248
Януковичтің "мемлекетке опасыздығы" жөніндегі ісі Киев сотына жіберілді
Януковичтің "мемлекетке опасыздығы" жөніндегі ісі Киев сотына жіберілді
2014 жылы Еуромайдан наразылығынан кейін, Ресейге қашқан Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичты Киев соттарының бірінде сырттай соттайды. Оған мемлекетке опасыздық жасады, Украина егемендігінің территориалдық тұтастығына қол сұқты деген айыптар тағылды. Іс әзірге Киевтің Печерск аудандық сотына жіберілген. Бірақ істі таяу күндері басқа сот инстанциясы қарайды.
Украинаның Бас прокуроры Юрий Луценко «бұл халық сайлаған лидерді мемлекетке опасыздық жасады деген бірінші айыптау» деді. Сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде әскери прокурор Руслан Кравченко қатысады.
Бұл іске қатысты Украинаға көшіп келген бұрынғы ресейлік депутаттар Илья Пономарев пен Денис Вороненковтен жауап алған. Януковичтің айыптарына дәлел ретінде үш жыл бұрын Ресей президенті Владимир Путинге "Украина аймағына ресейлік әскерді кіргіз" деп сұраған хатының көшірмесі енгізілген. Бұл құжатты 2014 жылы 4 наурызда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде БҰҰ-ның Ресей өкілі болған, таяуда кенеттен қайтыс болған Виталий Чуркин жариялаған. Алайда қазір Кремль Януковичтен мұндай хат алғанын жоққа шығарады.
Бұрынғы президенттің қорғаушылары Януковичті отанына сатқындық жасады деп сырттай соттауға еш негіз жоқ дейді. Януковичтің адвокаты Виталий Сердюктің айтуынша, әлі күнге дейін Януковичке күдікті ретінде ескерту берілмеген, одан Ресей аймағында украиндық тергеушілердің қатысуымен сұрау алмаған.
Отанына опасыздық жасады деген айыптан бөлек, Янукович тағы да бес қылмыстық істің фигуранты. Оған Еуромайдан кезінде украина азаматтарын жаппай өлтіруге қатысты, мемлекеттік мүлікті заңсыз иеленді және конституциялық емес жолмен билікті тартып алды деген айыптар тағылған. Бас прокурор Луценконың сөздерінше, Януковичке қатысты сот үкімі биыл шығады әрі оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.