«AMANAT» партиясының делегациясы Шэньси провинциясына барды

Қазақстан мен Қытайды өзара сыйластыққа және тұрақты даму мүддесіне негізделген ұзақ жылдан бергі табысты ынтымақтастық байланыстырады.

«AMANAT» партиясының делегациясы Шэньси провинциясына барды
366

«AMANAT» делегациясының Қытайға жұмыс сапары аясында партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев қытай тарапының өкілдерімен Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар кездесу өткізді.

Атап айтқанда, Ержан Жылқыбаев Қытай Коммунистік партиясы Шэньси провинциясы комитеті хатшысының орынбасары Син Шаньпинмен келіссөз жүргізді. Оның барысында партияаралық ынтымақтастықты нығайту, логистика және өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы талқыланды. Тараптар Шэньси провинциясы мен оның әкімшілік орталығы саналатын Сиань қаласының Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстарды дамытудағы маңызды рөлін атап өтіп, Сианьда қазақстандық логистика орталығын салу қажет екеніне тоқталды.

«Қазақстан мен Қытайды өзара сыйластыққа және тұрақты даму мүддесіне негізделген ұзақ жылдан бергі табысты ынтымақтастық байланыстырады. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу, бір жол» бастамасы осы байланыстарды одан әрі нығайтудың қозғаушы күшіне айналды. Ұлы Жібек жолының тарихи торабы саналатын Сиань қаласы қайтадан жаһандық сауда және логистика орталығына айналуда. Бұл қадам – Қазақстан үшін өте маңызды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды дамытуға және Қытаймен ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән береді», – деді Ержан Жылқыбаев.

Сондай-ақ, «AMANAT» Хатшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың гуманитарлық құрамдас бөлігіне де назар аударды. Көктемгі су тасқыны кезінде Қытай зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетті. Атап айтқанда, «Сиань АйЦзюй» астық компаниясы табиғи апат салдарын жою үшін қаржы бөлді.

Қытай Коммунистік партиясы Шэньси провинциясы комитеті хатшысының орынбасары Син Шаньпин екі партия арасындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың маңызды бөлігі саналатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол екі ел арасындағы тарихи және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарға да тоқталды. Қытайлық әріптестер заңнамалық салада тәжірибе алмасу, бастауыш партия ұйымдарымен жұмыс істеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің жасампаз күн тәртібін ілгерілету үшін «AMANAT» партиясымен ынтымақтастықты дамытуға дайын.

Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының делегациясы BYD автомобиль зауытына барды. Ол Қытайдағы электромобиль өндіруші ең ірі зауыттардың бірі саналады. Сапар барысында олар компанияның инновацияларымен және өндірістік қуатымен танысып, екі елдің автомобиль өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Партия делегациясы сапар аясында барған тағы бір маңызды орын – «Shaanxi Construction Engineering» құрылыс компаниясы. Ержан Жылқыбаев компанияның тұрмыстық қалдықтарды жағу негізінде электр энергиясын өндіру жөніндегі жобасын жоғары бағалады. Бұл бастама экологиялық проблемаларды шешуге және тұрақты энергия көздеріне көшуге бағытталған маңызды қадам саналады.

Бұл – экологиялық мәселелерді шешу және қоршаған ортаны қорғау бағатында Қытай мен Қазақстанның мүддесі ортақ екенін көрсетеді. Мәселен, «AMANAT» партиясы бірнеше айдан бері елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған «Таза бейсенбісі» республикалық акциясын өткізіп келеді. Оған табиғатқа және экологияға бей-жай қарамайтын 50 мыңға жуық партиялықтар мен еріктілер қатысуда. Нәтижесінде, осы уақыт аралығында ел аумағында 7 мың тоннаға жуық қоқыс жиналды.

Серіктес жаңалықтары