Тарихи нәтижені қайталаған төртінші қазақ

Он бір күнге жалғасқан байрақты бәсекеде әлемнің 44 елінен келген 226 шахматшының арасынан суырылып шыққан Қазыбек Қазақстан үшін тарихи нәтижені тіркеді. Олай дейтініміз, бұған дейін Қазақстан шахматшыларынан бұл жетістікке үш шахматшы ғана жеткен.

Тарихи нәтижені қайталаған төртінші қазақ
сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
1931

Астаналық Қазыбек Нөгербек жақында Үндістанның Гандинагар қала­сында өткен 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын жүлдені жеңіп алды. Он бір күнге жалғасқан байрақты бәсекеде әлемнің 44 елінен келген 226 шахматшының арасынан суырылып шыққан Қазыбек Қазақстан үшін тарихи нәтижені тіркеді.  Олай дейтініміз, бұған дейін Қазақстан шахматшыларынан бұл жетістікке үш шахматшы ғана жеткен. 1998 жылы Дәрмен Сәдуақасов өз есімін тарихта қалдырса, қыздар арасынан Динара Сәдуақасова (2016 ж) мен Жансая Әбдімәлік (2017 ж) оның жетістігін қайталады. Араға 7 жыл салып, бұл категориядағы бас жүлде тағы да Қазақстан қоржынына келіп түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазыбекті бұл тарихи жетістігімен құттықтап, арнайы жеделхат жолдады. Осы орайда Үндістаннан елге оралып, келесі жарысына дайындалып жүрген Қазыбекке хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.

– Әлеуметтік желідегі бір парақшада «Шахмат ойнауыма әкемнен жеңілуім себеп болды» деп айтқаныңызды оқып қалдым...

– Иә. Мен бірінші рет шахмат ойнаған кез­де әкемнен ұтылып қалған болатынмын. «Қайтсем де, оны жеңемін» деп тістеніп, осы ойынға ден қоя бастадым. Содан соң бұл ойын­ды қатты ұнатып қалдым. Сөйтіп, 4 жа­сымнан бастап шахматпен айналыса бас­тадым. Негізі, мен доп тепкенді жақсы көре­тінмін, далада көп ойнадым. Дегенмен шах­матқа қатты қызығып, ақыр соңында 7 жа­сымнан бастап мұнымен кәсіби тұрғыда шұғыл­дану­ды қолға алдым. Жаңылыспасам, 7 жа­сымда ма екен, Қазақстан чемпионатына қа­тыстым. Ал 8 жаста Астана қалалық чем­пионатында топ жарып, чемпион атандым. Со­дан кейін 10 жасқа дейін абсолютті чем­пион болдым. Сосын әр жылдары 16, 18, 20 жасқа дейін абсолютті чемпион атағын ие­лендім. 

– Халықаралық жарыстарға қанша жас­тан бастап қатыстыңыз?

– Бізде Қазақстан чемпионатын ұтсаң, Азия, әлем чемпионаттарына жолдама береді. Мен Өзбекстанда 10 жасқа дейінгі балалар арасында өткен Азия чемпионатына қатысып, 3-орынды иелендім. Ол жүлденің өзі алтынға бергісіз болды. Се­бебі сол чемпионатта қазір әлемдік рей­тинг­те төртінші орынға табан тіреп тұрған өз­бекстандық Нодирбек Абдусатторов, үндіс­тан­дық Нихал Сарин секілді мықтылармен ой­надым. Талантымен талайды таңғал­дыр­ған олармен ойнау оңай болған жоқ, де­ген­мен барымды салып, қарымды қарсылас бо­ла білдім. Кейін 16 жасқа дейін Азия чемпионы атағын иелендім. 2015 жылы Сингапурда өткен оқушылар арасында өткен Азия чемпионатында екінші орынды місе тұттым. Сосын Тайландта оқушылар ара­сында өткізілген әлем чемпионатында үшін­ші орын иелендім. Алайда үнемі жақсы ойнадым, сүрінбедім, ешкімге дес бермедім деп айта алмаймын. Нашар ойнаған кездерім де болды. Шахматтағы жолым қиын болды деп айта аламын. 13 жасымда шебер дәре­же­сін алған соң, рейтингтегі көрсеткішім ұл­ғай­д­ы. Бірақ одан кейін 4 жыл бір орында тұра­лап қалдым. Ойынымда прогресс болған жоқ. Түрлі жаттығу жасап, рейтингтегі ұпайым­ды көтеруге тырысып-бақтым. Алай­да діттегенім іске аспай, әлек болдым. Ка­ран­тин кезінде онлайн режимде көп ойнап, үз­дік­сіз жаттығумен уақыт өткіздім. Кейін мұ­ның көмегі көп тиді. 2022 жылы халық­аралық шебер атағын иеленіп, артынша рей­тингтегі межем көтеріле бастады. 2 жыл бұ­рын Грекияда өткен 18 жасқа дейінгі шах­матшылар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атандым. Сосын күні кеше Үнді­станда өткен 20 жасқа дейінгі әлем чемпио­на­тында айым оңынан туып, чемпион атан­дым.

