Су тасқыны: Қанат Шарлапаев Бұланды ауданында салынып жатқан үйлердің құрылыс барысымен танысты

Қ.Шарлапаев кейбір ауылдардағы мердігерлердің жұмысын сынға алды.

Су тасқыны: Қанат Шарлапаев Бұланды ауданында салынып жатқан үйлердің құрылыс барысымен танысты
www.gov.kz
367

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Ақмола облысына қарасты Бұланды ауданына жұмыс сапарымен барды. Онда ол су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты.

Бүгінгі күні Иванковка ауылында 41, Капитоновка ауылында – 15, Журавлевка ауылында – 43 және Вознесенка ауылында – 16 үйдің құрылыс жұмыстары басталды. 

Жоспарға сәйкес, салынып жатқан үйлер стандартты – бір қабатты, бір отбасына 80 шаршы метрді құрайтын болады. Барлық жұмыс алгоритм бойынша орындалып жатыр. Нөлдік циклден бастап құрылыстың барлық кезеңін өңір деңгейіндегі басқарма қадағалайды. Жергiлiктi деңгейде атқарылып жатқан барлық жұмыстың барысы жергiлiктi атқарушы органның, құзырлы қызметтердiң, сондай-ақ облыстық, аудандық мәслихаттардағы депутаттық корпустың тiкелей бақылауында болатыны сөзсiз.

Министр мердігер ұйымдардың басшыларымен кездесті. Қ.Шарлапаев кейбір ауылдардағы мердігерлердің жұмысын сынға алып, жұмыс қарқынын барынша жеделдетіп, міндеттердің сапалы орындалуын талап етілетінін жеткізді.

«Уақыт қарқынды жұмысты талап етеді, яғни бүгінде нысандардағы жұмыс тәулік бойына жүргізілуге тиіс,. Техникалық, материалдық және еңбек ресурстардың жеткілікті болуы, сонымен қатар, сапа мәселесі бірінші кезекте болғаны абзал», –дейді Қанат Шарлапаев.

Министр сапар барысында Капитоновка және Иванковка ауылдарындағы салынып жатқан үйлерге оң баға берді. Себебі мұндағы жұмыстың нәтижесі мен қарқыны көзге көрініп тұрғаны жасыррын емес. Қанат Шарлапаев атап өткендей, зардап шеккен тұрғындар мемлекеттің қолдауын сезінуі қажет. Бастан өткен сын сағаттар артта қалып, жаңа баспанада ауыл тұрғындары жаңа жайлы өмір бастауы маңызды.

Серіктес жаңалықтары