Асқар Тұрғанбаев: Түркістан – күллі түркі жұртының рухани астанасы

Асқар Тұрғанбаев: Түркістан – күллі түркі жұртының рухани астанасы

Асқар Тұрғанбаев:  Түркістан – күллі түркі жұртының рухани астанасы
ашық дереккөзі
1042
Әзірбайжанның Шеки қаласында өткен түркітілдес елдердің Мәдениет министрлерінің Тұрақты Кеңесінің 34-мәжілісінде Қазақстанның Түркістан қаласы 2017 жылғы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай Түркияның Стамбұл және Бурса қалаларында «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасын таныстыру шаралары өткен болатын. Ал өткен айда қазақ елінің рухани астанасы саналатын қасиетті Түркістан қаласын бүкіл түркі жұртының ең танымал мәдени орталықтарының біріне айналдыру мақсатында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысының және Түркістан қаласының әкімдіктері күш біріктіріп, осы жобаның жылдық жоспарын бекітті. Мәдени шаралардың тұсауы Ұлыстың ұлы күнінде Түркістан қаласында кесілмекші. Біз бұл жөнінде жан-жақты мәліметті Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымындағы (ТҮРКСОЙ) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Асқар Тұрғанбаевтан сұраған едік. – Асқар мырза, «Түркі әлемінің мәдени астанасы» қандай жоба? Бұл идея қайдан шықты? – Алғаш рет 2010 жылы Түркітілдес мемлекет басшыларының Ыстамбұл саммитінде осы жоба туралы ТҮРКСОЙ-дың ұсынысын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қолдаған болатын. Ал 2012 жылы ең алғашқы мәдени астана жобасы да еліміздің бас қаласы – Астана қаласында жүзеге асырылған. Беташар жоба болғандықтан, әрі Елбасының қолдауымен жүзеге асқан соң Астанадағы шаралар өте жоғары деңгейде  өтті. Ал бұдан кейінгі жылдары мәдени астана  атануға ұсыныстар көбейе бастады. Түркия, Әзірбайжан, Башқұртстан елдері «түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасына өз қалаларын ұсынды. Алайда 2012 жылы Түркияның үкіметі ерекше қызығушылық танытқандықтан, әрі белгілі бір талаптарға толық жауап бергендіктен Түркияның Ескішеһир қаласы мәдени астана атағына ие болды. Одан кейін тізімді Татарстанның астанасы – Қазан қаласы, Түркіменстанның көне мәдениетінің ошағы – Мары қаласы, Ұлы Жібек жолы бойында сауда орталығы болған Әзірбайжанның Шеки қаласы жалғастырды. Ең әуелі жас қала – Астанадан басталған жоба кілең тарихи қалалардың мәдени астанасы болып жариялануда. Сөйтіп, кезек қайта біздің елімізге келіп, 2016 жылы желтоқсан айында Шеки қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің мәдениет миниистрлерінң Тұрақты кеңесінде Түркістан қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. – Әрине, Түркістан қаласының мәдени астана ретінде танылуы кездейсоқ емес. Ал негізінде бұл дәрежеге ие болу үшін қандай басымдықтар ескеріледі? – Түркістан қаласының мәдени астана деп жариялануының бірнеше себебі бар. Біріншіден, былтыр Қожа Ахмет Яссауидің қайтыс болғанына 850 жыл толуына байланысты ЮНЕСКО 2016 жылды «Яссауи жылы» деп атап өтті. Бұдан соң Яссауидің туған жерін және жатқан мекенін мәдени астана ретінде жариялау да осы шараның жалғасы іспеттес. Екіншіден, Қожа Ахмет Яссауи түркі мұсылмандығының, түркі руханиятының негізін қалаушы. Жалпы, Түркістанның «Түркістан» деп аталуына себепкер болған тұлға – Яссауи. Оны тарихшылар, шығыстанушылар нақты деректермен дәлелдеген. «Түркістан» атауы – бүкіл түркілер мекендеген ұлы аймақтың атауы. Қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан жерлеріне орта ғасырларда еуропалықтар, ағылшындар, орыстар географиялық атау ретінде «Түркістан» сөзін қолданды. Тек Мұстафа Шоқайдың Түркістан атауын жаңғыртып, Түркістан республикасын жариялағаны болмаса, кеңестік кезеңде бұл атауды өшіруге тырысты. Кезінде Оралдан Алтайға, Сібірден Памирге, Иранға дейінге ұланғайыр территорияның ортақ атауы болған «Түркістан» сөзі империялық саясаттың кесірінен ұмыттырылып, кішкентай ғана қаланың атауында сақталып қалды. Ал бұл қаланың аталуы басында бүкіл түркілердің, яғни Ұлы Түркістанның пірі жатқан жер деген түсініктен шыққан атау еді. Сондықтан, әлі күнге «Түркістан» атауының түркілердің санасындағы символикалық мәні ерекше. Түркі бірлігінің рәмізі іспеттес. Кезінде тағдыры бір болған, тілі жақын ұлттар империялардың бөлшектеу саясатының кесірінен бір-бірінен алшақтап кетті. Осы халықтарды біріктіретін негізгі ортақ мүдделер бар. Соның бірі – «Түркістан» деген ұлы ұғым. Түркі халықтарының бүгінгі өкілдерінің көбі тек Қожа Ахмет Яссауи кесенесін ғана емес, Сайрам, Отырар, т.