Конституция және Парламенттің заң шығару қызметі

Парламенттің биліктің басқа тармақтарына қатысты дербестігіне – Конституция кепіл бола алады.

Конституция және Парламенттің заң шығару қызметі
сурет: www.gov.kz
880

Конституцияда Қазақстан Рес­публикасының Парламенті заң шығарушы ең жоғары өкілді орган ретінде көрсетіліп, оның сақталуы мен іске асырылуының кепілдіктері белгіленген. 
Парламенттің биліктің басқа тармақтарына қатысты дербестігіне – Конституция кепіл бола алады. Яғни, Парламент өзінің конститу­циялық өкілеттіктерін дербес жүзеге асырады. Сонымен қатар Парламент өзінің конституциялық өкілет­тігін дербес кеңейтпеуі керек әрі мемлекет­тік биліктің басқа тармақтарының қызметіне де заң­сыз араласуына жол жоқ. 

Келесі конституциялық кепілдік – Парламенттің өз функцияларын жүзеге асырудағы тәуелсіздігі. Пар­ламенттің тәуелсіздігі заң шығару және бақылау қызметінің шекаралары арқылы айқын­далады, ол Конституция арқылы қамтамасыз еті­леді.
Конституциялық өкілеттіктерді жүзеге асыруда Парламент – биліктің басқа тармақтарынан тәуелсіз. Тәуелсіздік – бұл Конституцияның 61-бабының 3-тармағында көрсеті­лген маңызды қоғамдық қатынасты реттейтін заңдардың қабылдануы, жұмысшы және  үйлестіру орган­дары­ның қызметін құру мен реттеудің ішкі ұйым­дастырылуы мен рәсімдерін анықтаудан көрінеді.

Қазақстан Республикасы Пар­ла­менті Сенат және Мәжіліс деген екі палаталы құрылымнан тұрады. 
Мәжіліс Қазақстан Республи­касының барлық азаматтарының атынан уәкілеттік етеді. Ол аралас сайлау жүйесі бойынша конститу­циялық заңда белгіленген тәртіппен бірыңғай жалпыұлттық сайлау округінің аумағы жағынан пропор­ционалды өкілдік жүйесі бойынша, сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын 98 депутаттан құралған.  
Сенат депутаттарының бір бөлігі жанама сайлауда таңдалады, бір бөлігін Президент тағайындайды. Сенат депутаттары әкімшілік-аумақтық бірліктің, яғни ел өңір­лерінің мүдделерін білдіреді.
Парламенттің қос палатасының дербестігі оларға конституциялық заңнамамен жүктелген белгілі бір міндеттерді шешудегі әртүрлі құзы­реттеріне байланысты.
Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының мәртебелері ортақ. Бірақта кейбір айырмашылықтардың бар екенін айта кету керек.
Қазақстан Республикасы Парла­ментi депутатының мәртебесi – оның құқы, мiндетi, жауапкершілігі, сондай-ақ Конституцияда, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Парламентi туралы консти­туциялық заңда және  депутат­тардың мәртебесі мен басқа да норма­тивтік құқықтық актілерден ай­қын­далған кепiл­дiктерде бел­гіленген. 
Республика Конституциясының 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутат­тарына, Үкіметке тиесілі және тек Мәжілісте іске асырылады. 
Мемлекет басшысының 2007 жылғы 21 қыркүйектегі №413 Жар­лығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы құқығын іске асыру қағидаларына сәйкес респуб­лика Президентінің Парламенттегі заң шығару бастамасына конститу­циялық құқығын іске асыру тәртібі айқындалған. Ал Үкіметтің 2023 жылғы 6 қаңтардағы Қаулысы арқылы бекітілген Үкімет Регламентіне сәйкес, Үкіметтің заң шығару процесі осы Регламенттің 4-тарауында анық көрсетілген.  
Парламент депутаттарының заңнамалық бастамасына байланыс­ты мәселеге келетін болсақ, олар егжей-тегжейлі реттелмеген, өйткені Парламент депутатының заң шығару бастамасы құқығын қалай жүзеге асыратыны туралы Конституцияда да, Парламент туралы конституция­лық заңда да және депутаттар мәрте­бесінде де ештеңе айтылмаған. Соны­мен қатар Қазақстан Республика­сының Құқықтық актілер туралы заңының 17-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бас­тамасы тәртібімен дайындалатын заңнамалық актілердің жобаларын әзірлеушілер Парламент депутаттары болып табылады» делінген. Ал осы заңның 18-бабының 1-тармағында Парламент депутаттарының заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының қызметіне кез келген кезеңде қатысуға құқығы бар  деп көрсетілген. 
Парламент депутатына заң шы­ғару бастамасы құқығы берілген­діктен, оның өзі қандай да бір ор­ганмен байланысты емес және оның қандай да бір бағынышты бөлім­ше­лері жоқ, содан кейін ол заң жобасын Парламент Мәжілісіне өз бетінше енгізуге тиіс. 
Депутаттың заң шығару бас­та­масы тәртібімен әзірлейтін заң жоба­сында белгілі бір талаптар бар. Ең алдымен, бұл – Конституцияның 61-бабының 6-тармағында белгіл­енген талап, оған сәйкес мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Республика Үкіметінің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін. 
Депутаттар Парламент Мәжілісіне енгізетін заң жобаларына, сондай-ақ басқа да заң жобаларына (Республика Президенті енгізгендерді қоспағанда) Құқықтық актілер туралы ҚР заңы­ның 30-бабына сәйкес міндетті түрде ғылыми сараптама жүргізу көзделген.
Парламент депутаты енгізетін заң жобасы қоршаған ортаны қорғау, экология және радиациялық қауіп­сіздік мәселелерін қозғаған жағдайда экологиялық сараптама жүргізу міндетті. Мәжіліс аппараты бұл жағ­дайда «Заң жобаларымен реттелетін құқықтық қатынастарға байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми және өзге ғылыми сарапта­малардың түрлерін (құқықтық, лингвистикалық, экологиялық, қаржылық және басқа) жүргізуді қамтамасыз етеді».  
Мына жерде туындап тұрған сұрақ депутаттың заң шығару баста­масы тек заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске енгізген кезде ғана есептелетінінде. Яғни, заң шығару бастамасы деп Қазақстан Респуб­ликасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы Конституциялық заңның 15-бабының 1-тармағында «Заң шығару бас­тамашылығы құқығы субъектiнiң Пар­ламент қарауға мiндеттi заң жобасының және Парламенттiң өзге заң актiсiнiң мәтiнiн ресми енгiзуi заң шығару бастамашылығы» деп түсін­діруінде. 
Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Регламенті 134-бабында Сенат депутаты заң­дардың жобаларына және заңдарға, Қаулылардың, Парламент қабыл­дайтын басқа да актілердің жоба­ларына түзетулер енгізуге құқылы. Практикада, егер Сенат депутаты заңға бастамашы болса, Мәжілістегі заң жобасына түзету ұсынады. Ал бастамашы топта болмаса, заңды мақұлдау сатысында ұсынады. 
Үкімет депутат ұсынған түзетуге қорытынды беру кезінде оның редакциялауын толықтыру, ықшамдау және жетілдіру арқылы түзету енгізе алады. Ол түзетудің құқықтық табиғаты қалай аталады?
Басқаша айтқанда, заң жоба­ларына енгізілетін түзетулердің құқықтық табиғаты туралы негізгі мәселе заңнамалық деңгейде рет­телмеген күйінде қалып отыр және теориялық тұрғыдан толық негіз­делмеген, осы тұжырымдаманың ресми анықтамасы жоқ. Бұл ретте, аталған мәселенің практикалық маңызы зор. Осы сұрақтың жауабына заң жобаларына түзетулерді кім ұсына алатыны, түзетулерді енгізудің тәртібі мен құқықтық салдары қандай болатыны, олардың заң шығару процесінің басқа қатысушылары үшін қандай маңызы бар екені және т.б. кіреді.
Заң жобаларына түзетулерді заңнамалық бастама құқығын іске асыру деп тану заң шығарушы бас­тама құқығы мен заң шығарушы орг­анның әртүрлі субъектілерінің өзара қарым-қатынасын ретке келт­іруге, заң шығару процесін жеңіл­детуге, бюрократиядан арылтуға, заң­наманың тұрақтылығын қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді. Ресей Федерациясында депутаттың түзету енгізуі заңнамалық құқығын жүзеге асыру деп танылады. Сонымен қоса, Федералдық жиналыс сенаторы,  Мемлекеттік Дума депутаты да заң жобасына түзету бере алады.
Парламенттің екі Палатасы депутаттарының заңнамалық қызмет саласындағы жұмысы жалпы, ортақ мақсатқа – неғұрлым сапалы және тиімді заңнамалық актілерді қабыл­дауға бағытталады. Сондықтан Сенат депутаттарының Парламент Мәжі­лісінде қаралатын заң жобасына қатысу мүмкіндігін жалпы алғанда заң шығару процесін бюрократиядан арылту тұрғысынан қарастыруға болады.
 

Үнзила Шапақ,
Мәжіліс депутаты, 
заң ғылымдарының докторы 

Серіктес жаңалықтары