдік – қоғам қасіреті
826

Қазақстан тұрғындары ішімдікке құмар. Еліміз алкогольді тұтыну жағынан әлемде 10-орында екен. Ал жынысқа бөліп қарасақ, ерлер 11-ші, әйелдер 19-орында тұр. Қазақстанстандық ер адамдардың алкогольге тәуелділік деңгейі – 9,52 пайыз, әйелдерде 1,48 пайыз екен. 

Ерлер арасында алкоголь ішу бойынша алғашқы үш­тікке Ресей, Венгрия және Литва мемлекеттері, әйел­дер арасында Австралия, Ресей және Колумбия ел­дері кіреді. 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларының қо­рытындысы бойынша Қазақстанда алкоголь өнім­дері сегментінде арақ өндірісі бірден 60,3 пайызға, 5,7 млн литрге дейін өскен. Денсаулық сақтау министрлігі орта есеппен ер адам жылына 25 литр, әйел адамдар 9 литр ішімдік ішеді деп мәлімдегені де есімізде.  

– Өкінішке қарай, осы көрсеткіш бойынша Қа­зақ­стан алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деңгейі жо­ғары елдерге жатады. Көп жағдайда халықтың жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зом­бы­лықтан болған өлім, улану, суға бату және т.б. сияқ­ты сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көр­сет­кіш­тері алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдары бо­лып отыр, – деп мәлімдеген болатын Денсаулық сақтау министрлігі.

Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде ішімдік ішу­ден көш басында тұр. Алайда орта буын өкілдері ішім­дік ішу бұрынғы кездегідей әлдеқайда азайғанын айтады. Тіпті ішімдіктен түгелдей бас тартқан ауыл­дар бар. Алайда статистика көңіл көншітпей тұр. Бү­гінгінің ішкіштері мен бұрынғының маскүнем­дерінің арасында «мәдени» ерекшелік бар секілді. Бұрын ішу деген теңселіп мас болумен есептелсе, бүгінде қала тұрғындары кешкісін жұмыстан соң 1-2 саптыаяқ сыра ішіп, «шаршағанын басып», стрестен арылып, «демалады». Білген адамға бұл да тәуелділіктің бір түрі.

Пандемияға дейін әлемде алкогольді ішімдіктерді тұтыну тұрақты өскен. Statista мәліметінше 2019 жылмен салыстыр­ғанда ішімдік ішу көрсеткіші 2020 жылы ал­ғаш рет 8,4 пайызға төмендеп, 280,8 млрд литр бол­­­ған. Алайда 2021 жылдан бастап қай­тадан 0,3 пайызға, яғни 281,7 млрд литрге өскен. Ізін ала 2022 жылы қайта төмендеп,  ал­ко­гольді тұтыну 272,1 млрд литрді құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға аз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы карантинде үйге қамалған әлем халқы ащы суға бас қоя бастағанын айтып дабыл қаққан болатын. Себебі сан түрлі. Біреулер тамағы тоқтық пен жұмысы жоқтықтан ішімдікпен дос­тасып алды. Енді біреулер «арақ-шарап ко­ронавирустан қорғайды» дегенге сенді.  Мамандар «ішімдік инфекциядан сақтамайды, керісінше, жүрекке салмақ түсіріп, ағзаны әл­сіретеді» деп ескертсе де, маскүнемдер тоқ­та­мады. 

Сандар сөйлесін

Ranking.kz сайты 2022 жылы қазақ­стан­дық дүкендерде 139,9 млн литр­ден астам арақ, коньяк және спирт сатыл­ға­нын жариялады. Бұл елдегі күшті алкогольдік өнім­дер нарығын статистикалық бақылау та­рихындағы абсолюттік рекорд. 2021 жыл­мен салыстырғанда ішкі нарықта осы санат­тағы алкоголь өнімдерін сату көлемі 90,4 пайызға өскен. 
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның мәліметі бойынша, қазақстандықтар 2022 жылы жан басына шаққанда 11 литр та­за спирт ішкен.

– Нарықтағы тұтынудың мұндай ау­қым­ды өсуінде арақ және арақ-ликер өнімдері бас­ты рөл атқарды. Олардың сатылымы фи­зи­калық түрде екі еседен астам, яғни 44,2 млн литрден 90,1 млн литрге дейін өскен. Спирт са­­­­тылымы да өсті, бірақ салыстырмалы түрде көп емес: 29,3 млн литр (68,1 пайызға кө­бей­ген). Сондай-ақ коньяк сатылымы да көбейді: 20,5 млн литр, яғни 73,5 пайызға артқан, – деп жазды портал. 

Статистикаға сүйенсек, арақ секілді күш­ті спирттік ішімдіктер сатылымы көбей­ге­ні­мен, былтыр шарап 26,9 пайызға, шампан 28 пайыз­ға, ал сыра 1,9 пайызға аз сатылыпты. Яғни, аталған өнім түрлеріне сұраныс аз бол­ған. Дегенмен сатылым жағынан сыра бәрібір алд­ыңғы орында екен. Былтыр 756,1 млн литр сыра (бөтелке, банка, бөшке түрінде қоса есеп­тегенде) сатып алынған. 
Жалпы, 2012 жылдан 2019 жылға дейін ал­ко­гольді тұтыну жыл сайын шамамен 2 пайыз­ға өсіп отырған. Сарапшылар биыл ал­­­­когольді тұтыну бірден 3,6 пайызға артып, 303 млрд литрге дейін жетеді, ал 2025 жылы 3 пайыз­ға артып, 312,1 пайызға дейін жетуі мүм­кін деп болжайды.

Ішімдікке сұраныстың артуына ішімдік іше­тіндер санының көбеюі себеп болып отыр­ғаны түсінікті. Тағы бір себебі той-жиынның кө­беюі. Бұрын қыз ұзату, үйлену тойлары ғана мей­рамханада өтсе, қазір шілдехана, бесік той, тұсаукесер, тілашар сынды отбасы ішінде атап өтілетін іс-шараларға да 100-150 адам шақырып той жасайтын елге айналдық. Қазір той жасағысы келген жұрт әуелі тойхана тап­пай қиналады. Өйткені бұрынғы тойлар кеш­­­­­­кілік уақытта болса, қазір түс кезінде де той жасай береді. Тағы бір себебі моби­ли­за­ция­дан қашқан орыстардың Қазақстанға үдере көшуі болып отыр. ДДҰ-ның есебі бойын­ша, ресейліктер  қазақстандықтарға қара­ғанда екі есе көп ішеді. Жалпы, жер бетін­дегі халықтың үштен бірі алкоголь тұтынады екен. Бұл дегеніміз – 2,5 миллиардтан астам адам. 

0,5 л сыра – 50 гр арақпен тең

Ішімдікке тәуелділік әлемде ең жиі кез­десетін тәуелділіктің бірі дейді ғалымдар. Көп жағ­дайда ішімдік ішкен адам өзіне және айналасындағы адамдарға қауіп тудырады. Мә­селен, ішімдік ішу жазатайым оқиғалар қау­­пін 5 есе, ал жазатайым оқиғаның ық­ти­мал­дылығын 4 есе арттырады екен. 
ДДҰ маскүнемдікті ауру деп танығанымен са­насы мен денесін арақ улағандардың көбісі өзін ауру санамайды.  

– Қазір ішімдік ішетіндер саны көбейіп кет­ті. Біздің орталыққа күніне жоқ дегенде 2-3 адам хабарласып, көмек сұрайды. Шым­кент­те жиын-той көп. Аптаның әр күні тойға ша­қырады. Бұл да маскүнемдіктің белең алуы­на себеп болып отыр. Соңғы жылдардағы ста­тистикаға назар аударсақ, Қазақстан әлем бойын­ша ішімдік ішу жағынан алғашқы он­дықта жүр. Бұрын 40-тан асқан кісілер жиі жү­гі­нетін, бүгінде 25-30 жас аралығындағы жігіттер жиі келеді. Кезінде ішуден «рекорд» орнатқан кісілер қазіргі жастардың ішкенін м­і­се тұтпай, иықтарынан күліп, «Осыны да ішу дейсіңдер ме?» деп қағытатыны бар. Алай­да бүгінгі жастардың психологиясы әлсіз, ст­реске шыдай алмайды, өмірдегі қиын­дық­тар­дан қашады, тәуелділікке бейім, – дейді Шым­кент қаласындағы «Көмек» қолдау және оңалту орталығының директоры Нұрислам Әліп­байұлы. 

Соңғы жылдары жиын-тойларда ішім­дік­ке сылқия тойып алған қыз-келіншектердің ви­деосы әлеуметтік желілерде жиі тарап жа­та­ды. Әйел затының  арақ-шарап ішетіні жаңа­лық болудан қалды. Ғалымдар «Әйел мас­күнемдігі – ұлттық деңгейдегі қасірет» деп дабыл қағады. Ішімдікке салынған науқастың бәрі бірдей «Мені емдеңіз» деп дәрігерге жү­гіне бермейтінін ескеру керек. Әсіресе, қазақ әйе­лі «Мен маскүнеммін» деп дәрігердің алды­на бармайды. Өйткені ұялады. Ел-жұртқа қа­ра­бет боламын деп қорқады. Ішімдік әбден ағза­ға дендеп еніп, өз бетімен қоя алмайтын хал­ге жеткенде ғана мамандардан көмек сұрайд­ы екен. 

– Орталығымызда ішімдіктен емделіп жат­қан әйелдер бар. Әйелдің ағзасы әлсіз бол­ғандықтан емделу процесі ұзағырақ жүре­ді. Әйелдер табиғатынан сезімтал келеді. Сон­дықтан олар тұрмыс тауқыметінен шар­шайды, қиын жағдайларға тап болғанда ол мәселені шешудің орнына ішімдіктің көмегіне «жү­гінеді». Сөйтіп, ішімдік бірінші орынға шы­ғады. Алайда мұнымен мәселесі шешіл­мей­ді, керісінше күйеуімен, отбасымен, айна­ла­сындағылармен қарым-қатынасы нашар­лай­ды, – дейді психиатр Нұрислам Әліп­байұлы. 

Әлеуметтанушылардың пікірінше, қыз-ке­ліншектердің ішімдікпен әуестенуі 90-жылдарда басталған. Еркегі қара бақыр тап­пай үйде отырып қалғанда әйелдер ақша тап­ты. Өзі би, өзі қожа болды. Ақыры, ал­ды­мен «бой жылыту үшін», кейін «көңіл көтеру үшін», «стрестен құтылу үшін» ішті. Бүгінде күйеуі әйелін наркодиспансерге сүйреп апа­ратын жағдайлар ешкімге таңсық емес.
Маскүнем әйел көбінесе ауру, жарымжан, ақыл-есі кем балаларды дүниеге әкеледі. Тіпті, арақ-шарапты аздап қана ұрттайтын келін­шек­тен туған сәбилердің  80-90 пайызы әлсіз болады, болашақта психикалық қиын­дық­тар­ға ұшырайды, сөйлеу мүшелері жөнді же­тіл­мейді, терісі де түрлі дертке шалдыққыш. 40-50 пайызының жыныс мүшелерінде кеміс­тік байқалады, аяқ-қолының саусақтары қисық жаратылады, жүрегі ауырады. 20-30 пайы­зының көру қабілеті төмен, 10 пайызы­ның бүйрегі толық жұмыс істемейді.
Ерлерге қарағанда әйелдер арақтың ыр­қына тез көнеді. Ерлер бес-алты жыл іш­кен­нен кейін ғана ішімдікке салынса, әйелдерге екі-үш жыл жеткілікті. Себебі ер адамның ағ­засында спирттің зардабынан сақтандыра­тын ферменттер асқазан мен бауырда болса, әйел­дерде тек бауырда орна­ласқан. Қыз-ке­лін­шектердің тез маскүнемге айналатыны жә­не қиын емделетіні сондықтан дейді ма­ман­дар.
Иә, «Өмірімде арақ ішіп көрген жоқпын» деп мақтанып, күніне бір-екі саптыаяқ сыра сіміруге дағдыланған әйелдер де бар. Ең өкі­ніш­тісі, жарты литр сыраның 50 грамм арақпен тең екенін біле бермейді. Тарихқа үңілсек, ХІХ ғасырда ағылшындар қуатты ішімдіктер­мен күресу үшін сыраны молынан өндіріпті. Алайда халық сырамен тез достасып, мас­күнемдік мәселесі ушыққаны сонша, қазір Ұлыбританияның өзі сыраға қарсы бітіспес майдан ашып отыр.
Биыл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да әйелдерге алкоголь ішпеуге кеңес беріп, дабыл қақты. Оған себеп те жоқ емес. Еуропаның 14 еліндегі алкогольді тұты­натын әйелдердің 21 пайызында сүт безі қа­терлі ісігі анықталған. 

– Көптеген адам алкогольді ішімдік ішу әйелдер арасында жиі кездесетін сүт безі қа­терлі ісігінің негізгі қауіп факторы екеніне на­зар аудармай, мерекені бір стақан алкого­ль­дік сусынмен атап өтеді, – делінген құжатта.

ДДҰ сүт безі қатерлі ісігі жағдайында ал­ко­гольді тұтыну қатерлі ісіктің көптеген түрі­­нің пайда болуына әкелетін эстроген дең­­гейіне әсер етеді. Алкогольдің осы гор­мон­дар­дың деңгейіне әсері ауру ықтималдығын жоғарылатады.
2022 жылы сүт безі қатерлі ісігі бойынша 600 мыңнан астам жағдай тіркелген. Алкоголь өнімдерін тұтынбау сүт безі қатерлі ісігінің ал­дын алады. Еуропадағы әйелдер үшін сүт безі қатерлі ісігі алкогольден туындаған не­гізгі қатерлі ісік болып отыр. Бұл алкогольге бай­ланысты барлық қатерлі ісік ауруларының 66 пайызын құрайды, – делінген ұйым тарат­қан хабарламада. 

Маскүнемдік – ауру

– Адамдар бізге әртүрлі мақсатпен хабар­ла­сады. Біреуі уланған ағзасын тазартқысы ке­леді, екіншісі маскүнемдік мәселесін бір­жо­ла шешкісі келеді. Міне, осы екінші топтағы адам­дармен біз оңалту бағдарламасы бойын­ша жұмыс істейміз. Егер қандай да бір жағ­дай­м­ен оңалту жұмыстарына қатыса алмаса, ден­саулығын қалпына келтірумен айналы­са­мыз,  – дейді Тәуелді адамдарды оңалтуға ар­­­налған «Ренессанс-Шымкент» орталығы­ның жетекшісі Артур Котенко. 

Орталықтан ай сайын он шақты адам ем­де­ліп шығады. Науқастың емделу ұзақ­тығына ішімдікті тұтыну мерзімі, фи­зи­калық жағдайы тікелей әсер етеді. Алайда аталған орталық бағдарламасы маскүнем­дер­дің қысқа мерзім ішінде тезірек емделіп шы­ғуына бағытталған. Емделу сомасы айына – 400 мың теңге екен. Оған кешенді емдеу шара­лары, мамандардың жұмысы, тамақ­тануы мен жатын орны кіреді. 

– Орталыққа әйелдерге қарағанда ерлер жиі жүгінеді. Әйел адамдарда емдеу шаралары ұзақ жүреді дегенмен келіспеймін. Кез келген дені сау адамның психологиясын түзеуге бо­ла­ды, – дейді маман. 

Орталық жетекшісі емделіп шыққан 10 адамның үшеуі қайтадан ішімдік ішуі мүмкін екенін жасырмады. Яғни, емделгендердің 30 пайызы қайтадан шөлмекпен достасады екен. Мұндай жағдай емделгеннен кейін тіпті 2-3 жылдан кейін қайталануы ықтимал. Бұған әртүрлі жағдай әсер етеді екен. Негізі, емнің то­лық курсын алуға ешкім мәжбүрлей алмай­ды. Кейбірі қаржылық жағдайына байланыс­ты емді жалғастыра алмай қалады. 

– Соңғы жылдары қалалықтар арасында жұмыстан соң шаршауын басу үшін кешкісін кафе-барларда сыралату дәстүрі қалыптасып келе жатыр. Бұл адамның тәуелділігін білдіре­ді. Аптасына 2-3 рет сыра ішу – маскүнемдіктің алғашқы кезеңі. Сыраның зияны да шаш етектен. Адамның есте сақтау қабілеті нашар­лайды, ойлау жүйесі тежеледі, өзінің ойын дұрыс жеткізе алмайды, – дейді Артур Котенко.

Сарапшы маман Артурдың ойын пси­хиатр Нұрислам да қолдап отыр. Оның ай­туын­­ша, сыраны тұрақты түрде ішу маскү­нем­­дікке алып келеді. Алайда сырасүйер қауым мұны маскүнемдік деп санамайды. Өйт­кені сырадан келетін зиян көзге аса білін­бейді. Алайда уақыт өте келе адам таңертең ұй­қыдан тұрғанда «бас жазғысы» келіп тұра­ды. Жұмыстағы жауапкершілігін ысырып қоя­ды, бармай қалады, отбасына көңіл аудар­май­ды, осылайша үйде ұрыс-керіс жиілейді.   

– Біз «пивной алкоголизм» туралы көп айтпаймыз. Сырашыл жастар саны жыл санап көбейіп келе жатыр. Сыраның құрығына бір ілінген адамның арақтың шөлмегімен дос­тасуы әп-сәтте. Ал арақпен қоштасу оңай емес. Орталығымызда 10 жыл үздіксіз іш­кен­дер орташа есеппен 5-6 ай төңірегінде ем­де­ліп шығады. Ал халық арасында жиі тараған «ко­дировка» да адамның ішкі мүшелерінің жұ­мысына айтарлықтай зиян кел­тіре­ді. Бұл кей жағдайда маскүнемдіктен арыл­ту­дың ор­нына науқас­тың ішімдікке деген аранын одан ары ашып жіберуі мүмкін. Өйткені мә­селе адамның ойлау қабілетінде. Біз, кәсіби пси­хологтар, маскүнемнің мұндай жолға тап болу себебін талдаймыз. Яғни, мәселенің түп-та­мырымен жұмыс істейміз. 

Шымкент қаласындағы «Көмек» қол­дау және оңалту орталығынан емде­ліп шыққандардың бірі Айбек (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) есімді аза­мат. 1987 жылғы. Тепсе темір үзетін ша­ғын­да ішімдікке үйір болып, 20 жылын бөтел­ке­нің түбінде жоғалтқан.     

– Бәрі сонау 2003-2004 жылдары мектеп бі­­­тіретін кезде тиіп-қашып сыра, шарап ішу­ден басталды. Кейін уақыт өте келе менде іші­­­­мдікке деген тәуелділік пайда болды. Он­сыз тұра алмайтынмын. Соңына қарай көзім бай­ланып, әйелім, бала-шағамның бар-жоғын еле­мейтін болдым. Құдай берген 4 балам бар. Мен солармен емен-жарқын әңгімелесуден қал­дым. Жұмысқа баруды сиретіп, соңында шы­ғып кеттім. Алайда әйелім менен үмітін үз­беді, түбі маскүнемдіктен арылатыныма қат­ты сенді. Араламаған жеріміз жоқ. Тәуіп, бал­гер, бақсы, имамға дейін бардық. Тіпті, ішім­­нен жын шығармақ болды. «Кодировка» жасатып, ішіп қойып, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шықтым. Соңында бар үмітім мен күш-қай­ратымды жинап орталыққа емделуге кел­дім. Бес ай емделіп, қазір өзім секілді мас­күнем болған жандармен ерікті ретінде жұ­мыс істеймін. Бұл өзіме де пайдалы. Маскүнем нау­қастарға бастан кешкен оқиғаларымды ай­тып, тәжірибеммен бөлісіп, өзімді дамытып жа­тырмын. Кезінде күреп ақша таптым, не ішем, не кием демедім. Өзім асаба, тойдың ай­наласында жүргендіктен де ішімдікке жа­қын болдым-ау деп ойлаймын. Оның үстіне мас­күнемдік менде генетикалық деңгейде де бар. Яғни, менің әкем де кезінде «жақсы» іш­кен екен. Бүгінде ішімдіктен тазарғаныма 8 ай толды. Қазір отбасым жанымда, балаларым аман, төрт көзіміз түгел. Өзімнің ортамды ауыс­тырдым, араласатын адамдарым өзгерді. Ем­деліп жатқан кезеңде мені бұрынғы бөтел­ке­лестерімнің біреуі де іздеп, хал-жағдайымды сұрамады. Ал қазір көрсе айтатындары «Бір шөл­мек ішпедік пе» деген ауандағы әңгіме. Әри­не, орта ауыстыру оңай болмады. Негізі, ер адамдар көбінде сол ортасын қимай, ай­нал­шықтап, тығырықтан шығатын жол жоқ­тай жүре береді екен. Шынында, ол ортаны ке­зінде өзім іздеген екем, қимай жүре беріп­пін. «Мен кетіп қалсам не ойлайды?» деп ой­ла­дым. Қазір өзім тұрған ауылдан көшіп кет­тім. Емделудің екінші кезеңінде жүрмін. Жаңа өміріме жойқын жоспарлар құрып жа­тырмын. Бәрі де әсте-әсте орындалатынына се­немін. 

Айбекке хабарласқанымызда ол уақы­ты­ның тығыз екенін, қазір емделушілермен топ­тық сабаққа қатысатынын айтты. Оның ай­туын­ша, кез келген адам маскүнемдікті жеңе ала­ды. Маскүнемдердің миы «қатып» қалады, жаңашылдықты, арнайы емдеу бағдарламасын да бірден қабылдай алмайды. Сондықтан олар­мен асықпай, өз уақытында жұмыс істеу керек.
Кейіпкеріміз маскүнемдіктен арылып, от­басымен жаңа өмірге қадам басқанымен, өзе­гін өртейтін өкініші де жоқ емес. Ұзақ жыл­дар бойы ішкендіктен денсаулығы сыр бер­ген. Қазір дәрі-дәрмек арқылы емделіп, ден­саулығын қайта қалпына келтіруге күш са­лып жатыр. 

– Бұрынғы ортамнан алшақтағаныма қат­ты қуанамын. Өзімді рухани, моральдық, адам­гершілік, психикалық тұрғыдан дамытып жа­тырмын. Жүріп өткен кедір-бұдыры көп тағ­дырыма ризамын, алайда өткен өмірімді қайтадан басымнан өткізгім келмейді. Өйт­кені бұл досың түгіл, дұшпаныңа тілемейтін нәрсе, – дейді Айбек. 

Маскүнемдікке шалдыққан адам­дар­дың 90 пайызы емдеуден өткеннен кейін таяудағы 4 жыл ішінде қайтадан ішім­дікке салынады дейді кей зерттеушілер. Ішім­дікке қайта салынудың мұндай жоғары көр­сет­кішке ие болуына бірнеше фактор әсер етеді екен. Біріншісі, қиындықтарды еңсере ал­мау. Көп адам өміріндегі қиындықтарды ше­шудің жолын таппағандықтан ішімдікке жүгінеді. Ал емдеуден кейін де сол қиын­дықтар шешілмесе, адам қайтадан ішімдікке са­лына бастайды. Екінші себеп – әлеуметтік ортасы. Ішімдік ішетін адамдармен қарым-қа­тынаста болу қайтадан ішімдікке салынуға себеп болуы мүмкін. Үшіншісі психологиялық фак­торлар. Көптеген маскүнемде депрессия, мазасыздық, стреске қарсы тұра алмау сияқты пси­хологиялық мәселелер болады. Егер олар­ды шешпесе, қайтадан ішімдікке салыну ық­тималдығы жоғары. Төртіншісі, физикалық тәуелділік. Мұндай адамдарды емдеу өте қиын. Тәуелділіктен құтылу үшін оған көп уа­қыт пен күш-жігер керек. Соңғысы, ұзақ­мер­зімді қолдау бағдарламаларының жетіс­пеушілігі. Көптеген емдеу бағдарламасы қыс­қамерзімді, ұзақмерзімді қолдау көрсет­пей­ді. Тиісінше, ұзақмерзімді қолдау болмаса, қай­тадан ішімдікке салыну ықтималдығы жо­ғары.
Маскүнемдікті емдеу үшін кешенді көз­қа­рас керек. Оған психологиялық қолдау, әлеу­меттік ортадағы өзгерістер, ұзақмерзімді ем­деу бағдарламалары және қайтадан ішім­дікке салынуды болдырмау стратегиялары кіре­ді. Сонымен қатар маскүнемдікке шал­дық­қан адамдарға қолдау көрсету үшін от­ба­сы мен жақындарының рөлі де өте маңыз­ды.

Қазақстандағы ішкіш аймақтар

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жан басына шаққанда 8 литрден ар­тық алкоголь өнімін тұтынатын елдердің ұлт­тық генофонды деградацияға ұшырайды де­ген болатын. Ал біздің көрсеткіш – 9 литр. Еура­зия құрлығында 19-орынға, әлемде 77-орынға жақсылап жайғасқанбыз.
Ресми мәліметке сүйенсек, маскүнем­дер­дің жалпы саны азайып келе жатқанымен, арақ­қа құмар жастар көбейіп барады. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қа­зақ­станда 21 жасқа толмағандарға ішімдік са­туға тыйым салынғанына қарамастан ал­ко­голизмге шалдыққан балалардың үлес сал­мағы артқан.
2019 жылы «Аман-саулық» қоғамдық қо­ры жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ар­найы салуалнама жүргізген болатын. Оған 18 бен 25 жас аралығындағы 773 студент қатыс­қан. Нәтижесінде: 38 пайызы ішімдіктің дәмін 16 жасында татқан. 37 пайызы 18 жасқа дейін, 20 пайызы 21 жасқа дейін және 5 пайызы 21 жас­тан асқан соң ішкен. Респонденттердің 5 пайызы 21-ге толмаса да, алкогольді тұрақты тұ­тынатынын мойындаған.
Елімізде коньяк пен жүзім шарабын шы­ғару­­дың ең көп көлемі Алматы облысына, арақ – Ақмола облысына, сыра – Алматы қа­­­­ла­сына тиесілі. 
Республикалық психикалық денсаулық ғы­лыми-практикалық орталығының пси­хиатр-наркологы Гүлмира Сәдуақасова сол­түстік өңірлерде алкоголизм деңгейі жоғары еке­нін алға тартады. Алайда ол еліміздің ең  ур­банизацияланған қалалары – Алматы, Аста­на, Шымкент қалаларында да деңгейі жо­ғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, ал­когольді тұтынуға аймақтың климаттық айыр­машылығы немесе мәдени ерекшеліктері емес, үлкен қалалардағы әлеуметтік фактор­лар әсер етеді.
Биыл жыл басында елімізде алкогольді сыра бағасы бірден 19 пайызға қымбаттады. Қаң­тар айының соңында сыраның бағасы бір айда 0,4 пайызға өсті. Былтыр желтоқсанда баға 1,3 пайызға, ал 2023 жылдың қаңтарында 2,9 пайызға қымбаттаған, бұл былтырғы ең жо­ғары айлық көрсеткіші болды. Сөйтіп, бір жыл­да алкогольді сыраның бағасы 18,6 пайыз­ға өсті, бұл былтырғы рекордтық жыл­дық өсім 30,9 пайыздан айтарлықтай төмен.
2023 жылғы қаңтар-желтоқсанында қа­зақ­стандық сыра қайнатушылар 611,2 млн литр сыра өндірген. Бұл 2022 жылдың осы ке­зеңімен салыстырғанда 14,8 пайызға аз. 2021 жылғы рекордтық жылмен салыс­тыр­ғанда сыра өндірісі 15,4 пайызға қысқарған. Биыл қаңтарда 29 млн литр сыра өндірілді, бұл 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 34,8 пайызға аз. Бұл статистика көңілге қуа­ныш ұялатып-ақ тұр. Алайда сыра бағасы қым­­баттап, өндіру көлемі азайғанымен мас­кү­немдік салдарынан ажырасушы отбасылар саны азаймай тұр. Осылайша, ішімдіктің сал­дары ортақ Отанымызға да зардабын тигі­зіп отыр. Қазақстан ажырасушылар саны бойын­ша да әлемде жетекші орынға жай­ғас­қан. Былтыр Мәдениет және ақпарат ми­нист­рі Аида Балаева ханым елімізде ажырасудың ең басты себебі – маскүнемдік пен нашақор­лық екенін атап өткен болатын. Екінші орын­да ерлі-зайыптылардың бірінің құмар ойынға тәуел­ділігі. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін­ші сатыда. Сондай-ақ түрмеге түсетін­дер­дің 80 пайызы мастықпен қылмыс жасай­ды екен. Енді қараңыз, бір адам арақтың ке­сірі­нен кісі өлтірсе, абақтыға жабылады. Ал оның сыбайластары жазаланбайды. Сыбай­лас­тары деген кім? Ол – арақты сатқан сауда­гер, ол – арақты тасымалдаушы, ол – арақты өн­діруші кәсіпорын. Сонда ең үлкен қыл­мыскер кім? Тұтынушы ма, өндіруші ме, екі ор­тадағы делдалдар ма, әлде арақтың өзі ме?

 

Серіктес жаңалықтары