АЭС салуды халық шешеді

әлемнің 32 елінде 441 АЭС жұмыс істеп тұр. Көшбасшы ел­дердің қатарында АҚШ, Франция, Жапония мен Үндістан бар.

АЭС салуды халық шешеді
www.istockphoto.com
1059

Осы аптада Қызылорда қаласында атом электр стансасын салу мәселесі бо­йын­ша жария талқылау өтті. ҮЕҰ өңірлік Альянсы мен облыстық Қоғам­дық кеңес ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық кеңестің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, экологтар, саяси партия­лардың, бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері, облыс тұрғындары қатысты.

Жиында «ҚР Ұлттық ядролық орта­лы­ғы», «Қазақстандық атом электр станса­лары», «Ядролық физика институты» өкіл­дері сөз сөйледі. Олар атом электр станса­сын салудың артықшылықтары, жұмыс принциптері және атом стансаларының қоршаған ортаға және адамдардың денсау­лығына әсер ету деңгейі туралы айтты. Сондай-ақ мамандар Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы техникалық аспектілері, әлеуеті және АЭС салу кезіндегі елдің даму перспективалары туралы егжей-тегжейлі баяндады. 
Талқылауға жиналғандар өздерін тол­ған­дырған сұрақтарын қойды. Халықты бірінші кезекте АЭС қауіпсіздігі, оны пай­далану, жобаны қаржыландыру, кадрлар даяр­лау, сондай-ақ қазіргі жағдайға және отандық энергетикалық кешеннің дамуына байланысты болды. Облыс ардагерлері мен қоғам белсенділері жобаны іске асыру кез­інде барлық кезеңдерде ашықтықты, шешім қабылдауға жұртшылықтың кеңінен қаты­суын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
– Бүгінде әлемнің 32 елінде 441 АЭС жұмыс істеп тұр. Көшбасшы ел­дердің қатарында АҚШ, Франция, Жапония мен Үндістан бар. Беларусь, БАӘ, Бангладеш пен Түркия АЭС салуды жоспарлап отыр. Негізі, АЭС Қазақстанға Кеңес одағы кезінде салынуы керек болған. Алайда Ресей өзіне, Украина мен Белоруссияға салды да Қазақ­стан қалыс қалды. Алайда өткенге қарап оты­ра­тын кез емес, болашағымызды ойла­ған дұрыс. Себебі көмір қоры, газ көлемі де жылдан-жылға азайып келеді. Әлемнің да­мы­ған елдері АЭС салу, жел мен күннен энер­гия алу арқылы баламалы энергия көздеріне бет бұрды. Елімізге АЭС-ті әлем­нің көшбасшы компаниялары салса, жергі­лікті мамандарды жақсылап үйретсе, су қоры жеткілікті болса мен де АЭС салын­ған­ын құптаймын, – деді Сенаторлар кең­есі­нің мүшесі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлы. 
Кездесуге қатысушылар АЭС құрылысы­ның маңыздылығын атап өтіп, оның елдің одан ары әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін, оның ішінде энергетикалық кешенді ұлғайту, адамдардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңыздылығын атап өтті. 
– Жиынға қатысушылар үшін ең маңыз­ды үш тақырып – АЭС салу қажетті­лігі, оның қауіпсіздігі және халыққа АЭС қандай пайда деген мәселе. Қауіпсіздік туралы айтқанда, Чернобыль АЭС-індегі қайғылы оқиға жұртшылықтың санасында әлі жаң­ғырып тұр. Осыған қарамастан, бүгінде Украинада бес атом электр станса­сы жұмыс істейді. Ал Жапонияда Фукусима атом электр стансасындағы апатқа қара­мастан, адамдар атом энергиясынан бас тартқан жоқ, қазір бұл елде 21 реактор жұмыс іс­тейді. Бүгінде әлемнің 18 елі 57 ГВт электр энергиясын өндіреді. Қазір энергияға үлкен қажеттілік бар. Атом электр стансалары жаңа қуат көзі екені анық. Жердің байлы­ғын, қазынасын халық игілігіне жұмсауы­мыз керек. Сондықтан біз өз елімізде атом электр стансасын салуға тиіспіз, – деді ­И.Әбді­к­­әрім­ов атын­дағы Қызылорда аграр­лық-техникалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Әбдікәрімов. 
Елімізде атом электр стансасын салу мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Мұн­дай маңызды міндетті шешуде халықтың пікірі маңызды. 
– Мен әлемнің көптеген елінде болдым, қазір республикамызда атом электр стан­сасын салу қажет екеніне көзім жетті. Біріншіден, Қазақстанда электр қуатының тапшылығы артып келеді. Біз уран өндіру­ден әлемде бірінші орындамыз. Ал бұл саланы одан ары дамытуда бізде қиындық­тар болмайды деп ойлаймын. Екіншіден, жаңа энергетикалық жоба ғылыми-техникалық прогреске серпін береді. Үшіншіден, Қазақ­стан Еуропа, Қытай, Ресей, АҚШ, Жапония сынды жетекші елдердің тәжірибесін ала отырып, заман талабына сай болуы керек. Тағы бір мәселе атом электр стансаларын кім және қайда салады. Бұл мәселелерде әл­ем­­дік тәжірибені қолдану маңызды. Халқымыз референдумда еліміз үшін сон­шалықты маңызды әрі қажетті атом электр стансасының құрылы­сын қолдайды деп ойлаймын, – деді Сена­тор­лар кеңесінің мү­шесі, саяси ғылымдары­ның докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлы.
Жобаны одан әрі ілгерілетуде барлық айтылған пікірлер мен ұсыныстар ескері­ле­тін болады. Биылғы маусым айында Мемлекет басшысы референдумның осы күз­де өтетінін мәлімдеген болатын. Мемле­кет басшысы атап өткендей, біздің елімізде шын мәнінде атом энергетикасын дамыту үшін зор мүмкіндіктер бар. Оларды дұрыс және тиімді пайдалану маңызды. Бұл мәселе бо­йынша түпкілікті шешімді халық қабыл­дайды.

Серіктес жаңалықтары