Халықтық штаб: АЭС – Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігінің кепілі

Түркістанда Халықтық штаб мүшелері өңір ак­тиві­мен жүздесіп, оған 300-ден астам адам қатысты.

Халықтық штаб: АЭС – Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігінің кепілі
сурет: amanatpartiasy.kz
335

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өңірлерде сайлаушылармен кездесу жұмысын бастады. Штаб мүшелері алдымен Түркістан облысына барды.

Түркістанда Халықтық штаб мүшелері өңір ак­тиві­мен жүздесіп, оған 300-ден астам адам қатысты. Мә­жіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қо­шанов Штаб мүшелері АЭС салудың маңызы туралы аза­маттармен ашық әңгімелесу және осы жобаны жү­зеге асыруға байланысты жаңа перспективалар туралы айту үшін өңірге келгенін мәлімдеді.
Мәжіліс Төрағасы түркістандықтар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі прогрессивті бастамалары мен саясатын әрдайым қолдап келе жатқанын жеткізді. Сон­дай-ақ ол АЭС салу – еліміздің энергетикалық тәуел­сіздігі мен қауіпсіздігінің кепілі екенін айрықша атап өтті.
– Бізге таза, сарқылмас қуат көздері керек. Бір ақи­қат бар: қазір атом энергиясына балама жоқ. Қазақ­стан­да атом электр стансасын салу – бүгінгі күннің шын­дығынан, бүгінгі күннің сұранысынан туған бас­тама. АЭС экономиканың драйверіне, қозғаушы күшіне ай­налады. Жоғары білікті және жоғары жалақы төле­нетін мыңдаған жаңа жұмыс орны пайда болады. 
АЭС құрылысы оның айналасындағы инфрақұрылымды дамытатыны айтпаса да түсінікті: жаңа жолдар, 
мектеп­тер, ауруханалар және тұрғын үйлер салынады, – деді ол.
Ерлан Қошанов электр энергия тапшылығы бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде айрықша сезілетінін атап өтті. Былтырғы қорытынды бойынша дефицит 3,1 млрд кВт/сағ құрады. Салыстыру үшін айта кетсек, орташа есеппен 100 мың тұрғыны бар бір қала 700 млн кВт/сағ тұтынады. Электр энергия жетіспеушілігі жаңа өндіріс орындарын ашуға, бизнесті, АӨК-ті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және тұтастай алғанда еліміздегі өзге де салаларды дамытуға кедергі келтіретін фактор болып отыр.
– АЭС салу идеясы – мың ойланып, мың толғанып, қа­былданған шешім. Бұл – біздің энергетикалық тәуел­сіздігіміз бен қауіпсіздігіміздің кепілі. Біздің шын мә­ніндегі арман-мақсатымыз – Президент айтқан дәу­лет­ті, дербес Қазақстанда тұру. Ал оның орындалуы осын­дай тарихи қадамдардан басталады, – деді Мәжіліс Төра­ғасы.
Өз кезегінде, Ұлттық ғылым академиясының пре­зи­денті Ақылбек Күрішбаев Қазақстанда АЭС салуға қа­жет кадрлар да, тәжірибе де, ғылыми-техникалық жә­не практикалық база да бар екенін атап өтті. Қазақ­стан­ның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрға­зиева Президент АЭС туралы идея ұсынған сәттен бері бір жыл уақыт өткенін, барлық өңірде осы мә­се­ленің мәнін ұғынуға, «оң мен солын» бағамдауға мүм­кіндік берген қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылғанын айтты. Азаматтарда уақыт жеткілікті болды, енді бар­лық прогрессивті күштер елді одан әрі дамыту үшін АЭС қажет екеніне сенімді. Ал Ядролық физика инсти­ту­тының бас директоры Саябек Сахиев Қазақстан Со­зақ ауданындағы секілді уран өндіру бойынша әлемде көш бастап тұрғанын, алайда әлі күнге дейін өз әлеуетін пайдаланбайтынын және атом энергиясы үлкен пайда әке­летін АҚШ, Оңтүстік Корея, Франция сияқты дамы­ған елдерден артта қалу қаупі бар екенін атап өтті. АЭС – сенімді, қауіпсіз әрі экологиялық таза.
Бұдан әрі Штаб мүшелері облыстық ауруханада ден­саулық сақтау саласының қызметкерлерімен кез­десті. Әңгімелесу барысында дәрігерлер, жоғары білімді адам­дар ретінде қоғамда жоғары беделге ие екеніне және бейбіт атомның айналасындағы барлық үрейді сейіл­те алатынына ерекше назар аударылды. Атап айт­қан­да, адам күнделікті өмірде ұшырайтын радиоактивті сәуленің небәрі 0,1 пайызы ғана атом энергетикасына тие­сілі. АЭС-тың әсері рентгенге немесе флюорог­ра­фияға қарағанда әлдеқайда әлсіз. АЭС салу адамдардың ден­саулығына зиянын тигізбейтінін халыққа осындай қара­пайым мысалдармен жеткізу маңызды.
Жалпы, Халықтық штаб сапары барысында Түр­кі­стан облысының тұрғындары АЭС салу идеясына қызу қол­дау білдірді. Түркістандықтар биыл 6 қазанда өтетін референдумға белсенді қатысуға ниетті.  

Дайындаған: «Nur Media». 
Тапсырыс беруші: Оспанов М.Ж.
«AMANAT» партиясы» ҚБ қаражатынан төленді

Серіктес жаңалықтары