Қоғам тәртібі мәселесін көтерді

Қоғам тәртібі мәселесін көтерді
Мәжіліс баспасөз қызметі
185

Мәжілістің жалпы отырысында де­путат Нартай Сәрсенғалиев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де­путаттық сауал жолдап, Алматы об­лысы Еңбекші қазақ ауданының Түр­ген ауылындағы үйлену тойында бол­ған оқиғаға қатысты мәселе кө­терді. 

– Қазақ «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дейді. Өкінішке қарай, тойып секіріп, ақшаның буы ұрғандар өз­дерін өзгелерден биік қоятын ауруға шал­дыққан. Оның емі – қатаң жаза ғана. Нақ­ты мысал күні кеше ғана  Алматы об­лысы Еңбекші қазақ ауданының Түрген ауы­лында болды. Үйлену тойының құр­ме­тіне серуенге шыққандар автомат пен тапаншадан оңды-солды оқ жаудырып, қа­руды кезекпен алып оқ атып қызық қу­ған. Қымбат көлік, көп ақша заңды бел­ден басуға мүмкіндік беретін бассыздыққа әкел­меуі керек, бұл бұлжымас қағида емес пе? – деді депутат.
Бұл елдің заңын елемеудің, жазасыз қа­латындарына сенімді болудың көрінісі еке­нін айтқан ол абырой болғанда, қаң­ғы­ған оқтан жапа шеккен азамат жоқ еке­нін жеткізді.
– Бірақ үрейленген халықтың көңілі күп­ті. Себебі сіз бен біздің ата-әжеміз,  ата-анамыз, бала-шағамыз, бауыр­ла­ры­мыз, отандастырымыз жүретін көшеде қы­зық қуып оқ жаудыруға кім рұқсат бер­ді? Тағы бір сұрақ, ойсыз оқ атқандар автомат пен тапаншаны  қайдан алған? Әл­де оларға заң, құқықтық тәртіп жүрмей ме? Бұл – желіккен жастардың жай ғана бұ­зақылығы емес, мемлекеттік тәртіпке, заң­ға ашық қарсылығы. Халықтан, елдің іш­кі қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығына жауап­ты құқық қорғау органдарынан еш айы­лын жимай, «Ал, не істей     аласың?» деп дөңайбат көрсетуі. Айтпақшы, азамат­тар­дың өмірін қатерге тігіп ауылдың орта­сын­да оқ атқандар бейнекамераға қарап ке­шірім сұрап жазадан құтылып кетпеу ке­рек. Мұндай тәсілден елдің әбден ығы­ры шықты. Жаман әдет жұққыш келеді. Ертең бұларға еліктеушілер шығып, атыс ұйым­дастырса не болмақ?!  Сол себепті бұл заң бұзушыларға заңға сәйкес шара қолдану процесі көпке жария түрде жүруі тиіс, – деді Нартай Сәрсенғалиев.
Қорыта келе, депутат жауапты органдарға мына шараларды қолға алуды ұсынды:
1. Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын күшейтіп, түлектердің кештерінде заңсыздық орын алмауы үшін рейдтер жүргізу қажет.
2. Прокуратура, сот-тергеу органдары Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданының Түрген ауылында болған оқиғаны саралап, оған қатысы бар азаматтарға заңға сай қатаң жаза кесуі керек.
3. Ішкі істер министрлігі қарапайым азаматтардың қолындағы қару-жараққа инвентаризация жүргізіп, олардың заңға сәйкес келмейтіндерін тәркілеу қажет. Және осы саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді қатаңдату керек.

Серіктес жаңалықтары