Сөз құдіретін таныған ғалым
Тілдік санасы сергек, ойы ұшқыр, шығармашыл тұлға академик Р.Сыздықтың зерттеулерінің нысаны да тілдің құрылымдық сипаттағы деректік жүйесі, статикалық күйі емес, тіл иесінің ішкі интенциясын ашып, жан дүниесі мен қимыл-әрекетін жарқыратып көрсететін сөздің динамикалық күйін бейнелейтін сөз құдіреті.
Ел тарихындағы егемендік қоғам өмірінің барша саласындағы тіл мен оның қолданысына жаңа серпін әкелді. Соған орай адам жанының рухани-әлеуметтік жаңғыруының айнасы, отбасынан бастап кез келген ұжымда қарым-қатынастың, ал жаһандық деңгейде ғаламдасудың тиімді құралы – тіл. Олай болса, қолданыстағы сөздің маңызы ерекше.
Қай заманда да, тіл иесінің елдік рухымен, ой-өрісімен айшықталатын қазақ сөзінің қолданыстық, өміршеңдік деңгейі мен ұлтты бірегейлендіру ықпалы ерекше болғаны белгілі. Сөзді өнер деп ұққан ата-бабамыздың дүниепайымында сөздің мәнінің қаншалықты жоғары екеніне тіліміздегі өнер алды қызыл тіл; сөз сүйектен өтеді; таяқ еттен өтеді; сөздің майын тамызды; сөздің тиегін ағытты; сөз тапқанға қолқа жоқ; сөзі қамшы болды; сөзі мірдің оғындай; сөзі түйеден түскендей, ақтық сөз, аталы сөз, басалқа сөз, бос сөз, бір ауыз сөз, жел сөз, жылы сөз, т.с.с. сөз қуатын, сөз ажарын, сөз қызметін айшықтаған сөздер мен сөз тіркестері дәлел бола алады.
Табиғатпен астас өмір кешкен, сайын далада еркін жүрген қазақ жұртының санасында қалыптасқан көркемдік әлемі сыртқа ерекше тілдік тұлғалардың (би-шешендер, ақын-жыраулар және т.б.) аузынан кестелі сөз боп өріліп, далалық ерлік мінезі қуатты сөз боп төгілгенінің талай жарқын үлгілері мәлім. Міне, тілдік санасы сергек, ойы ұшқыр, шығармашыл тұлға академик Р.Сыздықтың зерттеулерінің нысаны да тілдің құрылымдық сипаттағы деректік жүйесі, статикалық күйі емес, тіл иесінің ішкі интенциясын ашып, жан дүниесі мен қимыл-әрекетін жарқыратып көрсететін сөздің динамикалық күйін бейнелейтін сөз құдіреті. Біздің ойымызша, академик Р.Сыздықтың сан салалы зерттеулері мен еңбектерінің (әдеби тіл тарихы, жазу мен сөйлеу нормасы, Абайдың сөз өрнегі, лингвостилистика, тіл тарихы және т.б. мәселелер) басын бір арнада тұтастыратын арқау – мазмұнның тереңінде астарланған сөз әлеуеті. Осымен байланысты ғалым еңбектерінің өзегін құрайтын негізгі ұғымдар: сөз қолданыс, сөз мәдениеті, сөз сазы, сөз әдебі, сөз әлеуеті, сөз құдіреті, сөз өнері және т.б.
Осы мақсатына орай, қазыналы көздерден өрелі сөзді жинақтап жазған «Сөздер сөйлейді» атты кітабында рухани-танымдық мұра ретіндегі тарихи жырлар мен ақын-жыраулар тіліндегі адресатқа бағытталған сөздердің өзіндік қозғалысының тарихи-лексикологиялық немесе функционалдық, семасиологиялық динамикасын олардың танымдық мәні негізінде талдайды. Мысалы, ала сөзінің көпке белгілі түске қатысты қалыптасқан мағынасына қоса «ұрыс», «соғыс», «қырып-жою», «бүліншілік», «бей-берекет», «тәртіпсіз», «ретсіз», «анық емес» мағыналары анықталған. Осымен байланысты зерттеушінің: «ала балта – жай балта емес, соғыс құралы, «ұрыс балтасы» немесе ала ту деген тіркес о баста тудың түсіне қатысты емес, «ұрыста ұстайтын ту» деген ұғымда туған тәрізді. Ол ала тудың түсі жасыл, ақ, көк және т.б. болуы мүмкін» деген тұжырымдары тіл мен таным сабақтастығын көрсетеді. Сонымен қатар ала сөзінің тарихи-салыстырмалы, тарихи-семантикалы жүйеде жасалған лингвистикалық жаңғыруы көшпенді мәдениеттің өрісіндегі тіл иесінің мифтік таным көкжиегіне сай ассоциация негізінде тұтасқан ұғымның мәдени жаңғыруымен сабақтасады. Қараңыз: ала – алапат, аламан, алай-дүлей, аласапыран, ала топалаң, ала қырғын т.б.
Рәбиға апай көне тарихымыз бен төл мәдениетіміздің шежіресіндей «сөйлетіп» отырған ақын-жыраулар халық мүддесі мен ел тұтастығына сөз қаруымен де қызмет еткен. Олардың жырларынан алынған «сөздерді сөйлеткенде» Р.Сыздық сол заманға сай жалаң ақпаратты ғана іздемейді. Халықтың санасына ықпал етіп, рухын көтерген сөздердің мазмұнындағы рухани-танымдық күшті тануды мақсат етеді. Сол заманның ер тұлғалары, қоғам қайраткерлері іспетті ақын-жыраулардың қоғамдық-әлеуметтік, рухани-ағартушылық (үгіт-насихат және т.б.) қызметі үшін де қуатты сөздің көркем кестеде өрілуі қажет болғанын тілдік тұлғаның өзіндік танымына сай дискурстық жүйеде дәлелдейді.
Соның нәтижесінде сөз қуатының күші, сөз ажарының құбылуы арқылы көркем мазмұнға енуі сөздің коммуникативтік сапасын күшейтіп, сөздің бойындағы синергетикалық әлеуетін ашады. Бұл арада сөз тек жай коммуникативтік құрал ғана емес, сонымен бірге халықтың санасын оятып, рухын көтеретін, сөздің тарихи, әлеуметтік, мәдени мазмұнын ашатын танымдық та құрал. Оның астарындағы мәнін ашуда зерттеуші қазақ сөз өнерінде кеңінен қолданылған бейнелеп айтып, шешен сөйлеу дәстүрлеріне сүйенеді. Осымен байланысты жаугершілік заманға сай халық басындағы қилы-қилы хал-ахуалдар мен хандық билік аясындағы түрлі әлеуметтік, саяси жағдаяттарға куә болып, ортасында жүрген жыраулардың поэзиясында астарлап айту, тұспалдап сөйлеу сөз қолданыс үрдісін жаңа деңгейге көтергені белгілі.
Бүгінгі тәуелсіздік кезеңде мемлекеттік мәртебесі бекітілген қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге байланысты мәселелердің ішіндегі ең маңыздысы – қазақ сөзінің өміршеңдігі мен жасампаздығын айқындап, ұлттұтастырушылық қызметін іске асыратын рухани-әлеуметтік күшін таныту. Соның негізінде мемлекеттік мәртебесіне орай қазақ тілінің қоғамдық санаға қатысты танымдық, ақпараттық және т.б. қызмет атқарып, түбегейлі өзгерістерді қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. Бұл жағдайда қазақ тілінің тек коммуникативтік құрал ретіндегі қызметін ғана тану жеткіліксіз. Осыдан туындайтын жағдаят қоғамдағы сөздің әлеуметтік сұранысын, аксиологиялық мәнін, белсенді коммуникативтік-прагматикалық қызметін талап етуі бұл бағыттағы зерттеулердің аса маңыздылығын көрсетеді.
Қоғамдық-әлеуметтік қызмет барысында сөз әдебінің (нормасының) ерекше көрінетін мәдени-танымдық дәйегі – сөз мәдениеті. Сөз мәдениетінің ерекше бір айқын көрінісі жаңарған, жаңғырған қоғамдық-сананы кестелі сөзбен айшықтайтын қолданыс аясы, өзекті бір рухани-әлеуметтік арна – бұқаралық ақпарат құралдарының тілі.
Қазақ сөзінің қолданыстық әлеуетін ерекше сезінетін Р.Сәтіғалиқызының осы мәселеге қатысты пікірлері, талдаулары, мақалалары, сөздіктері («Жаңа қолданыстар» сөздігі – құрастырушылардың бірі және т.б.) құрылымдық лингвистика аясына сыймай, бүгінгі күннің өзегімен жалғасты. Атап айтқанда, бүгінде ақпараттық кеңістікте ұлттық сананың тілдік көрінісінің жалпыхалықтық сипатын танытатын қазақтілді басылымдардың саны күрт көбеюмен қатар, олардың сапалық-кәсіби деңгейі артып, тәуелсіз елдің еркін ойлау үрдісін сипаттайтын көптеген тың ізденіс мен шығармашылық тәсілдің алуан түрде қалыптасуына жол ашылды. Осыған орай, бұқаралық коммуникация тіліндегі жаңғырған этнолексикалық бірліктер адресат пен оқырманның когнитивтік санасындағы ұлттық, діни, қоғамдық-әлеуметтік, саяси ұғым-түсініктерді тілде жаңғыртатын сөз құдіретінің бір айғағы.
Академик Р.Сыздықтың тануындағы сөз қуаты мен әлеуеті – қазіргі қоғамдық-саяси, мәдени, әлеуметтанымдық және т.б. мәселелерге қатысты қоғам мүшелерінің назарын газеттер мен телебағдарламалар, интернет жүйесі арқылы берілген ақпараттар тіліне аудару, сұхбаттасу, пікірлесу шаршы топ алдындағы сөз, іскери қарым-қатынастағы сөз т.б. арқылы бұқаралық коммуникация белсенділігін күшейту, қоғам мүшелерінің сөз мәдениетін көтеру. Осы бағыттағы заманауи қазақ қоғамындағы сөздің рухани-әлеуметтік қажеттілігін жүзеге асыруға көмектесетін ізденістері ғалымның қазақ әдеби тілі тарихы туралы еңбектерімен тамырласқан «Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі» (2014 ж.) монографиясында түйінделіп, қазақ болмысын тіл арқылы танытатын құндылықтардың біріне айналды.
Р.Сыздық зерттеулерінің маңызды бір саласы тіл иесінің көркем ойлау жүйесінің көрінісі ретінде қаламгер тілінің шығармашылық тетігімен сабақтас өрілетін сөз өнерінің ерекше бір деңгейі – көркем мәтін тіліндегі сөзқолданысқа арналған («Сөз құдіреті», 1997 ж.). «Жазушы тілі және оның көркемдік әлемі» контексінде жеке шығармашылық тұлға тілінің көркем мәтіндегі поэтикалық қызметі авторлық/тұлғалық қолданыстың құралдары жүйесі аясында талданып, соның негізінде зерттелуші тілдік тұлғаның жоғары деңгейдегі рухани субстанциясы анықталады.
Осы тұрғыдан «Сөз құдіреті» монографиясында М.Әуезов, Т.Ахтанов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, С.Бердіқұлов, М.Мағауин, О.Бөкеев, А.Сүлейменов, Қ.Жұмаділов, К.Сегізбаев сынды қазақтың көркем сөзінің құдіретін әр қырынан танытқан қаламгерлер тілін талдауы көркем мәтін тілін зерттеу мен дискурстық талдаудың үлгісіндей. Бұл арада автор «сөз құдіретін» «қолданыстағы тілдің көркемдік қуаты, күші» деп түсіндіріп, тұлғаның шығармашылық және танымдық деңгейінің сабақтас нәтижесі ретінде бағалайды. Мысалы, А.Сүлейменовті өзгелерден айырып, ерекшелеп тұрған тұлғалық қабілетін былайша дәйектейді: «…жазушы Асқар бір нәрсені, затты, құбылысты, адамды сипаттағанда дәл келсе де нақты анықтауыштарды қолдана салмайды, бейнелі, астарлы, тосын эпитеттерді таңдайды. Асқардың суреттеген сәскесі – сары, бесіні – қоңыр, құптаны – қара, сәресі – құлан иек болып келеді» деп көрсетіп, A.Сүлейменовтің бас асау ашу, қыл бырау түскен намыс, шалқалап шыңғырған мінез деген эпитет-тіркестерін Абай үлгісімен өрбіген ұтымды сөзқолданыс деп бағалайды.
Өзінің бастау көзін академик Р.Сыздықтың өршіл рухты ақын Махамбет жырлары мен ұлы Абайдың феноменін оның «сөз өрнегінен» іздеген кешенді де жүйелі еңбектерінен алып, әрі қарай Рәбиға апай ғана таныған Дулаттың сыршыл жырларын талдаған лингвостилистикалық зерттеулерінің осылайша «Сөз құдіреті» монографиясына жалғасып, үлкен арнаға ұласты, өзіндік мектеп қалыптасты. Ұстаз-ғалымның Б.Шалабаев, Г.Мұратова, Г.Әзімжанова, Б.Нұрдәулетова, Қ.Есенова сынды шәкірттері қазақ тіл білімінде көркем мәтін лингвистикасының қалыптасып, одан әрі дамуына өз үлестерін қосуда.
Қорыта айтқанда, академик Р.Сыздықтың кең тынысты ғылыми-шығар-машылық кеңістігін тілдік санасында тұлғалық ой түзетін, ұлт руханияты мен тарихында орны бар, сөзінен биік те өршіл рух сезілетін, білімі мен біліктілігі жетілген, шешендік қабілеті мен ерекше танымдық қасиеті бар тегінен бойына сөз құдіреті дарыған тіл иесінің тілдік мұрасын зерттеу құрайды. Зерттеулерін зерделеп, сөзін тыңдап өскен, біз білетін рухы мықты, ер мінезді, санасы сергек, қоғамдық-әлеуметтік те, ғалымдық та белсенділігін жоғалтпаған, сөзді өнер деп ұққан дәстүрді жалғастырушы, ерекше шығармашыл тұлға, қазақ тіл білімінің абыз анасы Рәбиға апайдың ана тілін басқаша зерттеуі мүмкін емес. Бұл зерттеушінің тұлғалық болмысы мен ғалымдық мұрат үндесуінің сирек кездесетін жарқын үлгісі деп түсінеміз.
Жамал Манкеева,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының бас
ғылыми қызметкері, филология
ғылымдарының докторы,
профессор