Париж Олимпиадасында төрелік еткенім үшін ақы алмаймын – қазақстандық төреші

"Мен төреші болсам да, аренаға Қазақстанның атынан шығамын. Аты-жөнім жазылған бейджикте елімнің атауы KAZ деп жазылып тұрады. Әрі біздің ту бейнеленген. Бізге Олимпиада формасын неге бермеске? Мен ертең Парижде қолыма ілінген киімді киіп шығамын ба сонда?".

Париж Олимпиадасында төрелік еткенім үшін ақы алмаймын – қазақстандық төреші
сурет: Игорь Лигайдың жеке мұрағатынан
1258

Жуырда Қазақстан Олимпиада комитеті Париж Олимпиадасында түрлі спорт түрінен төрелік ететін 12 маманның тізімін жариялады. Тоғыз күннен соң шымылдығы түрілетін төртжылдықтың басты додасында ел күресі тарихында алғаш рет екі бірдей төреші, дәлірек айтсақ, Ерік Жұмабеков пен Игорь Лигай Олимпиада бозкілемінде төреші болмақ. Игорь осыдан төрт жыл бұрын Токио Олимпиадасында да төрелік еткен. Бұл жолы да қатаң іріктеуден өткен ол жуырда екінші Олимпиадасына аттанбақ. Ірі жарыстарға төрелік етіп қана қоймай, ел ішін аралап, үнемі жаңарып отыратын күрес ережелерін үйретіп жүрген Игорьға Парижге аттанбас алдын хабарласып, әңгімелескен едік.

– Бір қарағанда бозкілемде өзара кім мықтыны анықтайтын балуандарға төрелік ететін сіздің жұмысыңыз оңай секілді көрінеді. Алайда әлеуметтік желі­дегі жеке парақшаңызды ақтарып отырып, мұның машақаты көп іс екенін ұқтым. Бұл іспен шұғылдануыңызға не түрткі болды? 

– Менің әкем – Түркістан өңірінде ауыл балаларын спортқа баулып, өмір бақи бапкер болған жан. Ол кісіге ілесемін деп, бала кезден спортқа ден қойдым. Туған же­рім – Сарыағаш қаласында күреспен айна­лыстым. Жасөспірімдер арасында ел чем­пионы болдым, сосын жастар арасында үздік үштікке іліндім. Алайда бір күні қолымды сындырып алып, спортпен қош айтысуға тура келді. Сөйтіп, бапкерлікке бет бұрдым. Сіз білмессіз, бірақ күресте әр команда жарысқа барған кезде олармен бірге төреші де ере бару қажет. Төреші болмаса, жарыс қайдан өтсін? Әкем жас­тарды жарыстарға жиі апарғандықтан, «Бізбен ере бар. Ко­мандаға төреші боласың» деп бірнеше рет мені қолқалады. Бір рет бардым, екінші рет бардым. Бәрі қолымнан келетінін айтып мәз қылды. Тіпті, үздік төреші деген жазуы бар жүлдені де алдым. Алдымен кішкентай балақайлардың белдесуіне қазы болдым. Содан соң облыс біріншілігіне төрелік еттім. Одан кейін, Қазақстан чемпионатына шақы­рылдым. Сол кезде төрешілер кол­легия­сының төрағасы әрі менімен бірге Париж Олимпиадасында төрелік ететін Ерік Ора­лұлы мені байқап қалып «Сен жақсы төрелік етеді екенсің. Халықаралық дәре­жедегі төреші болуыңа көмектесемін» деп қолдауын білдірді. Екі жыл бойы ұлттық дәрежедегі төреші болып, тек Қазақстанда өтетін тур­нирлерде жұмыс істедім. Кейін Ерік ағай мені шетелге барып, емтихан тапсыруға лайық төрешілердің қатарына қосты. Сол екі аралықта ағылшын тілін үйренуге барымды салдым. Себебі төрешілердің емтиханы ағылшынша әрі жазбаша өтеді. Содан 2015 жылы ол емтиханнан сүрінбей өтіп, халықаралық дәрежедегі төреші атағын алдым. 

– Білуімше, ірі турнирлерде төрелік етуге халықаралық дәрежедегі төреші атағы аздық етеді. Мұғалімдердегідей, сіздерде де біліктілік деңгейі бар екен.

