Экология – мәңгілік тақырып

Túrkistan халықаралық газеті еліміздегі белсенді экологтарға блиц-сауал жолдаған бо­латын.

Экология – мәңгілік тақырып
www.istockphoto.com
1111

Табиғаттың тылсым сұлулығы мен бай­лығы бізге баға жетпес сый ретінде берілген. Бұл сыйды қорғау және сақтау – біздің мін­детіміз. Әлемдегі экологиялық мәселелер күн сайын күрделеніп барады. Қазақ­стан­ның да эко­ло­гиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар аса маңызды. Мемлекет бұл мәселеге баса назар аудара бас­тады. Елі­мізді кө­гал­дандыру, абаттандыру мем­лекеттік маңызы бар іс. Туған жерді таза ұстау жал­пыұлттық мәселеге айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақ­стан» жобасы еліміздің экологиялық жағ­дайын жақсартуды және табиғатты қорғауды мақсат етеді. Сонымен қатар бағ­дарлама экологиялық тұрақ­тылықты қам­тамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. 

Экология мәселесі бүгін шығып, ертең ұмытылып кететін мәселе емес. Ол – мәң­гілік тақырып. Сондықтан еліміз бойынша қалдықтарды реттеу жүйесін жақсарту, ауаның сапасын жақ­сарту, су ресурстарын қорғау, табиғи ортаны сақтау және қал­пына келтіру, экологиялық білім беру және ақпараттандыру, энергия тиімділігін арттыру және жасыл технологияларды енгізу маңызды болып қала бермек. Осы орайда Túrkistan халықаралық газеті еліміздегі белсенді экологтарға блиц-сауал жолдаған бо­латын. 

– Экологиялық ахуал – бірінші кезектегі проблема, алайда бұл проблема үнемі әлеуметтік, экономикалық мәселелердің көлеңкесінде қалып қояды. Неліктен?

Әділ ТЫНЫШТЫҚБАЙҰЛЫ, 
KazEcoPatrol РҚБ-ның төраға орынбасары:

– Біздегі экологиялық ахуалды қоқысты дұрыс сұрыптамау, заңсыз қоқыс үйінділерінің көбеюі ушық­тырып отыр. Қазақстанда қоқыс полигондарға, т.б. нысандарға жө­нелтіледі. Бірақ олар толықтай қайта өңдеуге кетпейді. Барлық қоқыстың тек 30 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Қоқыстар полигонға жеткенге дейін сұрыпталмайды. Пайдаға жарайтынын сол жерден алды, қалғаны қалады. Негізі, бізде қоқыс қалдықтарын жинаудың, өңдеудің жүйесі дұрыс емес. Тағы бір маңызды мәселе – компаниялардың, зауыттардың және басқа да ны­сандардың ауа бассейнін ластауына жол бермеу. Мәселен, Алматы қаласындағы түтіннің себебі автотранспорттардың жаңартылмауы және оларға мемлекеттік техникалық сараптаманың дұрыс жүргізілмеуінен. Зерттей бастасаң бұл жерден де жемқорлықтың иісі шығады. Екінші мәселе, біздегі өзен, көлдердің ластануы. Осы екі мәселе шешілсе, қала тұрғындары сапалы ауамен тыныстап, таза су ішер еді. 

Наурызбек БІРМАҒАМБЕТОВ, 
Neco экологиялық клубының төрағасы: 

– Қазақстанның эко­но­ми­калық даму мақсаттары эколо­гиялық мәселелерден жоғары қойылып келеді. Бұл әсіресе мұнай, газ және тау-кен өндірісі сияқты салаларда бай­қалады. Бұл үрдіс тек Қазақстанда ғана емес, әлем ел­дерінде осындай. Экология туралы тек соңғы жылдары әр жер­ден айтыла бастады, соның өзінде әлі көп мәселе белсенді түрде көтерілмейді, ашық айтылмайды. Сондай өзекті, маңызды тақырыптың соңғы орында болуы қынжылтады, әрине. Бұған біздің алдын-алу шараларымен емес, салда­рымен күресу әдетіміз себеп. Қазір де экология бойынша қай мәселе күйіп тұр, сонымен ғана айналысады. Мәселен, орман өртенді делік. Барлық назарымыз орманда болып, өртті өшіріп, қайталанбасын деп жанталасамыз. Яғни, біз мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп жүрміз. 

– Кейінгі кезде ішкі туризмге қызығушылық артып келеді. Қазақстанның көрікті жерлеріне баратын халық саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Бірақ туризм мәдениетін көп адам сақтай бермейді. Мұның себебі неде? 

Әділ ТЫНЫШТЫҚБАЙҰЛЫ, 
KazEcoPatrol РҚБ-ның төраға орынбасары:

– Иә, қазақстандықтар пандемия кезінде ішкі туризмге қызығу­шылық таныта бастады. Жоғарыда мен айтқан өзен, көлдер, тау-тас­тарымыз туризм нысанына айналды. Алайда бұл салада да өзекті мәсе­­лелер кө­­бейіп келе жатыр. Рекреациялық жағдай қиындап келеді. Мәселен, адам баласы табиғатқа жақындаған сайын жануарлар бізден алыстай береді. Оған қоса таулы аймақтарда адамдар от жағып, оны дұрыс сөн­­дірмей тастап кетеді. Әсіресе, жаз айларында өрт болу қаупі жоға­­ры, қы­зыл аймақта тұрған ормандар адамдардың немқұрайлы­лығының кесірінен өртке оранады. Міне, осындай әрекеттерге мониторинг жүргізілмейді және менің байқағаным, экотуризмді дамытуға ешкімнің құлшынысы жоқ. Одан бөлек, Алматы секілді ірі қалаларда тамақтану орындары, дәмхана, мейрам­­ханалар көп. Олар кәуапты көмірге дайындауы керек. Алайда көпші­лік тамақтану орын­дары тамақ пісіруге ағаш қалдықтарын пайдала­нады. Бұл – заңсыздық.  

Наурызбек БІРМАҒАМБЕТОВ, 
Neco экологиялық клубының төрағасы: 

– Экологиялық инфрақұрылым болмаған жерде экологиялық мәдениет те болмайды. Біріншіден, адамдар экологиялық өмір салтын ұстануды білмейді. Бұл отбасынан, балабақшадан басталып, мектепке, ЖОО-да жалғасуы керек. Екіншіден, қоршаған ортада, табиғат аясында өзіңді қалай ұстау керек екені туралы ақпарат жеткіліксіз. Әрбір туристік нысан қауіпсіздік шараларын, нұсқаулықтарды адамның назарын бірден аударатындай етіп жазып қойғаны дұрыс. Сонымен қатар экологияға зиян келтіргені үшін азаматтарға салынатын айыппұл көлемі аз. Адамдардың бұл іске немкетті қарауының бір себебі осында жатыр деп ойлаймын. 

А.Бимендиева

Серіктес жаңалықтары