Цифрлық теңге жемқорлықты жеңе ме?
Цифрлық теңге былтыр, 15 қарашада іске қосылған болатын. Енді оны бюджет қаражатын жұмсауға пайдалануға байланысты сынақтан өткізу туралы шешім қабылданды.
Бөлінген қаражатты басқа мақсатқа жұмсауға болмайтындай етіп «таңбалап», әр тиынды қадағалауға болады.
Ертегі секілді естіледі, дегенмен былтыр жыл аяғында іске қосылған цифрлық теңге мемлекеттік сатып алу мен әлеуметтік төлемдер жүйесінде сынала бастады. Осылайша, бюджет қаражатының талан-таражға түспей, тек өз мақсатында пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік туады деген үміт бар.
Жақында Ұлттық Банк цифрлық теңге арқылы бюджет қаражатының жұмсалуын таңбалайтын пилоттық жоба басталғаны туралы мәлімдеме жасаған еді.
Ақша қалай «таңбаланады»? Бұл тетік нақты қандай жобаларға қолданылмақ? Цифрлық теңгемен жемқорлықты жеңу мүмкін бе?
Құрылысқа бөлінген қаражат қадағаланады
18 шілдеде Ұлттық Банк цифрлық теңге бюджет қаражатын таңбалауға қолданыла бастағаны туралы хабарлады. Ұлттық цифрлық валютаны енгізудің екінші кезеңі аясында цифрлық теңге «Достық-Мойынты» теміржол учаскесін салуға жұмсалмақ.
Ұлттық Банктің мәліметінше, цифрлық теңгені бағдарламалау технологиясы қаражатты бақылауға және тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтқанда, цифрлық теңге платформасында жобаны қаржыландыруға бөлінген ақшаға таңба қойылды. Таңбаланған цифрлық теңге қажетті міндеттемелерді толық көлемде орындаған ұйымдардың атына ғана төленеді.Демек, теміржол учаскесіндегі құрылыс жұмыстарына жұмсалуы керек қаражат толық цифрлық теңгеде бөлінетін болады, сонымен қатар қатаң бақыланады.
– Осылайша, таңбалау технологиясы бөлінген қаражаттың түпкі мақсатынан тыс, басқа бағытта жұмсалып кету қаупін азайтады. Сондай-ақ мемлекеттік қаржы жұмсаудың айқын және тиімді болуын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Пилоттық жобаны «Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта» және «Қазақстан Халық Банкімен» бірлесіп іске қосты. Пилоттық жобаны дамыту аясында цифрлық теңгені таңбалау үшін эталондық дереккөздерді (ақпараттық жүйелерді) кеңейту, нарыққа қатысушылардың (екінші деңгейлі банктердің) санын кеңейту және Ұлттық қордың қаражатынан қаржыландырылатын өзге де жобаларға арналған платформаны пайдалану жоспарланып отыр, – деп айтылған хабарламада.
Сонымен қатар ресми ақпаратқа сүйенсек, Үкімет және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларына бөлінген бюджет қаражатын жұмсау, сондай-ақ мемлекеттің қолдау шараларын цифрландыру бойынша бірқатар пилоттық жоба іске асырып жатыр. Салықты басқару саласын цифрландыру, ұлттық цифрлық валюталардағы трансшекаралық есеп айырысу және цифрлық активтер саласындағы есеп айырысу бойынша пилоттық жобаларды іске қосу да жоспарда бар екені айтылады.
Демек, пилоттық жоба, яғни сынақ аяқталған соң нәтижесі талданып, цифрлық теңге басқа да салаларды қаржыландыруға қолданылмақ. Цифрлық теңгені енгізудің екінші кезеңінің есебі 2024 жылдың аяғында беріледі. Нақты нәтиже сол кезде анық болмақ. Бұған дейінгі бірінші кезеңде цифрлық теңге мектепте оқушылардың тегін тамақтануын ұйымдастыруда қолданылған болатын.
Бірінші кезең оң қорытындыланды
Былтыр Алматыда мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруға арналған «цифрлық ваучерлер» пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба балаларды тамақтандыруға бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуын бақылауға бағытталған еді.
Биылғы наурызда Алматыда қалалық «Антикор орталығы» алаңында мемлекеттік органдар мен сарапшылар жаңа жүйені талқылап, пилоттық жоба нәтиже беріп жатқаны айтылған болатын.
– Цифрлық ваучер жобасының негіздемесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тұжырымдамасында көзделген. Ол 2022-2026 жылға бағытталған. Үш айдың ішінде жобаның тиімділігі және білім саласындағы бюджет қаражатының жұмсалуына оң әсерін тигізетініне сенеміз. «Цифрлық ваучердің» тәжірибесін әрі қарай басқа да облыстарға кеңінен таратуға ұсыныс берілді, – деген еді Алматы қаласындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахымов.
Енді жобаның нақты қандай нәтиже бергеніне тоқталсақ, 3 ай сынақ мерзімі кезінде тегін тамақпен қамтамасыз етілген 645 баланың 60-қа жуығы асханаға мүлдем бармағаны анықталған. Қала бойынша бастауыш сынып оқушыларын тамақтандыру үшін шамамен 20 млрд теңге бөлінген.
Сарапшылар цифрлық жүйені барлық мектепке енгізсе, бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге болады деген қорытындыға келген.
Жемқорлықты жеңе аламыз ба?
Иә, бұл бастама бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге сеп болады. Бірақ жемқорлықты толықтай жоюға көмектеседі деу, әлбетте, утопия болар еді. Мұны бұған дейін Ұлттық төлем корпорациясының басшысы Бинұр Жаленов те айтқан болатын. Оның сөзінше, цифрлық теңгені бағдарламалау мүмкіндіктері мемлекеттік шығындардың тиімділігін және айқындығын арттыруда маңызды құрал болмақ. Яғни, цифрлық теңгедегі бюджет қаражатын мақсатты пайдалану үшін белгілеуге болады, ал белгі бюджет қаражаты жұмсалғаннан кейін жойылады. Бұл, бір жағынан, мемлекеттік шығындарды бақылауды қоғам мен мемлекеттік органдардың бақылауына мүмкіндік береді, ал екінші жағынан, азаматтардың конституциялық құқығының бұзылмауына кепіл болады.
– Белгілі бір мақсатта пайдалану үшін бөлінген кейбір цифрлық теңгеге нақты қайда және не үшін аударылатынына белгі қоюға болады. Қаражатты сол мақсатта пайдаланғаннан кейін бұл белгі автоматты түрде алынып қалады және осыдан кейін бұл цифрлық теңге тізбекте ары қарай бақыланбайды. Біздің серіктестермен бұл құралды тиімді пайдалану үшін өте көп әдістемелік жұмыс жүргізу қажет. Әрине, цифрлық теңге – жемқорлыққа қарсы панацея емес, бірақ бұл мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін құрал, – деген еді Бинұр Жаленов Ұлттық Банк брифингінде.
Бұл бастаманың жұмыс істеу механизміне нақтырақ тоқталайық. Мәселен, Үкімет мектептердің инфрақұрылымын жақсарту үшін қаражат бөлді делік. Бұл қаражат мектептердің цифрлық әмияндарына аударылады және оған «Мектеп инфрақұрылымы» деген «таңба» қойылады. Мектеп әкімшілігі қаражатты құрылыс материалдарын сатып алуға жұмсағанда, әрбір сатып алу транзакциясы блокчейнде тіркеледі. Орталық банк немесе білім басқармасы мониторинг жүйесі арқылы барлық транзакцияларды бақылап отырады. Жыл соңында барлық транзакциялар талданып, есеп беріледі, сәйкесінше әр теңгенің қайда кеткені анық көрінеді, өйткені ізі анық қалып отырады.
Әлем бетке алған бағыт
Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою және қаржы операцияларының ашықтығын арттыру мақсатында орталық банктердің цифрлық валюталары әлем бойынша маңызды құралға айналып келеді.
Көптеген мемлекет осы технологияны енгізу арқылы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және заңсыз әрекеттерді азайтуға тырысып көрмек.
Мәселен, Қытайда цифрлық юань белсенді түрде сынақтан өткізіліп, қолданысқа енгізіліп жатыр. Цифрлық валютаның арқасында барлық транзакциялар толықтай ашық болады, бұл жемқорлық пен заңсыз әрекеттердің мүмкіндігін азайтады. Қытай үкіметі цифрлық юань арқылы қаржы операцияларын тиімді бақылап, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоя аламыз деген үмітте.
Багам аралдарында «Сэнд доллар» деп аталатын цифрлық валюта енгізілді. Бұл жүйе арқылы билік ақша ағындарын бақылап, күмәнді транзакцияларды анықтай алады.
Швецияда e-Krona жобасы жүзеге асырылып жатыр. Цифрлық крона арқылы ел билігі ақша ағындарының ашықтығын қамтамасыз етіп, салықтан жалтару және жемқорлық қатерін азайтпақ.
Нигерияда eNaira жобасы қолға алынған. Бұл жоба арқылы ел цифрлық валютаны пайдаланып, қаржы операцияларын барынша арттырып, жемқорлықпен күресу мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Гана да eCedi жобасын қарастыруда, ол ақша ағындарын бақылап, жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған.
Дегенмен цифрлық теңгені айналымға енгізу үлкен күш-жігер мен мұқият жоспарды талап етеді. Сондықтан оны толықтай енгізіп, нәтижесін көру де аз уақыт алмайтыны анық.
Жалпы, алдағы бағыт-бағдар, «Достық-Мойынты» теміржол учаскесін салуда цифрлық теңгені қолдану туралы Ұлттық Банк қызметкерінің мәлімдемесін назарларыңызға ұсынамыз. Сонымен қатар тә-
уелсіз сарапшы маманнан цифрлық теңгені жемқорлыққа қарсы күресте қолданудың мүмкіндіктері мен болуы мүмкін сын-қатері туралы сұрап-білген едік.
Аңсар Қалибаев, ҚҰБ төлем жүйелері департаментінің жетекші экономист-маманы:
Бюджет қаражатын жұмсауда цифрлық теңгені қолдану ауқымы кеңейтілмек
– Цифрлық теңге не себепті мемлекеттік сатып алуда қолданылады? Жақында ғана цифрлық теңге платформасында алғаш рет қаражат таңбаланды. Бұл қаражат «Достық-Мойынты» теміржол құрылысын салуға жұмсалады. Жеткізу тізбегінің барлық кезеңінде, соңғы жеткізуші мен мердігерлерге дейін таңбаланған цифрлық теңгемен есеп айырысады. Таңбалау технологиясы бөлінген қаражаттың өз мақсатында пайдалануын бақылауға мүмкіндік береді. Демек, ақшаны тек қажетті материал сатып алуға, атқарылған жұмыс пен қызмет ақысын төлеуге, сондай-ақ жалақы беруге жұмсауға болады. Құрылыс аяқталғанша қаржыны пәтер, машина сатып алуға жұмсап қою мүмкін болмайды. Бұл – пилоттық жоба. Кейін бюджет қаражатын жұмсауда цифрлық теңгені қолдану ауқымы кеңейтілмек. Мәселен, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында да қолданылатын болады.
Арман Бейсембаев, қаржы сарапшысы:
Әр тиынды бақылауға болады
– Цифрлық теңге былтыр, 15 қарашада іске қосылған болатын. Енді оны бюджет қаражатын жұмсауға пайдалануға байланысты сынақтан өткізу туралы шешім қабылданды. Негізі, бүкіл әлем осы бағытқа мән беріп, жұмыс істеп жатыр. Мәселен, цифрлық еуро жобасы әзірленіп жатыр. Қытай цифрлық юаньды іске қосқанын және оны белсенді түрде сынақтан өткізіп, күнделікті өмірде қолданысқа енгізіп жатқанын білеміз. Яғни, 2030 жылға дейін көптеген ел цифрлық валютаға көшеді деп күтілуде.
Ең алдымен, цифрлық теңге басқа ақша формаларынан несімен ерекшеленеді? Ол тек цифрлық түрде ғана болады. Яғни, виртуалды валютаның физикалық тасымалдаушысы жоқ.
Екіншіден, цифрлық теңге криптовалютаға өте ұқсас. Негізі, ол – сол криптовалютаның өзі. Тек, оны Ұлттық Банк шығарады. Яғни, егер кәдімгі криптовалютаның негізгі реттеушісі, белгілі бір криптоактивтің эмитенті болмаса, цифрлық теңгеде ол бар. Цифрлық теңгенің басты эмитенті, бенефициары және басты реттеушісі – Ұлттық Банк.
Енді, цифрлық теңге қалай жұмыс істейді? Басында айтып өткендей, ол криптовалюта сияқты блокчейн негізінде жұмыс істейді. Блокчейннің ерекшелігі – криптография, яғни ол блоктардың тізбегі. Бірнеше валидаторлары бар, олар тізбектердің дұрыс болуын қадағалайды. Яғни, әрбір жазба блок ретінде тіркеледі. Блокчейн жүйесіне кіру және оны өзгерту өте қиын, себебі жүйе қателіктерді автоматты түрде анықтайды. Егер өзгертсеңіз, тізбек құрылмайды, қате болады. Блокчейн анонимдікті және толық ашықтықты қамтамасыз етеді. Бұл әрбір цифрлық теңгенің қайдан және қайда кеткенін бақылауға мүмкіндік береді.
