ҚАЗАҚТЫҢ НАУРЫЗНАМАСЫ

ҚАЗАҚТЫҢ НАУРЫЗНАМАСЫ

ҚАЗАҚТЫҢ НАУРЫЗНАМАСЫ
ашық дереккөзі
5070
Ертеде наурыздың жыл басы ретінде тойлануы парсы абыздарының күнтізбені дұрыс есептемегендіктерінен жылдың әр мезгіліне ауысып отырған. Наурыздың 22 күнінің жыл басы, 21-інен 22-сіне өтетін күннің күн мен түннің теңелуі ретінде тойлануы Омар Хайямның қатысуымен 1079 жылы жасалған күнтізбеден бастап тұрақталған. Омар Һаямның «Nevruz name» атты қолжазбасы күн күнтізбесінің тарихы мен күнтізбелік реформалардың жүзеге асуы, исламға дейінгі Иран жеріндегі Наурыз мерекесінің қалыптасуы, тойлануы, мерекеге қатысты аңыздар мен әңгімелер, мереке атрибуттары жайында жазылған бірегей туынды.  Деректерді негізге алсақ, Наурызды төл мерекесі ретінде тойлайтын шығыс халқының қайсысы болмасын, бұл мерекеге ерекше мән берген.  Мысалы, «Бабырнама» жазуында 1504 жылдан 1506 жылға өтетін Наурыз мерекесі Бабыр өз әскерімен Гумал өзенінің бойында Дашта жазығындағы Газниге барар жолындағы сапарына тура келген. Бабыр осы жерде мерекелік дұға оқып, «газал» (бата-тілек)   айтқандығы жазылған. Қазақ халқының да Наурыз мерекесін тойлауы «Наурызнама» деп аталып,  басқа шығыс халықтарымен ортақ белгілері де, өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтары да болды. Наурыз мейрамын тойлауды әр халық өз ұлттық ерекшеліктеріне қарай икемдеген.  Наурызнама  парсы елдерінің ортағасырлық мемлекеттерінде патша сарайларына лайық сән-салтанатпен өтсе, қазақтарда Наурызнама бірнеше күнге жалғасып, дәстүрлі қазақ қоғамына тән ғұрыптық мәнге ие ғұрыптық жоралғылар орындаумен ерекшеленді. Наурызнама тарихы, маңызы туралы жазба деректердің қатарын орта ғасырлық шығыс ғұламаларының, Орта Азияға келген зерттеушілердің, саяхатшылардың, ағартушылардың және Алаш зиялыларының еңбектері құрайды. Қазақтар арасындағы Наурыз жайындағы көптеген деректер ауызша жетіп, ХІХ ғасырдың 2-ші жартысынан бастап хатқа түсірілген. Наурыз мерекесінің қалыптасуы, мағынасы туралы  қазақ халқының ғұламалары Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Алаш зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов,  Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров  жазбаларының маңызы зор. Аңыз бойынша, Жыл – жаңа туған бала, ол күн санап өсіп, үш айдан соң жігіт болады, күз түскенде қартайып, бурыл бас болады,  қыс түсіп, қар астында қалғанда кәріліктен өледі, осылайша он екі ай бітуімен ескі жылдың өмірі де бітеді. Жаңа жыл туғанда, сол күнді құттықтап, қуанғанды, құшағына алып, сый-құрмет жасау, қызық дәурен салу әр адамның міндеті болған екен. Бұл аңыздан қазақ халқының антропоцентристік  танымындағы «Жылдың» адам кейпіндегі моделін аңғаруға болады. Қазақ баланың дүниеге келуін ерекше бағаласа, Наурыздың келуін де  жоғары бағалаған. Қазақтар Наурыз мерекесінде бір-біріне «1 жасың құтты болсын» деп құттықтау, саламат жолдауының себебі осымен байланысты. Наурыз мерекесі жайлы мына деректерге назар аударып көрейік: Омар Һаям: «…Үш жүз алпыс бес күннің (күндіз-түнінен) ширегінен тұратын ұлы дәуірді «Ұлы жыл» деп атады да, оны төрт бөлікке бөлді. Үлкен жылдың төрт бөлігі өткенде үлкен Наурыз болады. Бұл кезде дүние жаңаланады. Патшалардың бір рәсімі бар: жыл басында олар жақсылыққа бағыштап, әрі жыл есебін белгілеп алу үшін, тыныштық өмір үшін баршаға қатысты діни жиындар өткізулері лазым. Кімде-кім Наурызды мейрамдап құшуақ жүрсе, келесі Наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді»; Абай  Құнанбаев «Бірер сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» атты жазбасында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың сонау «хибағи», «хұзағи» деп аталған заманға дейін апарып, «Ол күнде Наурыз деген жазғытұрым мейрамы болып, Наурыздама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнді «Ұлыстың Ұлы күні» дейді екен»; Мәшһүр Жүсіп: «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама... Үйсін Төле бидің заманында Наурызнаманың қадір құны астан, тойдан ілгері (жоғары) болған»; М.А. Разул Заде: «Күншығыс мұсылмандарының, әсіресе Кавказ арты мұсылмандарының ардақты игі мейрамы Наурыз... Табиғат қыстан шығады... Күншығыс халқының жанына әдемі күндер, жан-жануар, шөптерге жан беретін сәулелер һәм нұрлар келеді... Мейрам ұлттың жеке-жеке болған мүшелерін біріктіріп, бір денедей қылып қосатын бір дәнекер... Наурыз мейрамы да мұндай мейрамдардың біреуі ...ең салтанатты мейрам»; Міржақып Дулатов: «Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды күншығыс жұрттарының көбі,  Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді ...ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол Наурыз», – деген. Қазақтар арасында ескі күнтізбе бойынша Наурызнама жасау наурыздың 9-16 аралығында жалғасқан. Жазба деректерге сүйенсек, ертеде жұлдыз есебімен санағанда қыс пен жаздың ауысатын уақыты 9 наурызға сәйкес келген және де қазақтар осы есепті орыс Григориан күнтізбесі ресми енгенге дейін берік ұстанып келген. Ескі жылдың шығып, жаңа жылдың кіруін сегіз күн бойына тойлаған. «Қазақ» газеті шығып тұрған уақытында (1913-1918) әр жыл сайын 9 наурызда Алаш зиялылары Наурыз мерекесінің мән-мағынасы туралы өз ойларын жазып, халықты құттықтап отырған. 9 наурызда жарияланатын редакциялық құттықтау мақалаларының авторлар қатарында Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов болды. Мәшһүр Жүсіп  қолжазбасының байырғы  қазақтардың Наурызнама жасауы туралы берер дерегінің маңызы аса жоғары. Ол 29 жасында Ғабдолла хан өткізген Наурызнама тойына сегіз күн бойына қатысқан. Бұл тойда күресте үш кісіні жыққан адамға бір шапаннан бәйге берілген. Тойдың сегізінші соңғы күнінде қожа Баһуалдин әулиенің басына барып, сол жердегі көлшікке қант төгіп, қант татыған тәтті суды жұрт жабыла ішіп, ырым қылған екен. Сегізінші күн «мазаршариф», яғни «той тарқар» делінген. Той тарқарды әулиеге тәу ету, әулие басынан су ішумен бекітудің астарында қазақ халқының ата-баба культін берік ұстанғандығы көрінеді. Енді мына дерекке көңіл аударайық. Арғынның айдабол руынан шыққан Едіге би Баянауылдан қасына жүз кісі ертіп, «Наурызнама» жасатамыз деп, Қызылтау қыстауында отырған Сәтімырза байдың ауылына