– Әкеңіз «Балам Үндістанға барғанда жан-тәнімен ойнады. Кейін қарсыласы тоқтата алмайтынын ұғып, жеңілдім деп қолын берді. Сол кезде төбеміз көк­ке жетті» деп сұхбат берді. Ал 5 сағат бойы сізден айласын асыруға тырысқан армениялық қарсыласыңыз жеңілгенін сезген кезде сіз қандай күйде болдыңыз?

– Әлбетте, басында сене алмадым. Өйт­ке­ні қарсыласым бастапқыда жарты ұпайға ал­да келе жатты. Дегенмен мен өз-өзіме сен­дім. Соңғы жүріске дейін сенімім серік бол­ды, бар күшімді салып, ұтуға тырыстым. Со­сын екеуіміз тең келе жаттық. Алайда мен соңына дейін қарсыласымды шатастыруға тырысып-бақтым. Бір кезде ол қателескенін түсініп, қолын берді. 

– Бұл тарихи нәтижені қайталаған төр­тінші қазақстандық шахматшы атан­дыңыз. Мемлекет басшысы құттық­тау жеделхатын жолдап, сіз секілді алғыр да ақылды ұрпақтың өсіп келе жат­қаны қуантатынын атап өтті.

– Президенттің құттықтау жеделхатын ал­ғаныма қуанышымда шек болмады. Ба­сын­да бұдан бейхабар болдым. Дели әуе­жайын­да тұрған кезде WhatsApp-қа өте көп хабарлама келіп түсті. Сөйтсем, бәрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жіберіп, сүйін­ші сұрап жатыр екен. Ол хаттарды оқығанда өз көзіме өзім сенбедім. «Уау, Прездиентіміз ра­сымен осылай құттықтады ма?» деп мә­тінді қайта-қайта оқумен болдым. Рас екенін түсінген кезде, ерекше күй кештім. Мен үшін үлкен тосын сый болды.

– Елде сізді келген соң екінші тосын сый «күтіп» тұрды. Қазақстан шахмат фе­дерациясының президенті Тимур Тур­лов автокөлік сыйға тартты.

– Бұл да мен үшін тосын сый болды. Шы­нымды айтсам, олай болады деп күтпе­дім. Көлік – үлкен сыйлық қой! Маған бұған дейін ешкім ондай үлкен сыйлық бермеген. Тө­бем көкке жетті. Одан бөлек, Тимур Рус­лан­ұлы турнирлерге қатысуға, бапкерлермен жаттығуға мүмкіндік беретін алтын пакет сыйға тартты. Онымен қоса, әлеуметтік желіде құт­тықтап жатқан көпшіліктің жылы лебіз­дері де жанға медеу болды. Менің қуанышыма туыс-таныстарыммен қоса, Қазақстан хал­қы­ның да ортақтасқанына қатты қуандым.

– Әлемдік рейтингте көш бастап тұр­ған әйгілі Магнус Карлсенді жеңемін деп айтқаныңызды көзім шалып қалды. Көп шахматшы шашасына шаң жұқ­пайтын Магнус Карлсенге қарсы ойнау бала күннен бергі арман екенін айтады. Сізде де солай ма?

– Мен олай айтпадым. Көпшілік «Сен со­лай айтыпсың ғой» деп сол мәтіннің сіл­те­месін жібереді. Мен «Оны жеңуге тыры­са­мын» деп қана айттым. Жеңіс бар жерде, жеңі­ліс те бар. Сондықтан «Мен мұндаймын» деп айтудан аулақпын. Әлбетте, онымен жо­лым түйісіп жатса, қарап қалмаймын. 

– Оныңыз дұрыс екен. Үлкендер «Ірі же­тістікке қол жеткізу үшін үлкен ар­ман керек» дегенді жиі айтады.

– Әрине, тырысамын. Мақсатым да сол. 

– Сонымен қай шахматшыға ұқсап-бақ­қыңыз келді? 

– Спортта менің бір ғана кумирім бар. Ол – Дәрмен Сәдуақасов. Өзіңіз білетіндей, Дәр­мен аға – 20 жасқа дейін әлем чемпио­натын­да топ жарған алғашқы қазақстандық шах­матшы. Бала күнімде онымен бір уақыт­та бірнеше ойнайтын жарысқа қатысқанмын. Оны алғаш көрген кезде қатты қуанғаным есім­де. Мен үшін Дәрмен аға – үлкен адам, аңыз адам. 

– Араға 25 жыл салып, кумиріңіздің же­­тістігін қайталап, жолын жалға­дыңыз.

– Сол үшін қатты қуанып жүрмін. Расы­мен­де, кумирімнің салған дара жолын жал­ғастырғаныма қатты қуаныштымын.

– «Оған қарсы ойнасам ғой» деп көз­деп жүрген шахматшылардан кім бар?

– Үндістандық шахматшы Гукеш Дом­марад­жуге қарсы ойнағым келеді. Қатты қа­лаймын. Өйткені мен ол ойыншыдан үй­рен­генім көп болды. Ойынын бақылап оты­рып, көп нәрсені ойыма түйдім.  

– Көпшілік бұл ойынға шыдамды­лық­қа, ал­ғыр­лық­қа үйрететін ойын деп қарап, бала­ларын шахмат секциясына ертіп апа­рып жатады. Ал бұл ойын сізге жүлде мен кубоктан басқа не берді? 

– Біріншіден, баланың зауқы соғып тұр­са ғана секцияға апару керек. Егер ол ойын оған ұна­май тұрса, оны мәжбүрлеп апарғаннан түк шық­пайды. Сүйікті ісі болмаса, өз-өзін ал­дап, көп уақытын жоғалтып алады. Дұрысы, бала көңілі соғатын ісімен айналыссын. Шах­мат маған не үйретті дейсіз бе? Шахмат ма­ған дұрыс шешім қабылдауды, логикаға сүйе­ніп, әрекет етуді, дұрыс ойлануды, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, шешім шығаруды үй­ретті. 

– Үндістаннан келгелі бері бұл жетіс­тік­ке бапкеріңіздің арқасында жетке­ніңіз­ді айтып, 10 жыл бойы жаттық­ты­рып келе жатқан ол кісінің өміріңізде шешуші рөл атқарғанын атап өттіңіз.  

– 10 жыл емес, 14 жылдан асты-ау. Мен шах­мат әлеміне енгелі бері, яғни 6 жасымнан бастап бапкерім Ержан Жақсылықұлымен жаттығып келемін. Менің шахматты кәсіби деңгейде ойнауды қолға алғаныма сол кісі себепкер болды. Үнемі қасымнан табылып, ақылын аямай айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Әдетте, шахматшыларды баулыған бапкерлер көлеңкеде қалып қойып, еленбей қалып жатады. Негізінен, нағыз еңбек, нағыз жеңіс – бала күнімізден, шала күнімізден шах­маттың қыр-сырын үйреткен  сол кісі­лердікі. Менің бапкерім мен үшін – нағыз қаһарман. 

– Жоспарыңыз қандай? Алда қандай жарыстар күтіп тұр?

– Бір айдан соң Түркияның Денизли қа­ласында өтетін Түркия лигасында бақ сы­наймын. Соған дайындалып жүрмін. Жал­пы, арман-мақсат көп. Болашақта ересектер ара­сындағы әлем чемпионатында бағымды сынап көргім келеді. Одан бөлек те қатысқым келетін беделді турнир өте көп. Оны тізіп айтсам, көп уақыт кетеді. Бастысы, рейтингім жо­ғарылап, Қазақстанның намысын абы­рой­мен қорғап жүрсем болғаны. Одан бөлек, қа­зір Астанадағы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясында шахматтан педагог-жаттықтырушы мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Алдағы уақытта бар біл­генімді балаларға да үйретуді көздеймін.

– Ойлағаныңыз іске ассын! 
Әңгі­меңіз­ге рахмет!

 

Әңгімелескен 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары