"Екі ұлым Олимпиададан екі алтын алып келеді деп үміттеніп едім" – Рахат Оралбай
Рахат Оралбай – бокстан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай және Париж Олимпиадасының қатысушысы Айбек Оралбайдың әкесі
Екі күннен соң жаһан жұрты көз тіккен Олимпиада ойындары аяқталады. Үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекенің жалпы командалық есебінде Қазақстан құрамасы 28-орынға табан тіреді. Ел қоржынында 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлде бар. Қазір күні кеше бір күнде қос күміс медаль иеленген боксшы Нұрбек Оралбай мен грек-рим күресінің шебері Демеу Жадыраевтың жетістігі ел ауызында жүр. Осы ретте құрама қоржынына күміс жүлде салған Нұрбек пен оның егізі, Олимпиаданың екінші айналымында жарыс жолынан шығып қалған Айбектің әкесі Рахат Оралбайға хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.
– Ең әуелі Олимпиада бойы ұлдарыма жанкүйер болып, тақымдарын қысып отырған қазақ еліне сансыз алғыс айтамын! Кеше Нұрбек ұлым финалда жеңіске жетіп, Қазақстанға алтын жүлде сыйлайды деп үміттеніп едім. Төрешілердің шешімімен сондай нәтиже болды. Алайда бұған өкініш жоқ. Тек сәл қобалжып тұрмын (көңілі босап). Алла қаласа қос тарланым келесі Олимпиадада ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстан халқын қуантады деп сенемін. Осы Олимпиадада атой салып, алақайлап қуантса деген асыл арманым бар еді. Бірақ мен өкінгеннен ештеңе орнына келмейді. Бір үйден екі баланы баптап байрақты бәсекеге жіберу – мен үшін үлкен бақыт! Егіз боксшылардың Олимпиадаға дейін жетуі тарихта қалатын жайт қой.
Олимпиада секілді бәсі биік додаға барғанның бәрі алтын медаль алсам деп барады. Сол үшін олар қаншама жыл тер төгіп, бар ғұмырын сарп етеді. Жаһан мықтылары жиналатын жарысқа осал спортшы бармайды. Бәрі де сан түрлі кедергі мен іріктеуден өтіп, әбден ысылғандар. Сен тұр, мен атайындар. Сондай қалың атлеттің арасынан іріктеліп, финалға дейін іркілмей жеткен Нұрбегіме ризамын!
Ал Айбекті сөз етер болсам, ол бірінші кездесуде жақсы жұдырықтасты. Ал екінші кездесуінде жеңілуіне төрешілер қателігі себеп болды дер едім. Негізі, екеуі де Парижге өз бабында барды. Өзім спортқа жақын болған соң, олардың жаттығу жиындарын бақылап, күнделікті қадағалап жүрдім. Екі ұлым Олимпиададан екі алтын алып келеді деп үміттенген едім. Алайда Айбектің екінші айналымда сүрінуіне төрешілер «көмектесті» деймін.
Екеуімен әлі сөйлеспедім. Екеуінің бір-бірі үшін жүрегі ауырады. Сол үшін мазаламайын, өз өздеріне келсін дедім. Парижбен үш сағат айырмасы бар. Біраздан соң хабарласып, жағдайларын білемін. Оған дейін кешегі финалдық кездесуді қайта көріп, Нұрбектің қай тұста қандай қателік жібергенін мұқият қарап көремін. Екеуі бір кіндіктен жаралған соң, бір-бірін қимайды. Біреуінің ұтылғаны екіншісіне де әсер етеді. Кеше де интернеттен Айбектің құдды бір рингке өзі шыққандай айқайлап, бір орында отыра алмай, тыпыршып отырғанын көрдік. Қанша дегенмен егізі ғой. Екеуінің арасы – бес минут. Бір-бірі үшін қиналғанын көрген біздің жүрегіміз ауырып отыр. Кеше финал аяқталысымен хабарласпағаным да сондықтан.
Айбек пен Нұрбек – үйдің үлкендері. Олардың екі інісі бар. Төртеуі де спортқа жақын. Өзім еркін күрестен бапкер болғасын Айбек пен Нұрбекті кішкентайында көтеріп алып, күніне екі мезгіл жаттығуға алып кететінмін. Екеуін бозкілемге жіберген сайын олар балуандардың жаттығуына қызығып қарап, ақырында бір-бірімен ойнап, күресуді шығарды. Сосын залдағы балалар екеуін күрестіріп, ақырында екеуі де спорт десе, ішер асын жерге қоятын болып өсті. Менің жолымды қуып, еркін күресті серік етсе деп ойлап едім. 2008 жылы Астанаға жұмыс бабымен көшіп келгенде, балаларды күрес секциясына бердім. Алайда олар боксты жақын тартып, бір күні «Әке, біз бокста қаламыз. Ренжімейсіз бе?» деп рұқсат сұрады. Екеуіне бірдей ұнаған соң, олардың бұл шешімін құптадым. Міне, содан бері екеуі талай жарыстан жүлделі оралып, дұрыс таңдау жасағандарын дәлелдеп жүр.
Біз екеуіне бірдей жанкүйер болатынымыз айтпаса да түсінікті. Екеуі жарысқа кеткенде аяғына дейін бақылаймыз. Былтыр Ташкентте өткен әлем чемпионатына отбасымызбен барып, жанкүйер болғанбыз. Айбек жеңіліп қалған соң келесі кезеңге өткен Нұрбекке анасы «Балам, біз қайта берейік» деп айтса керек. Мен олай айтқанын білмейді екенмін де. Сол кезде Нұрбек «Анашым, мен ше?» деп айтқанын бір сұхбатта айтып, көпшілікті бір күлдірткен. Дегенмен біз екеуі қатысқан барлық жарысты бас-аяғынан көруге тырысамыз.
Мен әкесі болғасын көрген кезде айқайлап отырамын. Ал анасы кейде жүрегі шыдамай, басқа бөлмеге кетіп қалады. Алайда кеше Олимпиада финалын туыстарымызбен бірге отырып тамашаладық.
Ұлдарым қазір 24-те. Олар мұнымен тоқтап қалмайды. Уақыт деген зымыран ғой. Бұдан соң екеуі бұрынғыдан бетер дайындалып, әбден шынығып, 2028 жылы Америкада өтетін Олимпиада ойындарында атой салады!
Сөз соңында тағы да қос ұлыма жанкүйер болған Қазақстан халқына алғысымды айтқым келеді! Біздің халық – мықты жанкүйер, керемет қолдаушы. Көпшілік спортты жақсы біледі. Мұндай қолдаушылары барда біздің спортшылар әлі талай жарыста абыройымызды асқақтатады!
Қазақстанымыз өрлей берсін! Жеңісіміз көп болсын! Көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқала берсін!