«Кілемнен әзір кетпеймін»: Демеу Жадыраев Олимпиададағы әсерімен бөлісті

Грек-рим күресінен Олимпиаданың күміс жүлдесін алған Демеу Жадыраев үшін Париж кілемі құтты болды.

«Кілемнен әзір кетпеймін»: Демеу Жадыраев Олимпиададағы әсерімен бөлісті
фото: olympic.kz
Автор
Админ
386

2017 жылы тап осы шаһарда әлем чемпионатының күмісіне қол жеткізген балуан араға 7 жыл салып, Олимпиада медалін мойнына тақты, деп жазады оlympic.kz.

Спортшының Олимпиададан кейінгі ойлары мен алған әсерін назарларыңызға ұсынамыз.

"Париж ойындарының финалына шыққанға дейін, Олимпиадада жүргенімді сезбедім. Қанша  жылғы еңбек, қанша жылғы тәжірибені осы жерге салғым келді. Финалға шыққанға дейін бар күшімді салып, ақтық сында бәсеңдеп қалдым. Бас бапкеріміз де жақсы бағыт берді. Егер басқа жарыстың финалында жеңілсем, осы жетістікке жеткеніме шүкір дейтінмін. Ал Олимпиаданың жөні бөлек екен.

Финалда ұтылған соң, көңіл күйім қатты түсіп кетті. Жан-жағымдағы жанкүйерлер мен ағайлар қолдауларын аяған жоқ. Геннадий Головкиннің өзі келіп: «Еңсеңді тік ұста!», - деді. Содан кейін еңсемді тіктеп алдым. Әйтпесе, бүкіл елдің намысы сынға түсіп жатқанда сүрініп кеткен оңай емес. Жартылай финалдан кейін мені көбісі чемпион деп ойлап кетті. Өзім де ақтық сын болмай жатып, өзімді жеңімпаз сезініп кеткендеймін. Финалда сол босаңсығаным әсер етті-ау...

Тұғырда тұрғанда ішім алай-дүлей болды. Жапонияның туының орнында қазақтың көк туы тұрғанда деген өкініш бар. Десе де, осы жетістікке де шүкір етемін. Қасымда тұрған Ақжол Махмұдов та қолдап жатыр. «Қалай беріп қойдың, сенің алтының еді», - дейді. Енді спортта мұндай  болады. Бабың қанша жақсы болса да,  бағың жетпеуі мүмкін. Мұны тек сезініп көру керек. Алтынға бір қадам қалғанда жеңілу деген өте қиын. Өзім де түсінбей қалдым. Сын сәтте демеуін аямаған жанкүйерге рахмет.

Финалда өзіме деген сенімсіздік болды. Әйтпесе, жапон балуанын төрттағаннан көтеруге де, лақтыруға да күшім жетіп тұрған. Тактиканы да дұрыс қойдық. Шыға салып, ұпай аламын деген ой мүлде болмаған менде. Бірден екі ұпаймен алға шыққанымнан өзім де шошып кеттім-ау. Толқынысты жеңе алмадым.

Шыны керек, жеңілген  соң сөйлеу де оңай емес. Жеңіп тұрып сөйлегенге не жетсін? Кілемнен түскен бойда өзімді қоярға жер таппағаным да рас. Халқыма алтын жүлде арнағанымда болатын еді. Күміс те жаман емес. Бұйырса, чемпиондық атаққа да қол жетер. 

Олимпиададан соң, күреске деген шабытым қайта ашылды. Жарақатым жоқ, денім сау. Кілемнен әзір кетпеймін"-дейді Демеу.

 

Серіктес жаңалықтары