«Егінші дрондар» шаруаның екінші тынысын ашады
Егіншілікте дрон қолданудың негізгі артықшылығы қандай? Тиімді ме? Елімізде егін өнімділігін агродрон көмегімен арттыра аламыз ба? Дрондар қаншалықты қолжетімді? Басқа елдер оны қалай кәдеге жаратып жатыр?
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне орай Ақордада салтанатты жиын өтті. Оған республикалық ақпарат құралдары, өңірлердегі жетекші телеарналардың, газет-журналдардың, ақпараттық ресурстардың өкілдері қатысты.
Grand View Research дерегіне сүйенсек, 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығындағы дрон нарығы 11,2 миллиард АҚШ долларына дейін өседі деген болжам бар. Ал PwC компаниясының зерттеуінше, дронды ауыл шаруашылығында қолдану әлемдік агробизнеске жыл сайын шамамен 32 миллиард АҚШ доллары болатын қосымша пайда әкелуі мүмкін. Бұл мәліметтер құрылғыны агросекторда қолданудың артықшылығы мен экономикалық әсерін көрсе-
теді.
Егіншілікте дрон қолданудың негізгі артықшылықтары қандай? Тиімді ме? Елімізде егін өнімділігін агродрон көмегімен арттыра аламыз ба? Дрондар қаншалықты қолжетімді? Басқа елдер оны қалай кәдеге жаратып жатыр?
Мүмкіндігі мың түрлі
Дрон – егін алқаптарына барлау жасауға таптырмас құрал. Жоғары сапалы бейнелер мен деректерді алу егін алқаптарының жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Соның ішінде, өсімдіктің, яғни егіннің қандай жағдайда екенін де бағалай алады. Дрондар арнайы камералармен жабдықталады, бұл өсімдіктердің жағдайын анықтауға көмектеседі. Осы арқылы фермерлер ауру мен зиянкестерді ерте анықтап, тиісті шаралар қолдана алады.
Одан бөлек, су тапшылығын анықтай алады. Дрондар топырақтағы ылғалдылық деңгейін анықтап, суару жүйелерін тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бұл су ресурстарын үнемдеуге және өсімдіктердің дұрыс суарылуына ықпал етеді.
Тыңайтқыштар мен пестицидтерді дәлме-дәл мөлшерде қолдануға көмектеседі. Дрондар нақты белгілі бір аумақты қамтуға мүмкіндік береді. Бұл химиялық заттарды үнемдеуге және қоршаған ортаны қорғауға септігін тигізеді.
Дрондар егістікті автоматты түрде бүркіп, фермерлердің жұмысын жеңілдетеді және өнімділікті арттырады. Деректерді талдау арқылы фермерлерге егіс жоспарлау және болжау мүмкіндігін береді. Бұл егіннің өнімділігіне байланысты болжам жасауға, фермерлердің стратегиялық шешімдер қабылдауына көмектеседі. Дрондар жоғары дәлдіктегі карта құрастырып, фермерлерге егін алқаптарының нақты жағдайын көрсетеді, логистикасын жақсартуға және ресурстарды тиімді басқаруға ықпал етеді.
Тіпті, шағын жүкті де тасымалдайды екен, бұл әсіресе үлкен фермаларға тиімді. Осылайша, фермерлер әртүрлі жұмыстарды қашықтан бақылап, фермадағы барлық процестерді оңай басқаруға мүмкіндік алады.
Жалпы, агросектордағы дрондар уақыт өткен сайын дамып келеді. Болашақта жасанды интеллектпен интеграцияланған дрондар одан да ақылды әрі автономды бола түседі деген үміт бар. Топырақ пен ауа сапасын бақылауға арналған жаңа сенсорлық мүмкіндіктер фермерлерге экологиялық жағдайды жақсартуға көмектесетін болады.
Бағыты да бірнеше
Осылайша, ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын дрондар түрлі функцияны орындайды. Атқаратын қызметіне байланысты олардың ерекшелігі мен мүмкіндігі де әртүрлі болады. Солардың негізгілеріне тоқталып өтсек.
Квадрокоптерлер. Оның артықшылығы – тұрақтылығында. Квадрокоптерлер тұрақты және бірқалыпты ұшады. Бұл оларды тар аумақта қолдануға мүмкіндік береді. Тыңайтқыштар мен пестицидтерді дәлме-дәл мөлшерде қолдануға ыңғайлы. Ашық деректерде бағасы да қалта көтерерлік екені айтылады. Дегенмен батареясының қуаты шамалы, сондықтан ұзақ уақыт ұша алмайды. Үлкен егістік алқаптарын жылдам қамти алмайды.
Фиксацияланған қанатты дрондар. Бұл дрон түрі алдыңғы айтылғанға қарағанда ұзақ ұшуға қабілетті. Сондай-ақ үлкен аумақтарды қамти алады. Жылдамдығы да жоғары. Бұл үлкен егістік алқаптарына жылдам мониторинг жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар үлкен көлемдегі деректерді тез жинайтынымен ыңғайлы. Керісінше, олар тар аумаққа барлау жасауға қолайсыз. Квадрокоптерлерге қарағанда қымбатырақ және техникалық қызмет көрсету күрделі болады.
Гибридті дрондар. Гибридті дрондарда әуелде аталған екі түрлі дрондардың артықшылықтары біріктірілген. Яғни, әмбебап, тұрақты ұша алады әрі үлкен аумақтарды қамти алады. Дегенмен гибридті дрондардың құрылымы күрделі, сондықтан техникалық қызмет көрсету қиын болуы мүмкін. Бағасы да қымбат.
Мультиспектралды дрондар да ауыл шаруашылығына қолданылады. Артықшылығы – деректердің кең спектрін қамтиды. Мультиспектралды камералар арқылы өсімдіктердің денсаулық жағдайын, топырақтың құрамын және ылғалдылық деңгейін анықтайды. Аналитикалық мүмкіндіктері де орасан. Бұл дрондар фермерлерге егін алқаптарының нақты жағдайын анықтауға және тиісті шаралар қабылдауға көмектеседі. Дегенмен соған сай бағасы да қымбат. Алынған деректерді талдау үшін арнайы бағдарламалық жасақтама және білім қажет.
Дрон түрін таңдау фермердің нақты қажеттіліктері мен мақсаттарына байланысты болады. Квадрокоптерлер кішігірім аумақтар мен нақты жұмыстар үшін тиімді болса, фиксированды қанатты дрондар үлкен егістік алқаптарын қамтуға қолайлы. Гибридті дрондар екі типтің артықшылықтарын біріктірсе, мультиспектралды дрондар деректерді терең талдау мүмкіндігін береді. Дрондарды дұрыс таңдау фермерлердің жұмысын жеңілдетіп, егіншіліктің тиімділігін арттыруға көмектеседі.
Агродрондарды, сондай-ақ оның қосалқы бөлшектерін сату, дрон операторлары мен қызмет көрсету инженерлерін оқыту және сатудан кейін бағыт-бағдар беру қызметін көрсететін еліміздегі компанияның бірі дрондардың қай түрі агросекторға қолданылатыны туралы айтып берді.
– Агросекторда әртүрлі тапсырмаларды орындауға қабілетті дрондар аса қолайлы. Олар өнімділікті бақылап, тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолданып, басқару шешімдерін қабылдау үшін дерек жинайды. Мәселен, DJI Agras ауыл шаруашылығына арнайылап жасалады, тыңайтқыштар мен пестицидтерді шаша алады. Бұл дрондар өрістерді өңдеу дәлдігін жақсартады және ресурстарды тұтынуды азайтуға көмектеседі. Соның ішіндегі ең жақсысы – Agras T50 агросекторлық дроны, – дейді компания өкілі Жұлдызай Жақсымбетова.
«Тілін білуге» білім қажет пе?
Дрондарды басқару, оны қолдану қаншалықты қиын? Арнайы дайындық, білім қажет пе?
Жалпы, ашық дереккөздегі ақпараттарды саралайтын болсақ, дрондарды басқару негіздерін үйрену қажет. Бұл үшін арнайы курстар немесе оқыту бағдарламалары да бар. Соның ішінде, дрондардың техникалық жағдайын бақылау, күту және қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргізу маңызды болғандықтан, осы бағытта толыққанды ақпарат алу маңызды. Сондай-ақ дрондармен бірге қолданылатын түрлі сенсорлар мен бағдарламалық жасақтамаларды түсіну керек.
Сондай-ақ әр елде дрондарды коммерциялық мақсатта қолдану үшін арнайы рұқсат алу қажет болуы мүмкін. Рұқсат алу процедураларын білу маңызды. Дрондарды пайдалану кезінде қандай қауіпсіздік талаптарын сақтау керек екенін де білген абзал. NDVI сияқты индекстерді пайдаланып, өсімдіктердің жағдайын бағалау үшін деректерді интерпретациялауды үйрену керек.
Яғни, дрондарды ауыл шаруашылығында тиімді қолдану үшін негізгі базалық меңгеру қажет. Бұл дайындықтар дрондардың артықшылықтарын толық пайдаланып, ауыл шаруашылығы өндірісін арттыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Десек те, маман Жұлдызай Жақсымбетованың айтуынша, дрондарды пайдалануды, басқаруды үйрену үшін көп уақыт қажет емес.
– Агродрондарды тиімді пайдалану үшін аса бір арнайы білім мен дағды қажет емес. Дронды қолдануды үйрену үшін 5 күндік жаттығу жеткілікті, – дейді маман.
Шығын ба, үнем бе?
Дрондарды сатып алу және пайдалану шығындары дронның түрі, оның техникалық сипаттамалары, қолдану мақсаты және техникалық қызмет көрсету қажеттіліктері сияқты бірнеше факторға байланысты өзгеруі мүмкін.
Дегенмен жалпы бағасы мың доллардан бастап жүз долларға дейін және одан да ары өсе береді. Одан бөлек, сақтандыруға, күтіп ұстауға, бағдарламасына, қосалқы жабдықтарға және басқа да қажеттіліктерге қосымша шығын кетеді екен.
Әйтсе де, маман ауыл шаруашылығына дрондарды қолдану шығын емес, керісінше пайда әкеліп, ақша үнемдеуге сеп болатынын айтады.
– Дрондарды пайдалану фермерлердің шығындарын айтарлықтай азайтуы мүмкін, өйткені тыңайтқыштарды дәлірек және үнемді бөлуге және өсімдік ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өнімділіктің артуына және өнімнің жоғалуын азайтуға әкеледі. Сонымен қатар, дрондарды бүріккіш ретінде пайдалану суды 90 пайызға дейін үнемдеуге және жерүсті техникасының дөңгелектерімен тапталатын 6 пайыз өнімді сақтап қалуға көмектеседі, – дейді Жұлдызай Жақсымбетова.
Елімізде қаншалықты қолданылады?
Елімізде егін шаруашылығында дрондарды пайдалану енді-енді қалыптасып келе жатқан үрдіс деуге әбден болады.
Сонымен қатар дрон шығару саласында да алғашқы қадам жасауға талпыныс байқалады. Нақтырақ айтқанда, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, тау-кен және өнеркәсіптің басқа да салалары үшін Қытаймен бірлесіп дрон шығаратын кәсіпорын құру жоспарда бар екенін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мәлімдеген болатын. Ұлттық палата кәсіпорын құру мәселесі талқылап, осы жобаны іске асырудың маңызына да ерекше тоқталған еді. Дрондарға инвестиция салу ұшуды басқару бағдарламалық құралын әзірлеу, құрамдас бөліктер мен батарея технологияларын өндіру сияқты байланысты салалардың өсуіне ықпал етуі мүмкін. Өз кезегінде, бұл айтарлықтай экономикалық әсер тудырады және нарықтың қарқынды дамуына ықпал етеді. Мемлекеттік органдар жобаны іске асыруға қызығушылық танытты.
Одан бөлек, маман дрондарды агросекторда қолдануды ынталандыру үшін бірқатар шара қолға алынуы керек екенін айтады.
– Дрондарды агросекторда қолдану үшін инфрақұрылымды, білім беру бағдарламаларын және құқықтық базаны дамыту маңызды. Мемлекет тарапынан дрондарды сатып алуға субсидиялар беру, оқу және сертификаттау орталықтарын құру, сондай-ақ әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі заңнаманы жеңілдету арқылы қолдау көрсету бұл процесті едәуір жеделдетуі мүмкін, – дейді маман Жұлдызай Жақсымбетова.
Kansas State University жүргізген зерттеулер дрондар қолдану арқылы дақылдардың «денсаулығын» бақылау, арамшөптерді анықтау және өнімділікті арттыруда шығындарды 75 пайызға дейін азайтуға болатынын көрсеткен.
Өзге елдер қалай кәдеге жаратуда?
Grand View Research дерегіне сүйенсек, 2021 жылы ауыл шаруашылығындағы дрон нарығының көлемі 1,3 миллиард АҚШ долларына жеткен. 2028 жылға қарай нарық 11,2 миллиард АҚШ долларына дейін өседі деген болжам бар, бұл ретте CAGR көрсеткіші – 31,1 пайыз. CAGR (Compound Annual Growth Rate) – күрделі жылдық өсу қарқыны, яғни инвестицияның немесе нарықтың жыл сайын тұрақты өсу қарқынын білдіретін көрсеткіш. Бұл көрсеткіш белгілі бір уақыт аралығында инвестицияның немесе нарықтың бастапқы құнынан соңғы құнына дейінгі өсуін есептеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ экономикалық жағынан тиімді болуы Америка, Еуропа және Азиядағы бірқатар елдерді бұл технологияларды барынша жан-жақты сынақтан өткізуге ынталандырды. Әлемнің түпкір-түпкіріндегі фермерлер дрондардың артықшылықтарын көріп, оларды өз шаруашылықтарында кеңінен қолдануда.
Сонымен, ауыл шаруашылығында дрондарды пайдаланудың бірнеше халықаралық мысалы бар, әртүрлі елдердегі фермерлер дрондар мен байланысты технологияларды қолдану арқылы өнімділікті арттыруға және шығындарды азайтуға тырысады.
Мәселен, PrecisionHawk компаниясы ұсынатын дрондар АҚШ-та егін алқаптарын бақылау, өсімдіктердің денсаулығын бағалау және суару қажеттіліктерін анықтау үшін қолданылады. NDVI карталарын қолдану арқылы фермерлер өсімдіктердің жағдайын ерте анықтап, қажетті шараларды уақытылы қабылдайды, бұл өнімділікті арттырады және шығындарды азайтады. Америкалық фермерлердің шамамен 25 пайызы дрондарды өз шаруашылықтарында қолданады екен. Жапонияда Yamaha RMAX дрондары күріш алқаптарының шамамен 40 пайызында қолданылады деген дерек бар, бұл тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолдануды 50 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Аустралияда Aerobotics компаниясы жүзімдіктер мен цитрус бақтарын бақылау үшін дрондарды пайдаланады, өсімдіктердің стресстерін анықтап, арамшөптерді басқаруға көмектеседі. Дрондардың және AI арқылы талдаудың көмегімен фермерлер нақты уақыттағы деректерге негізделген шешімдер қабылдап, өнімділікті арттырады және ресурстарды тиімді пайдаланады.
Осылайша, әртүрлі елдердегі тәжірибелер дрондардың ауыл шаруашылығында қолданудың тиімділігін растайды. Болашақта бұл технологиялар одан әрі дами түсіп, фермерлерге жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Жалпы, дрондар ауыл шаруашылығында, соның ішінде егіншілікте тиімділікті арттыру және шығындарды азайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Олар егін алқаптарын мониторингтеу, тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолдану, егіс жоспарлау және ферма менеджменті салаларында маңызды рөл атқарады. Елімізде енді ғана таралып келе жатқан жаңа технология егіншіліктің екінші тынысын ашатыны сөзсіз. Бұл ретте оны өндіру және қолдануды реттеу мен ынталандыруға байланысты шаралар атқарылуы керек екені байқалады.