Ердің егей қабырғасы
Сауытбек аға туралы жазудан жалығудың жөнін таппайсың. Өйткені талантымен тамырласып жатқан оның таусылмайтын төл қазынасын қопарған үстіне қопара бергің келеді.
Қазіргі қазақ публицистикасының планкасын заңғар биікке көтеріп, ұлттық көсемсөздің көсегесін көгертуге әлі күнге дейін қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Сауытбек Абдрахманов туралы өмірімде үш мақала жазыппын.
Эссеист, аударма ісінің теориясын аударып-төңкерген ғақлия сөзді ғалым, орыстың ормандай ойшылдарымен қатар пушкинистиканың пұшпағын абыроймен илеп жүрген зерделі зерттеуші, жалпыұлттық бас басылымды ең ұзақ басқарған мықшеге медиа-менеджер, заңғар зияткер. «Алтын шыққан жерді белден қазатын» қазақ емеспіз бе?! Сауытбек аға туралы жазудан жалығудың жөнін таппайсың. Өйткені талантымен тамырласып жатқан оның таусылмайтын төл қазынасын қопарған үстіне қопара бергің келеді.
Дей тұра, бүгінгі сөз оның асыл жары, сүйікті серігі Мәрия жеңгей туралы болмақ. Әлбетте, бұл әңгімені де Саукеңмен байланыстырмай айта алмайсың. Себебі, Құдай табыстырған тұтастығымен дүйім елді тәнті еткен тату-тәтті тандем бөліп-жару айтуға тіпті, келмейді.
Тосын жағдай ойға оралды. Бұл өзі Мәрия жеңгейдің көмейін ашса, жүрегі көрінетін ақжарқын жан екенінен хабар береді. Сондықтан есіме түсіп отыр. Мысалы, жақсы көретін досыңыздың туған күні қашанда жадыңызда жүруі мүмкін. Алайда, Сауытбек Абдрахмановтың докторлық диссертациясын қай жылы қорғағанын аяқ астынан сұрай қалса, айтып бере аласыз ба?! Әй, қайдам?! Бұл туралы Википедиядағы Сауытбек Абдрахманұлы туралы парақшада да жазылмаған. Мен де ол докторлық қорғағанда қасында болған емеспін, қай жерде қорғағанынан да бейхабармын. Бірақ қай жылы қорғағаны есімде жатталып қалды.
Қалай? Қалайы сол, 2007 жылдың екінші жартысында мен еңбек ететін «Нұр-Астана» газетінің редакциясы мен «Елорда» баспасы бір ғимаратта отырдық. Жұмысқа дресс-кодты қатаң сақтап келетін осы бір салиқалы жанды даңғарадай дәлізде арагідік кездестіріп қалатынмын. Сәлем беріп өтетінім болмаса, тал бойында бір мін жоқ жұмбақ жанға тіл қатудың реті болған емес.
Бірде «Елорда» баспасының басшысы Тұрлығазы Сабырбайұлымен әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Ішке екі беті бал-бұл жайнап, қуана кіріп келген оны бірден таныдым. Көңілі көтеріңкі екені алғашқы сөзінен-ақ білінді: «Тұреке, сүйінші! Сауытбек докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығыпты!». Сол күні мен ол кісінің Саукеңнің жолдасы екенін бірінші рет білдім. Ақық жанның шаттанған шағы да ерекше ғой. Жан жарының тағы бір белесті бағындырған сәттегі қуанышы қойнына сыймай, алғаусыз ағынан жарылып әңгіме айтып тұрған Мәрия жеңгейдің бөлек болмысы әлі көз алдымда.
Сексенінші жылдардың басында досым Жұмабек Кенжалиннің жары, Сауытбек ағаның туған қарындасы Әлиманың әңгіме орайына қарай айтқан сөзі есіме түсті: «Жеңгем – өте тамаша адам. Кісі жатырқамайды. Ортамызға тез сіңісіп кетті. Бауырмал. Басқаға болсын деп тұратын кеңдігі салған жерден сезілді. Ағамның осындай ақылды жанды жолықтырғанына дән ризамын».
Өмірдің ғажап заңдылығы: жаны сұлу кісілер болады. Ақықтықтың иісі аңқып тұратын. Тылсым. Шыңырауда жасырынып жатқан тылсым сезімнің түбіне жету мүмкін емес. Бұл құбылыстың мәңгілік болатыны да сондықтан шығар. Саукең мен Мәрия жеңгейдің мәңгілік махабаты мен селкеусіз сүйіспеншілігінің ең басты сыры осы ойдың тұңғиығында жасырынып жатқандай. Шынында да, олар о басынан келісті көркем келбетінен гөрі бір-бірінің сұлу жанына ғашық болғаны күмән тудырмайды.
Жарты ғасырға жуық жұбы жазылмай келе жатқан қос аққудай әдемі жұптың қазір айналасына шашып тұрған нұрлы сәулесін сезініп шаттанатының да содан болса керек. Жанның тазалығы күлген кезде көзінен анық байқалатынын осы кісілерден көрдім. Бұл тек ақ жүректі адамдардың ғана қолынан келеді. Мәңгілік заңы осындай отбасынан бастау алатыны басы ашық ақиқат екенін мойындайсың.
«Дарын мен талант – Құдайдан» деп қазақ бекерден-бекер айтпаған. Кез келген бала дарынды болып туады. Соны әрбір ата-ана сезе білуі тиіс. Бауыр етін Аллатағала неге бейім қылып жаратты? Көбіміз осы жерде қателікке бой ұратынымыз – жасырын емес. Баланың басым потенциалын дұрыс таба білу – оның бағын ашудың ең бірінші компоненті. Осыны тайға таңба басқандай дөп бассақ, онда баласынан барын аямайтын қазақтың бағы жанатын күн барынша жақындай түсер еді.
Осы тұрғыдан алғанда Саукеңді де, Мәрия жеңгейді де ата-аналары сара жолға сала білгенін олардың тағдыры дәлелдеп берді. Десе де, ата-ананың балаларына құйған ұланғайыр инвестициясының күлі көкке ұшып кететін кездер аз болып жатқан жоқ. Олай дейтінім, бала ер жетіп, дарынын одан әрі дамытып, өз саласында үздік нәтижеге жету үшін өмір бойы ізденуі керек. Ең жаманы, өмірдің басты кезеңінде есі бар жігітті алған жары қолдап отырмаса, дүниенің бәрі босқа кетті дей бер. Дәл осы жерде «Есі бар жігітті ез қылатын да – әйел. Есі бар еркекті екі есе ер қылатын да – әйел» деп ешкімге жалтақтамай, қадап айтуға болатын шығар. Сондықтан да әлгі қазақтың мақалын толық мәтінде айтқан ләзім: «Дарын мен талант – Құдайдан, Ердің бабы – жұбайдан». Иә, тоқетері сол, алған жарың ақылды болса, бағың жанғаны – жанған.
Бір анық: Мәрия жеңгей әйел миссиясындағы осы бір қанатты қағиданы қай кезде де қағыс қалдырмайтынымен отбасы бақытын орната білді. Ең алдымен, оның осы қасиетін айту – уәзипа. Сондықтан да Сауытбек ағадай тұлғаға астар бола білген Мәрия жеңгейді қалай мақтасаңыз да жарасады.
Қазақ Мемлекеттік университеті журналистика факультетінің орыс бөлімін үздік бітірген Мәрия Қайыржанқызы бір жылдай өзі туған Кереку жерінде облыстық телестудияның Екібастұздағы меншікті тілшісі болғаны болмаса, қос тілді бірдей терең меңгерген ол 1978-1998 жылдарда «Қазақстан» баспасында редактор, аға редактор, 1998-2012 жылдарда «Елорда» баспасында аға редактор болып жұмыс істеді. Осының өзі-ақ оның өмір бойы кітаптың айналасынан шықпағанын білдіреді. Сөз арасында айта кеткеннің айыбы жоқ, атаққа қызығуды білмеген Мәрия Қайыржанқызының 2001 жылы «Онжылдықтың үздік редакторы» атанғаны өз ісінің майталмандығынан хабар берсе керек. Осы жерде оның барлық бағалы қасиеттері Адалдығы мен Тұрақтылығынан бастау алып жатыр деп сенімді түрде айтуға болады. Өйткені ол иірімі көп өмір-өткелдің мұнар шыңына шыға білумен қатар сол биіктен бір аласарып көрген жоқ. Тартымды тұлға болуы үшін көп нәрсе керек. Дегенмен ол ең алдымен биік парасат иесі болуы тиіс. Мәрия жеңгей осы параметрге толық жауап береді. Оның тұла бойы – тұнып тұрған парасаттылық. Бүкіл болмыс-бітімі парасаттылықтан нәр алған. Елге сіңірген еңбегі де парасаттылықпен бедерленген. Сөз жоқ, парасаттылық – оның басты «визиткасы». Мәрия Қайыржанқызы жастайынан шабыттың үркек көгін қамшылаған ортада өсті. Журналистиканы таңдауына да әкесінің мамандығы әсер еткені – бұлтартпас шындық. Қаламының бөлек бояуы, жүрегінің өзіндік үні бар Мәрия жеңгей ұзақ жыл бойы кітап шығару ісімен айналысқанымен де республикалық басылымдарда орыс тілінде жазылған әдемі эсселерімен оқырмандарын қуантып келеді. Мақалаларындағы ат құлағын теңестіргендей тың теңеулеріне тәнтімін. Жіпке тізген маржандай. Сұлу да сазды. Еріксіз риза боласың. Мәрия жеңгейдің бойындағы суреткерлік қабілет оның әлем классиктерін көп оқығанынан шығар деп топшылаймын. Туындыларының денін орыс тілінде жазса да кестелі көркем тілді, халықтық болмыс бояуды байқамау мүмкін емес. Әрлеген әр сөйлемі әлеуметтік жүктің ауқымы мен өзінің танымдық мұратын одан сайын биіктете түседі. Осыдан-ақ журналист Мәрия Абдрахманованың шығармашылық қарымы қандай екенін пайымдай беріңіз.
Қазақта «мықты әйел» деген түсінік бар. Кез келген түсінік шартсыз болған ба?! Ең алдымен, ондай әйел ақылды болуы керек. Қанша жерден сұлу болғаныңмен тартымды бола алмайсың. Екіншіден, бала сүю ынтықтығы мен сол балаларды тәрбиелей білу таланты қажет.Үшіншіден, күйеуін пір тұта білетін киелі қасиеті болса игі. Төртіншіден, отбасының абыройы үшін күрескер болуы шарт. Осы қасиеттердің бәрі өзінің даналығымен, ақықтығымен, асқақтығымен әлдеқашан Мадоннаға айналған Мәрия Қайыржанқызының бойынан молынан табылады. Мұның бәрін нақты дәлелдермен айшықтап беруге болады. Алайда, екінші шарт туралы кеңірек тоқтала кеткенді дұрыс көрдім. Өйткені Мәрия жеңгей мен Сауытбек ағаның балаларын қалай тәрбиелегені әлдеқайда қызығырақ. Тұла бойы тұңғыштары Асқар Абдрахманов көп жылдан бері еліміздің сыртқы саясат ведомствосында жемісті еңбек етіп келеді. Қазір ол – Париж қаласындағы (Француз Республикасы) Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі. Әлия Абдрахманова ҚазҰУ мен КИМЭП секілді екі іргелі оқу орнын бітірген тамаша маман екенін білемін. Төрт бала тәрбиелеп отырған бақытты жан. Әсел Абдрахманова – Mastercard компаниясының Орталық Азия бойынша бизнесті дамыту жөніндегі директоры. Ал кенже ұлдары Әнуар Абдрахманов – 24kz телеарнасының журналисі.
Айтары жоқ, Саукең – көзі бар жігіт. Осындай жанды өзіне жар қып таңдап алған. Ал Мәрия жеңгей Сауытбек ағамды талай іргелі істерге жұмылдыра алғанына шүбәм жоқ. Мәрия Қайыржанқызының еріне сіңірген ұлан-ғайыр еңбегі – еліне сіңірген еңбегі.
Саукең мен Мәрия жеңгейдің бақытты өмірін елестеткенде көз алдыма велотандем теуіп бара жатқан қос ғашық келе қалады. Сырттай қарағанда көзің тоятын керемет көрініс. Ызғыма ырғақ. Деңгейі бір динамика. Айқара аура. Түбегейлі түсіністік. Үздік үйлесім. Сенімді сәйкестік. Бақытты бетке алған бағдар. Бірін-бірі толықтырудың апогейіне жеткен екеуі өз міндетін қалтқысыз орындайтын хас шебердей қапысыз көз тартады. Сауытбек аға – тандем-велосипедтің алысты алақанындағыдай көретін сергек стратегі болса, Мәрия жеңгей – дәл қазіргі сәтті қалт жібермейтін тапқыр тактигі. Шынында да, сұрапыл стратегия мен тегеурінді тактика тоғысқанда ғана толық және түпкілікті жеңіске жете аласыз. Ол жеңістің атауы – ортақ ошақ бақыты, отбасынан басталатын Отан шырайы.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