– Иә, халықаралық дәрежедегі төреші деген атақ үшінші категорияға лайық саналады. Екіншісіне өту үшін келесі жылы емтихан тапсыруың қажет. Одан кейінгі жылы бірінші санатқа таласасың. Бұл үшеуінен ең жоғары олимпиадалық кате­гория тұр. Бұл категорияны иемденсең, кез келген жарысқа төрелік ете аласың. Дегенмен Олимпиадада жұмыс істеу үшін де қатаң іріктеуден өтесің. Бүгінде әлем бойынша 100-ге жуық төрешінің мұндай біліктілігі бар, алайда сол жүздің ішінен озық шыққан елуі ғана Олимпиадада төреші бола алады. Мен олимпиадалық категориядағы төреші атағын өте жылдам алдым. 2018 жылы жас төрешілердің іріктеуінен суырылып шығып, Буэнос-Айресте өткен Жасөспірімдер Олимпиадасында төреші болу мүмкіндігіне ие болдым. Ол кезде екінші санаттағы төреші едім. Онда қателік жібермей, өзімді жақсы жағымнан көрсеткен соң, маған бірден олимпиадалық санаттағы төреші атағын берді. Сөйтіп, Ерік ағаны тез «қуып» жетіп алдым. Сосын екеуіміз Олимпиадаға іріктеу жарыстарына қатыса бастадық. 2019 жылы Астанада өткен әлем чемпио­натында Токио Олимпиадасына іріктелдік. Мен ол іріктеуден өткеніммен, Ерік аға өтпей қалды.

– Кез келген спортшы секілді әр төреші де Олимпиада бозкілеміне шы­ғуды армандайтыны хақ. Алайда панде­мия салдарынан көрерменсіз, еш дүр­лік­песіз өткен Токио Олимпиа­дасы­нан ойдағыдай әсер ала алмаған боларсыз?

– Иә. Оған дейін бірнеше Олимпиадада жұмыс істеген көп төреші Токиодағы турнир онша қызық болмағанын айтады. Расында, көрермен жоқ. Оның салдарынан ажиотаж, эмоция да жоқ. Спорт мерекесі еш сезілмеді. Оған қоса, жапондықтар – талапқа болаттай берік халық. Көп төрешіге виза берілмеді, ал бірнешеуі әуежайда ПТР тестілеуден өте алмай қалды. Ал Парижде өтетін Олим­пиададан күтерім көп. Парижге еуропа­лық­тар визасыз келе алатыны аян. Сондық­тан бұл Олимпиада алдыңғысынан өзгерек, тартыстырақ болады деп сенемін. Оған қоса, тарихта бірінші рет онда өтетін балуандар белдесуінде екі бірдей қазақстандық төреші төрелік етеміз.

– Париж Олимпиадасына төре­шілерді іріктеу процесі екі жыл бойы жүргізілген екен. Әлеуметтік желідегі парақшаңызда Олимпиадаға «жолдама» алу үшін 11 халықаралық турнирге қатысып, 300-ден астам белдесуге төре­лік еткеніңіз туралы жазбаны оқыдым.

– Иә, Олимпиадаға іріктеу үшін міндетті түрде қатысуға тиіс жарыстар бар. Біз, азиат­тар ересектер арасындағы Азия чемпио­натында міндетті түрде төрелік етуіміз керек. Содан соң әлем чемпионатына қа­зылық ету де – басты міндет. Одан бөлек, екі жыл бойы ешқандай өрескел қателік жі­бермеуге тырысып-бағуың керек. Әйтпесе, төреші категориясын оп-оңай «тартып» алады. Бір жылға немесе мәңгіге шеттетуі мүмкін немесе категорияңды төмендетіп тастайды. Парижге іріктеу кезінде көп білікті төрешіні шеттетіп тастады. 

– Осы жауапты екі жыл ішінде төрешіліктен шеттетілген кезіңіз болды ма?

– Былтыр еш қателік жібермедім. Рейтингім де жоғары болды. Алайда биыл Ыстамбұлда Олимпиаданың соңғы жол­дамасы сарапқа салынған турнирде қателік жіберіп, екі күнге төрешіліктен шеттетілдім. Оның өзінде ұйымдастыру­шылық жағынан олқылықтар болды. Таблоға жарық қатты түскендіктен, нақты уақытты көре алмай қалдым. Сөйтіп, мерзімінен бұрын ысқырып қойдым. Алайда рапорт жазып, ақыр соңында мені ақтап шығарды. 

– Сізге алғаш хабарласып, «Жалпы, төрешілік қызметіңіз, Олимпиадада қай салмаққа төреші болатыныңызды білгіміз келеді» дегенімде күліп жібер­діңіз. Біз секілді төрешінің жұмысынан бейхабар жанкүйерлерге қай бозкілемге шығатыныңыз қалай анықталатынын айта отырасыз ба?

– Қай белдесуге шығатынымызды авто­матты түрде анықтайтын арнайы жүйе бар. Әрі бірнеше қатаң ереже бар. Мысалы, әл­бетте, мен Қазақстан балуандары қатысатын белдесуге төрелік ете алмаймын. Қазақ­стандық төреші болғасын, бейтарап болуым керек. Сосын ұлтым – кәріс болғандықтан, Оңтүстік Корея балуандарына да қазы бола алмаймын. Сондай-ақ бізге көршілес жатқан Өзбекстан, Қырғыз елінің балуандарына да «жолатпайды». Үш кездесу алдын мониторда қай кездесуге төрелік ететініміз жазылып тұрады. Бір белдесуде үш төреші жұмыс істейді. Біреуі бозкілемде, екіншісі шетте ұпай көтеріп отырады. Ал үшіншісі бозкілем жетекшісі қызметін атқарады. 

– Стадиондарда, теледидардан төре­ші мен ұпай көтеріп отыратын маманды ғана байқаймыз. Бозкілем жетекшісінің құзыретіне не кіреді сонда?

– Бозкілем жетекшісі расымен көзге көрінбейді. Алайда ең басты рөлді сол маман ойнайды. Оған ең тәжірибелі, ең үздік төрешілерді ғана жауапты қылады. Кейінгі екі жылда мен де бозкілем жетекшісі болып жүрмін. Біле білсеңіз, күреске төрелік ету – қиынның қиыны. Ұпай жүйесі де күрделі. Стадионда отырған көрермен мұны тү­сінбейді. Тіпті, бапкерлер де ол жүйені дұрыс ұғынбайды. Балуандар да хабарласып, «Неге маған ондай ұпай қойдыңыз?» деп сұрайды. Төреші дегенді көбі алып-жығу, әділетсіз бағалау деп ұғады. Сол үшін де біз ел ішін аралап, ережелерді үйретеміз. Технология жыл сайын жаңарып, үнемі жаңашылдық енгізіледі. Сондықтан балуандар мен бапкерлерге мұның бәрін егжей-тегжей тү­сіндіруге тырысамыз.

– Сіз төреші болған 10 жылдың ішінде ең есте қалған белдесу қайсысы?

– Өте тартысты өткен белдесу көп. Солардың бірі – Токио Олимпиадасының финалы. Жоғарыда айтып өткенімдей, Олимпиадаға 50 төреші ғана шақырылады. Әр күресте (грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресі) 6 салмақ бойынша сынға түседі. Сонда 18 финалға елудің іші­нен 18 төрешіні іріктеп алады. Бірінші барған Олимпиадамда финалға төрелік ету бақыты бұйырды. Ақтық сында 57 келіде белдескен ресейлік Заур Угуев пен үндіс­тандық Рави Кумардың арасындағы «ай­қаста» төреші болдым. Ол финал өте тар­тысты өтті. Қиын тұсы көп болды. Дегенмен ресейлік дегеніне жетіп, жеңісті қолдан тартып алды. Бұл тартыс айрықша есімде қалыпты. 

– Қазақстандық балуандарға төрелік ете алмайтыныңызды айтып қалдыңыз. Дегенмен аренада ары-бері жүргенде бозкілемде белдесіп жатқан оларға көз қырын салып жүретін шығарсыз?

– Әлбетте! Осы ретте жұмысымыздың маңызы неде екенін айтайын ба? Біз басқа төрешілердің балуандарымызға қалай төрелік ететінін бақылап жүреміз. Олар күресіп жатқанда төреші қателік жіберсе, оның дұрыс-бұрыстығын елде бізден басқа кім жақсы біледі? Әрине, біз – қазақстандық төрешілер. Біздің федерация өкілдері немесе бапкерлер бізге келіп, «Онда қателік болды ма, әлде бәрі дұрыс па?» деп сұрайды. Мен ол белдесуді көре алмай қалсам, сайтқа кіріп, мұқият көремін. Сосын өз бағамызды береміз. Егер төреші дұрыс шешім шығар­маса, біздің тарап шағым түсіре алады. Алай­да бұдан есеп өзгермейді. Ереже бойынша төреші ғана жазаланады. Осы ретте, Парижде ел намысын қорғауға лайық деп танылған балуандардың әрбірінің жүлдемен оралуға мүмкіндігі бар дер едім. Біз Ерік аға екеуіміз өз тарапымыздан қолдан келгеннің барлығын істейміз. Бір аптадан соң Алма­тыға барамыз. Онда ұлттық құрама соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Балуандарға Олимпиада алдында ережелердің маңызын тағы бір еске салып, семинар өткіземіз. 

– Ал сіздер қай күні жолға шыға­сыздар?

– Біз Парижге 2-тамызда жолға шығамыз. Күрес түрлерінен жарыстар 5-тамыздан бастап өткізіледі. Үш күн адаптациядан өтеміз. Өйткені біз онда таңғы оннан кешкі сегізге дейін төрелік етеміз. 10 сағат бойы өз бабында болу – оңай шаруа емес. Сондықтан 3 күн ерте барамыз.

– «Ел ішін аралап, ереже үйретемін» деп қалдыңыз. Әрі төреші әрі педагогсіз бе сонда? Бұл қажеттілік неден туын­дады? 

– Әлеуметтік желідегі парақшама түрлі белдесуді салып, бағалап жүретінмін. Басында тек біздің балуандарға жіті тү­сіндіріп жүрдім. Сосын көп адам қызыға түскенін байқадым. Көп сайысқа барғанда балуандар қасыма келіп, ереже мен талап­тарды сұрап, сұрақтың астына алады. Желіде «Неге мұндай ұпай қойған сонда?» деп жиі жазады. Осыдан соң төреші-педагог болуым керек екенін түсіндім. Бүкіләлемдік күрес федерациясы үздік төрешілерді іріктеп алып, түрлі семинарларға қатыстырады. Бізде күрес ережесі үнемі өзгеріп отырады. Көп жағдайда мұны тіпті бапкердің өзі білмей қалады. Сондықтан педагог лицензиясын алған соң, жан-жаққа шығып, бапкерлер мен балуандарға бар білгенімізді үйретіп жүрміз. Қазақстанда облыстық федерациялар жиі шақырады. Шетелге де жиі шығамын. Былтыр Молдавияда, оның алдында Камбоджада семинар өткізіп келдім. 

– Әңгіме басында «Күреске төрелік ету – әлбетте, беделді іс. Алайда бұл – қайырсыз, рахметі жоқ жұмыс» екенін айтып қалдыңыз. Не айтарыңыз бар?

– Иә, әлбетте, олимпиадалық кате­гориядағы төреші болғасын сені бәрі құрметтейді. Сыйлап тұрады. Алайда төреші болу – шынында қайыры жоқ іс. Сіз Олимпиадада жеңімпаз атанған атлет мем­лекеттен қанша сыйақы алатынын білесіз бе?

– Иә, 250 000 доллар.

– Иә, күміс жүлдегерге 150 000, ал қола медаль үшін 75 000 доллар беріледі. Бап­керлерге де сыйақы қарастырылған. Өмір бойы ай сайынғы материалдық қолдау көрсетіледі. Ал Олимпиадада жұмыс істеген төреші не алатынын білесіз бе?

– Ештеңе.

– Дұрыс айтасыз. Еш-те-ңе. Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарынан жүлделі оралған спортшылармен кездескен кезде спорттағы нәтижелерді жақсартудың стра­те­гиясын айтты. Әрі ол әлемдік дең­гейдегі төрешілерді баптап шығару ісіне баса мән беру керек екенін айтып өтті. Жоғарыда айтып өткенімдей, өзге төрешілердің біздің атлеттерге дұрыс әрі әділ қарауына біз, қазақстандық төрешілер әсер ете аламыз. Біз қазір мұны бәрінен биік қоямыз. Ал бізге қолдау білдіріп, төрешілік ісін ілгерілету үшін елде не істелініп жатыр? Ештеңе. Мен Олимпиадаға осымен екінші рет бара жатырмын. Онда барып келгеннен кейін ештеңе өзгермейтінін білемін. Мысалы, жақында Парижге іріктелген әзербайжандық төрешіге пәтер сыйға берілді. Ал қазақ­стандық төрешілерде ешқандай мотивация жоқ. Олимпиадаға төрелік еткеніміз үшін бізге ештеңе төленбейді. Париж бозкілемінде әр салмақта 16 балуан күреседі. Сонда жалпы саны 288 балуан шеберлік сынасады. Соның ішінде 8-і – Қазақстаннан. Осындай байрақты бәсекеде 50 төрешінің қатарында болу – біз үшін үлкен құрмет, әлбетте. Алайда бұл сіз бен бізге құрмет болғанымен, көпшілікке олай емес. Тағы бір ішімді күйдірген жайт, жуырда Парижге аттана­тындар Олимпиада формасын алды. Ал бізге берілмеді. Осыған ішім ашыды. Біз федерация атынан Ұлттық олимпиадалық коми­тетке хат жаздық. Мен төреші болсам да, аренаға Қазақстанның атынан шығамын. Аты-жөнім жазылған бейджикте елімнің атауы KAZ деп жазылып тұрады. Әрі біздің ту бейнеленген. Экранда да дәл солай жазылады. Мен бозкілемге басқа елдің атынан шықпаймын ғой. Мен – Қазақ­станнанмын. Бізге Олимпиада формасын неге бермеске? Мен ертең Парижде қолыма ілінген киімді киіп шығамын ба сонда?

Спортта төрешінің маңызы орасан. Мысалы, Азия чемпионатына біз бармасақ, ко­манданы жарысқа қатыстырмайды. Ереже солай. Ондайда төреші керек те, ал басқа уақытта қажеті жоқ па сонда? Мысалы, футболда арбитр бір ойында 2 сағат төрелік етеді. Естіп-білуімше, елде бір ойынға төрелік еткені үшін ол маман 250 мың теңге алады. Ал біз 1 күн үшін 16 мың теңге аламыз. Біле білсеңіз, біз бір күнде 30 бел­десуге төрелік етеміз. Әлем, Азия чем­пионатында бізге тіпті де төлемейді. Мем­лекет басшысы халықаралық деңгейдегі төрешілер дайындау ісін алға тартты. Мысалы, мен ағылшын тілін әлі үйреніп жүрмін. Курсқа айына 100 мың теңге жұм­саймын. Ол тілді тек өзім үшін емес, елдегі төрешілік істің алға жылжуы, атлет­тердің әділ бағалануы үшін үйреніп жүрмін. Осы ретте тағы бір мәселені айтып өтейінші. Қазақстанда төреші жалақы алмайды. Мен Шымкенттегі спорт мектебінде бапкер ретінде тіркелгенмін. Алайда онда жұмыс істемеймін. Бірақ маған жалақы төлеудің одан басқа амалы жоқ. Елде бокс, дзюдо, каратэге төрелік ететін мамандар жалақы алады. Ал бізде ондай емес. Кейінгі кезде күрес федерациясын бізге жалақы төлеп тұруын міндеттеген еді, бірақ ол бірде бар, бірде жоқ. Төрт жыл бойы басты додаға дайындалған спортшыда стимул бар. Атақ­тан бөлек, мемлекет оған қыруар қаржы, облыс әкімі пәтер, ал демеушілер көлік береді. Ал Олимпиадада атлет секілді аренаға ел атынан шығып, олардың өнерін әділ бағалауды талап ететін төрешіге ештеңе қарас­тырылмаған. Перспектива жоқ. 

– Бұл мәселені шешу үшін не істемек керек сіздіңше?

– Президент өз сөзінде айтқандай, елдегі төрешілерді әлемдік деңгейге көтеруге тиіспіз. Спорт министрлігі бір жүйені құрастырып, әдістеме ойлап табу керек. Иран, Жапо­ниядағыдай төреші жұмысының маңызын, салмағын жете түсіну қажет. Бүгінде Қазақ­станда халықаралық дәрежесі бар 48 төреші бар. Олардың әрбірі ел десе, елең етеді. Отырған орындарынан атып тұрады. Өкі­ніштісі сол, олар өздеріне лайық қол­даудан кенде қалып жатыр. Біз тіпті кейде төрешінің киімін өз ақшамызға сатып аламыз. Төреші болған 10 жылдың ішінде керемет қолдау көрдім деп айта алмаймын. Алайда алдағы уақытта бәрі дұрысталар деген үміт те жоқ емес. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары