Көл аман болса, ырзық та молаяды
Ақтөбе облысындағы «қаны тамып» тұрған экологиялық мәселенің бірі – Шалқар көлінің жағдайы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру қажеттігіне назар аударған болатын. Соның арқасында бүгінде республика аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көп шаруа атқарылып жатқаны мәлім.
Ақтөбе облысындағы «қаны тамып» тұрған экологиялық мәселенің бірі – Шалқар көлінің жағдайы. Қызылорда облысының Арал ауданымен шектесетін Шалқар ауданы үшін көл – өңірдің қатал табиғатын жұмсартып тұрған тіршілік көзі. Көл табанын тазарту туралы талап Үкіметке жылдар бойы қойылып келе жатқанымен кейінгі кезде ғана жүзеге аса бастады. Біз жақында Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидехановпен әңгімелесіп, көл айналасында көп жұмыс істеліп жатқанына көз жеткіздік.
Биыл су мол
Солтүстік Арал алабындағы Шалқар көлінің теңіз деңгейінен биіктігі – 167,0 метр, ауданы – 5,65-7,9 шаршы шақырым, ұзындығы – 7, ең енді жері – 1,8 шақырым. Солтүстік және солтүстік-шығыс жағалауы – жазық, қалған бөлігі – жарлауытты. Көл Ескі Шалқар көлімен бір қазаншұңқырда жатыр. Ертеректе екеуі бір көл болған. 1937 жылы тас-бетон бөгет арқылы көл екіге – солтүстік-шығыс (Шалқар көлі) және оңтүстік-батыс (Ескі Шалқар көлі) көлге бөлініп қалды. Мол су жиналған жылдары көл суының бір бөлігі бөгеттегі су жібергіш арқылы Ескі Шалқарға құйылатын. Алайда бірнеше жылдан бері суы тартылып, табанындағы батпақты тазартуға көлдің «күші» жетпей, дәрменсіз күйге түскен болатын.
Биыл көп өңір су тасқынынан зардап шеккені мәлім. Соның қатарында Ақтөбе облысы да бар. Облыс әкімі Асхат Шахаровтан бастап атқамінерлердің бәрі бірнеше ай бойы күні-түні еңбек еткенін БАҚ арқылы бүкіл республика жұртшылығы көріп отырды.
Су тасқынынан Шалқар өңірі де тыс қалған жоқ. Қыстағы қалың қар мен көктемгі жауын-шашын, Бершүгір өңірі тауларынан, сай-саладан ағылған су 26 наурызда Шалқар көліне жетті. Аудан басшылығы әбжіл қимылдап, жұмысты дұрыс ұйымдастырды да, 100 миллион текше метрге жуық суды Ескі Шалқар көліне қарай бұрып жіберді. Оған сол мөлшерде ғана су сиятын. Енді Шалқар қаласын су басу қаупі бар-ды. Ат үстіндегі азаматтар бұл күндері ұйықтаған жоқ. Көлдегі шлюзде орналасқан 30 шандорды 5 күн бойы көтеріп қойды. Құзырлы органдармен қатар аудан халқы да жұмылды. Соның арқасында су тасқынынан ешкім зардап шеккен жоқ. Тек 1-сәуірге қарай су тасқыны бәсеңдей бастады. Алайда екпіні бәсеңдегенмен, таудан жылғалап жеткен табиғи су бір айға дейін келді де тұрды.
Жанболат Жидехановтың айтуынша, биылғы жағдай шұғыл назар аударылуға тиіс біраз жайтты көрсетіп берген. Мысалы, 2011 жылы күрделі жөндеу жүргізілген Шалқар көліндегі шлюзге қайтадан дәл сондай жөндеу керек. Қазір аудан жыл сайын өз күшімен шлюз шандорларын жаңартып, ауыстырып отыр. Мысалы, өткен жылы 15 шандорды қайта жаңартқан. Өйткені олар ағаштан жасалған. Су қатты келгенде майыстырып жібереді. Қазір шандорлардың барлығы механикалық әдіспен ашылып-жабылады. Негізі, бұл нысандарға гидравликалық қондырғы орнату керек. Биылғы жағдай соны көрсетті. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. Кейін құзырлы органдар жобасын жасап, сметалық құжаттарын әзірлейтін болады.
Көл табанын тазарту жұмыстары биыл аяқталады...
Шалқар көлінің суы Мұғалжар тауларынан бастау алатын Қауылжыр өзенімен толығады. Соңғы жылдары қиыршық тас өндіретін зауыттардың әсерінен өзен ағыны кеміп, көлдің су деңгейі төмендеді. Мұны жергілікті БАҚ та, халық та жиі мәселе етіп көтеріп, дабыл қаққан болатын. Ақыры, назар аударылып, бүгінде Шалқар көлінің табанын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш жылдан бері істеліп жатқан жұмыс су сапасын жақсартып, көлдің гидробиологиялық құрамын сақтауға септігін тигізуге тиіс.
Көл табанын тазарту жұмыстарына жауапты мердігер – TOLAGAI-2050 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Техникалық қадағалаушы ұйым – «Строй Потенциал» мекемесі. Жоба авторы – «Актюбводпроект» серіктестігі. Жобаның жалпы құны – 3 миллиард теңге. 2021 жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары, жоба бойынша, 28 айға жоспарланған болатын. Алайда аудан әкімінің айтуынша, жобаға қайта есептеудің жүргізілуіне байланысты жұмыстың аяқталу мерзімі осы жылға жоспарланыпты.
– Жобаны түзетудің негізгі себебі – құрылымдық бөліктің өзгеруі. Түзетілген жобада көлдің ең терең бөлігін гидромеханикалық және механикалық әдістермен тазарту алаңын ұлғайту көзделді. Тазартылатын аумақтың жалпы көлемі – 589 гектар. Оның ішінде механикалық тәсілмен – 350 гектар, гидромеханикалық әдіспен 239 гектар аумақ тазаланбақ. Көлдің орташа тереңдігі тазартылғанға дейін 1,7 метр болса, тазартылғаннан кейін 3,60 метрге жетпек. Бүгінде бастапқы жоба бойынша жұмыстың 83 пайызы орындалды. Көл түбіндегі тазартылған аумақ көлемі
2 787 764 текше метр. Қазір көл жағалауына үлкен (бутовый – авт.) тастар тасылып жатыр. Бұл бағытта 2021-2023 жылға игерілген қаржы көлемі 2 193 574 мың теңге болса, биылға бөлінген қаражаттың көлемі – 359 321 мың теңге. Қазір мердігер ұйым көлдің түбін тазартып қана қоймай, жан-жағын бекіту жұмыстарын қатар атқарып жатыр.
Көлді жағалай бекітілетін үлкен тастардың бетіне қиыршық тастар төселеді. Бұл 4 шақырым 700 метр аумақты құрайды. Осы күні мердігер көлдің 3 шақырымдай аумағын айналдыра бекітті. Бұл жұмыстар да биыл аяқталады деп отырмыз, – дейді аудан әкімі.
Шалқар көліне 27 миллион текше метр су сияды деп есептелген. Қауылжырдың тынысы ашылып, су тұрақты келіп тұрса, Шалқар көлі шөлейт өңірдің тынысын кеңітіп қана қоймай, аудан халқы үшін нағыз демалыс орны болмақ. Аудан әкімдігінің бұл жөнінде де нақты жоспары бар екен. Көлдің бер жақ бетінде жергілікті тұрғындар үшін жағажай ашылған. Ал қыр жақ бетінен арбат салынбақ. Ол үшін арнайы жер, аумақ белгіленген. Сол аумақты биіктету үшін құм төсеу жұмыстары жүргізіліпті. Болашақта көл жағасында жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары тынығып, демалатын орын ұйымдастырылмақ. Жағалауға тал егіп, гүл өсіріп, арнайы орындықтар қойып, жарықшамдар орнатылады. Көл маңына шағын сахна орнатылып, арка жасалады. Қазір бұл шаруа облыс әкімімен келісілген, жергілікті халық та мақұлдап отыр. Демек, демалыс орны еңсе тіктейтін күн де алыс болмауға тиіс.
Көл болғасын, балық та болуға тиіс, әрине. Қазір аудан басшылығы балықты көбейту мәселесіне қатты назар аударып отыр. 2016 жылдан бастап Шалқар көлінде балық шаруашылығын жүргізу ісін «Сұлтанов» ЖШС қолға алған. Көлді 10 жылға жалға алған ол балықты көбейту мәселесінде де тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр. Соңғы үш жылда көлге «Тұқы» тұқымдас балығының 230 мың данасы, «Толстолов» тұқымдас балығының 25 мың данасы, «Ақ амурдың» 21 мың дана шабағы жіберілді. Бүгінде аталған балық тұқымдарының қоры көбейіп, аудан тұрғындары жергілікті балық өнімімен қамтылып отыр. Ағымдағы жылдың маусым айында 200 мың дана тұқы шабағы жіберілді. Алдағы уақыттарда да бұл жұмыстар жалғаса бермек.
Шалқар көліндегі балықтың қорын молайту үшін аулау жұмыстары қатаң бақылауға алынған. Тек белгілі бір мөлшерде ғана аулауға рұқсат беріледі.
Бау-бақшасы жайқалған
Су – тіршілік көзі. Су мол болған сайын оның айналасындағы қозғалыс та жандана түседі. Жоғарғы және төменгі болып екіге бөлінетін Шалқар көлінің айналасында да тіршілік қайнап жатыр. Төменгі Шалқар көлінің тұсындағы Қарамерген, Дәрібай көлдері де биыл суға қарық болды.
Қазір көл айналасында орналасқан 29 шаруа қожалығы оның суын суармалы егіс үшін пайдаланып жатыр. Олардың барлығы бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Одан бөлек 22 жеке кәсіпкерлік те көл суын осындай мақсатпен қолданып отыр. Аудан басшылығы көл суын үнемдеу үшін барлық шаруа қожалығына тамшылатып суару әдісіне көшу жөнінде талап қойыпты. Шаруашылықтардың 50 пайызы осы әдіске көшіп үлгерген.
Аудан әкімінің айтуынша, көл айналасынан ардагерлерге де жер берілген. Олар кооперативке бірігіп, егін салып жатыр. Ал бұл өз кезегінде ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін фактордың бірі.
– Былтыр көл жағасындағы 29,1 гектар жерге картоп, 39,9 гектарға көкөніс, 23,5 гектар алқапқа бақша дақылы егіліп, 378,3 тонна картоп, 610,47 тонна көкөніс және 387,7 тонна бақша өнімі жиналды. Ал биыл Шалқар көлі жағасынан 9 шаруа қожалығы, 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 6 жеке кәсіпкер, барлығы 93,7 гектарға картоп, көкөніс, бау-бақша дақылдарын егіп, бүгінде өз өнімдерін қала тұрғындарына сатып жатыр. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы несие алған 2 кәсіпкер 3 гектар жерге картоп, сондай-ақ көкөніс және бақша өнімдерін екті.
Қазір күзгі жиын-терін жұмыстары басталып кетті. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы құрылымдары көкөністің әр гектарынан орташа 160 центнер, бақша дақылдары бойынша гектарына 170 центнерден өнім алып отыр.
Жыл сайын шаруашылықтар және кәсіпкерлер егістік жерлерін суару мақсатында жаңа технологияларды енгізіп жатыр. Жоғарыда айтып өткенімдей, тамшылатып суару жүйесін енгізу арқылы біздегі ауыл шаруашылығы құрылымдары 1,5 есе жоғары өнімге қол жеткізіп отыр.
Шалқар көліне судың қоры мол келуіне байланысты алдағы жылдары суармалы егістік көлемін ұлғайтып, су үнемдеу, топырақ құнарлылығын сақтау, еңбек өнімділігін арттыру, еңбек күшін үнемдеу және жоғары өнім алу мақсатында егістік жерлерде тамшылатып суару жүйесін 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Жанболат Жидеханов.
Бұл жерде ғылымға жүгіну өз пайдасын беріп жатыр. Шалқар жазатайым қадап кеткен таяғың бәйтерек болып өсіп шығатын оңтүстік өңір емес. Сондықтан әуелі топырақтың құрамын зерттеп, не өсіруге болатынын айқындап алу керек. Аудан аумағында орналасқан Н.Вавилов атындағы Аралмаңы тәжірибе стансасының зерттеу нәтижелері, міне, осындай сорттарды іріктеуге көп көмегін тигізіп отыр. Соның арқасында ауданның топырақ-климаттық жағдайына бейімделген картоптың «Подарок Родина», «Гала», «Нәрлі», «Тоқтар», қызанақтың «Меруерт», қиярдың «Декан», қырыққабаттың «Настя», қызылшаның «Бордо», пияздың «Золотой шар», сәбіздің «Нантская» сорттары егіледі.
Аралға жақын жер болғандықтан мұнда құм көшкінін тоқтататын ағаш егудің жөні бөлек. Аудан әкімінің айтуынша, «Үлкен Борсық» орман шаруашылығында ағаштың 13 түрі өседі. Шырша, қарағай, жыңғыл, жүзгін, қайың, терек және басқа да өсімдік түрлері бар. Әрбіріне ерекше күтім жасалады. Суару жүйесі жолға қойылған. Орман шаруашылығы қызметкерлері құмды аймақта жасыл желектерді өсіру мүмкіндігі жоғары болу үшін климатқа сәйкес келетін өсімдіктерді таңдады.
Орман алқабының жалпы ауданы 32 мың гектардан асады. 1 900 гектарға сексеуіл егілді.
Міне, Шалқар ауданында осындай шаруалар жасалып жатыр. Жұртшылық, әсіресе, ауданның ажары мен базары болған көлге Үкіметтің назар аударғанына дән риза. Көл шөлейт өңірдің табиғатын жұмсартып қана қоймай, экономикасын да дұрыстауға септігін тигізіп отыр.
Айару Серік
Ақтөбе облысы