Ұлыбританияның 6 премьер-министрін "ауыстырған" мысық рекорд орнатты

Кир Стармердің өткен аптадағы сенімді жеңісінен кейін Ларри Даунинг-стрит тұрғындарына қызмет еткен барлық мысықтан асып түсті.

Ұлыбританияның 6 премьер-министрін "ауыстырған" мысық рекорд орнатты
сурет: telegraph.co.uk
1110

Үкімет басшылары келеді-кетеді, ал мысық... Даунинг-стриттің бас тышқан аулаушысы Ларри атты мысық Кир Стармердің жалпы сайлаудағы жеңісінен кейін 6 премьер-министрге қызмет еткен алғашқы мысық болды. Бұл туралы Telegraph жазды. 

Тарғыл мысық ит-мысық паналайтын Баттерси орталығынан 2011 жылғы ақпанда келген және содан бері №10 үйдің тұрақты тұрғынының бірі болды.

Кир Стармердің өткен аптадағы сенімді жеңісінен кейін Ларри Даунинг-стрит тұрғындарына қызмет еткен барлық мысықтан асып түсті. 17 жастағы Ларри Дэвид Кэмерон, Тереза Мэй, Борис Джонсон, Лиз Трасс және Риши Сунак премьер-министр болған кезде де осы қызметті атқарған.

Бірақ егер ол премьер-министр саны емес, уақыт бойынша ең ұзақ қызмет еткен тышқан аулаушы болғысы келсе, онда оған Вестминстердегі тышқан проблемасымен тағы 4 жыл күресуі керек. Әзірге бұл атақ 1947-1964 жылдар аралығында қызмет еткен, бірақ бес премьер-министр "ауыстырған", яғни Эттли, Черчилль, Иден, Макмиллан және Дуглас-Хьюм кезінде қызмет еткен Питер III-ге тиесілі. Ол бұл қызметте 17 жыл "жұмыс істеген".

Өткен аптада жүргізілген Ipsos сауалнамасына сүйенсек, толық құрметті атағы Министрлер Кабинетінің Бас Тышқан Аулаушысы саналатын Ларри, сэр Кир немесе оның алдындағы Сунак мырзадан әлдеқайда құрметті. Сауалнама көрсеткендей, адамдардың 44 пайызы Ларриді оң бағалап, тек 4 пайызы теріс бағалаған.

Бұл оның жаңа премьер-министрден әлдеқайда танымал екенін көрсетеді, оны 34 пайыз оң бағалап, 41 пайызы теріс бағалаған болатын.

Серіктес жаңалықтары