Ақшаны доллармен жинаған тиімді ме? Әлде еуромен бе?

Көпшілік депозитке ақшаны доллармен жинағанды жөн көреді. Ал шын мәнінде доллардан да маңызды валюта бар. Әсіресе ұзақ мерзімді депозитке ақша жинағанда өте тиімді. Ол – еуро.

Ақшаны доллармен жинаған тиімді ме? Әлде еуромен бе?
www.istockphoto.com
2647

Біз үнемі тек доллар бағамын бақылап, еуроны көп жағдайда көзден таса қалдырамыз. Себебі экспорт пен импорт доллармен есептеледі, мұнай бағасы да долларға байланған. Девальвация деген ұғым халықтың түсінігінде құбыжықтан кем емес. Бұл да көз алдымызда доллардың «құндылығын» арттырып көрсететін фактордың бірі. 

Осы мақалада доллар мен еуроның 1999 жылдан бергі бағамына шолу жасадық. Ұзақ мерзімді инвестиция ретінде ақша жинау үшін неліктен еуро тиімді екенін түсіндіріп көрмекпіз.

Еуро – ресми валюта ретінде 1999 жылдың 1 қаңтарында айналымға енді. 25 жылдық тарихы бар валюта күні бүгін доллармен теке-тіресіп, әлем бойынша көш бастап тұрған валюталардың бірі. Еуроны – Еуропаның орталық банкі басқарады. Бұл банк – тәуелсіз орталық банк саналады.

1999 жылы 1 еуроның теңгеге шаққандағы орташа бағамы 130 тг болған. Содан бері еуро ел тарихында ешқашан құлдырамаған. Доллар сияқты тек өсумен келеді. 2003 жылы еуро бағамы 168 тг болса, 2011 жылы 205 теңгеден асқан. Айналасы жеті-ақ жылдың ішінде, яғни 2018 жылы бір еуроның бағамы 400 теңгеден асып түскен. Яғни жеті жылда құны екі есе көтерілген. Пандемиядан кейін, 2021 жылы бұл бағам 500 теңге жетті. Қазір 1 еуро 520 теңге тұрады.

Қарап отырсаңыз 25 жылда еуроның құны тура 4 есеге өскен. 1999 жылы 130 теңге болған еуро, бүгінде 520 теңгеге жетті.

Ал доллардың өсімі қандай? 1999 жылы елімізде алғаш рет девальвация болып, доллар 85 теңгеден бірден көтеріліп, жылдық орташа бағамы 130 теңге шамасына тұрақтады. Яғни еуро мен доллардың 1999 жылғы бағамы бірдей. Ал бүгін доллардың бағамы 476 теңге болып тұр. 25 жылда доллар 3,6 есе өскен.

Ширек ғасыр бұрын еуро мен доллар аяқ алысын бір межеден бастаса, бүгін де еуро алға озған. Демек ұзақ мерзімге ақша салғыңыз келсе доллар емес, еуро әлдеқайда тиімді деген сөз.  

Серіктес жаңалықтары