Ербол Мырзабосынов: Келесі Олимпиадаға дайындықты бүгіннен бастап кеттік

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы

Ербол Мырзабосынов: Келесі Олимпиадаға дайындықты бүгіннен бастап кеттік
1979

Париж Олимпиадасы аяқталғалы бе­рі спорттың басы-қасында жүр­ген білікті са­рап­шылар мен бап­кер­лер, спорт жур­на­листері, тіпті кірпік қақ­пай тамашалаған жанкүйерлер де келесі ци­клде көрсеткішті бұрын­ғыдан жақсарту қа­жет екенін жарыса жазып жүр. Әсіресе, көп­шілік «алтын алатынымыз айдан анық» деп сонша күткен боксшыларымыздың бап­кер­лер құрамының жұмыстан шеттетілуін оң өзгеріске балады. Десе де елдегі спорт сүйер қауым құрама нәтижесін Олимпиадада та­рихи рекорд тіркеген көршілес Өзбекстан ат­леттерінің жетістік­терімен салыстырып әлек. Осы орайда көпшіліктің көкейінде жүр­ген сұрақтарды Спорт және дене шы­­нық­тыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мыр­­забосыновқа қойып, онымен аз-кем сұх­баттас­қан едік.

– Олимпиада аяқталғанына 10 күн бол­са да, Қазақстан құрамасының нә­ти­­­жесін саралап, алға жетелеген ар­тық­шылығы мен көзге ұрып тұрған кемшін тұ­сын бағамдап жатқан боларсыз. Бұл Олим­пиадаға берер бағаңыз қандай?

– Азия ойындарынан кейін Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев феде­ра­ция­лар мен Ұлттық олимпиадалық комитет, ми­нистрлік, өңірлер арасында үйлесім жұ­мыстарын жандандырып, спортты дамы­ту­дың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керектігі жайында айтқан болатын. Осы айтылған мә­селелер ескеріліп, тиісті бағытта жұмыс­тар атқарылды.
Сырт көзбен қарап баға берер болсақ, Париж­де тіркелген нәтижені жақсы деп айта алмаймыз. Бірақ үш жыл бұрын өт­кен Олимпиада ойындарында атлеттеріміз 83-орын, ал бір жыл бұрын өткен Азия ойын­дарында 11-орын алып, бұрын-соңды бол­маған төмен нәтижені көрсетті. Үш жыл бұ­рынғы байрақты бәсекеде табан тіреген 83-орыннан биыл 43 орынға көтерілу – жетістік. 
Әр Олимпиада қарсаңында спорт­шы­лар­дың әлеуеттерін зерттеп, әрбір елдің мүм­кіндіктерін саралайтын халықаралық зерт­теу ұйымдары бар. Мәселен, Париж Олим­п­иадасының алдында британдық Inside the Games журналында «After Tokyo dud, Central Asian countries may struggle again in Paris» деген тақырыппен шыққан мақалада Қазақстан құрамасының Парижде алтын медаль ала алмайтыны туралы болжам жа­рия­ланды. Бұған басты себеп ретінде 8-10 жыл бұрын басталған жүйедегі ақаулар мен Азия ойындарындағы сәтсіздіктен (11-орын) кейін реформаларға дайындалуға беріл­ген уақыттың аздығы, яғни бұған бар бол­ғаны 8-9 ай ғана берілгені туралы айтыл­ды. 
Шынымен бір жылдың ішінде Азия ойындарына іріктелген спортшылардың, федерациялар мен бапкерлердың жұмысына өзгеріс енгізбей, арнайы ғылыми топ құрып, жоғары нәтиже көрсетуге тырыстық. Біздің бұл жоспарымыз 80 пайызға орындалды де­сек те болады. Дзюдо, спорттық гимнас­ти­ка, құзға өрмелеу, күрес түрлері, нысана көз­деу сияқты спорт түрлеріне басымдық бе­ріп, же­келей жаттығу бағдарламаларын бе­кіттік. 

– Олимпиада сайын кемі қос ал­тын­ды қоржынға салатын құрама спорт­шы­лары қола жауған Токио Олимпиадасы­нан бері сынның астында қалып келеді. Парижде 1 алтын жүлде еншілесек те, көп­шіліктің көңілі көншір емес. Спорт сүйер қауым 8 алтын медаль иеленіп, та­рихи рекорд орнатқан Өзбекстан құ­рамасының нәтижесімен салыстырып әлек. Токио Олимпиадасына дейін жүл­денің түр-түрін иеленіп жүрген біздің ат­леттерге кейінгі кездері ол жетістікті қай­талауға не кедергі болды?

– Әрине, Өзбекстан құрамасының бұл Олим­­пиадада жеткен жетістіктері үшін қуа­ныш­тымыз. Бұл – олар жүргізген жүйелі жұ­­­­­мыстың нәтижесі. Рио-де-Жанейро, То­киода өткен Олимпиада ойындарында 3-4 ал­тын алған кездері де болған. Алайда біздің бас­ты мақсат Олимпиада ойындарында көр­ші мемлекетпен жарысу емес, Токио Олим­пиа­дасында тіркеген нәтижемізді барынша жақ­сарту болды. Токио Олимпиадасында ме­даль нәтижесі бойынша 83-орында бол­сақ, бұл жолы 43-орынға көтеріліп, салыс­тыр­малы түрде нәтижемізді екі есе жақсарта түс­тік.
Алайда бокс, теннис сияқты спорт түр­лері белгілі бір себептермен үмітімізді ақ­та­ма­ды. Соның салдарынан басқа спорт түр­ле­­­ріндегі жетістіктер көлеңкеде қалып қой­ды. Осы уақытқа дейін Олимпиада ойын­дарында жақсы нәтиже көрсеткен 15 жазғы және 8 қыс­қы олимпиадалық спорт түрлеріне ба­сым­дық беріп, дамыту жоспарын әзірле-
дік. 
Сондай-ақ федерация президенттерін ауыстырып, олардың міндеттемелерін бе­кітеміз. Монополиялық көзқарастан арылуы­мыз керек. Федерацияның жауапты хат­шыларын федерация президентінен тәуел­сіз болуы үшін министрлік тарапынан та­ғайындаймыз. Оңтайлы жұмыс жасау үшін спорт саласын толық меңгерген, халық­ара­лық аренада тәжірибесі бар мамандар таң­далады. Сонымен қатар бас жаттықтыру­шы­ларды тағайындау үшін арнайы талаптар енгізілді.
Жаттығу процесін бір ғана бас жат­тық­тырушының мойнына артып қоймай, қо­сым­ша бапкерлерді, ғылыми топты, шетелдік ма­мандарды жұмылдырамыз. Өйткені бір ға­на бас бапкермен барлық функционалды жабу мүмкін емес. 
Сондай-ақ үш жас категориясы бойынша се­лекция жасақтап, алдағы Олимпиадаға ар­налған картотека әзірлейміз. Оларға бар­лық қолайлы жағдайды жасап, қатаң бақы­лау­ға алып, дайындық ісіне ғылыми топтар­ды жұмылдырсақ деген жоспарымыз бар. 

– Министрлік өкілдері төрткүл дүние көз тігетін сайысқа спортшыларды бап­тауға 980 миллион теңге бөлінгенін мә­лімдеген болатын. Сондай-ақ әлеу­мет­тік желілерде ел спортына бөлінген қа­ражаттың Өзбекстанмен салыстыр­ған­да тым көп бөлінгені жайлы айты­лып жүр...

– 980 миллион теңге – Олимпиадаға қатысатын спортшылардың дайындық жұмыстарына бөлінген қаражат. Оның ішіне оқу-жаттығу жиындары, ли­цен­зия­лық турнирлер мен халықаралық жа­рыс­тарға қатысуы қамтылған. Дәрі-дәрмектері, жат­тығуға арналған құрал-жабдықтары та­ғы бар. 
Әлеуметтік желіде Өзбекстанның Олим­пиадаға жұмсаған қаржысы деп көрсетілген 160 миллион доллар – не­гізінен олардың республикалық бюджеттен спорт­қа бөлген сомасы. Ал 2023 жылы Қа­зақстанның республикалық бюджеттен спортқа бөлген қаржысы – 61,3 миллиард тең­ге. Бұл – шамамен 128 миллион АҚШ долларына тең. Сондықтан осы ретте әлеуметтік желілерде «660 миллион доллар» деп көрсетілген цифр шындыққа жанас­пай­тынын және бұл қоғамды шатастыратынын айта кетейін. Аталған сома спортшылардың бар­лық қажеттілігін, оның ішінде олим­пи­а­далық және олимпиадалық емес спорт түр­лері мен ұлттық спортқа бөлінген.

