Енді Қазақстан десе, алдымен мейірімді халқы елестейтін болды – француз спортшысы

Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында Франция құрамасы 1 алтын, 1 күміс жүлде иеленді.

Енді Қазақстан десе, алдымен мейірімді халқы елестейтін болды – француз спортшысы
1807

Көшпенділер ойындарында жамбы ату спортынан Франция намысын қорғаған мерген Мартин Опо жылқыға қатысы бар спорттардың жанкүйері екенін айтады.

– Жалпы, мен бала кезімнен атқа мініп өскенмін. Ал менің анам са­­дақ атумен айналысады. Кейін ол мені сол спортқа баули бастады. Әдепкіде екеуіміз үйде жарыса бастадық. Қолымнан келетінін түсінген соң, мұнымен кәсіби түрде айналысу керек екенін түсіндім. Сөйтіп, жыл­қы мен садақты байланыстыратын спорт түрі жамбы атумен шұ­ғыл­дануға бел будым. Әлбетте, бастапқыда атпен шауып келіп, садақ ату қиынға соқты. Алайда кейін бұл спорт менің өмірімнің мәніне ай­нал­ды. Әрі Францияда жамбы атумен айналысуға барлық қолайлы жағдай жасалған. Бізде үлкен федерация жұмыс істейді. Жаттығу оңай жүреді, керек құрал-сайманның бәрі бар, – дейді ол.

Мартин бұған дейін Қазақстан туралы көп естігенін айтады.

– Мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Бұл ел туралы көп есті­ген­мін, алайда мың рет естігенше, бір рет көзбен көрген артық екен. Мұн­­да маған бәрі ұнады. Әсіресе, тұрғындардың өзге ұлт өкілдеріне жы­лы шырай танытқанына риза болдым. Тек біздерге ғана емес, өзге ел­­ден келген қатысушыларға көмектескісі келіп тұратынын көздерінен-ақ байқалып тұрады. Өте мейірімді халық. Енді Қазақстан десе, маған алдымен Көшпенділер ойындары, сосын мейірбан тұрғындары елес­тей­тін болды. Ұмытып барамын, ашылу салтанаты да көпке дейін ұмы­тыл­­майды. Жүректі қозғайтын фрагменттер болды. Өте әсерлі болғаны сон­шалық, көп қатысушы әңгімелесіп тұра қалса, сол туралы айта қа­ла­­ды. Маған өте қатты ұнады. Ашылу салтанатында қатысушыларға бәрін басынан аяғына дейін көруге мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Егер ондай жағдай жасалмаса, алған әсеріміз басқаша болар ма еді, кім білсін?, – дейді Мартин.

Мартин жарыс аяқталған соң көкпар мен көкбөрі сайыстарын көргім келеді дейді.

– Көшпенділер ойындары бұған дейін төрт рет өткен дейді, бірақ біз бірінші рет қатысып тұрмыз. Жамбы атудан төрт спортшы сайысамыз. Со­сын оваридан бірнеше спортшы қатысады. Әрі күрес түрлерінен де бірнеше балуан ел намысын қорғайды. Сосын дәстүрлі садақ атудан жал­ғыз отандасымыз жарысып жатыр. Мен әлі екі күн бойы жарысамын. Дегенмен уақыт тауып, аударыспақты көруді жоспарлап отырмын. Әрі көкпар мен көкбөрі жарыстарын да көргім келеді. Байқап тұрсаңыз, бәрі де – жылқыға қатысы бар спорттар. Мен расымен жылқыны жақсы көремін. Қазақстанда да жылқыны қатты бағалайтынын жақсы білемін. Дегенмен жылқы етінен әзірленетін тағамды жеуге дайын емеспін. Кеше құрттың дәмін татып көрдім. Мұндай тағамды бұрын жеп көрме­ген­дік­тен, алғашында дәмін ұната алмадым. Көпшілік қымыздың дәмін көруім­ді айтып жүр. Елге қайтқанға дейін қымыздың да дәмін татып көрер­мін, бәлкім, , – дейді Мартин.

Серіктес жаңалықтары