Инеш Кенжина: Атом энергетикасына көшу – жаһандық үрдіс

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессор-зерттеушісі, қауымдастырылған профессор, PhD

Инеш Кенжина: Атом энергетикасына көшу – жаһандық үрдіс
сурет: istockphoto.com
806

Осы аптада Үкімет мүшелері Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша референдум өткізуге бай­ланысты Қаулыға дауыс беріп, бірауыздан қолдады. АЭС-тің референдум жобасы Президенттің қарауына жіберілді. Бұйыртса, осы күзде өтетін референдумда халық АЭС керек пе, жоқ па деген мәселеге нүкте қойып, соңғы шешім қабылданады. Ал қоғамда атом стансасы туралы алып-қашпа әңгіме, конспирологиялық тұжырымдар қызу талқыланып жатыр. Бірі ғылыми негізге сүйенсе, екіншісі атойлаған топқа қосылып байбалам салуда. Мәселенің мәніне тереңірек үңілу мақсатында Ә.Бүркітбаев атындағы Энергетика және машина жасау институтының профессор-зерттеушісі, PhD Инеш Кенжинаға хабарласып, әңгімелескен болатынбыз.

– Халық саны көбейіп, экономика өс­кен сайын жұмсалатын энергия көлемі де арта түседі. Біздің ел Эконо­микалық ынты­мақтастық және даму ұйымына мүше ел­дер­мен салыстыр­ғанда энергияны 3 есе көп тұтынады екен. Бүгінде Қазақстанда энер­гия қу­аты­ның жетіспеушілігі қандай дең­гейде?

– Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес қазір еліміздің электр энергиясын өндірудегі жалпы қуаты – 24,5 МВт. Бүгінде қуаты 19 МВт болатын 204 электр стансасы жұмыс істеп тұр. Болжамдарға сәйкес, 2029 жылға қарай Қазақстанның электр энергиясының балансы өзге қуат көздерін есепке алма­ғанда – 31,18 млрд кВт*сағатқа жетеді. Одан бөлек, электр стансаларының пай­да­ланудан шығуы, негізгі және қосалқы жаб­дық­тардың тозуы (шамамен 66 пайыз), инвестицияның азаюы және санкция­лардың ұлғаюы да энергия өндірісін төмен­детеді. 
Электр энергиясының негізгі тұтыну­шысы – өнеркәсіптік кәсіпорындар және мәселе шамадан тыс тұтынуда немесе ысы­р­ап­та емес. Бізде энергияны қажет ететін өнеркәсіптік технологиялар ескі, ал энер­гия­ны үнемдейтін жаңа технологияларды енгізу инвестиция тартуды талап етеді. Ал кәсіпорын иесі бұған мүдделі емес, яғни ықпал ету тетіктері аз.
Мемлекеттік саясат бұл бағытта эконо­миканың энергияны неғұрлым көп қажет ететін секторларын үнемдеу арқылы іске асыруға бағыттауға тиіс. Бұл ел экономи­касындағы шығындарды қысқартуға, сондай-ақ Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында атап өтілген энергетикаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сондықтан АЭС салу – мәселенің оң шешімдерінің бірі болып қала бермек. АЭС салу әртүрлі салада (құрылыс, машина жасау, энергетика, ғылым, білім беру) мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүм­кіндік береді. Станса пайдалануға беріл­геннен кейін оған техникалық қызмет көрсету және басқару үшін жоғары білікті мамандар қажет. Бұл жергілікті экономи­каға оң әсер етері сөзсіз. 

– Мемлекет басшысы «Энергетика сала­сы дағдарысқа ұшыраса, аймақ­тағы көш­басшылық рөлімізден айры­ла­мыз» деген болатын. Энергия тап­шы­лығын жоюдың бір жолы АЭС салу десек, оның мемлекеті­мізге тағы да бас­қа қандай пайдасы бар? 