барады. Сәтімырза қансонар болған соң, бүркіт салып, аң аулауға кеткен екен. Баяу атты бәйбішесіне «Наурызнама» деп кісі келе қалса, өзін жоқтатпайтынын тапсырған. Баяу бәйбіше «Жолаушы емессіз, әдейі Наурызнама жасатам деп келдіңіз», – деп сегіз күнді бірінен-бірін асырып Наурызнама жасаған екен. Қансонардан келген Сәтімырза бай Едіге тамырына бұл Наурызнама Баяу бәйбішенікі болды, мен оған ортақтаспаймын, менің Наурызнамам сыймен болсын деп, Едігенің өзіне түйе бастаған тоғыз, қалған жүз кісісінің бірін қалдырмай  түйе, ат мінгізіп қайтарған екен. Яғни, Наурызнама жасау қазақтың бәрінің  мырзалығына сын болған. Қазақ халқы Наурыз мерекесін қазақ жерінің қай өңірінде болмасын күн мен түннің теңесетін, жаңа жылдың басталар уақытында, жыл басында көктемнің алғашқы күндерінде тойлаған. Сырдың төменгі ағысы бойы, Маңғыстау, Үстірттегі таза көшпелі мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақтар қыстаудан көктеуге наурыздың 1-інен бастап-ақ көшкен. Ал қазақ жерінің Жетісу, шығысы мен солтүстігіндегі қазақтар болса, наурыздың басында қыстауда отырған, олар көктеуге сәуірдің басында, кей ауылдар сәуірдің 10-20 аралығында көшкен. Әрине, бұл ауылдар наурызды қыстауда отырғанда өткізген. Мысалы, Сәтімырза бай Наурызнама кезінде қансонарға кеткен. Қансонарға қазақтар қыстауда отырғанда шыққан. Яғни қазақтар наурызды қарсы алу уақытын өзгеріссіз, яғни табиғат құбылысынан тыс, күнтізбелік тәртіппен атап келген. Солтүстік өңірде қыс ұзақ болып, қыс суығының ызғары қайтпаса да, қыстауда отырып, Наурызды өз күнінде тойлаған. (Наурыз жаңғыртылған алғашқы жылдары Наурыз туралы рухани танымдардың аздығынан кей ұжымдар сәуір айында  Наурызды атап өтіп жүрді. Қазір де кейбір адамдар сәуір айында Наурыз тойлап, күн ысығанда Наурыз көже пісіру әдетінен арыла алмай келеді. Тіпті Наурыз тойлауды ресми түрде сәуір айына ауыстырайық деу, табиғат заңдылығын мойындамаудан туындайды). Жазба және ауызша деректерді негізге алсақ, Наурызнама кезінде жасалатын салт-дәстүрлердің көбі жойылған, кейбірі бізге өзгеріп жеткен. Қазақтар наурыз айындағы күннің ұзаруын «Ұзынсары» деп атайды. Ұзынсарыға деп қысқы соғымнан шеке (бас), ет, кептірілген ірімшік және қарынға салып май, жент  сақтаған. Қыстың күні балалары жентті қашан жейміз десе, шешелері «Самарқанның көк тасы жібігенде бұл жент өзі балқып босайды, сонда бастаймыз», – дейді екен. Бұл күні наурызға соғымнан сыбаға ретінде сүрленген етті сақтаса да, арнайы бас сақтамайды және жентті қарынға салып сақтамайды. Жазба деректерді негізге алсақ, Наурыз көжеге бас салуға ерекше мән берген.  Наурыз көжеге деп арнайы мал соймаған, оны «пышақ қандамау» дейді. Яғни, қазақтар Наурызға дейінгі сойылған малдың басын сақтайды.  Мәшһүр Жүсіп: «Байырғы қазақ қоғамында «Наурызнама» жасауға шамасы келмегендер, жалғыз қой сойса да наурыз күні ауылға дәм таттырам деп қамданған»,  – дегенде Наурызға дейінгі сойылған мал жайында айтылғанын аңғару қиын емес. Ал, Мағжан Жұмабаев: «Жаңа жыл күні қазақ әдетінше әр үйде қазан-қазан көже пісіреді. Көженің ішіне қысқы соғымның тек басы салынады. Көжеге көп сүт құйылады. Басты, шекені қарттар мүжіп, құлақты балаларға кесіп беріп, басқа жұрттар көжені талап ішеді... Бұл көже ішу (сүт құйған) – келе жатқан жазбен ұшырасып, қарсы алып, ас ішу ретінен аққа (сүтке) көшу. Көжеге тек бас салып асып жеу – қарлы қыспен,  қыс тамағы етпен (қызылмен) қоштасу», – деп түсіндіріп кеткен.   – Айтпақшы, ене, Наурызға, Астың ба көже, етіңді?» – Асқан болдым бірдеңе Көк аттың салып шекесін... ...Қынынан пышақ суырып, Шал қолына басты алды. (Бейімбет Майлин)   «Қатын тұр, көжеңді ас, басыңды сал, Келейін түске шейін мен жайып мал». (Бейімбет Майлин) Наурыз көже ішілген соң қариялар: «Ауыз ақтан арылмасын, қызылды уақытымен көрсетсін, жас құтты болсын!», – деп бата берген. «Қызылды уақытымен көрсетсін» деп бата қылғанда, алдағы жылдағы соғымға жеткізсін деп ниет қылған.  Міржақып Дулатов: «Қазақта айран көп, орыста мейрам көп», – деп ағарғанның Наурыз көженің басты атрибуты екеніне байланысты айтқан. Қазақтар арасында наурыз көже дайындау әдісінде аймақтық ерекшеліктер байқалады. Көжеге арпа, ағарған, сүр ет пен қазы қосу қазақ жерінің барлық өңіріне ортақ болса, Батыс Қазақстанда, Сырдың төменгі ағысы бойында жүгері, тары, Сырдың орта ағысы бойында маш, бұршақ, кеспе (қамыр жайып кесу) қосады. Қазақ жерінің шығыс бөлігінде «көп көже», «қос көже» (қосылатын жеті түрлі тағам түріне байланысты), оңтүстік шығысы мен Жетісуда «тілеу көже» (Жаңа жылдан тілек тілеумен байланысты) деп аталады. Қариялар арасында «жылы көже», «құдайы көже» деп атау да кездеседі. Наурызда арпадан дәм пісіріп жеу бағзы заманнан қалыптасқан. Арпаның қадір-қасиеті жайында көне парсылардан мынандай аңыз келіп жеткен: Адам Ата бидай жеп қойғаны үшін жұмақтан қуылған. Адам бидайды қанша жесе де тоймаған соң, Изид тәңіріден бидайды арпамен ауыстыруды сұрайды. Ол арпадан нан пісіріп жегенде ғана өзінің тойғанын сезген. Сол күннен бастап адам баласы жаңа піскен арпаны көрсе жақсылыққа жорыған, құтты ас санап, наурызда жеген арпа күш-қуат береді деген. Тағы бір аңыз бойынша 579-590 жылдары парсы елінде патшалық құрған Һурмуз фарвардин  (наурыз) айында арпа егістігінен өтіп бара жатқанда егістік суы тасып жолға шығып кеткен. «Арпа дәні шарапатты, сабағы болса құтты»,– деп көзеге сол судан толтырып алып ішкен. Арпа егілген жерден тасыған судан ішкен адам келесі жылы арпа егілгенше сергек, әрі бақуатты жүреді делінген. Табарстанның (Каспий теңізінің оңтүстік беті) сұлтаны Шәмсұл-мүлік Қабұс Вушмагир «арпа – пайғамбарлар мен тектілердің, әрі шаруалардың асы. Ал патшалық дегеніңіз осылармен байланысты», – деген екен. Отырықшы халықтар Наурызда тек арпадан көже пісірген. Ал қазақтардың жылқының сүрлеген еті мен қазысын қосуы дәстүрлі   мал шаруашылығымен, ұлттық тағамдар жүйесімен байланысты. «Самарқанның көк тасы да жібиді» сөзінің астарында адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасы жатыр. Байырғы қазақтар халықтық астрономиялық білімінде, шын мәнінде наурызда Самар­қанның көк тасы жібиді деп танып, ата-бабаларының мазарының басына көктас қоюға тас әкелуге Самарқанға түйемен аттан­ғандар болған. Оны Сыр қазақтары қайрақ тас деп те атаған. Қазақ үшін қыста болатын жұт ең үлкен қауіп-қатер еді. Себебі қыстың қатты болуы жұтқа әкеліп соғып, мал басының азаюына тікелей әсер еткен. Міржақып Дулатов: «Қуаныш мал мен жанда, Қыс шыққан өлмей тірі», – деген өлең жолдарында Наурыз мерекесіндегі басты тілек, Наурыздағы көрісудің басты мәні қыстан мал-жанының бүтін шыққанына тәубе қылумен қатар, Жаңа жылда бір бірін аман-есен көрген қуаныштарын бөлісу екендігін жеткізген. Қыстан аман-есен шыққандарына тәубешілік ету, отпен аластау,  қауақ сындыру ғұрыптық жоралғылар жасаумен жалғасқан. Қыстан келетін қауіп-қатер сынған ыдыспен кетсін деп, «қауақ сынды, қайғы кетті» деп айтып, қауақтан жасалған ыдысты, болса кетік ыдысты сындырған,  бәле-жала ескі жұртта қалсын деп, өздері оттан секірген, мал отарын екі оттың арасынан өткізген. «Көшті аластау» ғұрыптық жоралғылары көшпеліліктен отырықшылыққа ауысу кезеңінен бастап жойылған. Сондай-ақ, байырғы қазақтар Наурызда ескі заттардың бірін «бәле-жала осымен кетсін» деп жер ошақ жасап, отқа жағып, күлін көміп тастаған. Бұл ғұрыптық жоралғылар ескі зат үйдегі ошаққа тасталмағандықтан «моғал ошақ қазу» деп аталған. Қазақтар арасында ертеде Қайраханды көшіру, төрткөз сарыаяқ итті өлтіру, жұп шырақ жағу ғұрыптық жоралғылары болған. Бұл көне ғұрыптық жоралғыларға кезінде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов үлкен мән беріп, көнекөз қариялардың көзі тірісінде олардан сұрап жазып алған. Аластау, жұп шырақ жағып тілек тілеу рәсімдерінің архисемасы (түпкі мәні) отқа табынумен байланысты сенім. Қазақтардың сенімінде Қайрахан жамандықтың иесі саналған мифтік бейне. Қазақтардың «Қайрахан», «төрткөз ит» бейнелерін адамға зиян келтіретін күш деп санауы исламға дейінгі көне нанымға байланысты. Қайрахан – арғы қазақтардың ескі нанымында зиянкес күш иесі саналатынын Сәкен Сейфуллин де 20-ғасырдың басында жазып кеткен: ...Көш Қайрахан, көш» десіп, «Көз көрсетпей өш» десіп... Қайраханға деген сенім түркі халықтарының бәрінде бірдей емес. Керісінше, Сібір түркілерінің тілінде, яғни – алтайлықтарда, тувалар мен телеуіттерде қолданылатын «жаратқан иенің қастерлі аты, жебеуші періште» деген ұғымды білдіреді.  Ал моңғол тілінде Қайрахан  «тау-су иесі» мағынасында қолданылған екен. Сібір түркілері мен моңғолдардың тілдеріндегі Қайраханның «қастерлі, қасиетті»  күш иесі екендігі, олардың бір-бірімен мәдени-тілдік қарым-қатынастарын көрсетеді. Ертедегі қазақтар ыдысқа сүт құйып, «Қайрахан көш, көш» деп, ыдыстағы сүтті дүниенің төрт бұрышына шашқан. Күнделікті сенімде қазақтар ағарғанды төкпейді, қасиетті ас санайды. Төрткөз итті өлтіру ғұрыптық жоралғыларын байырғы қазақтар «Кербала» оқиғасымен байланыстырады. Хазіреті Ғалидың Фатимадан туған  баласы Хұсайынды Кербала шөлінде қинап өлтіргендерді, шейіт болған сарбаздың дүние-мүлкін тонағандарды Хақ тағала доңыз бен төрткөз итке айналдырған. Солардың бірі Шәймір Кербала шөлінде төрткөз ит болып жүреді екен. Индо-иран мифтерінде төрткөз итті ажалы жеткендерге жібереді екен. Қазақтар төрткөз итті асырамаған, көрсе қуып жіберген, ал Наурыз кезінде көрсе, қан шығармай күшәлә беріп өлтірген. Ал күнделікті өмірдегі наным-сенімінде ит тотемінің маңызы жоғары саналады. Қазіргі күндері осы айтылған көне ғұрыптық жоралғылар да  жойылып кеткен. Сондықтан да Мұхтар Әуезовтің бұл қолжазбасының өткен өмір танымдарын білуде маңызы зор. Нақты астрономиялық жыл­дың­­­ ұзақ­тығы жуық түрде 365, 24 тәу­лік (яғни 365 күн 6 сағат) деп есептеледі. Тәуліктің ширегін жыл сайын күнтізбеге енгізіп отыру қолайсыз. Сондықтан қазіргі қолданылып жүрген Григорий күнтізбесінде бұл ширектерден 4 жылда 1 күн құралатындығы ескеріліп, әрбір 4 жылдың алдыңғы үшеуі 365 күннен, төртіншісі 366 күн болып алынған. Ал әрқайсысы 30 күндік 12 айдан тұратын қазақ күнтізбесінде 360 күн болды.  Қазақ есепшілері жыл толық болу үшін, жыл айларынан тыс 5 күн қосып, осы күндерді «бесқонақ» деп атаған (Бұл жаңбырлы «бесқонақ» күндер емес). «Бесқонақ» жыл сайын 17 наурыздан, кібісе жылдары 16 наурыздан 21 наурызға дейінгі аралыққа келіп отырған. Айлардан тыс алынатын мұндай күндер басқа халықтарда да болған. Мысалы, б.з.б. 4-мыңжылдықта Мысырда 360 күннен кейін қосылатын 5 күнді құдайлар атымен (Осирис, Гор, Сет, Исида және Нефтида) атаған. Ежелгі парсы күнтізбесінде қосалқы 5 күн «фәнджи» немесе «андаргах»  («ұрланып кіретін» немесе «кетікті толтыратын») деп аталған. Фәнджи парсылардың 8-ші  және 9-айының аралығына қойылған. Ежелгі Соғды мен Хорезм күнтізбелерінде де қосалқы күндер болған. Қазақтағы жыл санауға «бесқонақ» күндерді қосу қай уақытқа дейін жалғасқаны белгісіз, қазіргі кезде ұмытылған.  Байырғы қазақтар арасында да жыл санау тұрақты болмаған.  Әбубәкір Диваев ХІХ ғасырдың аяғында Сыр өңірі қазақтарынан ертеде 1 наурызда Наурыз тойлау – «қарт наурыз жүйесі», күн мен түннің теңелетін уақыты «жас наурыз жүйесі» деп аталатынын жазып алған. Жаңа жыл санау бойынша «қарт наурыз» – наурыздың көрісу күніне, 9 наурыз «жас наурыз жүйесі» – 22 наурызға сәйкес келеді. Көне түркілер, қазақтар «Наурыз» мерекесін «жыл басы» ретінде ғана емес, табиғаттың жаңаруы ретінде де тойлаған. «Наурыздан соң жаз деймін» немесе «Наурыздан соң жаздаймын» дегенде  «Наурыздың» көктем мезгілінің жаңаруын меңзеген. Сол себепті, қазақтар халықтық білімдер жүйесіне сәйкес Наурыз мерекесінің келуін, шартты түрде  көктем мен жазды біріктіріп, табиғаттың жаздай құлпыруына орай, «жаз келді» деп сипаттаған. Міржақып Дулатов жыл мезгілдеріне арнаған прозалық шығармаларын «Жаз. Жаз кеші. Шілде. Күз. Қыс» тақырыптарына бөліп, көктем табиғатын – жаз, жазды – шілде деп сипаттауы да дәстүрлі халықтық білімді игеруіне байланысты. Үйден шығып балалар, «Жаз болды, міне!» десіп тұр. Сағындырған жаз желі ...Оңтүстіктен есіп тұр Сағындырған жаз желі, Құшақтап беттен сүйіп тұр». Жазбен келген құстар жүр, Шаттанып жырлап сұңқылдап. (Сәкен Сейфуллин. Жаңа жыл)   Жыл құсын көргенде: Самалық! Самалық! Көк құс көзін ашты ма, Аяғын жерге басты ма? Самалық! Самалық! Самарқанның көк тасы Жібіді ме, көрдің бе? Самалық! Самалық! (Мағжан Жұмабаев. Жыл мезгілдері. Жаз)   Жаз иісі бүгін келді, жан жайланды, Кешегі көрген бейнет артта қалды (Бейімбет Майлин. Наурыз тілегі).   Күн шырайы, келін-ау, Жаз боп қалған секілді. (Бейімбет Майлин. Наурыз күні)   Келіпті жылдың құсы, Күнде шу көлдің тұсы. Күн жылы ызғары жоқ, Жаз шығып, кеткен қысы.   Ойын-той болып жатқан, Ел көшіп-қонып жатқан, Жаз шығып, жазғытұры, Анау мал толып жатқан (Міржақып Дулатов. Наурыз) Байырғы қазақтар «Жаңа жыл» сөзін осы Наурыз жыл басына байланысты қолданған. «Жаңа жылда жаңа тілек тілейік, Ескі жылды ескере де жүрелік, Кеп жүрмесін қайта айналып түнеріп, Көзің жасты, көңілің қаяу алашым!.. ...Бүгін халықтың қуанышы кең күні, Күн менен түн – таразының тең күні. «Құт-береке болмаса екен кем күні» Деп тілейік, қолың жай-ау, алашым! (Міржақып Дулатов. Жаңа тілек.) Сәкен Сейфуллин 1917 жылы 22 наурыз күні қазақ халқына жолдаған құттықтау сөзінде: «Ескі жыл өтіп Жаңа жыл, жаңа жаз келді», ал, 1917 жылы жазған «Жаңа Жыл» атты өлең жолдарында: Жаңа Жылды қарсы ап тұр, Кәрі жас та, бала да, – деуі қазақтардың Наурыз мерекесіне «Жаңа жыл» атауын қоса қолданғанын нақтылай түседі. Қорыта айтқанда, Наурыз мерекесін тойлайтын шығыс халықтарының барлығы үшін ортақ мүдде – адамдардың табиғатпен тіл табысуы, жыл басын ізгі ниетпен, жақсы көңілмен қарсы алып, тыныштық, молшылық тілеу, адамдардың бір-бірін кешіріп, этикалық-моральдық қатынастарын реттеу. Наурыз мерекесін мұрат еткен мұсылман дініндегі түркі халықтары мерекені өздерінің тарихи дәуір талабына сай атап өткен және өз  ұлттық ерекшеліктеріне қарай бейімдеген. Мерекені атап өтудегі ғұрыптық ерекшеліктер халықтардың дәстүрлі шаруашылығымен, наным-сенімдер жүйесімен тығыз байланысты. Жазба деректерді негізге алсақ, қазақ жерінде ХХ ғасырдың бас кезінде Наурыз мерекесінің бұрынғы кезеңге қарағанда бәсең тойланғандығын аңғаруға болады. ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ жеріндегі орыс отаршылдығының күшеюі, қазақтың дәстүрлі шаруашылығындағы бетбұрыстар, көшпелі мал шаруашылығынан отырықшы  шаруашылыққа өтпелі кезеңнің қазақ қоғамына дендеп енуі, жұттың жиі болуы Наурызнама жасауға да әсер еткен. Атеистік саясат ұстанған Кеңес үкіметінің  билігі 1926 жылы Наурыз мерекесінің діни сипаты бар деген сылтаумен Наурыз тойлауға ресми тыйым салғандықтан, ауылдық жердегі қариялар наурыз көже пісірумен ғана шектеліп отырғаны баршамызға аян. Кеңестік дәуірде Наурыз  ашық тойланбауы себепті, тек қазақ халқына тән (олай  болу себебі, отырықшы мәдениеттегі шығыс халықтарында жоғарыда айтқан көне реликтер болмаған) бірқатар ғұрыптық жоралғы рәсімдер жойылып кеткен. Наурыз мұсылман халықтарының тұр­мысында ислам дінінен бұрын қалыптасқан,  байырғы зороастризмнен бұрын сіңген. Тамырын тереңнен тартқандықтан бұл мереке халықтың салт-санасына берік орныққан.  Сондықтан да ата-бабаларымыз басынан қанша жаугершілік, ашаршылық жылдарды өткерсе де, наурыз мейрамын ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізген.  

Тәттігүл Қартаева

Серіктес жаңалықтары