Орнында жоқ оңалмайды
Мерзімсіз топқа өткізу мүмкіндігі болса да, неліктен кей азаматтарға тексерістен өтіп, мүгедектігін растау қажет?
Ерекше қажеттілігі бар жандар көмек алу үшін белігілі бір уақыт сайын тексеріліп отыруға тиіс. Яғни, көмекке мұқтаж екенін «дәлелдеу» үшін тексерістен өтіп, қағаз жинауы керек. Мерзімсіз мүгедектікке өткізу мүмкіндігі бар болғанымен, денсаулығы қайта қалпына келмейтін, соның ішінде аяқ-қолынан айырылған азаматтарды қайта-қайта медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясынан өткізудің не мәні бар деген сұрақ туындайды. Көмек қажет азаматтарды да осы сауал алаңдатады.
Мерзімсіз топқа өткізу мүмкіндігі болса да, неліктен кей азаматтарға тексерістен өтіп, мүгедектігін растау қажет? Жауапты мекемелердің жауабы қандай? Қағазбастылықты жоюда қандай да бір шара атқарылып жатыр ма? Анықтап көрдік.
Қалпына келмесе, қайтара дәлелдеудің қажеті қанша?
«Қаншама қағаз жинап, табалдырық тоздырып, әрең дегенде дәлелдейміз, бұл өзі алғың келіп, құштар болатын да «атақ» емес қой», – дейді Жанар Серікова (атын өзгертуімізді сұрады). Ол мүгедектікті растау рәсімін жеңілдету мәселесі қаралып, реттелсе деген ниетін жеткізді. Сондай-ақ анықтама беретін медицина мекемелері қалаларда екенін ескерсек, шалғай елді мекендерде тұратын азаматтарға бүкіл процестен өту екі есе қиын. Одан бөлек кезек күту, қағаз жинау сияқты дүрмектің өзі титықтататыны анық.
Бұған дейін де БАҚ-та жарияланған мақалалардан, әлеуметтік желілердегі жазбалардан жалпы халық арасында осы мәселеге қатысты шағым көп екенін, жалпы медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесіне өзгеріс керек екенін айтқан азаматтар біршама екенін байқауға болады.
Ең алдымен, денсаулығы қайта қалпына келмейтін азаматтарды біржола мүгедектікке өткізу мәселесіне тоқталсақ. Еңбек министрлігінің ресми түсіндірмесіне сүйенсек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес анатомиялық кемістіктер болған жағдайда мүгедектік мерзімсіз белгіленеді. Толық ақпарат, яғни тізімі Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережелерінің 5-қосымшасында жазылған. Дегенмен кей жағдайларда медициналық оңалту жүргізу мақсатында мүгедектік неғұрлым ауыр топқа (I және II топтар) белгілі бір мерзімге белгіленеді.
– Мәселен, аяқ балтырдан ампутацияланса, III топтағы мүгедектік мерзімсіз белгіленеді. Алайда адамның жағдайын ауырлататын факторлар анықталған жағдайда (жаралар, басқа да қосымша қиындықтар) медициналық оңалту шараларын жүргізу үшін II топтағы мүгедектік 6 айға немесе 1 жылға белгіленеді. Оңалтудан кейін оң динамика байқалса, III топтағы мүгедектік мерзімсіз белгіленеді», – деп түсіндіреді Еңбек министрлігі.
Яғни, министрлік мәлімдемесіне қарасақ, бұл шара ерекше көмек қажет азаматтардың жағдайын бақылауда ұстап, ары қарай ушықтырып алмау үшін қажет. Дегенмен осы процесті барынша жеңілдету, құжат санын қысқарту немесе автоматтандыру сияқты тетіктерді қарастыру қажет екені байқалады. Үкіметтің ресми интернет-ресурсындағы ақпаратқа сүйенсек, сараптама тағайындауға өтініш, одан бөлек негізгі 5 құжат, қажет болған жағдайда тағы да 13 құжат сұратылатыны жазылған.
Екінші мәселе – науқас диагноз қойылғаннан кейін әлеуметтік медициналық сараптамаға бірден жіберілмейді. Мәселен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен бекітілген «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына» сүйене отырып, IV клиникалық топтағы қатерлі ісік анықталған науқастарға диагноз белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан кейін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіледі. Осы төрт айда науқастарды қамқорлығына алатын мекеме бар ма? Төрт ай бойы мүгедектігін растайтын жолдаманы күттіріп қою қаншалықты негізді?
Жалпы, осы ел ішінде айтылған медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу төңірегіндегі түйткілдер биік мінберлерге жетіп, заң шығарушы құрылымдарда да көтеріліп жүр.
Былтыр Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ жалпы мүгедектікті растау рәсімін жеңілдету кезек күттірмейтін мәселе екенін айтқан еді.
– Мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетудің бизнес-процесін автоматтандыру арқылы, дәрігерлік-еңбек сараптама комиссиясы, медициналық-әлеуметтік сараптама шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз ететін уақыт келді, – деген еді депутат. Ал сенаторлар «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдаған болатын. Бұл құжатта «Мүгедектікті белгілеу рәсімі кезең-кезеңімен «бір терезе» қағидаты бойынша проактивті форматқа ауыстырылатыны, бұл медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететіні» жазылған.
Қағаз-құжат жинау жеңілдейді
Осылайша, жауаптылар бұл мәселелерді реттеу үшін жұмыс жүргізіп жатқандарын айтады. Мәселен, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі «енді мүгедектікті растау процесі жеңілдей түседі, қағаз тасып, мекеме аралаудың қажеті болмайды» деп Орталық коммуникациялық қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеген болатын.
– Біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп екі жыл бойы мүгедектікті сырттай куәландыру бойынша пилоттық жобаны іске асырып келеміз. Осы жұмыс аясында біз әріптестерімізбен бірге медициналық-әлеметтік сараптама жүргізілетін органдарға қағаз түрінде ұсынылуы қажет бірқатар құжат санын қысқарттық. Бұл бағытта алдымен проактивті режимге ауыстырылатын нозологиялардың тізімін кеңейтетін боламыз. Яғни, медициналық-әлеуметтік сараптама құрылымдарына тікелей барудың қажеті болмайды. Осылайша, мүгедектікті растау үшін жүгіріс азая түспек, – деген еді сол кезде Денсаулық сақтау вице-министрі болған Бейбіт Есенбаев.
Аталған қызмет пилот жоба ретінде елорда емханаларында іске қосылып, былтыр жыл аяғына дейін басқа да өңірлерде де тәжірибеге енетіні айтылды.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, оларды қағаз-құжат жинап әурелемеуді тапсырған еді. Осы тапсырманы орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп Қазақстанның барлық 20 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны қолға алған.
Ал жақында, 1 шілдеде Еңбек министрлігі 2024 жылдың басынан бастап мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру аясында елдің барлық өңірлерінен 45,5 мыңнан астам өтінім қаралғаны туралы статистикалық мәлімет жариялады. Мәліметке сүйенсек, 2023 жылы 76,4 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралған, бұл – мүгедектігі барын растаған адамдардың жалпы санының 30,4 пайызы.
– Мүгедектік тобын белгілеу қызметін алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді. Сырттай куәландыруға көшу әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды, МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді, мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді, көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық сын-қатерін азайтады, – деп жазылған Еңбек министрлігінің ресми мәлімдемесінде.
Сондай-ақ қағазбастылық пен ұзын-сонар кезекке байланысты мәселе елдің әр өңірінде, тіпті әр қаласында әртүрлі екенін байқауға болады. Бір қалада мұндай проблема жоқ болса, енді бірінде ушығып тұр. Дегенмен бұл жерде халық саны, медицина мекемелері мен мамандардың саны сияқты негізгі факторлар үлкен рөл ойнайтынын да есепке алған жөн. Ал цифрландыру мәселесіне келер болсақ, тетік сәтті жүзеге асса, үлкен көмек болары сөзсіз. Нәтижесін, әрине уақыт көрсетеді.
Жалпы, медициналық-әлеуметтік сараптама төңірегіндегі мәселелер, соның ішінде біржола мүгедектік тағайындауға қатысты проблемалар, оны шешу бойынша қосымша қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіковтен сұрап-білген едік.
Таңсәуле Серіков,
Мәжіліс депутаты:
Тексеріс азаматтың денсаулығын назарда ұстау үшін де қажет
– Мен өзім де арба, протез қолданатындардың бірімін. Негізі, мүгедектікті растау 260-бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыретіндегі осы 260-бұйрық Парламентте де қарастырылып, тиісті түзетулер енгізілген болатын.
Аяқ-қолынан айрылған азаматтарға байланысты мәселеге тоқталсам, бекітілген ереже бойынша, оқыс оқиғадан соң адамның екі аяғынан тізеден төмен бірдей ампутациялайтын болса, онда 2 жылға І топтағы мүгедектік беріледі немесе мерзімсіз ІІ топтағы мүгедектік беріледі. Егер І топтағы азаматқа 2 жылдан кейін протез салынып, жағдайы жақсарып кетпесе, онда тағы да екі жылға қалдырады. Егер осы 4 жылда оңалту жұмыстарынан кейін жағдайы жақсармаса, онда І топта қалады. Ал егер протезден соң жақсарып, жүріп, өз-өзіне қызмет ете алатындай, өмірінің сапасы жақсаратындай мүмкіндік болатын болса, онда ІІ топқа өткізеді.
Бұл жерде айта кететін бір жайт – мәселе қаражатты үнемдеуде емес. Өйткені І топқа берілетін жәрдемақының өзі 95 мың теңге ғана. Бұл – бір. Екіншіден, құжат-қағаз жинау, өткізу, яғни растау – Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес емханаларда жергілікті терапевт жүзеге асыратын процесс. Негізгі құжаттарды сол кісілер жинауы керек, ал ерекше қажеттілігі бар азамат сол жерге барып анализ тапсырып, белгіленген тексерістерден өтуі керек. Сосын сол құжаттар министрлікке жіберіледі.
Ал ауылдардан келетін азаматтарға тоқталар болсақ, иә, өкінішке қарай ауылдарда, аудан орталықтарында маман жоқ. Дегенмен олар да толық сараптамадан өтуі керек. Аяқ-қол кесілгенінен бөлек, ол жүрекке әсер етеді. Бір орында отыра бергеннен бүйрек, зәр шығару жолдарына салмақ түседі. Яғни, барлық ағзаға әсер етеді. Қан қысымы көтеріледі, қан қоюланады, өкпе қабынуы мүмкін, ет өзін-өзі жей бастауы мүмкін. Мұның бәрі міндетті түрде есепке алынуы керек. Яғни, тек ампутация ғана емес, жалпы денсаулық жағдайын қарайды. Мүгедектіктен бөлек, қосымша тексеріледі. Яғни, тексеріліп отыру тек топта қалу үшін не растау үшін ғана емес, азаматтың денсаулығын назарда ұстау үшін де қажет. Осы сияқты жағдайлар бар. Сол үшін облыс орталықтарын жібереді. Үлкен аудандарға, үлкен қала орталықтарына белгілі бір кесте бойынша тексеруге де шығады. Демек, тексеріліп отыру тек топта қалу үшін не растау үшін ғана емес, азаматтың денсаулығын назарда ұстау үшін де қажет.
Парламентте инклюзивті парламент тобы бар. Ол жерге 6 фракциядан 6 мүгедектігі бар азамат кіреді. Оған қосымша 14 әріптесіміз бар. Барлығы 20 депутат жұмыс істейміз. Заң шығарушы орган ретінде әуелде айтып өткен 260-бұйрықты қарастырған болатынбыз. Сондай-ақ Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовпен бірігіп, осы бұйрықты қайтадан қарастырып, өз ұсыныстарымызды берген едік. Ол жерде көбінесе онкологиялық ауруға шалдыққан азаматтардың мүгедектігін растау туралы мәселе басты назарға алынды. Себебі бұл жеңіл дерт емес. Сол себепті анықталған бетте бірден мүгедектікті растау керек екені туралы ұсыныс айттық. Бұл жерде де кей сарапшылар мүгедектік уақытша берілуі керек екенін, кейін егер науқас емделсе, онда мүгедектікті төмендету я болмаса алып тастау керек деп мәселе көтерген болатын. Дегенмен біз мерзімсіз, 100 пайыз тағайындау туралы ұсынысымыздан танбадық. Қол-аяғынан айрылған азаматтарға қатысты да ұсыныс айттық.
Енді бұл министрдің бұйрығымен шығады. Сол себепті қазір министрдің қарауында жатыр.
P.S. Қорыта айтқанда, мүгедектікті растау және қағаз-құжат жинау процесі көптеген азамат үшін күрделі әрі қиын мәселе. Дегенмен ерекше қажеттілігі бар жандар үшін бұл денсаулығын бақылауда ұстау үшін қажет екені де айтылады.
Еңбек министрлігі мен басқа да жауапты мекемелер мүгедектікті растау процесін жеңілдету мақсатында жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді. Қағазбастылықты азайту, автоматтандыру, проактивті режимге көшу сияқты шаралар қолға алынған. Бұл жемқорлық сын-қатерін де сейілтеді деп сендіреді жауаптылар. Сондай-ақ денсаулығы қайта қалпына келмейтін азаматтарды біржола мүгедектікке өткізу мәселесі Парламентте де қарастырылып, тиісті ұсыныстар айтылған.
Яғни, мәселе – назарда, шешімі табылып, жағдай жасалады деген сенім бар. Ал бұл ұсыныстар мен бастамалардың аяқсыз қалмай, жүйелі жұмыс істеуіне байланысты.