Масыл болма, асыл бол

Егер менің қолымда билік болса, әр отбасына 200-300 сағат психологиялық тренингке қатысуға мүмкіндік берер едім. 50 пайызын мемлекет, 50 пайызын отбасы төлесе ақшасын. Сонда бізде масылдық психологиямен өмір сүре­тіндер саны азаяр еді.

Масыл болма, асыл бол
www.istockphoto.com
392

Әлемде жас пен кәріге, ұлт пен ұлысқа бөлінбейтін бір құбылыс бар. Ол – масыл­дық. «Асылдан – асыл туады, жалқаудан – масыл туады» депті атақты Майқы би. Қазақтың «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен», «Алма піс, аузыма түс» деген тіркестері де осы масыл­дыққа қатысты айтылса керек. Бұл құбылыс адамзат пайда болғалы бар ма, әлде кейін пайда болған ба, жақсы ма, әлде жаман ба деген мәселе төңірегінде ізденіп көрген едік.  

Масылдықтың тамыры тым тереңде. Бұл адамның қоғамға деген әлеуметтік және эво­люциялық қарым-қатынасын білдіреді. Есте жоқ ерте замандарда масылдық ұғымы қо­ғам­ның патриархалдық және кландық құры­лымымен байланысты болды. Мұндай қоғам­да отбасының немесе тайпаның үлкендері ең­бек­ке жарамсыз, әлсіз, жасы кішілерді қор­­ғап, қамқорлығына алған. Өз кезегінде отбасындағы кішкентайлар мен еңбекке жарамдылары үлкендер мен әлсіздерге кө­мек­тесіп отырған. 
Бертін келе орта ғасырларда масылдық түсінігі кеңейе бастады. Феодалдар өздеріне бағыныштылар мен шаруаларды асырап, қамқорлығына алады, ал олар мұның ақысын жұмыс істеп, әскери қызметпен өтеген. Әсі­ресе, христиан әлемінде шіркеулер мен ғиба­датханалар кедейлер мен мұқтаж адамдарға көп көмектескенін тарихтан білеміз. 
Жабайы капитализм мен нарықтық экономика дамыған жаңа кезеңде масылдық түсінігі де біраз өзгеріске ұшырады. Адамдар нарыққа сай бейімделіп, тәуелсіз болуға ұм­тылды, сонымен қатар әлеуметтік құры­л­ым­дар да өзгерді. Мемлекеттер өз бетінше өмір сүре алмайтын адамдарға арнап әлеуметтік қол­дау, зейнетақы, жәрдемақы секілді жүйе­лерді іске қосып, азаматтардың базалық қажет­тіліктерін қамтамасыз ете бастады.  Ал қазір масылдық түсінігі әлеуметтік қолдау мен көмектің әртүрлі формасымен байланыс­ты болып отыр. Қазіргі қоғамда халықты әлеу­меттік қолдау туралы мемлекеттік бағдарла­малар, зейнетақы, жұмыссыздарға, балаларға берілетін жәрдемақы және өзге де әлеуметтік көмек түрлері өзін жұмыспен тұр­ақты қамти алмайтын азаматтарды қолдауға бағытталған. Осылайша, масылдық ұғымы адамзатпен бірге эволюциялық тұ­р­ғыдан дамып, әлеуметтік саясат пен халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің бір бөлшегіне айналды.   
Адамзат баласының бүгінге дейін жина­ған білімі мен тәжірибесіне сүйенген зерт­теушілер әртүрлі көзқарас тұрғысынан ма­сыл­дықтың артықшылығы мен кемшіліктерін біраз зерттепті. Алдымен жағымды жағынан бастасақ. Масылдық дегеніміз – әлеуметтік қорғау, яғни, көмекті қажет ететін балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі және уақытша жұмыссыз адамдарды қолдау. Бұл кедейліктің алдын алып, адамдардың өмірі­нің сапасын жақсартуға көмектеседі. Екін­шіден, қоғамда тұрақтылықты қалыптас­тырады. Әлеуметтік бағдарламалар мен жәр­дем­ақылар тұрақтылықты қалыптас­тырып, әлеуметті топтастырады, қылмыс пен әлеуметтік қысым деңгейін төмендетеді. Үшіншіден, мүмкіндіктерді теңестіреді. Бұл дегеніміз осал топтардың базалық қажетті­лігін қамтамасыз ете отырып, қоғамның барлық мүшесіне бірдей жағдай жасайды. 
Мамандар бұл дерттің жағымсыз жақтар­ын да жіктеп шығыпты. Оның біріншісі –  тәуелділік. Мемлекеттің көмегіне тәуелділік адамның еңбек етуге және өзін-өзі дамытуға деген ынтасын төмендетеді. Экономикалық жағын қарастырсақ, әлеуметтік бағдарлама­ларды қаржыландыру қыруар қаржыны талап етеді. Бұл – мемлекеттік бюджетке, салық жүйесіне артық жүк. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік қолдауын кейбір тұлғалар жылдар бойы пайдаланған жағдай­да салық төлеушілер де наразылық­тарын білдіретіні анық. Осы ретте біз де әртүрлі сала мамандарына хабарласып, масылдық ту­ралы ойларын сұрап-білген едік.  

Анна ҚҰДИЯРОВА, 
Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик:


Әр адам өзіне жауапкершілік алғанда ғана қоғам түзеледі


– Масылдық феномені адамзат тари­хын­да бұрыннан белгілі құбылыс. Бала өмірге кел­генде ата-анасы, үлкендер оның жағдайын жасап, айналшықтап, қасынан шықпайды. Қандай күшті, жанның рахаты. Осы күй бәрі­міздің есімізде қалады. Сондықтан ата-анаға, Үкіметке ренжігенде, бізде «Неге менің бұр­ын­ғы жәннатым қайтып келмейді?» дейміз. Саналы түрде де, бейсаналы түрде де адамзат сәби кезіне қайта оралғысы келеді. Негізі, психоэмоциялық тұрғыдан дамымай қалған адамдар масылдыққа бейім келеді. Мұндай жандардың денесі өседі, бірақ жан тұрғысы­нан алғанда әлі кішкентай бала. Сондықтан «Анау маған қарыздар», «Үкімет маған беру керек», «Әкем маған беру керек» деп отырады. Ал өзі «Мен беремін бе?» деген мәселе туралы ойланбайды.  
Маман ретінде масылдық түсініктегі ад­ам­дарды психологиялық тренингтерге қатысуға шақырамын. Мұндай адамдардың жанын емдеу керек. Жан жарақатын емдем­е­сек, олар сол бала күйінде қалып қояды. Әдетте, ойынқұмар, маскүнем, нашақорлар да масылдардың қатарына жатады. Өйткені олар өз өмірін, тағдырын әлі күнге дейін өз қолына ала алмай жүргендер. Егер менің қолымда билік болса, әр отбасына 200-300 сағат психологиялық тренингке қатысуға мүмкіндік берер едім. 50 пайызын мемлекет, 50 пайызын отбасы төлесе ақшасын. Сонда бізде масылдық психологиямен өмір сүре­тіндер саны азаяр еді. Жалпы, қыз бен жігіт үй­лен­еміз деп шешім қабылдап АХАЖ бөліміне келгеннен бастап оларға 3-4 ай пси­хологиялық қолдау орталығына баруды кеңес беремін. «Отбасы қандай болу керек?», «Ер адамның міндеті қандай?», «Әйел отба­сын­да қандай болуы керек?», «Бір-біріне мейірімді болу үшін не істеу керек?» деген маңызды сұрақтарға жауап табуы керек. Ал үйлен­геннен кейін балалы болуға шешім қабылдаса, тағы да тренингтерге қатысқан­дары дұрыс. Бізде керісінше, ажырасқалы жатқанда немесе ажырасқан соң психолог жағалай­тындар бар. Неге алдын алмасқа? Ер мен әйел отбасы деген мемлекеттің іргетасын берік қаласа, өмірдегі басқа қиындықтар мен сынақтарды қол ұстасып жүріп еңсерер еді. Олардан туған балалар да өмірге жаңаша көзқараспен қарап, масылдықтан ада болар еді. Міне, әр адам өзіне жауапкершілік алып, психоэмоциялық тұрғыдан есейгенде ғана қоғам түзеледі.  

Мақсат ХАЛЫҚ, 
GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист::

Масылдық кәсіпкерлерге де тән ұғым


– Қазақ «Бес саусақ бірдей емес» дейді. Халық арасында масылдықты бойына сіңір­гендер де бар. Алайда жалпы біздің халқымыз масыл деген пікірмен келіспеймін. Өйткені аза­маттарымыз негізінен еңбекқор. Әлемдік тәжірибеде Қазақстан азаматтары Еуропа халықтарына қарағанда еңбек күшін 4 есеге дейін көп жұмсайды екен. Яғни, бізде қара жұмыс істейтіндер көп. Сондықтан менің ойымша біздің қоғамда кәсіби біліктілікті дамыту керек. Азаматтарымыз өз саласының майын ішкен мықты маман болса, жастардың кәсіби маман ретінде өсуіне Үкімет тара­пынан көмек көрсетілсе, тиімді болмақ. Сон­да азаматтарымыз үлкен еңбек өнімділі­гіне қол жеткізе алады, нәтижесінде масыл­дық деген ұғым мүлдем болмайтын еді. 
Әдетте, біз масылдық ұғымын әлеуметтік осал топтарға қатысты деп түсінеміз. Алайда бұл құбылыс жеке мемлекеттік сатып алу­ларға қатысатын кәсіпкерлерді де айналып өтпейді. Мәселен, қазақстандық бизнестің 70 пайызы тендердің арқасында күн көреді де­ген дерек бар. Мемлекеттен субсидия, әртүрлі қолдау қаражатын алатын, соның арқасында өзін кәсіпкер санайтын кейбір ірі шаруа қо­жа­лықтары бар азаматтарды осы топқа жат­қызуға болады. Өйткені олар өз кәсібін мем­лекеттен алған қаражатпен жүргізіп отыр. Егер шын мәнінде ондай қолдау болмай қалса, онда кәсібі көп ұзамай жабылуы мүмкін. Сондықтан нарықта жаңа бәсекелес­тердің, жаңа ойыншылардың, нағыз кәсіпкер азаматтардың пайда болуына кедергі келтіріп отырғандар да солар деп есептеймін. Әрине, мемлекеттен қолдау қаражат болуы керек, бірақ оның «қызығын» сол баяғы белгілі бір азаматтар ғана көріп отыр. Қазақша айтқан­да, жіліктің майлы басын өздері мүжиді. Тендерге қатысатын кәсіпкерлер нарықтың заңдарын бұзып отыр деуге болады. Алайда мұны ұйымдастырып отырған Үкіметтің өзі. Сондықтан жұмысты ұйымдастыру, эконо­микаға араласу тұрғысынан Үкіметтің де қа­те­лі­гі бар екенін мойындауымыз керек. Кәсіпкерлерге қалай қолдау көрсету керек, қайда араласу керек деген мәселеде шатасып жататыны жасырын емес. 
Қорыта айтқанда, мемлекеттің қаражаты жүйелі түрде реттелуі керек. Қаражат шын мәнінде қоғамды дамытуға үлес қосатын аза­маттарға берілуі керек. Болмаса бәріне бірдей әділдік принципі болуы керек. Әйт­песе, тамыр-таныстықпен, бармақ басты, көз қыстылық жасау бұл жемқорлық, оның соңы қоғамның кері кетуіне әкеледі.  

Эльмира Отар,  әлеуметтанушы, PhD::
 

Масылдықтан 30 жылда арылу мүмкін емес


– Біздің елімізде денсаулық, отбасы, эко­но­микалық жағдайына байланысты өз-өзін қамтамасыз ете алмайтындарға мемле­кет қаржылай көмек береді. Олардың қатар­ын­да көпбалалы аналар, ерекше қажеттілігі бар жандар, қарттар, асыраушысынан айрылған азаматтар, сонымен қатар басқа елден көшіп келген мигранттар, қандастары­мыз болуы мүмкін. Бірақ еңбекке қабілетті жұмыссыз адамға масылдық статусы беріл­мейді. 
Жалпы, масылдық туралы қазақ әде­би­етінде Абайдан асып айтқан  ешкім жоқ шығар, сірә. Ақын оны жоюдың жолы – іс­кер­лік пен еңбекқорлық дейді. Алайда соңғы жылдары елімізде маған көмек керек, жәрдем қажет деп әлеуметтік желі арқылы көмек сұрайтындар көбейді. Өзім әлеуметтанушы ретінде байқағаным, кейбір адамдар масыл­дық­ты өмір салтына айналдырған. «Мемлекет маған көмектесуге міндетті», «Мен көпбалалы анамын», «Менің мүгедек балам бар» деп көмек сұрайтындар баршылық. Байқағаным, олардың 90 пайызы шынында көмекке мұқтаж, ал қалған 10 пайызы масылдықты бизнес көзіне айналдырып алған. Әлеуметтік желілерді, БАҚ-ты қолданып қайта-қайта көмек сұрайтындар да кездеседі. Адамдар осылай өмір сүргенін мем­лекетке міндетсініп жатады. Негізі, бұл күрделі мәселе. Қазақстан Тәуелсіздігін алып, жоспарлы экономикадан бас тартып, ка­пи­тализмге бет бұрғанына 30 жылдан асса да халықтың түсінігі өзгермей отыр. Жалпы, мұндай масылдық психология посткеңестік елдердің бәріне тән деп айта аламын. Кеңестік кезеңде одақтың бюджеті шексіз резеңке шар секілді көрінді де халық мемлекет көмектесіп отыруы керек деген түсінікпен қалып кетті. Мемлекеттің халық­ты жаппай қамтамасыз етуі масылдық мәсе­ле­сіне алып келді. Одан 30 жылда арылу мүм­кін емес. Негізі, шынайы капитализмде әлеу­меттік төлемдер, жәрдемақылар болмауы керек, болса да аз мөлшерде болуы керек. Оның өзі тек қана шынайы қажеттілігі бар жандарға берілгені дұрыс. 
Мұндай масылдық түсінік дамушы елдер­ге ғана тән құбылыс десек, қателесеміз. Мұн­ай­ға бай Голландия, Норвегия сынды Скан­динавия елдері де әлеуметтік төлемдер жа­сайды. «Голланд ауруы» ұғымы да – масыл­дықтың салдары. Өзім бақылаған, көзіммен көрген Еуропа елдерінде, оның ішінде Вен­грия­да үй-күйсіз жүргендердің киімі сапалы, қолында жақсы смартфоны бар. Алайда өмір сүру салты әлгіндей. Олар «Бәрібір мені мем­лекет асырайды, аш қалдырмайды. Сондық­тан жұмыс істеудің не керегі бар?» деп ойлай­ды. Ауа райы қолайлы болса, киімі жылы әрі бүтін болса, күндіз қаңғырып, түнде үйі жоқ адам­дарға арналған жерге қо­н­ып шықса, рахат емес пе? Мен мұны да масылдық пси­хологияға жатқызамын. 
Мұндай жағдайда мемлекет не істеуі керек дейтін болсақ, әлеуметтік саясат бағы­тын қайта қарап, өзгерістер енгізу керек. Егер жұмысқа қабілетті адам 3 жылдан артық мем­лекеттен көмек алып отырса, мемлекет нақты бір қадамдар жасауы қажет. Мұндай масылдық әлеуметтік инфантилизмнің өрлеуіне алып келеді, бұл мемлекеттің қарқынды дамуына кедергі болады.

P.S. Батыстық зерттеушілер масылдықты жақсы, жаман құбылыс деп біржақты баға бермейді. Оның әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуде, халықтың осал топтарын қорғауда маңызы зор, алайда оның жағымсыз салдарын болдырмау үшін жүйені жан-жақты басқарып, тепе-теңдікті сақтап отыру керек. Яғни, арбаны да сындырмауды, өгізді де өлтірмеуді талап етеді. Таразының бір жағы басым түссе, хаос болуы мүмкін. Қорыта айтқанда, әлеуметтік қолдаудың озық үлгісі – мұқтаж жандарға көмек бере отырып, олардың қоғам өміріне, еңбекке белсене араласуына ықпал ету. 

Серіктес жаңалықтары