"Ұлымның Паралимпиада чемпионы болатынына сенімді едім" – Давид Дегтяревтің анасы
"Давид секілді балаларды бағып отырған ата-аналарға айтарым, қандай іс бастамасын, қандай салаға қызықпасын, қолдаңыздар. Теріс айналмаңыздар. Көңілін қалдырмаңыздар. Арманына балта шаппаңыздар. Онсыз да олардың мүмкіндігі шектеулі болса, оларды тағы шектеудің қажеті не?"
Кеше Париж төрінде Қазақстанда бұрын-соңды болмаған оқиға болды. Давид Дегтярев Қазақстан тарихындағы тұңғыш екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Пара пауэрлифтингтен 54 келіде сынға түскен ол 188 келіні еңсеріп, тартысқа толы додада кубалық пен қытай атлетін артқа тастап, жеңісті жұлып әкетті. Төрт жыл бұрын Токиодағы жетістігін қайталаған Давидке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін құттықтау хатын жолдады. Есімін еліміздің спорт шежіресіне алтын әріппен жазған Давидтің Атбасарда тұратын анасы Ирэна Дегтяреваға хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.
Давид жеңіске жеткен кездегі көңіл күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ал Көк туымыз желбіреп, ұлымның жеңіс тұғырында тұрған сәтін көргенімде бойымда тулаған сезімді тіпті сипаттай алмаймын. Асылық сөйлеуден аулақпын, алайда іштей оның чемпион болатынына сенімді болдым. Ол Парижге аттанар алдында жүлдесіз қайтпауға бекінді.
Шынымды айтсам, ұлым болашақта спортшы болады деп еш ойламадым. Дейтұрғанмен, оның керемет тұлға болып қалыптасатынына 100 пайыз сенімді болдым. Ол өте шығармашыл бала болып өсті. Актерлікке бейім болды. КВН-де өзін жақсы қырынан көрсетіп, сахнаға талай рет шыққан. Жаңылыспасам, 2015 жылы кастингтен өтіп, қазақстандық бір телесериалға да түскен болатын. Оның нақты қай салаға бет бұратынын білмедім, бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, түбі бір жерді жарып шығатынын жақсы білдім. Ал пауэрлифтинг спортына бейімділігін сөз ететін болсам, ол алғаш жаттығу залында 50 келіні көтерген кезде маған келіп, мұнымен шындап айналысатынын айтты. Сол кезде «Балам, бұл қауіпті спорт қой» деп айтқаным есімде. Бірақ ол «Мен тырысып көргім келеді», – деді. «Онсыз да қаншама шектеу, дұрысы, оны қолдайын» деп оны бұл таңдауына қарсы шықпадым. Керісінше, үнемі қолдап, демеумен болдым.
Қазір Давидтің Қазақстан тарихында екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанған тұңғыш спортшы екенін барлығы жарыса жазып жатыр. Алайда бұл бәрінен маңызды жайт емес. Ең маңыздысы – оның өзі ісіне беріліп, сүйікті ісімен айналысқаны. Кәсіп, жұмыс, мамандыққа деген сүйіспеншілік болуға тиіс. Онсыз бәрі бекер. Мысалы, мен өз ісімді қатты жақсы көремін. Сүйікті ісіммен айналысамын. Сол секілді менің де балаларым жүрегіне жақын іспен айналысса екен деймін. Сол кезде менің көңілім тоқ жүреді. Давидім де оң жамбасына келетін ісімен айналысып, тек бізді емес, спортсүйер қауымды да қуантып жүр. Барған жарыстарынан жүлдесіз қайтпайды. Бастаған ісін соңына дейін жеткізбейінше тыным таппайды.
Ол осы уақытқа дейін әлем чемпионаттары, әлем кубоктеріне көп рет қатысты. Соңғы әлем чемпионатында бәсеке күшті болды. Алайда кешегідей тартысқа толы дода менің есімде жоқ. Париж Олимпиадасы ол қатысқан жарыстардың ішіндегі ең қиыны болды десем, артық айтпаймын. Кеше бірінші орын үшін таласта барлығы жан беріп, жан алысты. Үздік үштікке вьетнамдық пен кореялық атлет ілінетінін алдын ала болжадық. Алайда күтпеген жерден жаңа үміткерлер пайда болады деп ойламадық. Әсіресе, күміс жүлдені иеленген кубалық атлеттің қарымы мықты екен. Кімнің қанша келі көтеретіні туралы тізім экранға шыққан кезде қатты толқыдым. Өйткені мен оның барлық қарсыласын білемін. Жарыстарын қайта қараймын. Барлығын жіті бақылап отырамын. Ол аренаға шыққан кезде үнемі дұға етемін. Кеше жалғыз мен емес, қаншама адамның ол үшін дұға еткенін естіп, көңілім босады. Ұлым 188 келіні көтеріп, жеңісті қарсыластың уысынан суырып алды.
Давид – патриот. Кеше жарыс аяқталған кезде ол бұл тарихи жеңісін Қазақстанға арнайтынын мақтанышпен айтты. Анасына емес, аймағына емес, еліне арнайтынын жеткізді. Ол – қарапайым, байсалды, қамқор әрі мейірімді жан. Әпкесі мен қарындасы бар. Оларға айрықша қамқорлық танытады. Давид Токио Олимпиадасынан соң өзерді. «Токиоға түбі барамын» деді, үш жылдан соң барып, бағы жанып, Олимпиада чемпионы атанды. Ал Париж Олимпиадасына ол басқаша кейіппен барды. Себебі осы аралықта бұл спорт оның өмірінің мәніне айналды. Әлбетте, адам мұндай жетістікке жайдан-жай жете салмайды. Ол үшін құштарлық, сүйіспеншілік, амбиция керек. Көп нәрсені құрбандыққа шалады. Көп уақытты сарп етеді. Шектеу көп, болаттай берік дисциплинаға бағынады. Режим сақтау қажет. Сондықтан Токиода өнер көрсеткен Давид пен Парижде атой салған Давид екі түрлі дер едім. Байқап қарасам, кейінгі үш жылда ол есейді. Өз-өзіне сенімді бола бастады. Алайда мінезі сол баяғы қалпында. Көпшілік «Давид Олимпиададан алтын алады» дегенді сан рет айтты. Мені де солай айтуға итермелегісі келгендер болды. Алайда мен ештеңе демедім. Дегенмен ішімнен солай болатынына сенімді болдым. Сөйтсем, түйсігім, аналық инстинктім алдамапты.
Ұлым екеуіміздің байланысымыз өте мықты. Мен онымен күн сайын сөйлесемін. Ол үйде болмаған жағдайда, кемі екі рет хабарласамын. Бұл жерде психологиялық қолдау маңызды рөл ойнайды. Мен үнемі оның психологиялық жай-күйіне алаңдаймын. Оның көңіл-күйі жақсы болғанын бақылап жүремін. Ұлттық құрамада онымен психолог жұмыс істейтіні анық, алайда ана секілді баласын ешкім қолдай алмайды. Ананың аты – ана.
Түннен бері телефонға дамыл жоқ. Мен де ұлыма хабарласып әлекпін. Кеше ол жеңісінен соң видеобайланыс арқылы хабарласты. Ол үнемі бірден маған хабарласады. Мен оны көруім керек. Ол мұны жақсы біледі. Байқаймын, ол Олимпиададан соң болатын дүрмекке дайын секілді. Өте көңілді жүр. Әр жерге сұхбат беріп, суретке түсіп, бәріне үлгеріп жүр. Білуімше, бүгін олар Париждегі Қазақстан елшілігіне барып, кездесу өткізеді. Сосын 10 қыркүйек таңертең Астанаға ұшып келеді. Мен де көпшілікпен бірге Астанаға барып, оны қарсы аламын. Біз негізі Атбасарда тұрамыз. Давид та Атбасарда тұрады. Сонда жаттығады. Тек оқу-жаттығу жиыны кезінде басқа қалаларға шығып тұрады.
Әлбетте, Давид секілді туған балалар үшін жеке көңіл бөлу қажет. Бастысы, рухы мықты болса болғаны, тау мен тас қопаруға дайын тұрады. Олар да біз секілді адамдар. Оларды аяп, «Ой, сен бір жеріңді сындырып аласың» деп айтудың қажеті жоқ. Олар ешбір жерін де сындырмайды. Барсын, көрсін. Барлық саланың «дәмін» татып көрсін. Түбі бір жерді тесіп шығатыны айдан анық. Давид секілді балаларды бағып отырған ата-аналарға айтарым, қандай іс бастамасын, қандай салаға қызықпасын, қолдаңыздар. Теріс айналмаңыздар. Көңілін қалдырмаңыздар. Арманына балта шаппаңыздар. Онсыз да олардың мүмкіндігі шектеулі болса, оларды тағы шектеудің қажеті не? Не үшін шектейсіздер? Керісінше, оларға көп мүмкіндік беру керек. Әдепкіде Давид спорт пен өнердің арасында өзін іздеп жүргенде мен оған қолдау көрсеттім. Оған сендім. Нәтижесі өздеріңізге белгілі. Сондықтан өз балаларыңызға сеніңіздер және оған үнемі қолдау көрсетіңіздер!
Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Суреттер: ҚР Туризм және спорт министрлігі/Нұрғали Жұмағазы