Кәдімгі ақшаны бақылау, әсіресе қолма-қол ақшаның қайда кеткенін, қандай мақсатқа жұмсалғанын бақылау қиын. Тек, жалпы транзакцияларды көруге болады. Бірақ цифрлық валюта әрбір бірліктің қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді. Әрбір ақша бірлігі, әр тиын нақты белгіле-
неді және оның қайда кеткенін қадағалауға болады. Транзакцияның бүкіл тізбегін қадағалай аласыз. Мысалы, орталық банк белгілі бір цифрлық теңгені шығарып, оған қол қояды. Бұл қаражат банкке түседі, банк өз қолын қояды, кейін клиентке төлейді, клиент өз қолын қояды. Клиент дүкенде тауар сатып алғанда да қол қояды, сатушы да қол қояды. Осылайша, бүкіл тізбекті қадағалауға болады.
Бұл бюджет қаражаттарын тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Цифрлық теңге арқылы мемлекеттік бюджеттің қаражатын мақсатты пайдалануды бақылау оңай болады. Мысалы, мемлекеттен бөлінген қаржы әрбір кезеңде тіркеліп, цифрлық қолтаңбамен расталады. Мысалы, миллиард цифрлық теңге бюджеттен белгілі бір әкімдікке түсті, әкімдік оны әртүрлі мақсатқа жұмсауы керек делік. Мысалы, 100 миллион теңге – балабақша салуға, 10 миллион – ойын алаңын салуға, 10 миллион – жалақы төлеуге, тағы 10 миллион жол салуға немесе жөндеуге және тағы да басқа. Осы мақсаттан басқа бағытқа кетпеуі үшін әр транзакцияны бағыттаған жеріне ғана түсетіндей етіп бұғаттауға да болады.
Әрине, цифрлық валютада да хакерлік қауіптер бар. Бірақ бұл –киберқауіпсіздік мәселесі, яғни басқа тақырып, басқа әңгіме. Қолма-қол ақша сияқты, цифрлық валютаны да ұрлауға болады. Дегенмен цифрлық валютаның ашықтығы оны қадағалауды жеңілдетеді. Кейбір жағдайларда оларды араластырып, ізін жасыруға болатыны туралы айтылады, бірақ бұл әдістердің тиімділігі және қаншалықты мүмкін екені нақты анық емес.
Ал жалпы цифрлық валютаны пайдалану жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді деп есептеймін. Бұл – мемлекет қаражатын ашық әрі нәтижелі пайдалануға мүмкіндік беретін тиімді құрал.
Мұрат Қастаев, экономист:
Бұл тетікті жемқорлықпен күрестің тек қосымша құралы ретінде қарастыра аламыз
Цифрлық валютаның жемқорлыққа әсері дүние жүзінде әлі зерттелмеген. Жалпы цифрлық валютаны әлемде 3 кішігірім ел енгізіп, тағы 36 ел (Қазақстан да олардың қатарында) пилоттық жобаларды іске асырып жатыр. Бұл тетікті жемқорлықпен күрестің тек қосымша бір құралы ретінде қарастыра аламыз. Ал жалпы жемқорлықпен күресудің ең тиімді және жемісті жолдары – ол саяси реформалар мен бостандық, биліктің барлық деңгейлерінің тікелей халықпен сайлануы, биліктің халық алдында ашық және толық есеп беруі, тәуелсіз және кәсіби біліктілігі жоғары сот жүйесі, бұқаралық ақпарат құралдарының толық бостандығы. Осының бәрін тиісті дәрежеде дамыта алсақ, цифрлық валютасыз-ақ жемқорлық деңгейін бірнеше есе төмендетуге болады. Сондықтан, алдымыздағы бірнеше жыл ішінде жемқорлықпен күрес елеулі нәтижелерге қол жеткізеді деп үміттенуге болмайды.
Қорыта айтқанда, цифрлық теңге бюджет қаражаты ашық әрі тиімді жұмсауға, оны қадағалауға мүмкіндік бере алатындай әлеуетке ие. Бұл механизм блокчейн, смарт-келісімшарттар және мониторинг жүйелерінің үйлесімі арқылы жүзеге асады. Әрине, белгілі бір сын-қатер, қауіп болуы да ықтимал, оны ешкім жоққа шығара алмайды.
Яғни, бұл бастама жемқорлықты тыюға сеп болуы мүмкін, ал түп-тамырымен жоюға көмектеседі деу, әрине артық. Дегенмен іске асар болса, бюджет қаражатының жұмсалуын ашықтық етуге айтарлықтай үлес қосатыны анық.