40 мың тұрғын жылусыз қалуы мүмкін

Шахтинск қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Мәжіліс депутаттары, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері Үнзила Шапақ, Тілектес Адамбеков пен Никита Шаталов жергілікті жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын көріп қайтты.

40 мың тұрғын жылусыз қалуы мүмкін
сурет: amanatpartiasy.kz
287

Қарағанды облысы Шахтинск қала­сы­ның тұрғындары өткен қыста үйлерінің суық екенін айтып, бірнеше рет шағым­дан­ған. Осыған баланысты Мәжіліс депутат­та­рына және «AMANAT» партиясына бірнеше өтініш түсті. Пәтерлерде және әлеуметтік ны­сандарда ауа температурасы +12-15 дейін төмендеген.
Депутаттар жөндеу жұмыстары қалай жү­ріп жатқанын көріп, алдағы жылыту мау­сымына дайындық мәселелерін станса басшылығымен, мердігерлермен және қа­ла­лық, облыстық әкімдік өкілдерімен тал­қылады.
– Егер барлық жұмысты уақытында аяқ­тамасақ, қаладағы 40 мыңға жуық тұр­ғын жылусыз қалуы мүмкін. Тозығы жеткен ком­муналдық желілердің санын азайту жә­не тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық­тың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағ­дарламасының басым бағыттарының бірі. Биыл қыста адамдар электр қуатын ар­тық жұмсап, жылытқыштарды қосуға мәж­бүр болды, терезелерге мұз қатты. Сазға ұқса­ған көмірдің сапасы да сын көтермеді. Де­путаттар ЖЭО мәселесін ерекше бақы­лауда ұстайтын болады, – деді Мәжіліс депутаты Никита Шаталов.
«Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС өкіл­дерінің хабарлауынша, қазір үш қазандық қон­дырғысында монтаждау жұмыстары жү­ріп жатыр. Ал екі турбинада ағынды бө­­­лімнің жұмыстары аяқталды. Негізгі жә­не қосалқы жабдықтарды дайындау да жал­ғасуда. Тұрғындардың үйін жылыту үшін осы жазда Шахтинск қаласында 3,7 ша­қырым жылу желісін ауыстыру жос­пар­ланған. Сондай-ақ 2 шақырымдық құбыр­дың жылу оқшаулауы қалпына келтірілмек. Жөндеу жұмыстарына барлығы 150-ге жуық адам жұмылдырылған. 
– Мердігер ұйымдар №1, №3 және №4 қа­зандықтарында жұмыс істеп жатыр. №1 қазан­дықтың жөндеу жұмысы аяқталды, №3 қазандықта монтаждау және демонтаж жұ­мысы жүргізілуде, ол жылыту маусымы бас­талғанға дейін аяқталады. №4 қазан­дық­ты жөндеу 15 қыркүйекке дейін аяқ­та­лады. Бұған қоса, екі турбогенератордың жөндеу жұмыстары 100 пайыз орындалған. Қазандықтар мен бу қазандарын тазалау жә­не монтаждау жұмыстары жүргізілуде, – деді «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС техни­калық директоры Абылай Сейдуәлі. 
Сонымен қатар қоршаған ортаның лас­тануының алдын алу үшін көмірдің ор­нына табиғи газбен жылыту мәселесі қарас­тырылуда. Қала шекарасына жоғары қысымды газ құбыры тартылды, ал биыл ав­томаттандырылған газ тарату стан­са­сының құрылысын аяқтау жоспарланды.
Еске сала кетейік, бұған дейін «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері Шах­тинск қаласындағы жылу мәселесін кө­те­ріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған бо­латын. Осыған байланысты Қарағанды об­лысы бойынша Атомдық және энер­ге­тикалық қадағалау мен бақылау комитеті Шах­тинск ЖЭО-на жоспардан тыс тексеру жүр­гізіп, температуралық кестені сақта­ма­ғаны үшін айыппұл салды.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының сай­лауалды бағдарламасын жүзеге асыру ая­сында Қарағанды облысында 247,3 ша­қырымдық жылу желілерін, 320 шақы­рым­дық электрмен жабдықтау желілерін, 110,8 ша­қырымдық су бұру желілерін күрделі жөн­деу және қайта жаңарту жоспарланды. Сон­дай-ақ 2027 жылға дейін 109 ауылдық елді мекенде блок-модульді су тазарту ке­шендері орнатылып, 10 елді мекенге газ жет­кізілетін болады.

Серіктес жаңалықтары