– Энергетикалық дағдарыстың жалпы экономикаға әсер етуінің негізгі факторы – ЖІӨ-нің төмендеуі. Ең бастысы, бұл әлеуметтік салаға теріс әсер етеді, ал бұл сайып келгенде, халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан бүгінде энергетика саласын дамыту – Қазақстан үшін басым міндет.
Елімізде АЭС салу мәселесі бірнеше негізгі себептерге байланысты өзекті болып отыр. Біріншіден, халықаралық келісімдер аясында еліміздің алдында 2060 жылға қарай көмірге тәуелділіктен арылу міндеті тұр. Көмірді көп пайдалану атмосферадағы көмірқышқыл газының көлемін ұлғайтады. Алдағы бірнеше онжылдықта Қазақстан­ның энергетикалық дағдарысқа ұшырау қаупі бар екенін бүгінде білікті мамандар мен тәжірибелі ғалымдар ашық айтып жүр. Өйткені электр энергиясын тұтыну жыл сайын артып отыр, ал оны өндіру азайып келеді. 
АЭС құрылысы ел экономикасына қомақты инвестиция тартуға, инфрақұрыл­ымды және осыған байланысты салаларды дамытуға ықпал етеді. АЭС өнеркәсіптерге энергия шығындарын азайтуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде ел экономикасының әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ жергілікті инфра­құрылым мен әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға ықпал етеді. Мұндай ірі жобаның құрылысы – еліміздің энергетикалық қауіп­сіздігі мен тұрақты дамуын қамта­масыз ету жолындағы маңызды қадам. Иә, мойындау керек, АЭС энергетика саласын­дағы барлық мәселелердің жалғыз ғана шешімі емес әрі құны да арзан емес. Алайда ол ұзақмерзімді перспективада тұрақты және сенімді энергиямен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл импорттық энергия көздеріне тәуелділікті азайтады және елді энергиямен қамтамасыз етудегі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар парниктік газ шығарындылары азайып, экологиялық ахуал жақсара бастайды. Экономикалық, экологиялық ахуалдан бөлек Қазақстан ғылыми зерт­теулер мен инновацияларды дамыту орта­лы­ғына айналады. Ал бизнесте тауарлар мен қызметтерді жеткізуге жаңа мүмкін­діктер ашылады.

– Қазақстанда энергетика саласына маман даярлайтын 24 ЖОО бар, алайда электр монтерлері, жоғары вольтті желі­лерді жөндеушілер мен басқа да жұмысшы мамандар тапшы. Инже­нерлік-техникалық қызметкер­лердің орташа жасы – шамамен 50 жас. Еңбек­ақысы төмен. Осы себептерді ескерсек, АЭС-ті салуға, оны дұрыс пай­далануға отандық мамандардың әлеуеті жете ме деген заңды сауал туындайды. 

– АЭС-ты пайдалану үшін отандық кадр­ларды кәсіби даярлау мәселесінде бірнеше фактіні ескеруіміз керек. Бір­іншіден, бүгінде елімізде 17,9 мыңға жуық адам атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында жұмыс істейді. Атом саласы бойынша оқитын білім алушы­лардың саны – 4 070 адам (бакалавриат – 3 590, магистратура – 397, докторантура – 83). Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, АЭС салатын елге орта есеппен 2 000-ға жуық жоғары және орта арнаулы білімі бар қызметкер қажет екен.
Жалпы, АЭС-те жұмыс істейтін қыз­меткерлерді оқытудың міндетті үлкен бағ­дарламасы және жұмысқа рұқсат алу үшін қатаң біліктілік талаптары бар, сон­дықтан бұл кезеңде отандық мамандар оқудан, соңыра дайындықтан өтеді, сосын барып жұмыс істеуге рұқсат алады. Қазақ­станда атом энергетикасы саласында білім алып, тәжірибе жинақтаған мамандар бар. Осы ретте ресейлік MИФИ университетімен ынтымақтастық және ҚР ҰЯО және ЯФИ РМК базасында оқу-ақпараттық орталық­тар білікті мамандармен қамтамасыз етуге атсалысады. 
Екіншіден, Қазақстан бірнеше жылдан бері атомды бейбіт пайдалану саласында мамандарды даярлау үшін өзінің ғылыми білім беру базасын белсенді түрде дамытып келеді. Мәселен, 2022-2023 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсыры­сы аясында мамандандырылған білім беру бағдарламалары бойынша 2 848 грант бөлінген. Сонымен бірге «Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық ядролық орталығы» базасында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ филиал­дары мамандар даярлаумен жүйелі әрі тұрақты айналысады. Сондай-ақ аталған мамандықтар бойынша оқитын студент­тердің әлемдегі жетекші ғылыми-зерттеу институттарында, атап айтқанда, Еуропа­лық ядролық зерттеулер орталығында тағылымдамадан өтуі олардың тәжірибелік дағдыларын қалыптастырады. 
Үшіншіден, 2022-2023 жылдар аралы­ғында Қазақстан, Франция, Ресей Федер­ация­сы және Венгрия атом өнеркәсібінде кадрлық әлеуетті арттыру бойынша бір­қатар құжатқа қол қойды. Аталған елдердің атом энергетикасын пайдалану тәжірибесі жүйелі әрі олар өз тәжірибесін қазақстан­дық мамандарға үйретуге дайын.  

– Бір сіріңке қорабындай уранда үш-төрт тонна көмірдің қуаты бар екен. Экон­омикалық жағынан, әрине, атом электр стансасын салған тиімді. Батыс Еуропада атом электр стан­са­лары орташа есеппен бүкіл электр энер­гиясының жартысынан астамын өндіреді. Бір ғана Жапонияда 50 реак­тор, Францияда 70-80 реактор жұмыс істейді. Алайда біздің қоғамда бір қор­қыныш бар, «атом» десе, ат-тонын ала қаша­ды. Адамдарда екі қорқыныш бар. Біріншісі – Семей ядролық поли­го­ны, екіншісі – Чернобыль мен Фукусима АЭС-теріндегі апат. Халық­тың мұндай қорқыны­шын қалай сейілте аламыз? 

– Радиофобия халықтың белгілі бір тобында бұрын да болған, бола да береді. Бұл полигондағы немесе атом электр стан­саларындағы апаттарға байланысты емес. Маңыздысы, халықтың атом энергетикасы мәселелерінен хабардар болуы маңызды, бұл ретте ғылыми-көпшілік ақпарат халыққа қолжетімді болуы керек. Мәселен, ересектер үшін ядролық нысандарға экскурсия жасаған қандай қызық болар еді. 
Қазір АЭС-терде болуы ықтимал апат­тар саны 7-10 аралығында. Жаңа буын реакторларын пайдаланған жағдайда мұн­дай апаттар 10 млн жылда бір рет қана болуы мүмкін. Сондықтан Чернобыль апаты­ның қайталану ықтималдығы өте төмен. Кезінде Чернобыль  АЭС-інде жобалық кемшіліктер болды және олар қауіпсіздік ережелерін бұзып жұмыс істеген. Мұның соңы қайғылы жағдайға әкелді. Ал Қазақстан жобалап отырған заманауи АЭС өткеннің қателігінен сабақ ала отырып жобаланған және қауіпсіздік деңгейі жоғары. Стансаның заманауи бақылау жүйелері мен сенсорлары кез кел­ген ақауларды жылдам әрі дәл анықтауға мүмкіндік береді. АЭС операторлары бар­лық жүйелердің қалып-күйін үнемі бақы­лайды және төтенше жағдай орын алған жағдайда әрекет етуге дайын.
АЭС салу мәселесін талқылағанда, ең алдымен, халықаралық тәжірибеге назар аудару керек. Бүгінде әлемнің 31 елі атом электр стансасын пайдаланады. Әлемдік энергетикалық дағдарыс жағдайында бірқатар жетекші елдер ядролық-энер­гетикалық бағдарламаны жаңғырту туралы шешім қабылдады. Мысалы, Францияда жаңа реактор құрылысы жоспарлануда, оның біріншісі 2035 жылға қарай іске қосылады. Түркия, БАӘ, Беларусь, Бангладеш, Мысыр елдерінде бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. 
Дүние жүзінде 415 ядролық реактор жұмыс істейді, оның 307-і – (74 пайызы) қысым астындағы жеңіл су реакторлары. Референдум оң нәтиже көрсеткен жағдайда Қазақстан реактордың осындай түрін салады. Бұл реакторлардың ішіндегі ең сенімдісі және атом энергетикасы пайда болғалы бері бірде-бір ауыр апат болған жоқ. Салыстыру үшін айтсақ, Чернобыль мен Фукусимадағы ауыр апаттар ескі реакторлардың басқа түрі. Жаңа реактор­лардың қауіпсіздік деңгейінің жоғарылығы сондай, тіпті адам апат жасауға ниеттенсе де, қауіпсіздік жүйелері оған жол бермейді. 
Екіншіден, радиоактивті қалдықтар қоршаған ортаға және халықтың денсау­лығына радиациялық әсер ету қаупін барын­ша азайтатын халықаралық стан­дарттарға, соның ішінде МАГАТЭ (Атом энер­гиясы жөніндегі халықаралық агент­тік) талаптарына сәйкес сақталады және жойы­лады. Қазақстанның ядролық материалдармен жұмыс істеуде тәжірибесі мол және барлық сақтық шараларын қатаң сақтауға толықтай мүмкіндігі бар. 
Үшіншіден, АЭС жобалаудың, салудың және пайдаланудың қатаң стандарттарына байланысты техногендік апаттың болу мүмкіндігі барынша төмен. Заманауи АЭС-тер төтенше табиғи және техногендік әсерлерге, соның ішінде үлкен магнитудалы жер сілкіністеріне және «Боинг-747» секілді үлкен ұшақтың апатына төтеп бере алады. 

– Халықтың тағы бір қорқынышы – ядролық қалдықтар. Оны пайда­ланудың басқа жолы бар ма және тол­ық­тай зарар­сыздандыру мүмкін бе? 

– Бұл жерде мәселе Қазақстанда өте аз кездесетін ядролық қалдықтарда емес, дамыған уран өнеркәсібі, сондай-ақ басқа да тау-кен кәсіпорындары бар елдер секілді, қауіпті санаттарға бөлінетін радиоак­тивті қалдықтарда және олардың саны елімізде өте көп. Радиоактивті қал­дықтармен жұмыс істеу әлемнің көп­теген еліне ортақ мәселе. Бұл мәселе радиоактивті қалдықтарды шығаратын мекемелердің жұмысына және кәсіпорындардың талаптар мен техно­логияларды орын­дауына заңнамалық және нор­мативтік-құқықтық талаптар қойылған кезде шешіледі. Бүгінде радиоактивті қалдық­тарды жою технологиялары дамып келе жатыр және толығымен жою техноло­гиялары пайда болатын күн де алыс емес. 
Негізі, радиоактивті қалдықтарды сақтаудың және кәдеге жаратудың қатаң реттелген әдістері бар. Біріншісі, терең геологиялық қоймаларда іске асырылады. Бұл әдіс бойынша қалдықтар арнайы контейнерлерге салынып, мыңдаған жыл бойы қоршаған ортадан оқшауланып, үлкен тереңдікке көміледі. Екінші әдіс – кәдеге жарату. Ра­диоактивті қалдық­тардың кейбір түрлері бағалы материалдарды қалпына келтіру және ұзақ сақтауды қажет ететін қалдық­тардың көлемін азайту үшін өңделуі мүм­кін. 
Жалпы, радиоактивті қалдықтардың көлемі салыстырмалы түрде аз әрі оны ұзақ уақыт бойы қауіпсіз сақтауға болады. Заманауи технологиялар қалдықтардың мөлшерін азайтуға және оларды өңдеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу үшін АЭС аумағында немесе арнайы бөлінген жерлерде арнайы қоймалар салы­нады. Бұл нысандар ең қатаң халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай болады. Сонымен қатар радиоактивті қалдықтар қатаң бақыланады және оларды әскери немесе заңсыз операцияларға қолдануға болмайды. Халықаралық келісімдер мен ұлттық заңнамалар ядро­лық материал­дарды бейбіт емес мақ­саттарда пайдалануға тыйым салады.

– Радиоактивті қалдықтар топыр­аққа еніп, ауыл шаруашылығы жер­лер­ін ластауы мүмкін бе?

– Бүгінде заманауи сақтау әдістері қалдықтарды қоршаған ортадан толық оқшаулайды. Қалдықтарды сақтауға арналған контейнерлер берік материал­дардан жасалады және ағып кетпейді. Бұл қатаң бақыланады. Ал радиоактивті қал­дықтармен жұмыс істеу үшін АЭС инфра­құрылымының шеңберінде арнайы зауыт­тар салынады. Мәселен, 1-1,5 млн тұрғыны бар қаланы электр қуатымен қамтамасыз ете алатын АЭС тоқтаусыз 60 жыл жұмыс істегенде 50 текше метр радиоактивті қалдық шығарады. 

– АЭС-ті елді мекендерден қанша шақырым қашықта салған дұрыс? Орна­ласатын орнына байланысты қандай да бір талаптар қойыла ма?

– Бұл АЭС реакторлары блоктарының қуатына байланысты, бірақ әдетте 1 000 МВт электр блоктары үшін санитарлық-қорғау аймағы – 30 км, сәйкесінше қуаты аз АЭС үшін санитарлық-қорғау аймағы аз. Мысалы, Ядролық физика институтында қуаты 6 МВт жылу ВВР-К зерттеу реакторы үшін – 1 км. 

– АЭС керек емес деушілердің алға тар­татын нұсқасы – жаңартылған энер­гия көздері. Президент мұндай қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін жеткізуді  мін­деттеп еді. Қазір қанша пайыз дең­гейіндеміз?

– Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында көрсетілгендей, жаңартылған энергия көздерінің жоғары әлеуетіне қарамастан, өсу қарқыны жеткіліксіз. Қазақстанда жаңартылған энергия көздері генерация­сының үлесі – 4,53 пайыз (су энергиясын есептемегенде), ал орташа әлемдік көр­сеткіш – 30 пайыз. Ал 2029 жылға қарай елімізде бұл көрсеткішті 4,53 пайыздан 12,5 пайызға дейін ұлғайту көзделіп отыр. 
Қазақстанда дәстүрлі энергетикалық ресурстардың айтарлықтай қоры бар, олардың негізгісі – көмір. Бұл атом энер­гетикасын дамыту қажеттілігін азайтты, өйткені қолда бар энергия ресурстары елдің қажеттіліктерін қанағаттандыра алды. Мұнымен қоса, дамыған энергет­и­калық инфрақұрылым және Қазақстандағы электр энергиясының профициті АЭС құрылысының өзектілігін азайтты.
Дегенмен электр энергиясын тұтыну­дың өсуін және жұмыс істеп тұрған стан­салардың тозығы жеткенін ескере отырып, қазір елді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін электр энергиясының жаңа көзін енгізу қажеттілігі арта түсті. Елдегі көмірдің қоры да шектеусіз емес, газ қоры да санаулы. 
Жел және күн секілді жаңартылатын энергия көздері елді энергиямен тұрақты қамтамасыз ете алмайды. Өйткені бұл ауа-райына тікелей байланысты. Мысалы, кейде жел соқпайды немесе күн шықпайды. Осыған байланысты жел немесе күн бол­маған кезде электр қуатын тұрақты қам­тамасыз ету үшін қосымша энергия көздері қажет. Сондықтан сенімді және тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін тәулік бойы және ауа райына қарамастан жұмыс істей алатын басқа энергия көздерін пай­далану тиімді әрі ұтымды. 
Энергетика министрлігінің деректері бойынша, электр энергиясының тәуліктік тапшылығы 1 200 мегаватт қуатқа жетеді (бұл шамамен 600-800 мың адам тұратын үлкен қаланы электр қуатымен қамтамасыз ете алады). Әлемдік тәжірибе ең оңтайлы шешім – бейбіт атомды ұсынады. Атом энергетикасы тұтынушыларды сенімді энер­гиямен қамтамасыз ететін болжамды баға бойынша тұрақты энергия өндірудің бірден-бір көзі. АЭС  жасыл энергия көзіне жатады. Сонымен бірге, атом энергетикасы – ғылым мен білімнің дамуына, сабақтас салаларда жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін жоғары технологиялық сала.
Қазақстандағы энергия тапшылығы мәселесін шешкен кезде атом энергети­касының артықшылықтарын ескерген жөн. Мысалы, ядролық отынға қолданылатын 1 килограмм уран толық жанған кезде 100 тонна жоғары сапалы көмір немесе 60 тонна мұнай шығаратындай энергия бөледі.
Атом энергетикасына көшу – жаһандық үрдіс. Қатты отынды бейбіт атомдарға ұтымды алмастырып жатқан елдердің саны артып келеді. Мәселен,  көрші Өзбекстан қазір келіссөздер жүргізіп жатыр. Біз де кейін уақыт жоғалтып, аутсайдер, тәуелді болып қалудан алдын ала сақтанғанымыз дұрыс.  

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары