Зерделі зерттеуші

Ақырын жүріп, анық басатын, жеті өлшеп, бір пішетін  – байсалды басшы, ұлағатты ұстаз, зерттеуші ғалым.

Зерделі зерттеуші
983

Мен Қайрат Өмірбайұлын танығалы он бес жыл болды. Осы он бес жылда не мінезі, не болмысы өзгермеген азамат. Қайран қаласың. Ақырын жүріп, анық басатын, жеті өлшеп, бір пішетін  – байсалды басшы, ұлағатты ұстаз, зерттеуші ғалым.

2010 жылғы 1 қыркүйек. Декан Намаза­лы Омашұлы Баспасөз және баспа ісі ка­фед­ра­­сына жұмысқа алу үшін өтініш жа­зыңыз деп шақырды. Қабылдау бөлмесінде күтіп отыр­дым. Телефоннан хатшы қызға: «Тез ка­федра меңгерушісі Қайрат Сақты шақы­рыңыз», – де­ді. Сәлден соң ақырын басып, қа­былдау бөл­ме­сінде күтіп отырғандармен жы­лы аман­да­сып, ішке кіріп кетті. Кіріңіз, де­ген дауысты естіп, ішке кірдім. Таныс­тыр­ды. Жүзі жылы, мә­дениетті түрде бірнеше сұ­рақ қойды. Сәл­ден соң кафедраға келуімді өтін­ді. Жаңадан ғана факультет болып, бө­лі­ніп шығып жатқан кафедраның жұмыс­тары туралы қысқаша ғана айтып түсіндірді. Бірін­ші қыркүйектен бастап жұмысымды бас­тап кеттім. 
Келесі күні кафедра отырысы болып,  жұмыс жоспарымен та­ныстырды, оқытушыларға кафедрада жүр­гізілетін аудиториялық сабақтан бөлек қо­сым­ша жұмыстарды бөліп берді. Маған ка­федраның оқу-әдістемелік жұмысын жүр­гізу­ді тапсырды. Міне, күні бүгінге дейін сол жұмысты ат­қа­­рып келемін. Сонымен қатар факультеттің де әдістемелік жұмысын бірнеше жыл атқар­дым. Кейінгі жылдары факультеттің «Жас оқыту­шылардың педагогикалық шеберлік мек­тебін» жүргізіп келемін. Осы жұмыстарды жүргізуіме Қайрекеңнің өзі мұрындық бол­ды. Сеніп тапсырды. Мен де шамам келгенше тап­сырған сенімді орындап шығуға тырыс­тым. Міне, осындай бірқалыпты сыйластық­пен әріптес ретінде он бес жылдай араласып ке­леміз.
Кафедра меңгерушісі ретінде оқытушы­лар­дың сабақтарына кіріп, сабақ өткізу дайын­дықтарын бақылауды да назардан тыс қал­дырған емес. Өзі қатысқан сабақтарды тал­дау кезінде жүн түткендей, түбітін бір жақ­қа, қылшығын бір жаққа бөліп, ақы­рын­дап өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай же­тістігі мен кемшіліктерін тәжірибелі ма­ман ретінде талдап шығып, бағасын бер­ге­ні­не де тәнті болатынмын. Кафедрада, фа­куль­­тетте өткізілген оқу-әдістемелік жұмыс­тарға байланысты іс-шаралардың біреуінен тыс қалған емес. Әсіресе, факультеттің жас оқы­тушылары мен магистрант, докторант­тарға арнап ұйымдастырылған түрлі әдісте­ме­лік семинарларға қатысып, болашақ ға­лым­­дарға қажетті деген ой-пікірлерін ай­ту­дан жалыққан емес.
Декан ретінде Қайрат Өмірбайұлы мық­ты ұйымдастырушы. Факультеттің әр сту­ден­тін өзінің баласындай көреді десек, ар­тық айтпағандық болар. Факультет болып ашыл­ғанда шамалы ғана студенті бар болатын. Ал бүгінде 3 кафедрасы бар факультеттің бір­не­ше мамандықтарды ашып, студенттер са­нын күрт өсіруі де үлкен ұйымдастыру­шы­лықты қажет ететіні баршаға аян. Халық­ара­лық студенттер күні мерекесін атап өтуді тұң­ғыш біздің факультет қолға алғанының куә­геріміз. Сонымен қатар салауатты өмір сал­тының қолдаушысы.
Ерекше тоқталып өтетін тағы бір іс-шара – факультет деңгейінде «Ақселеу оқуларын» үзбей өткізіп келе жатқаны. Бұл да Алаш ары­сына деген зор құрметі деп білеміз.
Үлкенмен де, кішімен де тіл табыса алуы­ның нәтижесі – кафедра оқытушыларының тұрақты болуынан да көрініп отыр. 
Факультет жұмысының жанданған тағы бір қыры – Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің «Хабаршы­сы». Журналистика сериясының 2018 жыл­дан бері жылына 4 рет шығып тұруы. Ғылым­мен айналысатын оқытушылар, магистрант, докторанттарға жасалған үлкен мүмкіндігі болса, Диссертациялық кеңестің факультетте ашылып, PhD докторанттардың ғылыми дә­ре­же қорғауына да үлкен мүмкіншілік жа­­сауында, РУМС-тың ЕҰУ-де өтуі т.б. көп­те­ген атқарылып жатқан жұмыста Қайрат Өмір­байұлының үлкен еңбегі бар.
Сонымен қатар факультет көлемінде өтетін түрлі кездесулер мен мастер класс, мере­келік іс-шаралардың ұйымдастырылуын да назарда ұстайды.
Тәжірибелі ұстаз ретінде журналистика жә­не баспа ісі мамандықтары бойынша мем­лекеттік білім стандарттарын, типтік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жа­сау­ға атсалысқан білікті маман. «Алаш кө­сем­сөзі. Таным, тағылым,тәжірибесі», «Қа­зір­гі кітап ісінің проблемалары», «Әдеби редак­ция­лаудың теориясы мен әдістемесі», «Пуб­ли­цистика өнері» пәндерінен дәріс оқып келеді.
Ал енді зерттеуші ғалым Қайрат Өмір­бай­ұлы елімізде Алаш қайраткерлерінің ісін жалғастырушы ретінде танымал. 
2008 жылы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге ар­найы шақыртумен келгенге дейін (1996-2008) ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқытушылық қызметке тартылып, қазақ жур­налистикасының қара шаңырағында 12 жыл жемісті қызмет еткен. Оқытушылықпен қоса «Қазақ университеті» газетінің бас ре­дак­торы (1998-1999), «Қазақ университеті» бас­пасының директоры (1999-2000), 2000 жыл­дан бастап Баспа ісі және редакциялау ка­федрасының меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарған.
Араб жазуын жетік білгендіктен белгілі биб­лиограф-ғалым Ү.Сұбханбердинамен бір­ге «Дала уалаятының газеті» энцик­ло­пе­дия­лық жинағының 4-5 томдарын құрас­тыру­ға және кезінде саяси қуғын-сүргін салдарынан жабылып қалған «Қазақ» газетін қайта шығаруға ұйытқы болуы да ғылыми жолға бет бұруының алғашқы қадамы болатын.
1998 жылы «Қазақ» газетіндегі ұлттық сая­си-әлеуметтік мәселелердің жазылуы» ат­ты тақырыпта кандидаттық диссертация­сын қорғап, 2002 жылы сол кездегі Ғылым және білім министрлігі ЖАҚ төралқасының шешімімен әдебиеттану мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын алады. «ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы» журналы ғылыми ре­дакторының орын­басары қызметін қоғам­дық негізде атқарып, елімізде журналистика ғылымының дамуына зор үлес қосты. Бүгін­де Қайрат Өмір­байұлының жетекшілігімен қан­шама жас ғалым, магистрант, док­торант­тар диссертацияларын қорғады. 200-ден аса ғылыми мақалалары республикалық басы­лымдарда, халықаралық, республика­лық ғылыми конференция жинақтарында жа­­рияланды. Сонымен қатар Білім және ғы­­лым министрлігінің «Ұлттық идея – Қа­зақ­стан­ның тұрақты даму негізі» атты 2007-2009 жылдарға арналған ғылыми бағдарла­ма­сы аясында «Ұлттық идея қайнар көзі – Алаш публицистері мұраларын жинастыру, жүйе­леу, талдау және жариялау», Қазақ­стан­ның Жоғарғы ғылыми техникалық кеңесі бе­кіт­кен «Елдің интеллекттік әлеуеті» бағ­дар­ламасы бойынша «Алаш көсемсөзі – ел интеллектісін көтерудің қайнар көзі» атты ғы­лыми жобаға жетекшілік жасауы да ғы­лымға қосқан үлкен үлесі деп бағалаймыз.
Өмірін журналистика саласына ар­на­ған ғалым Қайрат Өмірбайұлының бір­неше еңбегі жарық көріп, ел игілігіне ай­налды.
«Ұлттық сана ұйытқысы» (2001), «Қазақ жур­налистикасы» (2008), «Алаш мұрасы» (2014) оқу құралдарының, «Алаш көсемсөзі» (2014) көп томдығының авторы. 
Бүгінде осы атқарған еңбегінің нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай.
2007 жылы Білім және ғылым министр­лі­гінің «Қазақстан ЖОО-ның үздік оқыту­шы­сы» грантын иеленді. Білімді де білікті ма­ман даярлаудағы ерен еңбегі жоғары ба­ғаланып, 2013 жылы Ресейдің Халықаралық Еу­разия теле-радио академиясы Прези­диу­мының шешімімен академик атағы берілді. 2014 жылы Қазақстан журналистер акаде­мия­сына қабылданды. Ал 2018 жылы Қазақ­стан Педагогикалық ғылымдар академиясы­ның академигі атанды.
Сонымен қатар алған марапаттары да көңіл қуантарлықтай. Қазақстан Журна­лис­тер Одағының сыйлығымен (2002), Мә­де­ниет және ақпарат министрлігінің Мәдениет қайраткері төсбелгісімен (2010), Оңтүстік Қа­зақстан облысы әкімінің өкімімен «Об­лыс­қа сіңірген еңбегі үшін» медалімен (2014), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жыл­дық мерейтойлық» медалімен (2014), Ақ­парат және коммуникация министрлігінің ше­шімімен «Қазақ телевизиясына – 60 жыл» ме­рекелік төсбелгісімен (2018), Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен «Қа­зақ­стан Республикасы құқық қорғау әскеріне – 25 жыл» төсбелгісімен (2018), Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен (2019) мара­патталды.
Әке өнегесін көп көргенін мақтан ететін, «Әке – мақтанышым» деген тырнақалды жарияланымын естен шығармаған, тәрбиелі отбасынан шыққан басшы-ғалым Қайрат Өмірбайұлының кейінгі ұрпағына берер тәлімі мол, үлкен құрметке лайық жан. 


Сәуле Тапанова,
филология ғылымдарының докторы, 
профессор

 

Серіктес жаңалықтары