– Парижде өткен төртжылдықтың бас­ты бәсекесі бокс пен күрестен басқа да спорт түрлерінен де жүлдені көптеп иеленуге бола­ты­нын байқатты. Әсіресе, жеңіл атлетика мен суда жүзуге машық­танған атлеттер бір Олим­пиадада бір­неше жүлдені иеленіп, ре­кордтан ре­корд орнатты. Осы ретте осындай көп жүл­де сарапқа салынатын спорт түр­ле­рінің елдегі даму қарқыны туралы айта отыр­­саңыз.

– Дәл солай. Ескек есу, жеңіл атле­ти­ка, суда жүзу сияқты спорт түрлерінен ме­даль жиын­тығы көп сарапқа салы­на­ды. Біздің де тари­хымызда мұндай спорт түрлерінен же­тістікке жеткен спорт­шыларымыз бар. Мы­салы, жеңіл атлетикадан Ольга Шишиги­на, Ольга Рыпакова, суға жүзуден Дмитрий Ба­лан­дин сынды спортшыларымыз жеңіс тұ­ғыры­нан көрінді. Бүгінде бұл спорт түрлері­нен бізде резерв қалмады десек те болады. Қазір біз оларды қайтадан ба­сыңқы спорт түр­леріне енгізіп отыр­мыз. Әп-сәтте нәти­же­ге қол жеткізу мүм­кін емес. Кем дегенде бір-екі цикл жұ­мыс жасауымыз керек. 
Жеңіл атлетика сынды спорт түрлері мек­теп, университет бағдарламаларына кі­рік­тірілген. Осы ретте бірегей бағдарлама әзір­леп, білім ордалары мен жауапты меке­ме­лермен тығыз байланыс орнатып, жұмыс жүр­гізіп жатырмыз. Спорттағы алғашқы же­тістік, бастапқы қадам осы оқу ордала­ры­ның қабырғаларынан басталатыны әмбеге аян. Сондықтан көп спорт түрлерінен мек­теп, студенттік лигалар ұйымдастырылып жүр. Енді Денсаулық сақтау министрлігімен ты­ғыз байланыс орнатуымыз қажет. Өйткені ме­дициналық орталықтар көптеген замануи құрылғымен жабдықталған. Ол орталық­тар­дың әлеуетін спортта да сәтті пайдалана білуі­міз қажет.

– Көпшілік спортшыны жарысқа тек бап­кері баптайды деп жаңсақ ойлайды. Алайда олар бұл іске ғылыми топ, меди­цина мамандарының жұмыла кірісе­ті­ні­нен бейхабар. Осы ретте бүгінде ел­де­гі спорт саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу ісі қандай жолға қойылғаны туралы айта отырасыз ба?

– Дұрыс айтасыз, бір спортшының жетіс­ті­гі үшін ондаған маман қызмет етеді. Спорт­шы­ның дұрыс тамақтануынан бастап, фи­зи­калық, медициналық, психологиялық, фар­мокологиялық тұрғыда көмек көрсететін ма­мандар қатар жүреді. 
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алдымен қатарымызды бізге қа­жет салалық мамандармен толықтыруы­мыз керек. Ол бағытта бірқатар оқу орында­ры­­мен бірлескен жұмыстар атқарылып жа­тыр. 
Қазір Қазақстанда спорт ғылымын да­мы­тудың белсенді бағыттарының бірі – док­торантура (PhD) деңгейінде кадрлар даярлау. Док­торанттар жүйелі түрде зерттеулер жүр­­­­­гізеді әрі дене шынықтыру және спорт са­ла­сында бірқатар әдістемелерді енгізеді. Бұл тұрғыда Дене шынықтыру және бұқара­лық спорт академиясымен тығыз байланыс­та­­­мыз. Олардың көмегімен біраз шаруа іс­те­лі­ніп жатыр. Осы ретте аз уақыт ішінде ат­қа­­рылған жұмыстардың біріне мысал ре­тін­де айта кетейін. Спорт ғылымын одан әрі дамыту, спорт резервін дайындаудың жаңа жол­дарын іздеу және жалпы дене шы­нық­тыру мен спортты дамыту үшін біздің елі­міз­дегі уақытылы өзгерістердің бірі ре­тінде Performance hub жобасын атап өтуімізге бо­лады. Бұл жоба Парижге аттанған олим­пиа­дашыларын даярлау кезеңінде пилоттық ре­жимде іске қосылған болатын. Аталған хаб­тағы жұмыс білікті жаттықтырушылар жә­не спортшылармен жүргізілді. Ендігі ке­зек­те бұл ғылыми топтың қарқынын тоқ­тат­пай, ғылыми-зерттеу институтының бі­рін­ші қадамына айналдыруымыз керек. 

– Кей мықтылар «Олимпиада аяқ­тал­ған күннің ертесі-ақ келесі циклға дайындық басталады» дейді. Келесі цикл­ге дайындықты неден бастау қа­жет сіздіңше?

– Иә, Олимпиада ойындары аяқталысы­мен келесі Олимпиадаға дайындықты бірден бастап кету – қалыптасқан үрдіс. Ең алды­мен, атлеттердің жас ерекшеліктерін ескере оты­рып, сұрыптау жұмыстарын жүргізу ке­рек. Мысалы, бір ғана күрес түрінің өзінен бір салмақта кем дегенде 10 спортшы ірік­телуі керек. Жарыстан жарысқа жетелеп, өза­ра ашық бәсекелестік туындатып, шы­нық­тыра түскен жөн. Сосын талдау жасап, рей­тингтік көрсеткіштерін жіті қадағалау ке­рек. Тиісті деңгейге жетпей жатса, орынын басқа спортшылармен алмастыру қажет. Спортшылардың басым бөлігі өңірлерде шы­нығатындықтан ортақ бір әдістеме әзір­леп, сол бойынша жұмыс істеу керек.

– Өзіңіз халықаралық дәрежедегі спорт шеберісіз, еңбек сіңірген жат­тық­тырушысыз. Сондай-ақ дене шы­нық­тыру және спорт мамандығы бойынша PHD докторысыз. Лауазымды қызмет атқа­рып қана қоймай, спортты ғылыми тұр­ғыда да зерттеген мамансыз. Сіздің­ше, спорт жоғары деңгейде дамуы үшін қан­дай критерийлерге баса назар ау­дару керек?

– Спорттағы әлемдік жетістіктерге ұдайы сараптама жүргізіп, ғылыми тұрғыда ілгерілету керек. Спортшыға тікелей әсер ете­тін медициналық, психологиялық, фар­мо­ко­логиялық, физикалық бағыттарға баса назар аударып, мұны жыл сайын дамытып отыру керек. Мұның барлығы бірі-бірінсіз жүр­мейтін бір үйлесімді топ деп айтсақ, қателеспейміз. Көптеген жаттықтырушы үшін – бұл жат нәрсе. Көбінің тіпті қа­был­дағысы да келмейді. Бірақ заман талабы – осы. Оны біз дер кезінде меңгеріп, бір жолға қоймасақ көшіміз алға жылжымайды. Қолда бар тәжірибені жетілдіре отырып, өзіміз замануи әдістемелерді әзірлемесек, әлемнің мен деген мықты мамандары мен инсти­тут­тары бізге ауадай қажет тәсілдерді құпия сақ­тап, көрсетпейді. 

– Сөз соңында сұрайын дегенім, өт­кен­де Париж Олимпиадасында Елдос Сме­товтің жеке бапкері Ғалымжан Жыл­гелдиев шәкіртінің Олимпиада ал­дындағы қиындықтары туралы айтып, сіз­дің көмегіңізге жүгінгені жайлы айт­қан еді. Әдетте, мемлекеттік қызмет­кер­лер мұндай жауапкершілікті өз мой­ны­на ала бермейді. Сіз мұндай қадамға қа­лай бардыңыз?

– Жауапкершілікті алу оңай болған жоқ. Бұл қадамға бармас бұрын талдау жүргіздім. Ел­дос –  екі олимпиадалық циклде оң нәтиже көр­сеткен спортшы. Шетелден келген кеңес­ші-жаттықтырушылардың әдіс-тәсілдері мен Елдостың жеке бапкерінің бағдарламасын тал­дадық. Олимпиада ойындарына бір жа­рым жыл уақыт қалғанда жауапкершілікті өзі­ме ала отырып, жеке шынықтыру туралы ше­шім қабылдадым. Оған көп адам қар­сылық танытты. Соңында рейтинг бойынша 3 спортшы іріктеліп алынды. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, рейтингте жоғары тұрған спортшы Олим­пиада ойындарында күреседі. Бірақ шешімді мемлекет, федерация өзі таң­дауы керек. Сондықтан барлығы әділ өтсін деп тәуелсіз төрешілерді шақырдық. Үш спорт­шының ара­сында жолдаманы әділетті түрде сарапқа салғанды жөн көрдік. Нәти­же­сінде, Елдос бар үмітімізді ақтап, тарихта бол­маған жүл­дені қоржынымызға салды.

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары