Үзілмеген үміт: Елімізде 4 099 адам донорға мұқтаж
Қазақстанда транспланттау оталары 2012 жылдан бері жасалып келеді. Бүгінде елімізде 40 донорлық стационар, транспланттау бойынша ота жүргізуге лицензиясы бар 7 орталық қызмет етеді.
Әлемде жыл сайын 157 000-нан астам ағза ауыстыру отасы жасалады екен. Ең жиі ауыстырылатын бүйрек, бауыр мен жүрек. Мәселен, 2023 жылы АҚШ-тың өзінде ғана 46 632 ағза ауыстыру отасы жасалған. Осыдан-ақ әлемде донорға мұқтаждар санының артып отырғанын көруге болады.
1 донор 8 адамның өмірін құтқарады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем бойынша 850 млн адам бүйрек ауруларынан зардап шегетінін мәлімдепті. Әрбір оныншы адам созылмалы бүйрек ауруымен ауырады екен. Ал 2040 жылға қарай қайтыс болатын әрбір бесінші адамның диагнозы бүйрек ауруларынан болады деген болжам жасайды.
Жаһандық донорлық және транспланттау обсерваториясы таратқан мәліметке сүйенсек, Африка (10 ел), Америка (21 ел), Еуропа (40 ел), Шығыс Жерорта теңізі аймағы (12 ел), Тынық мұхитының батыс бөлігі (12 ел), Оңтүстік-шығыс Азия аймағы (9 ел) донорлық пен транспланттау бағдарламалары ең көп қолданылатын аймақтарға жатады екен.
Әлемнің дамыған елдері мәйіттік донорлық арқылы ағза ауыстыруды жылдан-жылға дамытып жатыр. Тіпті, «Мәйіттік донорлығы дамымаған елдің медицинасы да дамымаған» деген түсінік бар екен. Бұл мәселеде Азия елдеріндегі көрсеткіш әлі де төмен. Дәрігерлер мәйіттің миы «өлгеннен» кейін жүрегі, бауыры, екі бүйрегі, екі көздің қасаң қабығы, ұйқы безі, өкпесін алып, 8 адамның өмірін құтқаруға болады дейді.
Қазақстанда 4 099 адам донорға мұқтаж
Қазақстанда транспланттау оталары 2012 жылдан бері жасалып келеді. Бүгінде елімізде 40 донорлық стационар, транспланттау бойынша ота жүргізуге лицензиясы бар 7 орталық қызмет етеді. Солардың бірі – «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы». Мақсаты – ағзалық донорлықтың тиімді ұлттық жүйесін құру және трансплантология ғылымын дамыту. Аталған орталықтың есебі бойынша (2024 жылғы 10 мамырдағы жағдай бойынша) Қазақстанда 4 099 адам донорға мұқтаж, оның ішінде 100-ден астамы балалар. Статистика пациенттердің 90 пайызы бүйрек трансплантациясын күтіп отырғанын көрсетеді.
Жалпы, елімізде созылмалы бүйрек ауруына шалдыққандар саны жыл сайын артып отыр. Мамандар бұл аурудың жылдан-жылға жасарып бара жатқанына алаңдаулы. Аурудың жас талғамай кең таралауына газдалған сусындарды, анальгетиктерді, диеталық қоспаларды пайдалану себеп болып отыр.
– Бүгінде 9 мыңға жуық қазақстандық гемодиализ процедурасын алады. Мұндай науқастардың саны жыл сайын артып келеді. Алайда Қазақстанда бейінді мамандар тапшы, бар-жоғы 400-ге жуық нефролог бар. Созылмалы бүйрек ауруы 5 кезеңнен тұрады. Бүйрек ауруының белгілері байқалмайтындықтан пациенттер аурудың соңғы сатыларында дәрігерге жүгінеді. Егер біз пациенттерде диагнозды ерте сатыда, ең болмағанда үшінші немесе төртінші А сатысында анықтайтын болсақ, гемодиализді терапияның көмегімен кейінге шегеруге болады, – дейді м.ғ.д., С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың Нефрология кафедрасының меңгерушісі Абай Шепетов.
Елімізде тірі донорлар көп
Пациенттер өз донорын ұзақ күтетініндіктен күйеуіне, бауырына, туысына бүйрегін, бауырын беретін тірі донорлар бар арамызда. Жақында Шымкент қаласында болған қуанышты жағдай қазақстандықтарды елең еткізді. Күйеуіне бір бүйрегін берген әйелінің әрекеті көпшілікті сүйсінтті. Ер адам бір жылдан бері созылмалы бүйрек жетпеушілігімен донор күтіп кезекте тұрған. Сүйген жарының кезек күтіп сарылғанын, гемодиализ аппаратына тәуелді болғаны жанына батқан әйел өз еркімен бір бүйрегін берген. Сәтті жасалған ота нәтижесінде науқас пен донордың жағдайы жақсы дейді дәрігерлер.
Елімізде бүйрек жеткіліксіздігі бірінші орында. Екінші орында, жүрек, одан кейін бауыр мен ұйқы безі. Жүректі қажет ететін науқастардың жағдайы тіптен ауыр. Орташа есеппен жыл сайын тізімнен 150-ден 340 адамға дейін шығарылады екен. Олардың арасында сауығып тізімнен шығарылғандардан қайтыс болғандар көп дейді мамандар. Мәселен, 2022 жылы 209 трансплантация жасалған, оның 92 пайызы тірі донор болған.
Елімізде трансплантация саласының тұралап қалғанын сала мамандары да айтады. Бірнеше мың адам науқас күту тізімінде тұрғанымен, жылына жасалатын ота саны тым аз. Әсіресе, балаларға донор табу өте қиын. Көп жағдайда табылмайды да. Әсіресе, жүрек пен өкпе алмастыруды қажет ететін пациенттерді аман алып қалу мүмкін емес. Өйткені елімізде кәмелетке толмағандардан өлгеннен кейін ағзаларын алуға заңмен тыйым салынған. Жалпы, елімізде ағза сату заңсыз. Адам ағзаларын сатумен күрес бойынша Еуропа кеңесі Конвенциясына сәйкес «Адам ағзасы сауда-саттық заты немесе қаржылай пайда табудың көзі болмауы тиіс». Ал «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 169-бабының 3-тармағында Қазақстанда адам ағзаларын сатып алу-сатуға тыйым салынған.
– Бүгінде 6 млн баланың 112-сі диализде. Олардың өмірін тек осы процедура ғана сақтап тұр. Егер осыдан бес жыл бұрын 12-14 бала бүйрек алмастыруға мұқтаж болса, қазір әрбір миллион халықтың ішінде 17 бала бүйрек ауыстыруды қажет етеді. Көрсеткіштің өсу себебі – қарапайым мәйіттік донордың болмауы. Донор табылмаса, ата-анасының сараптамалары дәл келген жағдайда трансплантация туғанынан жасалады. Алайда отадан кейін балаға ғана емес, ата-анасына да үлкен күтім қажет болады. Біздің елде мәйіттік донорлықты халыққа дұрысынан насихаттау қажет, – дейді University Medical center корпоративтік қоры директорының орынбасары Шолпан Алтынова. Оның айтуынша, 10 жыл ішінде 1 600-ден астам трансплантация жасалса, оның 1 400-ден астамы туыстық донорлық. Яғни, 10 жылдан бері 1 500-ге жуық қазақстандық бір бүйрекпен өмір сүріп жатыр. Бұл көрсеткіш елімізде сау азаматтарымыздың біртіндеп азайып бара жатқанын көрсетеді. Ресми мәліметтерге сәйкес, 46 пайыз жағдайда балаларға аналары донор болады екен.
30 пайыз адам донорды күтпей өліп кетеді
Былтыр Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова донорларға мемлекеттен төлем төлеуді ұсынған болатын. Оның айтуынша, былтыр донор күткен 320 адам қайтыс болған. University Medical Center басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова жыл сайын жүрек трансплантациясын күту тізіміндегі адамдардың 30 пайызы органды күтпей өліп кететінін мәлімдеген болатын.
Елімізде адам ағзасын заңсыз алу, трансплантациялауға байланысты дау-дамайлар жыл сайын жаңа мүшеге мұқтаж адамдар санын арттырып, трансплантациялық оталар санын азайтып отыр.
– Заңнамада қайтыс болған адамдардың органдарын алуға келісім презумпциясы нақты айқындалмағандықтан, мәйіттік донорлық қазір дамымай жатыр. Тек туысқан донорлардың органдары алынады. Бұл саланың тоқырауының негізгі себебі – қайтыс болған және туыс емес донорлардың органдарының жетіспеушілігі, – деген болатын Гүлдара Нұрымова.
Депутат елімізде заң болғанына қарамастан, оны іске асу механизмі жоқ екенін және жасалатын ота құнының тым қымбаттығын жеткізді. Сонымен қатар елімізде қайтыс болған адамның донор болу мәселесі ақсап тұр.
– Біз қайтыс болғаннан кейінгі донорлық керек пе, әлде жоқ па деп отырғанда көз жұматындардың саны артады. Айта кету керек, олардың дені – 18 бен 35 жас аралығындағы жастар. Өкінішке қарай, халық бұл мәселеге көз жұма қарайды. Адамдар мұндай мәселемен бетпе-бет келгенде ғана ойлана бастайды, – деді Мәжіліс депутаты.
Елімізде ағза донорлығына байланысты халық арасында сенімсіздік пен қорқыныш бар екені рас. Олай болуы заңды да, өйткені қайтыс болғаннан кейін ағзаларын алуға рұқсат беру мәселесіне байланысты заңдар мен ережелер халыққа әлі де толық түсінікті емес. Мәселен, 2017 жылмен салыстырғанда 2022 жылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлық 5 есе төмендеген. Бұл көрсеткіш халықтың донорлыққа дайын емес екенін және заңнамалық негіздің жетіспеушілігіне байланысты болып отыр. Сондай-ақ халық арасында донорлыққа теріс көзқарастың қалыптасуына діни фактор да әсер етеді. Осы ретте ҚМБД-ның трансплантация жасау туралы ресми сайттарына жүктелген ақпаратты таптық. Онда: «Жалпы трасплантация жасау, яғни бір адамның (тірі болсын, мейлі өлі болсын) кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып, қондыру рұқсат етіледі. Алайда бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде және белгілі бір шарттары толық орындалған жағдайда ғана рұқсат, – деп көрсетілген.
Дінімізде донордың өзіне немесе өлгеннен кейін мирасқорларына ағза өтемі ретінде материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету шартымен, сауда-саттық, пайда табу секілді мақсаттар көзделетін болса трансплантация жасау рұқсат етілмейді.
Дін рұқсат бергенімен, марқұмның туыстары мұндай қадамға бара бермейді. Донорға мұқтаж жандардың әр сағаты санаулы. Қазақстанда орташа көрсеткіш бойынша пациент донордың ағзасын 5-6 жыл бойы күтеді екен. Өйткені марқұмдардың донор болуына туыстары келісім бере бермейді.
Елімізде ағза ауыстыруға мұқтаж жандардың көбеюіне донор мәселесі тиісті деңгейге жетпей жатқаны себеп екенін осыған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да айтқан болатын. Қызметіне кірісе сала трансплантология мәселесіне назар аударып, бұл бағыттағы жұмыс неғұрлым жақсы жүрсе, аурушаңдық пен өлім-жітім азаятынын мәлімдеген еді министр.
– Қазақстанда мәйіттік донорлық қарастырылған. Заң халықаралық тәжірибеге сүйеніп қабылданған. Бұл жүйені дұрыс жолға қою үшін тарифтерді қайта көтеруіміз керек. Бірнеше сатыдан тұратын жұмыс болады. Бұл жерде халықтың келісімін алмай болмайды, ол үшін халық та, қоғам да оған дайын болуы керек, – деген болатын.
Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі ағзалық донорлықты дамыту үшін келісім презумпциясын енгізуді қарастыруда. Бұл тәсіл бойынша, егер адам көзі тірісінде ағзаларын алуға тыйым салмаған болса, ол қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келіседі деп саналады, ал туыстарының қосымша рұқсаты қажет емес.
Бүгінде қоғамда донорлыққа оң көзқарас қалыптастыру маңызды болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс алдымен халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ашық жүргізуден басталуы керек. Мәселен, әрбір қазақстандық өзі қайтыс болғаннан кейін донор болуға ықтияры бар-жоғын көзі тірісінде gov.kz порталында жазып көрсете алатынын да айту керек. 2020 жылдан бері порталда 25 мыңға жуық өтінім тіркелген. Оның тек 1 200-і ғана келісім берген. Яғни, өтінім бергендердің 95 пайызға жуығы донор болуға қарсы. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ел халқының 73 пайызы мәйіт доноры болуға келіспейді.
Бекарыстан АМАНЖОЛОВ,
«AMANAT» партиясы Саяси жұмыс департаментінің бас консультанты:
Донор боламын деген шешімді бірден қабылдадым
Елімізде бауырының жартысын беріп өмір сүріп жатқан донорлардың бірі – Бекарыстан Аманжолов. Ол былтыр досы Уәлиханның 4 айлық қызына бауырының үштен бір бөлігін беріп, балапанның өмірін құтқарып қалды. Бекарыстан мен кішкентай Әсияның бүгінгі жағдайын білу мақ-сатында бейбіт күннің батырына хабарласқан болатынбыз.
– Әсия екеуіңізге ота жасалғалы бері бір жылдан асты. Сәл артқа шегініс жасап сол кезде бастан кешкен сезімдеріңізді бір еске түсіріп өтсеңіз.
– Әсия – менің студент кезден бір нанды бөлісіп жеген Уәлихан деген досымның қызы. Балапан туғаннан кейін 10 күннен соң ауырып, қинала бастады. Алғашында диагнозын анықтау қиын болды. Еліміздегі ең мықты деген мамандарға қараттық. Көптеген тексеруден кейін балаға бауыр циррозы диагнозы қойылды. Елімізде емдеу мүмкін емес, отаны Түркияда жасату керек деді. Оған 40 млн теңге керек болды. Туған-туыс, дос-жаран, бәріміз қосылып қолымыздан келгенше көмектесуге тырыстық. Арнайы қор ашып, халықтан көмек сұрап, қажетті қаражатты жинастырдық. Қаражат жиналып жатқанда түркиялық дәрігерлер қызға бауырын алмастыру үшін донор қажет екенін айтты. «Жаратушыдан қызға бір көмегім тисе екен» деп тілеп жүрдім. Екі ай ғана өмірі қалды деген сөз маған қатты әсер етті. Донор боламын деген шешімді бірден қабылдадым.
Бірақ дәл сол ота жасалатын күні қатты қорқыныш болды. Қорықпадым деп көлгірсіп, өтірік айтқым келмейді. Шешінген судан тайынбас. Менің жүріп өтер өмірлік жолым осы, қазір қорқақтап артқа шегінсем бір адамның өміріне зиян келетінін түсіндім. Отаға дайындай бастағанда тез бітсе екен деген тілек болды іштей. Наркоз бергеннен кейінгісі мүлдем есімде жоқ. Өз-өзіме келгенде отаның сәтті өткенін естіп, тәубе дедім.
– Донор болған адам өзін өмір бойы күтінуі керек дейді. Қазір денсаулығыңыз қалай?
– Түркияның медицинасы өте жақсы дамыған екен. Бес күнде мені аяққа тұрғызды. Донор ретінде бауырыңызды берсеңіз, өт жолдарын қоса алып тастайды. Сондықтан асқазанға біраз күтім керек екен. Бір жыл бойы тоқтаусыз тексеруден өтіп тұрдым, дәрі іштім, диетада жүрдім. Жүгіруге, спортпен қатты айналысуға болмайды. Қазір ақырындап шектеулер алына бастады. Шынымды айтсам, денсаулық күтіміне кереметтей мән берген жоқпын. Негізі, 5-6 айға дейін толық емдеу курсынан өту керек. Бірақ мен 2-3 айдан кейін жұмысқа шығып кеттім. Өйткені өзімнің де отбасым болғандықтан жауапкершілігім бар. Бүгінде денсаулығым жақсы, шүкір.
– Әсиямен жиі хабарласып тұрасыз ба?
– Әсияның жағдайы бірқалыпты. Біріншіден, қазіргі жағдайын сақтап тұру үшін өмір бойы дәрі ішеді, әйтпесе емдеу процесі қиын болады. Екіншіден, трансплантация – хирургиялық оталардың ішіндегі ең қиыны. Донор табу, ота жасау бір бөлек, отадан кейін пациенттің бөтен ағзаны қабылдауы екінші мәселе. Қанша дегенмен бөтен ағза адамның иммундық жүйесіне шабуыл жасап, әлсіретіп отырады. Иммунитеті төмен адамның кез келген ауруды тез қабылдайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан Әсия ата-анасының тұрақты бақылауында, дәрігерлердің қарауында. Қазір олар Алматыда тұрады. Түркияда ота жасаған дәрігер Қазақстанға келіп тұрады. Сол сәтті пайдаланып Әсияны да қаратып алады.
– Сіздің донор болғаныңыз көптеген қазақстандыққа үміт отын сыйлаған сияқты. Донор болғысы келетіндерге қандай кеңес айтар едіңіз?
– Әр адам өз өміріне жауапты, шешімді де әркім өзі қабылдайды. Бірақ донор болу денсаулыққа зиян болмаса, оны көтере алатын болсаң, неге көмектеспеске? Біздің қоғамда донор болып өмір сүріп жатқандар өте көп. Сондықтан бір адамның өмірін сақтағыңыз келсе, көп ойланбау керек. Ой пайда болған сайын ол күдікке алып келеді. Күдік сенімсіздікке, сенімсіздік үрейге, үрей соңында бас тартуға алып келеді. Сол себепті көп ойланудың қажеті жоқ. Шешімді тез қабылдау керек.
– Әңгімеңізге рахмет!