Алтын Орда мен Мәмлүктер

Осыған байланысты Египет пен Алтын Орда арасындағы саяси қарым-қатынастарға не­гіз болған факторларды анықтаудың маңызы зор. Сол маңызды факторлар екі жақты қарым-қа­ты­настардың басталуына негіз қалайды.

Алтын Орда мен Мәмлүктер
609

Қай дәуірде, қай ғасырларда болмасын Еуразия құрлығы, Солтүстік Африка және Таяу Шығыс аумақтарының түйіскен жерлерінде, сондай-ақ оларға іргелес аумақтарда өмір сүрген мемлекеттер мен империялардың бір-бірімен жүргізген саяси, экономикалық, мәдени, діни байланыстары мен қарым-қатынастары бүкіл адамзат баласының тарихи дамуының ішкі ағымдарын, оның басты бағыттарын, сипаттарын анықтап отырды. 

Осындай аса маңызды жағдай XIII ғасырдың екінші жартысынан XVI ғасыр басына дейінгі ара­лықта да жалғасын табады. Осы бір тарихи кезеңде атал­ған аумақтарда Египет пен Таяу Шығыстың ба­тыс бөлігінде – Мәмлүктер сұлтандығы (1250-1517), Таяу Шығыстың бір бөлігі мен Орта Шығыста – Хұлағу әулетінің немесе Елхандар әулетінің мем­ле­кеті (1256-1353) және Еуразия құрлығының қақ ор­тасында алдыменен Жошы Ұлысы (1224-1242) жә­не оның жалғасы болып Алтын Орда империясы (1242-1502) өмір сүрді. Олардың бір-бірімен жүр­гіз­ген әртүрлі бағыттардағы қарым-қатынастары сол тұстағы халықаралық жағдайдың көрсеткіші бол­ды деуге болады. Оның ішінде кейбір жекелеген ба­ғыттар бүгінгі күндерге дейін өзінің тікелей сал­дар­лары мен ықпалдарын сақтап отыр. Солардың қа­тарына 1260-1277 жылдары Египет пен Таяу Шы­ғыстың батыс бөлігіндегі Мәмлүктер сұлтан­ды­ғын билеген Сұлтан Бейбарыс пен дәл осы жылдары Алтын Ордада билік құрған Берке хан мен Меңгу Темір хандар тұсындағы қарым-қатынастар жата­ды. Екі жақ тарапынан да бұл қатынастар өзара тиімді, өзара пайдалы және екі жақ үшін де маңызы жоғары болды. Осыған байланысты Египет пен Алтын Орда арасындағы саяси қарым-қатынастарға не­гіз болған факторларды анықтаудың маңызы зор. Сол маңызды факторлар екі жақты қарым-қа­ты­настардың басталуына негіз қалайды. 

Жалпы алғанда, XIII-XV ғасырлар­да­ғы Алтын Орда мен Египет ара­сындағы, сол сияқты осы ғасырлардағы Ал­тын Орда мен Иран, Иран мен Египет ара­сындағы қарым-қатынастардың бары­сы сол заманның өзінде қағаз бетіне тү­сі­рі­ліп тарихқа енген. Күні бүгінге дейін олар­дың бірталайы орыс тіліне аударылып, ар­найы түрде «Алтын Орда тарихына қа­тыс­ты материалдар жинағының» (СМИЗО) екі томына енгізілген. Бұл жинақта XIII-XV ғасыр­лардағы Египет пен Алтын Орда ара­сындағы сауда, елшілік байланыстар мен саяси қарым-қатынастарды көрсететін араб тіліндегі 26 шығарманың үзінділері кез­деседі де, олардың кейбірі тікелей Сұл­тан Бейбарыстың билігі (1260-1277) тұ­сын­дағы Египет пен Алтын Орда арасындағы қа­тынастар туралы өте құнды мәліметтерді баян­дайды. 
Біз де өз кезегінде ғылыми айналымдағы ма­териалдар мен жаңа, соңғы жылдардағы тың тарихнамалық материалдарға сүйене отыра, екі жақты қатынастардың бәрін то­лық­тай қамтымай, тек Египетте 1260-1277 жылдары билікте болған Сұлтан Бей­барыс тұсындағы қарым-қатынастардың қа­лыптасуының негізгі себептеріне тоқ­та­ламыз. 
1235 жылғы Қарақорымда өткен моң­ғол ақсүйектерінің Құрылтайында батысқа қарай «моңғол жылқысының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі жерлердің» жаулап алынылуы қарастырылып, оң шешімін тап­қаны бәрімізге белгілі. Ол шешімді Шың­ғыс ханның Жошыдан туған немересі Бату хан «Батысқа қарай жеті жылдық жо­рық» деп аталатын 1236-1242 жылдары жүр­гізілген жорығында жүзеге асырады. Сөй­тіп, Жошы Ұлысының аумағы Жайық өзе­ні бойынан батыста Венгрия мен По­ль­шаға дейін кеңейеді. Ал Ұлыстың саяси ор­талығы Ертістің жоғары ағысы бойы мен Ала­көл көлі жағынан Еділдің төменгі ағы­сы бойына ауысады. 1242/1243 жылдар – шарт­ты түрде Жошы Ұлысының негізінде жаңа империяның Алтын Орданың пайда болған жылы деп есептеледі. Бұрын бұл аумақтарда бірнеше ондаған үлкенді-кішілі тіні мен діні, тілі мен тегі, мәдениеті мен руханяты жағынан әртүрлі халықтар өмір сүріп, әрқайсысының жеке мемлекеттік құрылымдары болып, олар саяси жағынан бытыраңқылық жағдайда өмір сүріп жат­қан еді. Ал жеті жылға созылған жаулап алу­дан соң «моңғол жылқысының тұяғы жет­кен жердің бәрінде» бір ғана түс пайда болады және ол орасан зор аумақ бір ғана атаумен атала бастайды. 
Алғашында орталығы Қарақорым бо­лып саналған Моңғол империясы сырттай біртұтас болып көрінгенімен, Бату хан­ның (1227-1255) тұсында-ақ өзінің Қара­қорым­нан дербестігін байқата бастаған еді. Бұл дербестік Берке хан (1257-1266) кезін­де одан әрі тереңдейді. Берке хан сыртқы саясатты Қарақорыммен санаспай дербес жүр­гізеді. Ол жөнінде біз төменде тоқта­ламыз. 1267-1280 жылдары билікте болған Бату ханның немересі Меңгу Темір хан тұ­сында Сарай қаласы Қарақорымнан бір­жолата ат құйрығын кесіседі.
Осы кездерден бастап Бату негізін қа­лаған жаңа мемлекеттің атауы әр­түрлі деректерде түрлі нұсқаларда айты­ла­ды. Тіпті, оларды ешкім де санаған емес. Соған қарамастан мынадай атаулар кезде­седі: Жошы ұлысы, Дешті қыпшақ, Қыпшақ, Бату үйі, Берке елі, Ұлы ұлыс, Солтүстік пат­шалық, Тоқмақ, Тоқмақ ұлысы, Моңғол мем­лекеті, Өзбек мемлекеті, Өзбек ұлысы. Қа­зіргі күндері ғылыми зерттеулерде жиі қол­данылып жүрген тағы бір атау бар, ол – Алтын Орда атауы. Біз де осы атауды қол­­­­данатын боламыз.
Зерттеушілердің пікірінше, Алтын Ор­да­ның мемлекеттік құрылымының негіз­дері Бату мен Берке хандар тұсында қала­нады. Бұған дейін айтып өткеніміздей, дамуы жағынан әртүрлі деңгейдегі тілі мен тіні, діні мен тегі жағынан әртүрлі шаруа­шы­лық түрлері де әртүрлі халықтар мен ұлыс­тар жаулап алу нәтижесінде ортақ сая­си кеңістікке біріктіріледі. Саяси кеңіс­тік уақыт өте келе экономикалық, мәдени, діни, тіл кеңістігіне жол ашады. Орталық хандық билік пен әкімшілік басқару жүйесі тұрақталып, бірте-бірте орталық атқару би­лігін қалыптастырады. Ал сыртқы сая­сатта жағдай басқаша болды.
Алтын Орданың 1240-1250 жылдары қалыптасуы кезеңінде оның оңтүстігіндегі Бағдат халифаты өзінің бес ғасырлық та­ри­хының соңғы жылдарын басынан өтке­ріп жатты. Иранды толық жаулап алу мә­селесі Қарақорымда шешіліп, оны жүзеге асыру Мөңке қағанның інісі Хұлағуға тап­сырылады. 1253 жылы Моңғолиядан ат­танған Хұлағу 1256 жылға дейін Аму­дарияның арғы жағына өтпейді. Өйткені Алтын Ордадағы жошылық сұлтандар Иран мен Иракты өздерінің ықпалындағы аудан­дар деп санады, ол аумақты басқа­лар­дың жаулауына наразы болды. Бұл жөнінде араб тарихшысы әл-Омари (1301-1349) мы­надай мәліметтер береді: «... Жошының бел­гілі ұлдары Бату мен Берке. Олардың әкесі қайтыс болмай тұрып әкесі Шыңғыс хан оған Дешті қыпшақты берді және оған Арранды, Тебризды, Хамаданды, сондай-ақ Мераруды қосып алуға рұхсат етті». Не­гізі­нен, Бату хан осы мәселе бойынша Шың­ғыс ханның өсиетіне сай Иран жері бола­шақта Жошы ұлысының құрамында болуы керек деген ойда болып, Хұлағудың Иранға жорығына қарсы болды. Ал Берке хан болса, Хұлағудың Иранды бағындыруына мүл­де қарсы екенін білдіреді. Ол жөнінде тағы да әл-Омари былай деп жазады: «Хұ­лағу ағасы Мөңкені алдаусыратып халиф ие­ліктерін бағындыру керегін айтып, сол мақ­сатпен аттанды. Бұл хабар Беркеге жет­ті, оны ол жақтырмады, өйткені халиф пен Берке арасында достық қалыптасқан еді. Ол ағасы Батуға: «Біз Мөңкені хан көтер­дік, сол үшін ол бізге не қайтарды», – дей ке­ле, «Біздің жасаған жақсылығымызды біздің достарымызға қарсы зұлымдықпен қай­тармақ па, біздің келісімдерді бұзып отыр, халиф иеліктеріне яғни менің одақ­та­сыма көз салып отыр, ал мен болсам, ха­лиф­пен хат алысы тұрамын және достық бай­ланысымыз бар». Бұл жерде Берке мен ха­лиф арасындағы достықты алғашқының мұ­сылман болуымен байланыстырамыз. Осы­лайша, әлі Хұлағу Иранды бағын­дыр­май және Иранда оның әулетінің мемлекеті құ­рыл­май тұрып, алтынордалықтар би­леу­ші­лермен болашақтағы қарым-қаты­нас­та­ры­ның негізі айқын көріне бастайды. 
Осыдан кейін шұғыл түрде Бату хан Хұ­лағуға хат жолдап, орнынан жылжымау жө­нінде айтады. Соған сай Хұлағу әскері екі жыл Амудария бойында тұрақтайды. Тек, 1255 жылы Бату ханның өлімінен кейін ғана Хұлағу әскері Иранды бағын­ды­ру үшін Амударияның арғы жағына өте­ді. 1256 жылы исмаилиттер тізе бүкті, ал 1258 жы­лы Бағдат алынып, Халиф Мұстасим сол жылы 20 ақпанда өлтіріледі. Осылайша, 750-1258 жылдар аралығында 500 жылдан артық өмір сүрген Бағдат Халифаты өзінен мық­ты қарсыластың алдында жеңіліп, та­рих­тың көшінде қалдырылады. Одан әрі моң­ғол әскерлерінің Иран мен Иракты то­лық бағындыруы жеңіспен жалғасады. Одан әрі Сирия мен Палестина жерлерін ба­ғындырудың жоспары жасала бастайды. Хұ­лағу болса, Халифаттың бар байлығына өзі жеке-дара иелік етіп, Иранда 1265 жыл­ға дейін, ал ұрпақтары Елхандар әулеті де­ген атаумен 1353 жылға дейін Иранда би­лік құрады. 
 Алтын Орданың алғашқы ханы Бату Хұ­лағудың Иранды жаулап алуына қалай қар­сы болса, ал Берке хан жаулап алын­ған­нан кейін наразылық бірден ашық соғыс­тар­ға ұласып кетеді. Осылайша, Алтын Ор­дадағы жошылық әулет пен Ирандағы Елхандар әулеті арасындағы қарым-қа­ты­нас­тардың негізін құраған факторлар осы кез­де бірден анық көрініс берді деуге бола­ды. Осы факторлар Иранның Египетпен жасаған қарым-қатынастарына да әсерін тигізеді. 
Ал дәл осы кездері, яғни XIII ғасырдың 50-жыл­дары Египет пен Таяу Шығыстағы сая­си жағдайға келсек, өте күрделі болатын. Бір жағынан ішкі саяси қайшылықтармен бай­ланысты туындаған дағдарыстар, крес­шілердің жорықтары Египеттегі Аюбилер әулетінің билігін әлсіретеді. 1250 жылы Аю­билер әулетінің соңғы билеушісі Туран шах өлтіріліп, 10 жыл бойы саяси өрт то­лас­тамайды. Осындай жағдайды пай­да­лан­ған Иранның жаңа билеушісі Хұлағу 1259 жылы Сирияның ең ірі екі қаласы – Алеппо мен Дамаск қалаларын басып алады. Одан әрі алға жылжыған моңғол әскерін Пал­ес­ти­надағы Айн-Жалут деген жерде мамлюк әс­керлерінің басшылары Құтыз бен Бей­ба­рыс жеңіліске ұшыратады. Бахрит мам­люк­терінің басшысы, тегі қыпшақ, Дешті қып­шақ аумағында дүниеге келген Бей­ба­рыс 1260 жылы Құтызды жеңіп билікке келеді. Сөйтіп, оның 1260-1277 жылдар аралығын­да­ғы 17 жылға созылған билігі басталады. 
Тарихта Египеттегі Мәмлүктер мем­ле­­ке­тінің төртінші сұлтаны болған – Ру­кн ад-дин Бейбарыс әл-Мансури әл-Мыс­ридың билігі тұсында Египеттің қуаты ар­тып, халықаралық беделі артады. Оның бе­делінің артуына Алтын Ордамен жүр­гі­зіл­ген қарым-қатынастар көп жәрдемін ти­гізеді. 
Сұлтан Бейбарыстың хатшысы Ибнаб­дез­­­захыр (72 жасында 1293 жылы Египетте қай­тыс болған) сол кездегі саяси оқиға­лар­дан, әсіресе, Египет пен Алтын Орда ара­сын­­дағы саяси байланыстар тарихын жақ­сы біле отыра, өз еңбегінде екі жақты қа­рым-қатынастардың қалыптасуын, тари­хын да айтып өтеді. Ол былай деп жазады: « 660 жылы (26 қараша 1261 жылы – 14 қара­ша 1262 жыл) ол (Эльмелик – Эззахыр) (Сұлтан Бейбарыстың ресми есімдерінің бірі – автор) Ұлы Татар патшасы Беркеге хат жазды, оның айтқандарын мен жазып отыр­­дым». Автор одан әрі Сұлтан Бейба­рыс­­тың Берке ханға жазған хатының маз­мұ­­нын былай деп баяндайды: «Ол Хұлағуға қар­­сы оны (Берке ханды) айдап салды, олар­­дың ортасында жаулық пен жеккө­ру­ші­лік­ті туғызды және Беркенің татарларға қар­сы міндетті түрде қасиетті соғысқа шы­­­ғуы­­ның себептерін талдап түсіндірді, оның исламды қабылдағаны жөнінде ха­бар­­­­лар оған келіп жатыр, татарлар оның туы­­­сы болғанымен кәпірлермен соғысу оның парызына жатады. Пайғамбар да (оған Алланың рахымы түссін) өзінің туыс­тарымен, Құрайыштармен соғысты, оған берілген (Алланың) бұйрығына сәй­кес, адамдар «Алладан басқа Құдай жоқ» деп айтқанша соғысу жүктелді. Ислам тек жай сөздерден тұрмайды. Қасиетті соғыс оның бір тірегі. Келіп жатқан хабарларға қара­ғанда Хұлағу христиан дініндегі әйелі үшін крест дінін өз еліне орнатыпты және се­нің дініңнен әйелінің дінін жоғары қойып­ты, дінсіздердің басшысын Халиф­тың үйіне орналастырыпты». Одан әрі «соғыс кезінде сұлтан қандай іс-әрекеттер жа­сау керегін түсіндіреді. Ибнабдеззахыр «хат­ты Аландық саудагерлер ішіндегі сенім­ді адамы арқылы Берке ханға жіберілгенін айтады.
Сұлтан Бейбарыстың Алтын Орда ха­ны­на алғашқы хатынан-ақ оның қандай мақ­сатты ұстанғанын көруге болады. 1260 жыл­дың соңында билікке келісімен ол Еги­петке қауіп төндіріп тұрған ең басты сыртқы қарсылас – Ирандағы Хұлағу хан­ның билігі екенін білді. Хұлағу хан мен оған қатысты мәселелерді әмірлері мен кеңес­­­­шілері арқылы терең зерттей келе, Сұлтан Бейбарыс оған қарсы мықты әскери одақ құруды жоспарлайды. Хұлағудың одақ­тастары мен қарсыластарын дәл анық­тап, «менің жауымның жауы маған жау емес» деген принципке сай, Хұлағудың сол тұстағы ең басты қарсыласы Алтын Орда ханы Берке екенін дәл аңғарады. Алғашқы хаттан-ақ Сұлтан Бейбарыс Египет пен Алтын Орда ислам факторы арқылы одақ­таса алады деп ойластырады. Осылайша, Сұлтан Бейбарыс 1261 жылдың басында-ақ ислам факторын алға тарта отыра, алғашқы қадамды өзі жасайды.
Сұлтан Бейбарыстың алғашқы қада­мы­на Алтын Орда тарапынан тез жауап бе­рі­леді. Бұл жолы Алтын Ордаға арнайы ел­ші­­лік жасақталады. Ол туралы тағы да Иб­набдеззахыр «Эльмелик Эззахырдың өмірбаяны» атты еңбегінде айтады. Сұлтан Бейбарыс «хатында бүкіл мұсылмандардың жағдайын назар аударады. Білімді адамдар­дың қатысуымен хат жазылады. Онда Ислам­ның жалпы жағдайы мен Халифты сай­лау туралы ақпаратты баяндайды. Ха­лиф әл-Хакимнің Пайғамбарға дейінгі ше­жіресін жазуды бұйырады. Халиф ше­жіресі жазылып, ол алтынмен апталады. Өзі­нің де шежіресін жазғызып, оны Тад­жеддин қазыға куәландырады. Бұл құжат­тар даяр болғанда барлық әмірлер, бөлім бас­шылары және тағы басқалар шақыры­лып, оларға хат таныстырылады, олардан хатқа қатысты пікірлері сұралады. Олар хат­ты мақұлдады».
Хаттағы «Исламның жалпы жағдайы мен Халифты сайлау туралы» ха­бар­­ламадан Сұлтан Бейбарыстың 1258 жы­лы Бағдат Халифы өлтірілгеннен кейін бүкіл әлемде Исламды дамыту үшін жаңа Ха­лифты тағайындағанын, сөйтіп, Ислам­ның орталығы Каирге ауса бастағанын көр­сетеді. Халифке қолдау көрсету арқылы Сұлтан Бейбарыс өзіне де мұсылмандар арасынан қолдаулар табады.  
Автор еңбегінің «Берке ханға елшілік жі­берілуі туралы» деген тарауында былай де­лінеді: «Татарлардан (Алтын Ордадан) ал­ғаш рет Сұлтанға елшілік келген кезде ол олардан олардың жағдайы туралы, Бер­ке ханның жағдайын сұрады, тұратын жер­лері мен оған баратын жолды сұрады. Осы елшілікке екі адамын қосып Беркеге жі­бер­ді, тағы да Берке ханға хат жазды. Онда қасиетті соғыстың пайда болуын, мұ­сылман әскерінің сипатын, көптігін жә­не әр тайпалардан құралғанын, оның ішін­де қанша атты әскер барын, қандай ха­лықтардың оған бағынатынын, салық тө­лейтінін айтады...». Одан әрі хат екі рет оқы­лады, алғаш рет барлық әмірлердің ал­дын­да, екінші рет халифтың алдында оқы­лып елшілер оның алдында ант береді. Одан кейін Сұлтан Бейбарыс елшілермен ауыз­ша сөйлесіп, өзінің Берке ханды жақсы кө­ретінін, оның кәпірлермен соғысында оған жеңіс тілейтінін және оған қай кезде де көмек беретінін айтады. Бұл елшілік 1262 жылы мұхарам айында (1262 жылдың 15 қараша мен 1 желтоқсан) аттанып ке­теді.
Ибнабдеззахыр бұдан кейін де 1262-1264 жылдары тағы да Берке ханның елші­лері Египетке келгені және Египет елші­лері­нің Алтын Ордаға барғаны жөнінде мәлі­мет­тер беріп баян етеді.
Осылайша, Сұлтан Бейбарыс билігінің ал­ғашқы жылдары қалыптасқан Египет пен Алтын Орда арасындағы елшілік бай­ланыстар бірден екі ел арасындағы негізгі қатынастарға айналады. Египеттің өзінің орналасқан аумағының маңыздылығы сон­дай, оның айналасындағы көршілердің бәрі­мен жүргізген қарым-қатынастарды ең бас­ты, негізгі қарым-қатынастар деуге бо­лады. Дегенменде, XIII ғасырдың 50-60 жылдары қалыптасқан саяси жағдайлар, әсіресе Иран жақтан Хұлағу бастаған моң­ғол­­дардың жаулап алу соғыстары Египет үшін басты қарым-қатынасқа Алтын Орда­мен қарым-қатынасты шығарады. 
Ең алдымен, бұл қатынастар Египет үшін өте тиімді және пайдасы зор бол­ды. 1260 жылғы Айн-Жалуттағы жеңі­ліс­тен соң, моңғол әскерлері Дамаск мен Алепподан айрылды. Ал олардың Сирия же­ріне қайта шабуылы бола қоймады. Кері­сін­ше, олар солтүстіктегі көршісі Алтын Ор­да тарапынан 1262-1265 жылдар аралы­ғын­да бірнеше рет жойқын жорықтарға тап болды. Және олардың бәрінде де Иран­дағы моңғолдар жеңіліске ұшырап отырды. 1262 жылдың тамызында 30 мыңдық әс­кер­мен атақты Ноғай Дербент жақтан Иран­ға кіріп, жергілікті әскерді тас-талқан етіп жеңеді. Осы жылдың қараша айында Хұлағудың өзі жаңадан мол әскер жиып, Ноғаймен ұрысқа түседі де, оны жеңіліске ұшыра­тады. Ұрыстардың бірінде Ноғай бір кө­зінен жараланады. Олар Дербентті алып, Те­рек өзенінен өтіп, Ноғай әскерінің ты­лын талқандайды. 1263 жылы қаңтарда Бер­ке ханның өзі мол әскермен жетіп, ашық ұрыста Хұлағу армиясын жеңеді. Хұлағу әскерінің көбі өзенге ағып кетеді.
Міне, осы 1262-1263 жылғы алғашқы со­ғыстан соң, Алтын Орда мен Хула­­­­ғулық Иран жаңа соғыстарға дайын­дала бастайды. Бұл екі ел арасындағы со­ғыс­тар Египет үшін шығыстан төнген қауіпті болдырмады. Сұлтан Бейбарыстың билік басына келе сала алғашқы сыртқы сая­саттағы үлкен жеңісі, осы – Алтын Ор­да­мен елшілік байланыстарды орнату бол­ды. 1265 жылы Хұлағу қайтыс болған­нан кейін, орнына отырған ұлы Абаға хан­мен Ноғай Кура өзені бойында соғысып, тағы да жеңіліске ұшыратады. Бұл соғыстан кейін Абаға хан мен Ноғай тағы майдан да­ласында кездесіп, Берке ханның көме­гі­мен алтынордалықтар жеңіске жетеді. 
Дәл осы жылдары Египетке екінші қауіп кресшілерден төнген болатын. Сұл­тан Бейбарыстың Алтын Ордамен қатынас ор­натуы және Алтын Орда мен Хұлағу әуле­тінің арасында соғыстардың басталуы оған бар күшін кресшілерге аударуға мүм­кін­дік береді және ол бұл мүмкіндікті ше­бер пайдаланады.
Ибнабдеззахырдың мәліметтерінен жал­пы алғанда, Сұлтан Бейбарыс Египет пен Алтын Орда арасындағы қарым-қаты­нас­тың қалыптасуына ең негізгі фактор ре­тінде – ислам факторын қолданады және ол фактор бірден оң нәтиже береді. Сондай-ақ өзінің шежіресін Египет кадиына куә­лан­дырып, Берке ханға жіберуіне қараған­да, өзін алтынордалықтарға жерлес екені­н, яғни туысқандық факторды да қолда­нып отырғанын байқаймыз. Сондай-ақ осы туысқандық факторға Сұлтан Бейбарыстың Берке ханның қызына үйленуін айтуға бо­ла­ды.  
Келесі бір араб авторы Ибнвасыл (1297-1298 жылы 93 жасында қайтыс болған) Ал­тын Орда ханы Берке мен Хұлағу ара­сын­­дағы соғыстардың себептерін жазады. Оның мәліметі бойынша Шыңғыс хан ұрпақ­тарына мынадай өсиет қалдырған. Жаңадан бағындырылған елдерден түсетін пайданың үштен бірі Беркеге, яғни Жошы әулетіне, үштен бірі Шыңғыс хан жұртына, яғни Қарақорымға, ал қалған үштен бірі – жаулап алушыға тиесілі болуы керек. Хұла­ғу Иранды жаулап алғаннан кейін бұл шарт­ты орындамады, сол себепті де Берке Хұла­ғуға қарсы соғыс ашты деп баяндайды. Автор «Ол (Берке ханды айтып отыр. Еги­пет би­леушісі Эльмелик-Эззахырға елші жі­беріп, «Мен шығыс жақтан, ал сен батыс жақ­тан келіп, оның әскерін тұтқындайық, олардың бірде-бір адамын қалдырмайық», – деп хабар айтады. Бұл дерек мәліметі Еги­пет пен Алтын Орда арасындағы қа­рым-қаты­нас­тардың негізінде геосаяси және эконо­ми­калық фактор жатқанын көрсетеді. 
Осылайша, XIII ғасырдың ортасында Еу­разияның қақ ортасында дүниеге келген Алтын Орда мемлекеті өз тарихының ал­ғаш­қы кезеңінде билеушілер – Бату, Бер­ке, Менгу темір хандар тұсында Египет пен Таяу Шығыстың бір бөлігінде дәл осы кез­де билікке келген жаңа саяси тұлға – Сұл­тан Бейбарыспен саяси қарым-қаты­нас­тар орнатады. Оған саяси, геосаяси, діни, экономикалық және туыстық фак­тор­лар негіз болады және осы қатынастар ға­сырдан астам уақыт уақыт бойы жұмыс жа­сайды. Тіпті, қазіргі кезеңде осы фактор­ларды екі жақтың басшылары еске алып отырады. 

Берекет Кәрібаев,
ҰҒА академигі, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары