Әбігер әлем

Жер-жердегі толқу мен наразылық бүкіл әлемнің назарын аударды.

Әбігер әлем
сурет: istockphoto.com
759

Осы аптадағы жаһан жаңалықтарынан мазасыздық лебі айқын сезілді. Жер-жердегі толқу мен наразылық бүкіл әлемнің назарын аударды. Одан бөлек, Еуропаны экологиялық, экономикалық мәселелер алаңдатуда. Солардың біразына шолу жасап өтсек.

Тұманды Альбионның тынышы кетті

Тұманды Альбионның тынышы кетті. Елдегі наразылық Саутпортта болған қай­ғылы оқиғадан тұтанды. Мұнда би саба­ғын­да 3 қыз бала пышақ жарақатынан қаза тап­қан болатын. Елдің премьер-министрі Кир Стармер шабуылды «қорқынышты жә­не жан түршіктірерлік» деп бағалады. III Чарльз патша «сұмдық оқиғаның қабыр­ғасын қайыстырғанын» айтты.
Осы жағдайдан кейін бірнеше қалада толқу басталды. Мыңдаған адам нара­зы­лық­қа шығып, жаппай тәртіпсіздік орын ал­ды. 7 тамызда The Economist басылымы жап­пай тәртіпсіздік 22 елді мекенге тара­ғанын хабарлады. 
«Ақ нәсілділер мешіттерге, қонақ­үй­лер­ге, мұсылман аудандарына және кәсіп­орын­дарға шабуыл жасады. Мұның қашан аяқ­талатынын айту қиын. Бірақ ақ нәсіл­шіл­дік неғұрлым аморфты және инте­рак­тив­ті бола түскені анық. Белгілі бір мағы­на­да бұл зорлық-зомбылық және оған кей­бір саясаткерлердің екіұшты реакциясы ульт­ра оңшылдардың бұрынғы зорлық-зом­былық толқындарын еске түсіреді», – деп жазды The Economist.
Ел бойынша 100-ден астам оңшыл топ наразылық ұйымдастырған. Бұ­ған қарсы «Нәсілшілдікке қарсы тұру» топ­­­­тары да жиналып, көшелерде на­ра­зы­лық білдіріп жатыр. Басты қақтығыстар Бир­мингем, Манчестер, Ливерпуль және Брис­толь қалаларында болды. Бұл қа­ла­лар­да наразы топ полицияға тас, бөтелке және жа­нғыш заттар лақтырылған. 
«Бұл наразылық елде елеулі дүрбелең ту­ғызып отыр және құқық қорғау орган­да­ры тәртіпсіздік жалғасады деп күтуде», – деп жазды Independent басылымы.
Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер бұл жағдайларға жауап ре­тін­де тәртіп пен әділеттілікті күшейтуге ша­қыр­ды және құқық қорғау органдарын тәр­тіп бұзушыларды қатаң жазалауға ба­ғыт­тады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы­ған байланысты 400-ден астам адам қа­мауға алынған. Олардың 100-і сот ал­дында жауап береді.
Express.co.uk мәліметіне сүйенсек, III Чар­льз патша әр күн сайын жаңартылған ақ­парат жіберіп отыруды талап етті. Ол бей­бітшілік пен тәртіпті сақтау үшін ха­лықты сабырға шақырды.
Осылайша, нәсілшіл және нәсілшілдікке қар­сы топтардың қақтығысы елдегі ты­ныш­тыққа сына қақты. Нәсілшілдікке қар­сы белсенді топ өкілдері кейінгі бірнеше күн­дегі тәртіпсіздіктердің ауқымы жаға ұста­татынын, бірақ таң қалдырмайтынын айт­ты. 
«Кейінгі 30 жылда елдегі дұшпандық ние­ті бар орта бұған жол ашты. Біз өзімізді қор­ғап, нәсілшілдікті жеңуіміз керек. Үйде болу қауіпсіз болу дегенді білдірмейді», – деп мәлімдеді Show Racism the Red Card ұйы­­­мының өкілдері.

Бангладештегі белгісіздік  

Осы аптада Бангладеште де жағдай күрт нашарлады. Ел жаппай нара­зы­­­лықтан дүрлікті. Наразылық жұмыс орын­дарының квота жүйесін қайта қарау­ды талап еткен студенттердің қозғалысы­нан басталып, кейін жалпы үкіметке қарсы сипат алды.
Елдің премьер-министрі Шейх Хасина ел­ді арандатып, бүлік бастаған наразылық біл­дірушілер студенттер емес, қылмыс­кер­лер екенін айтып, олармен қатаң күресу ке­рек деген мәлімдеме жасады.
Бангладеш инженерлік және техноло­гия­лық университетінің оқытушылары сту­дент-шерушілерді қолдады. Олар «Біз сту­денттерімізбен біргеміз», «Әрбір өтірік – шындыққа қарыз. Ерте ме, кеш пе қарыз тө­ленеді» деген жазу жазылған плакат ұс­тап шықты.
Осылайша, тамыздың басында нара­зы­лық үдей түсті. Премьер-министр Шейх Ха­сина және оның үкіметі отставкаға кету­ге мәжбүр болды. Шейх Хасинаның әкесі Шейх Муджибур Рахман Бангладештің не­гізін қалаушы және алғашқы президенті деп есептеледі. Шейх Хасина 1981 жылдан бас­тап Бангладештің Авами лигасының (Awami League) көшбасшысы болды және осы партияны басқарып, бірнеше рет пре­мьер-министр қызметін атқарды. 1975 жы­лы оның отбасы мүшелерінің көбісі төң­керіс кезінде қаза тапты, бірақ Шейх Ха­сина шетелде болғандықтан аман қалған. Ол кейіннен Бангладешке оралып, Авами лигасының жетекшілігін қабылдап, ел­дегі демократияны қалпына келтіру үшін күресін жалғастырды. Оның ел тарихында саяси қайраткер ретінде аты қалды, де­ген­мен, оның үкіметі адам құқықтары мен сөз бостандығы мәселесінде сынға ұшыраған болатын.
Шейх Хасина биліктен кеткен соң, әс­ке­­­рилер билікті өз қолына алды. Елде ко­менданттық сағат енгізілді. Жағдайды тұ­рақ­тандыру үшін Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның адам құқықтары жөніндегі жоғары ко­миссары Волкер Тюрк үкімет пен қауіп­сіз­дік күштерін адам құқықтарын қорғауға ша­қырды. Ол сонымен қатар, бейбіт жи­на­лыс­тар мен сөз бостандығын сақтау қажет екенін айтты.
Елдің Prothom Alo басылымы жек­сен­біде зорлық-зомбылық салдарынан кем де­генде 95 адам, оның ішінде кем дегенде 14 полицей қаза тапқанын хабарлады. Reuters ақпарат агенттігінің мәліметінше, қаза тапқандар саны Бангладештің жаңа тарихындағы кез келген наразылықтағыдан көп. Сондай-ақ 10 мыңнан астам адам тұт­қын­далды.
Елдегі жағдайға байланысты ҚР Сырт­қы істер министрлігі Қазақстан азамат­та­ры­на Бангладешке ахуал тұрақтанғанға дейін барудан уақытша бас тартуды ұсы­нып, ресми мәлімдеме жасады. Сондай-ақ қа­зір Бангладеште жүрген Қазақстан аза­мат­тарынан үйден шық­пау­ды, қауіпсіздік ша­ра­ларын барынша кү­шей­туді, елмен, рес­ми өкілдік­тер­мен тығыз бай­ла­ныста болу­ды сұ­рады. 
«Өкінішке қа­­рай, біз де­мок­­­ратия­мыз­дың біртіндеп ав­тократияға ай­налуымен де та­ны­мал болдық. Енді ел студенттік қо­з­­ға­лыстың арқа­сын­да осы автократия­дан тәуел­сіздігін алды, – деп жазды Уақытша үкі­мет­тің жаңа жетекшісі болып та­ғайын­далған экономика сала­сын­дағы Нобель сый­лығының лауреаты Мұ­хаммед Юнус. – Біз Бангладештің демок­ра­тиясы, өркендеуі мен бірлігінің алтын дәуірін бастау үшін бар күшімізді салуымыз керек».

Таяу Шығыс тыншымай тұр

Осы аптада Таяу Шығыстағы ахуал шие­ленісе түсті. MilitaryТimes ба­сы­­лы­мы­ның мәліметінше, АҚШ аймақта­ғы әс­кери күштерін көбейту туралы шешім қа­былдады. Бұл қадам Израильге қарсы Иран мен оның одақтастары тарапынан болуы мүмкін шабуылдарға жауап ретінде жа­салды деген тұжырым айтылады. АҚШ Қор­ғаныс министрлігі аймаққа жаңа әске­ри ұшақтар мен зымыранға қарсы қор­ға­ныс жүйелерін орналастыруды көздеп отыр деген де ақпарат бар.
Сонымен қатар Израильдің Газа сек­то­ры­на жасаған шабуылдары және ХАМАС пен Хезболла жетекшілерінің өлтірілуі ай­мақтағы шиеленісі одан сайын ушық­тыруы мүмкін деген алаңдаушылық бар. 
Израильмен қақтығысқа дайындалып жат­қан Иран Ресейден әскери көмек, со­ның ішінде озық әуе шабуылына қарсы қор­ғаныс жүйелерін сұрады, деп жазады The New York Times дереккөздерге сілтеме жа­сап. Олардың айтуынша, Мәскеу Иранға ра­дар­лар мен әуе шабуылына қарсы қорға­ныс жүйелеріне арналған жабдықтар жет­кізу­ді бастап кеткен. Иран және Ресей би­лігі бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.
Мәскеу Тегераннан ХАМАС саяси бю­ро­сы басшысының өліміне ұстамдылықпен жауап беруді сұрады, бұл үшін Тегеран Из­раиль билігін кінәлады, деп жазды Reuters агенттігі. 
«Таяу Шығыстағы үрейлі атмосфераға қа­рамастан, қарапайым халықтың тіршілігі жалғасып жатыр», – деп хабарлады Euronews. Телеарна 10 ай бойы күнделікті ше­кара қақтығысынан, шалғай аудандар­дағы ереуілдерден және қауіптің күшеюінен кейін фатализм сезімі орнаған сияқты сезілетінін жазған. Тұрғындар адамдардың көп­шілігі жиі ойнайтын әуе дабылына қа­ра­мастан күнделікті тірлігімен айналысып жүр­генін айтады. Euronews олардың «Біз жай ғана тыныштық болса дейміз, бізге со­ғыс емес, саяси келісім керек. Бізде қор­қы­ныш жоқ, бірақ ары қарай не болатыны белгісіз», – деген сөздерін жариялады. 
ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу Шы­ғыстағы жағдайға байланысты да ескерту жа­сап, Қазақстан азаматтарына аталған өңір­дегі ахуал тұрақтанғанға дейін Из­раиль мен Ливанға барудан уақытша бас тар­туға кеңес береді.

Карлес Пучдемон қайта оралды

Каталонияның бұрынғы президенті Кар­лес Пучдемон жаңа социалистік үкі­метті қолдауға қарсы болу үшін өз еліне орал­ды, бұл «қалыпты өмірге оралудың жал­ғыз жолы» деп мәлімдеді.
Пучдемон осыдан 7 жыл бұрын тәуел­сіздік туралы заңсыз референдум ұйымдас­тыр­ғаннан кейін Испаниядан қашып кет­кен болатын, ол бейсенбі күні оны қамауға алу туралы ордерге қарамастан еліне орал­ды.
Euronews мәліметінше, елде Пучдемон­ның он мыңдаған жақтасы жиналып, кей­біреулері V for Vendetta стиліндегі Пуч­де­мон маскаларын дайындаған. Бұл шеруді оның саяси партиясы Together for Catalonia (Junts) жаңа аймақтық үкімет қызметке кірісуі­не бірнеше сағат қалғанда ұйым­дас­тырылыпты.
Көптеген сарапшы Карлес Пучдемон­ның Испанияға оралуы оның тұтқындалуы­на әкелетінін айтты.

Сайлауға сақадай сай 

Камалла Харрис Демократиялық пар­тиядан АҚШ президенттігіне кандидат ретінде ұсынылатын болды, оны қолдап вир­туалды конференцияда партия деле­гат­тарының 99 пайызы дауыс берді. Енді ол 19-22 тамыз аралығында Чика­го­да өтетін партияның Ұлттық съезінде сал­танатты түрде номинация қабылдауы ке­рек, деп жазады Bloomberg. Харрис сайлауда жеңіске жетсе, АҚШ ви­це-президенті болатын серігі ретінде Мин­несота губернаторы Тим Уолцты таң­дады.

Жерорта теңізі қайнақ суға айналды

Еуропадағы ыстық бет қаратпай тұр. Экологтар дабыл қағуда. Кей сарап­шы­лар әсіресе теңіздің ысып кеткеніне алаң­дап отыр.
«Жерорта теңізі «жанып жатыр», – деп жаз­ды метеоролог Марта Альмарча Испа­ния­ның метеорологиялық порталына жаз­ған хабарламасында. Өткен аптада теңіз бе­тінің температурасы 30 градус Цель­сийге дейін көтерілген.
Франция мен Батыс Италияның айна­ла­сындағы жағалау аймақтарында да өте жо­ғары температура тіркелді. Жерорта теңі­зі бассейнінің барлығы дерлік ыстық­тан зардап шегіп жатқаны айтылады. Еу­роодақ­тың Copernicus қызметінің мәліметі бойынша, теңіз бетінің орташа темпера­тура­сы 15 ай бойы әдеттегіден жоғары бол­ды.
Испания жұмадан бастап жаздың төр­тінші аптап ыстығына дайындалып жатыр, теңіз де жылуды сезінеді.
Eltempio температура Жерорта теңі­зі­нің шығысында, яғни Түркия, Египет және Ли­вия, сондай-ақ Грекия мен Италияның оң­түстігінде де жоғары болады деген бол­жам айтты. Валенсия, Оңтүстік Каталония және Балеар аралдарына жақын теңіздер де ыстық болады деп күтілуде.

Италия «миллиардерлерге салынатын салықты» еселеді

Италияда жылжымайтын мүлік са­тып алатын бай экспаттар тұрғын үй бағасын күрт өзгерткеннен кейін жер­гі­лікті тұрғындар бұрынғы салық ереже­ле­рін сынға алды.
Италия үкіметі Италия азаматтарының шетелде алған табысына салынатын жыл сайынғы тұрақты салықты өсіру туралы ше­шім қабылдады. Жылдық төлем 100 мың еуродан 200 мың еуроға дейін өседі.
Жергілікті тұрғындар бұл салықты өз ара­сында мил­лиар­­дерлерге салынатын са­лық немесе футболшылар схемасына са­лынатын са­лық деп атайды. Бұл, сон­дай-ақ, бай­ларды Италияға тарту үшін жасалған қа­дам ретінде та­нымал. 2017 жы­лы салық ал­­ғаш енгізілген кезде, италия­лық шенеу­нік­тер бұл экономи­каға пайда әкеледі деп үміттенді.
Жүйенің пайдасын көрген та­нымал адам­дардың бірі 2018 жылы Туринге көшіп келген португалдық фут­болшы Криштиану Роналду болды. Бе­л­гіленген салықты төлеу арқылы рези­дент­тер 15 жыл ішінде шетел­дік кірістер, сый­лықтар мен мұралар үшін басқа төлемдерден босатылады.
Дегенмен, экономика министрі Джан­карло Джорджетти сәрсенбіде Италия қазір басқа елдермен «шіріген» байларға қаржы қыз­меттерін ұсыну үшін бәсекелесуге қар­сы екенін айтып өтті.
Елдер арасындағы төмен фискал жары­сы ЭЫДҰ және ХВҚ сияқты ірі ұйымдарға қолайлы емес құбылыс. Елдер өз аумағында ауқат­ты адамдар мен корпорациялардың болуынан пайда көруі мүмкін болса да, тым тиім­ді салық жеңілдіктері теңсіздікті арт­тырып, мемлекеттік қызметтерге нұқсан кел­тіріп, аймақтық теңгерімсіздіктерге әкелуі мүмкін.
Салықты көтеру арқылы қанша ақша тү­сетіні әлі белгісіз. Дегенмен салықты екі есе көбейту Италияға бюджет тапшылығын жеңуге көмектеседі деген сенім бар.

Париж пайдасыз қала ма?

Париждегі қоғамды тамақтандыру орындары әуелде болжанған не­месе уәде етілген пайда әлі түспегеніне на­ра­зы. Олимпиада ойындары кезінде та­быс еселенеді деген сенім ақталмаған.
Euronews мәліметінше, Олимпиада ке­зінде бизнес керісінше құлдырап кеткен.
«Туристер ағынына дайындалып жат­қанымызға бір жыл болды. Біз адамдарды жи­нап, қызметкерлерді босатудан бас тарт­тық», – деп сұхбат берген басылымға мей­рам­хана иелерінің бірі. Олар келушілер са­ны төмендегенін анық байқаған. Соны­мен қатар қауіпсіздік шаралары бұл аймақ­та­ғы адамдардың қозғалысын шектеп, ту­ристердің көшеге шығуын қиындатады.
Мәселен, классикалық француз мей­рам­ханаларының бірі қауіпсіздік шара­ла­рына байланысты террасасын алып тас­тау­ға мәжбүр болған, яғни ол сыйым­ды­лы­ғы­ның шамамен 62 пайызын жоғалтқан. Шы­ғынды өтеу үшін мейрамхана бағаны 30 пайызға көтеріпті.
Яғни, ел астанасындағы қоғамды та­мақ­­тандыру орындары жазғы Олимпиада ойын­дарынан айтарлықтай пайда келме­ге­нін алға тартады. Ал ел билігі науқан бас­талмас бұрын бәрі керісінше болатынын айтқан. 

Осы аптада болған оқиғалардың негізгілеріне шолу жасап өттік. АҚШ сайлауға дайындалса, Еуропа аптап ыстыққа алаңдаулы. Одан бөлек жер-жердегі толқу онсыз да ушығып тұрған геосаяси ахуалды шатқаяқтатып отыр.

Серіктес жаңалықтары