б. көне шаһарлар мен мәдени мұралардың Оңтүстік Қазақстан өңірінде екенін білсе де, әлі бұл топырақтарға табаны тимеген, өз көздерімен көрмеген. Біздің мақсат – осы өңірді туризм аймағы ретінде таныту. Мысалы, «Түркістанды түркі әлемінің мәдени астанасы» деп жариялаған кезде біздің туыстас елдердің кейбір өкілдері Түркістанды Түркіменстанмен шатастырып жатты. Демек, шетелдердегі көпшілік туыс ұлттар Түркістанның қайда орналасқанын, оның айналасында қандай мәдени орындар бар екенін білмейді. Яғни, біз мәдени астана ретінде жариялау арқылы Түркістан аймағына жарнама жасай аламыз. Егер өңірді болашақта туризм аймағына айналдырамыз десек, қазірден бастап мүмкіндікті қалт жібермеу керек. Әсіресе, түркі халықтарының арасына Түркістанды таныту қажет. – Түркістан қаласын мәдени астана ретінде жариялау ұсынысы Қазақстан  тарапынан түсті ме? – Әрине. Тұрақты Кеңеске түркі әлемінің бірнеше қаласы ұсынылды. Ал Түркістанды мәдени астана ретінде жариялау – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасы еді. Оған Мәдениет және спорт министрлігі мен ТҮРКСОЙ ұйымы қолдау білдірді. Түркияда Стамбұлға дейін Осман империясының ондаған жылдар бойы астанасы болған Бурса деген қала бар. Бірнеше жылдан бері Бурса қаласы да мәдени астана болу жөнінде ұсыныс жасады. Одан бөлек Осман империясының батыс жағында Бурсадан соңғы астанасы болған Едірне қаласы да бар. Әрине, Түркияда ежелден келе жатқан тарихи қала көп. Әр қала өз алдына жеке дамыған. Сосын Түркияда аймақтық бөліну қалаға байланысты. Мысалы, Қазақстаннан территориясы жағынан үш жарым есе кіші Түркияда 81 облыс бар. Әр провинция – бір қала. Бұл тізімде Башқұртстанның Уфа қаласы, Қырғызстанның Ош қаласы да бар. Бірақ мәдени астана әр жылы әр мемлекетте болсын деген шарт болды. Әуелі Қазақстанда, Түркияда, Татарстанда, Түркіменстанда, Әзірбайжанда, қайтадан Қазақстанда болсын деген мақсатпен Түркістанды жарияладық. Яғни, тарихилығына, экономикасына қарайтын болсақ, кейбір елдер бұл тізімге кірмей қалуы мүмкін. Негізі мәдени астана ретінде жариялаудың белгілі шарты бар. Тек жарияланып қана қоймай, белгілі бір көлемде қаражат қарастырылады. Қазақстан үкіметі қолдау білдіріп, қаражат бөлді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі бюджеттен қаржы қарастырып, бүкіл шаруаның бәрін мойнына алып, өңірдің инфраструктурасын дамытуға кірісті. Яғни, қолдау болса, бұл шара өз деңгейінде аталып өтеді. – «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» шарасының шымылдығы Ұлыстың ұлы күнінде Түркістан қаласында ашылмақшы. Білуімізше, биыл 40-тан аса мәдени шара ұйымдастырылады екен. Солардың бір парасына тоқталып өтсеңіз... – Биыл өтетін шара көп. Қаңтар айында Түркістан қаласында екі мәрте жиын өтіп, қорытындысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі және Түркістан қаласының әкімдігі өткізілетін шаралардың тізімін бекітті. Биыл Түркістанда 40-тан астам шара ұйымдастырылмақ. Оның алғашқысы ретінде 21 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының салтанатты ашылуы өтеді. Сондай-ақ, сол күндері ТҮРКСОЙ баспасөз сыйлығын табыстау рәсімі, түркі әлемінің «Наурызнама» іс-шарасы тұсауын кеседі. Атаулы жыл аясында халықаралық «Театр көктемі» фестивалі, «Бұраң бел» би фестивалі, Түркі әлемі қолөнер шеберлерінің фестивалі, Халықаралық медиа форум, «Ұлы Дала сазы» дәстүрлі өнер орындаушыларының халықаралық фестивалі сияқты ондаған ірі мәдени жобаларды іске асыру жоспарланды. Әрбір кездесуге сол өнер саласының маңдайалды шеберлері келеді. Олар Түркістан туралы елдеріне барып айтады, жазады. Осылайша, Түркістан таныла береді. Тағы бір пайдасы, экономикалық жағынан алғанда әрбір келген турист келген жерінде белгілі бір көлемде қаражат жұмсайды. Әсіресе, қолөнердің дамуына, қонақүй бизнесінің өркендеуіне, тамақ өнеркәсібінің өрістеуіне себепші болады. Білуімше, Түркістанға жылына 1 миллионнан астам турист келеді екен. Бұл көбінесе ішкі туристер, өз еліміздің саяхатшылары. Ал, біз енді сырттағы туристерді, шетелдіктерді тартуымыз керек. Егер туристер көптеп келе бастаса, жергілікті билік те әрекет ете бастайды. Инфрақұрылым дамып, туристік аймақтың келбеті дұрысталады. Түркістанда жыл басынан бастап құрылыс қарқын алып, жолдар жөнделуде. Мұның бәрі жергілікті бюджеттен қаржыландырылып отыр.  – Жоспарланған шаралар жыл бойы жүргізіле ме? – Шара өте көп. Ай сайын төрт-бес шара өтеді. Біз Түркиядағы түрлі қорлар мен қаражаты бар ұйымдарға хат жазып, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Бұл бүкіл түркітектес халыққа исламды сіңірген ойшыл Яссауидің туған жері. Түркістанда өз қаражаттарыңызға шара өткізсеңіздер екен» – деп хат жаздық. Нәтижесінде демеушілер он үш шараны ұйымдастыруды қолға алмақшы. Яғни, олар сырттан келетін бірқатар меймандардың келіп-кету шығынынан бастап, қонақүйі мен тамағына дейін төлейтін болды. Қазірдің өзінде бізге: «Біз не істей аламыз? Түркістанға барып, өз қаражатымызға қандай да бір шара өткізе аламыз ба?!» – деп хабарласып жатқандар бар. Оның үстіне алты жыл бойы Қазақстанның Түркиядағы елшісі ретінде қызмет атқарған ұлтшыл азамат Жансейіт Қансейітұлының Түркиядағы беделі өте жоғары. Бүгінде ол Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі ретінде Түркиямен қатынасты жандандырып, Қазақ-түрік инвестиция қорын құрды. Сондай-ақ, туристік аймақ құру жөнінде арнайы шара ұйымдастырып, түріктердің өнеркәсіп саласын оңтүстік өңірге тартуды қолға алды. Шын мәнінде, түркі халықтарының басын біріктіріп тұрған мемлекеттің бірі – Түркия болса, екіншісі – Қазақстан. Одан кейін Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан деп кете береді. Түркия мен Қазақстанның арасы жақсы болса, ол тікелей мәдени, экономикалық шаралардың атқарылуына, достастық байланыстың артуына, сол сияқты түркі халықтарының ынтымақтастығының нығаюына себепші болады. – Түркістан қаласына түркі жұртынан қанша делегат келеді? – Түркі әлемінің мәдени астанасы жобасының ашылу салтанатына елімізді қосқанда 23 ел қатысады. Ал сырт елден 220-дан астам өнерпаз келеді. Олардың ішінде өнердің әр саласында кәсіби деңгейде танымал әнші, бишілер бар. Одан бөлек еліміздің түкпір-түкпірінен, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Түркістан қаласының өнер майталмандары атсалысады. Дәл сол күні өтетін «Наурызнама» шарасы аясында қолөнер ауылдарында әр халықтың қолөнер бұйымдарынан көрме көрсетіледі. Әр елден қолөнерші өкілдер ат терлетіп келе жатыр. Ал ресми қонақтарға келсек, түркі халықтарының интеграциялық бірнеше ұйымы бар. Түрктілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясының басшысы, Түрік академиясының басшысы, Түрік кеңесінің басшысы, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркия республикаларының шешімімен құрылған Әзірбайжандағы түрік мәдениеті мен мұрасы қорының президенті қатыспақшы. Және де Шеки қаласының, Ескішеһир қаласының әкімі келеді. Түркі әлемінің ортақ мұрасымен айналысатын қорлар, қоғамдар мен БАҚ өкілдері. Ал 25-26 наурыз күндері Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған халықаралық Наурыз ақындар айтысы өтеді. Оған Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, т.б. түркітілдес мемлекеттерден ақындар  көш түзейді. Айналдырған бес күннің өзінде осынша көп мәдени шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, сәуір айында халықаралық «Театр көктемі» театр фестивалі және «Күлкі жәрмеңкесі» сатира фестивалі, би, қолөнер шеберлерінің фестивалі мен фото суретшілер кездесуі ұйымдастырылса, мамыр айынан соң ТҮРКСОЙ-дың опера күндері, түркі мемлекеттер әйелдерінің халықаралық форумы, түркі әлемінің әдеби журналдары редакторларының конгресі, «Алтын сақа» анимациялық фильмдер фестивалі өтеді. Ал «Түркістан және түрік әлемі» конференциясы мен Халықаралық түркология конгресі мәдени шараның тұздығы болмақшы. Осылайша, Түркістан түркі халықтарының орталығына айналмақ. – Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары