Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккен 406 отбасы баспаналы болды

Қазір Ақтөбе қаласында тасқын салда­рынан апатты деп танылған үйлерді демон­таждау (сүріп тастау) жұмыстары басталды.

Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккен 406 отбасы баспаналы болды
сурет: gov.kz
944

Алғали Сисенғалиев пен Самал Махамбетованың отбасы  Ақтөбе қаласы аумағына кіретін Махамбет бау-бақша ұжымында тұрғанына отыз жылдай уақыт болды. Жыл сайын көктемде үйін су басып, әбігерге түсетін Самалдың отбасы биыл да тасқын судың зардабын тартты. Су тасқынының залалын анықтау жөніндегі комиссия бұл жолы олардың үйін апатты деп таныды. Самалдың отбасы жақында жаңа баспаналы болып, қоныс тойын той­лады.

Қоныс той

Ақтөбе қаласы маңында бірқатар бау-бақша ұжымы бар. Солардың бірі – қала ау­мағына кіретін шеткері жатқан Махамбет ауылы. Бұл жердің тұрғындары өзен жаға­лауына жақын тұрғасын жыл сайын көктемде жандарын шүберекке түйіп отырады. Себебі өзен арнасынан асып, қарғын су молайғанда Ма­хамбет ауылындағы саяжай үйлері су астында қалады. 
Алғали Сисенғалиев пен Самал Махамбе­тованың шаңырақ көтергеніне биыл – 33 жыл. Олар Ақтөбе қаласына Ойыл ауданының Құм­­­жарған ауылынан осыдан 27 жыл бұрын қоныс аударыпты. Содан осы Махамбетте тұрады. 
– Көктем шығып, қар еріген шақта маза­мыз қашады. Жыл сайын үйіміз су астында қалатын. Биыл да мол су үйімізге кірмегенмен, айналаны түгел су басты. Іргетасы 1938 жылы қаланған үйіміздің бір қабырғасын қисайтып, құлаудың аз-ақ алдында тұрғанын көрген комиссия мүшелері біздің үй-жайы­мызды бірден апатты деп таныды. Жалпы, аумағы 47 шаршы метр болатын үйіміз тұруға жарам­сыз деп танылғаннан соң бізге мемле­кеттің қол­дауымен көппәтерлі үйлердің бірінен бір бөл­­мелі үй берілді. Қуанышымызда шек жоқ, – дейді Самал Махамбетова. 
«КамАЗ» жүк көлігін жүргізетін отағасы жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жария­ланған Ақтөбе облысының Қобда ауданында жол салу жұмыстарына жауапты мердігер компаниялардың бірінде жұмыс істейді.  
– Тасқын болып, үйіміз су астында қал­ғанда отағасы жұмыста болды. Қобда ауда­нымен екі аралықтағы жолды су шайып, қа­тынас қиындаған шақта ол күндіз-түні сол жақта болды. Қазір Қобда мен Саралжын ауылы аралығындағы су шайған жолды ретке келтіріп жатыр. Өзім Ақтөбе ферроқорытпа зауытының кеңсесінде еден жуамын. Маха­м­бетте тұрғанда зауытқа жаяу қатынадым. Жаңадан берген баспанамыз да жұмысыма пә­лендей қашық емес, – дейді тоғыз немеренің әжесі Самал Махамбетова. 
Алғали мен Самал қазір Ақтөбе қаласын­дағы Тургенев көшесі 36-үйдің үшінші қаба­тында тұрады. Жастары алпысқа таяған ерлі-зайыптылар «біз саяжайда тұрады» деген «мәртебеден» біржола арылдық», – деп, мем­лекет тарапынан берілген қолдау мен қиын сәтте қамқорлық танытып, қол ұшын созған­дарға ерекше ризашылықтарын білдірді.        

Апатты үйлер анықталды

Қазір Ақтөбе облысында су тасқынының залалын анықтау жөніндегі комиссия әлі де жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімі баспасөз қыз­метінің берген мәліметіне сүйенсек, тасқын ке­зінде Ақтөбе облысында  су басқан үйлердің саны – 4 691. Соның ішінде Ақтөбе қаласында – 3 594, оның 363-і – тұрғын үй, қал­ғаны –  саяжай үйлері.
9 шілдедегі жағдай бойынша, облыста 3 785 үй-жайға бағалау жүргізілген. Қоры­тындысында жөндеуге жататын үйлердің саны – 3 579, ал 862 үй апатты деп танылған. 
Сондай-ақ бүгінде тасқыннан зардап шек­кендерге келтірілген материалдық залал үшін әлі де өтемақы төленіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, 3 568 отбасына 1 228 313,6 теңге мөл­шерінде өтемақы төленді. 
Сонымен қатар облыста тасқыннан зардап шеккен 3 000 отбасына тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 8 770 051,3 теңге көлемінде өтемақы төленді.  

Жаңа үйлер, жайлы пәтерлер

Қазір облыстың Қобда, Ойыл, Әйтеке би, Ырғыз, Темір және Мұғалжар аудандарында 511 үй бой көтеріп жатыр. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен аталған 6 ауданда дайын баспаналар Болат Өтемұратов қоры арқылы сатып алынуда.  Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде 406 отбасы жаңа қонысқа көшті. Жақында Ақтөбе қала­сында тасқыннан зардап шеккен 15 отбасы BI Group құрылыс компаниясы сатып алып берген пәтерлердің кілтін алды. 
– Біз адамдардың жайлы пәтерлерде жаңа өмір бастай алатынына қуаныштымыз. Соны­мен қатар біздің компания облыстың Мұғал­жар, Әйтеке би және Темір аудан­да­рында 60-қа жуық тұрғын үйдің құры­лысын инвес­тиция­лады. Олардың барлығы күн салқын­дағанға дейін тапсырылады. Сонымен қатар BI Group зардап шеккен отба­сылардан шыққан 500 ба­ланың Ақтөбе облы­сының Білім бас­қармасы ұйымдас­тыруымен сауық­тыру лагерь­леріне жіберуге ұйытқы болды. Ол үшін хол­динг 12,7 мил­лион теңге көле­мінде демеушілік кө­мек көрсетті. Осы мақ­сат­тардың барлығына біз шамамен 2 мил­лиард теңге бөлдік, – деді BI Group жоба­­ларының директоры Руслан Мер­ғалымов.
Биыл сәуір айында аталған құрылыс ком­паниясы су тасқыны салдарын жоюға 5 мил­лиард теңге бөлу туралы шешімін жариялаған болатын. BI Group алғашқылардың бірі болып жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті.
Тасқыннан зардап шеккен аудан тұрғын­дары да бүгінде жаңа баспанаға қол жеткізіп жатыр. Қоныс той тойлағандардың қатарында бір топ мұғалжарлық отбасы да бар. 
Облыстың Мұғалжар ауданында жа­қында баспаналы болған 53 отбасы – көк­темгі  су тасқынынан зардап шеккен Ембі қаласының, Жағабұлақ, Бірлік, Басшилі, Қаракөл, Шеңгелши ауылдарының тұрғын­дары. Оларға барлығы 931 миллион 451 мың тең­геге Болат Өте­мұратов, «Қамқор Ақтө­бе-2024» және Dar Charity қоғамдық қор­­лары арқылы үйлер сатып алынып берілді.
Мұғалжар ауданы бойынша су тасқынында барлығы 76 үй мен 3 коммерциялық нысанға зақым келіп, 8 шаруа қожалығы шығындалған. Су тасқынынан зардап шеккендерге 26 мил­лион теңгеден астам біржолғы көмек те көр­сетілді. 
Бүгінде тасқын кезінде су басқан Жағабұлақ ауылында 9 үй, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Мұғалжар ауданы бойынша 7 үйге жөндеу жұмысы жүргізілуде.
Темір ауданының Құмсай ауылында да 17 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Ауданның Саркөл ауылдық округіне қарасты Құмсай ауы­лында биыл тасқын судан зардап шеккен 17 от­басы мүшесі өз қалауымен Кеңқияқ, Шұ­барши және Шұбарқұдық елді мекендерінен жаңа тұрғын үй алуға ниет білдірген. 

Құрылыс басына бейнекамера орнатылды

Қазір облыстың Әйтеке би ауданының орталығында тасқыннан зардап шеккен отбасылар үшін тұрғын үй құрылысы жүріп  жа­тыр. Бір қызығы, құрылысшылардың жұмы­сын онлайн бақылауға болады. Себебі әрбір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан орын­дарда бейнебақылау камералары орнатылған.
Ресми мәліметке сүйенсек, ауданда тасқын судан жапа шеккен 150-ге жуық тұрғыннан арыз түсіп, комиссияның техникалық бақылау қорытындысында  51 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Соның ішінде 25 отбасы екінші нарықтағы дайын үйді алуға ынта білдіріп, қазір барлығы толықтай баспаналы болыпты. Ал қалғандары жаңа үйлерінің салынып біткенін күтіп отыр.  
Баспаналардың бой көтеруіне «Ерейментау 2005» ЖШС (13 үй), «Ск Қала» ЖШС (6 үй) және «ГТА Сервис» ЖШС (7 үй) сияқты үш компания септігін тигізіп жатыр.

Жарамсыз үйлер сүріліп жатыр

Қазір Ақтөбе қаласында тасқын салда­рынан апатты деп танылған үйлерді демон­таждау (сүріп тастау) жұмыстары басталды. 
Мұндай жұмыстар қаладағы Новостройка бау-бақша ұжымы аумағында жүргізіліп жатыр. Бүгінде бұл жерде үш үй бұзылды. 
Билік өкілдерінің айтуынша, сүріп тас­таған үйлердің жері мемлекет қорына қайта­рылады. Бұл іс-шаралар үй иелерінің жазбаша келісімімен жасалады. Оларға құлаған үйлері­нің орнына жаңа пәтерлер беріліп жатыр. 
Бүгінде бағалау комиссиясының қоры­тындысы бойынша тасқын салдарынан Ақтөбе қаласында 190 үй апатты деп танылды, оның ішінде 75 үйдің тұрғыны жаңа баспанаға көшірілген. Ақтөбе қаласы әкімінің орын­басары Сұлтан Аманчиннің айтуынша, қор арқылы пәтер сатып алып беріп, көшіру шара­лары әлі де жалғасып жатыр. 
– Су тасқыны салдарынан бұзылған үйлерді демонтаждауымыз керек. Себебі құлағалы тұрған үйлер осы маңда тұратын өзге тұрғындарға қауіп туғызады. Әзірге жаңа пәтерлерге көшірілген 75 отбасының апатты үйлері сүріліп, жерлері мемлекет қорына қайтарылады, – деді ол. 
Оның айтуынша, тұрғындарға үйлерін бұзбас бұрын бір ай уақыт беріледі. Олар өздеріне қажетті мүліктерін, демонтаж ке­зінде құрылыс материалдарын алып кетуге құқылы. 
Новостройка бау-бақша ұжымы тұрғын­дарының бірі Күләш Күләпованың үйі апатты деп танылып, қазір қаладағы жаңа үйлердің бірінен пәтер берілген. «Ризамыз. Бұған дейін де үйіміз суға кетті. Бірақ мұндай нақты кө­мекті бірінші рет көріп отырмыз. Тасқыннан зардап шеккендерді қолдап жатқан Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз», – деді Күләш.  

 Қазір Ақтөбе облысы бойынша елуге жуық мердігер мекеме тасқыннан зардап шеккендер үшін үй құрылысына тартылған. Олардың дені – жергілікті компаниялар. Үй құрылысын салуға әрі жаңа баспана алуға қаражат BI Group, Болат Өтемұратов, «Қазақстан халқына» қорлары және ERG компаниялар тобынан қарастырылған.

Айару СЕРІК, 
Ақтөбе олысы

Серіктес жаңалықтары