Құдды бір Олимпиада ойындарына қатысып жатқандай сезіндім – Канададан келген бапкер
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Канада құрамасы 1 күміс, 1 қола жүлде иеленді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында мас-рестлингтен Канада құрамасын бастап келген Эндрю Болингер Қазақстандағыдай қонақжайлылықты бұрын-соңды көрмегенін айтады.
– Мен мас-рестлингтен Канада ұлттық құрамасының бас бапкерімін. Әрі халықаралық мас-рестлинг федерациясы президиумының мүшесімін. Әрі өзім де бұл спорттан жарысып тұрамын. Халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазымын. Сонымен қатар мен әлемге Stronq Man деген атаумен танымал алыптар айқасына қатысамын. Есімім белгілі атлет болған соң 6 жыл бұрын Якутияда өтетін мас-рестилинг жарысына қатысуға шақырту алдым. Онда алғаш рет қатысқан соң, бұл спортқа ғашық болдым. Сосын Канадада жарыстар өткізе бастадым. Әрі бұл спортқа атлеттерді тарта бастадым. Мұның алдында Түркияда өткен ойынға баптап жіберген шәкіртім қола жүлдемен оралды. Кеше Кортни есімді шәкіртім де қола жүлде алды. Демек, бұл ісім бекер емес. Қолымнан келеді.
Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Табанымыз қазақ жеріне тигеннен бастап барлығы айрықша қонақжайлылық танытып жатыр. Мен, шынымды айтсам, бұрын-соңды мұндай қонақжайлылықты көрмегенмін. Барлығы бізге жылы шырай танытып, жүгіріп жүр. Әсіресе, күнде қасымызда жүретін еріктілер асты-үстімізге түсіп, әлек болып жүр. Маған мұнда бәрі, бәрі ұнады. Әсіресе, ұлттық тағамдары ұнады. Жылқының етін Якутияда бірінші рет жегенмін. Алайда Қазақстандағы еттің дәмі тіпті басқа, – дейді Эндрю.
Сондай-ақ ол Көшпенділер ойынының ашылу салтанатынан айрықша әсер алғанын да айтып жеткізді.
– Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты күткенімнен де асып түсті. Сөздің шыны керек, бесінші рет өткелі тұрған бұл ойынның ашылу салтанаты мұндай деңгейде болады деп елестетпедім. Біз спортшылар шеруіне шыққан кезде алдымызда не болатынын білмедік. Кейін бірнеше Президенттің отырғанын, стадиондағы лықа толы адамды көргенде өз көзіме өзім сенбей «Бұл шынайы ма? Түсім емес пе?» деумен болдым. Бағымызға орай, шеруден соң бізге әзірлеп қойған арнайы орында шоуды отырып көру мүмкіндігі болды. Мен құдды бір Олимпиада ойындарына қатысып жатқандай сезіндім. Жалпы, маған көшпенділер мәдениеті қатты ұнайды. Канадада да сондай мәдениет болғанын қалар едім. Мен мұнда жайдан-жай келе салғаным жоқ. Мұнда келмес бұрын қазақ мәдениеті туралы көп оқыдым, көп зерттедім. Сондықтан ашылу салтанатында бейнеленген біраз деректен хабардар болып отырдым.
Біздің жарыс аяқталған соң көкпар көруге барамын. Себебі мен – көкпар спортының асқан жанкүйерімін. Ежелден қарсылас саналатын қазақтар мен қырғыздар арасындағы финалды жіберіп алмауым керек. Әрі ел мақтап жатқан этноауылға баруға тырысамын. Сосын қаланы аралап көрмекпін. Айтпақшы, мұнда такси бағасы Канададан әлдеқайда арзан екен. Канадада мұндағыдан он есе қымбат. Сондықтан елге қайтқанша қаланы таксимен емін-еркін аралаймын, – дейді канадалық.