Ашылу салтанаты Олимпиададан асып түспесе, кем түспеді – Татарстаннан келген аударыспақшы

"Үш жыл бұрын аударыспақпен айналысуды қолға алғаныма өкін­беймін. Себебі маған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу бақытын бұйырды".

Ашылу салтанаты Олимпиададан асып түспесе, кем түспеді – Татарстаннан келген аударыспақшы
857

Көшпенділер ойындарында көпшілік асыға күткен ойындардың бірі – аударыспақ. Ойын кезінде аударыспақ шеберлері тек Қазақстан, Қырғыз елінде ғана емес, Татарстанда да кілең мықтылар бар екенін байқадық. Татарстаннан келген аударыспақшы Илнұр Губайдуллин 80 келіде өткен жарыста қола жүлдегер атанды.

– Татарстанда әкем екеуіміз көп жыл бойы ат баптаумен, оны бәйгеге қосумен шұғыл­данамыз. Әрі өзім – татардың ұлттық спорты кураш күресінің шеберімін. 2-сыныптан бастап айналысып келемін. Ал аударыспақ туралы 3 жыл бұрын есті­дім. Ес білгелі атқа мініп әрі күреспен айналысып келе жатқандықтан ауда­рыс­пақты жаныма жақын тарттым. Сөйтіп, мұнымен кәсіби түрде шұғылдануды қолға ал­дым. Татарстанда команда жасақталады деп естігенде іріктеу сындарға қатысып, жа­рыстарда бақ сынадым. Нәтижесінде, Татарстан чемпионатын үш рет ұттым. Үш рет Ресей чемпионы атандым. Биыл қаңтарда Татарстанда аударыспақтан өт­кен әлем чемпионатында екінші орынды місе тұттым. Кеше 80 келіде өткен сайыс­та қазақ спортшысы Дарынға есе жіберіп, қола жүлде иелендім. Дарыннан әлем чемпионатында да жеңілген болатынмын. Әлбетте, өздерінің ұлттық спорт түрі болғандықтан, Қазақстан құрамасының қарымы мықты. Дегенмен біз де беріс­пейміз. Аударыспақ – өте айрықша спорт. Мысалы, курашта сен өзің үшін жауап бересің. Ал мұнда әрі өзің әрі жылқы үшін жауаптысың. Ат үстінде мықты еке­ніңді дәлелдеп, жылқының «тілін» таба алуың керек, – дейді ол.

Илнұр Қазақстанға екінші рет келіп тұр екен.

– Былтыр аударыспақтан Шымкентте өт­кен Азия Кубогіне қатысқанмын. Сол кезде Шымкент ұнаған болатын. Астана да қатты ұнады. Мұсылман болғасын ба, тұрғындар бізді жақын тартып тұрады. Аял­дамада автобус күтіп тұрғанда қасымызға жақындап, қайда бара жатқанымызды, қан­дай көмек керек екенін сұрайды. Татар мен қазақ тілдері ұқсас болғандықтан, олар­дың айтқандарының бәрін бірден түсіндік. Жалпы, біз кездестірген әр тұрғын асты-үстімізге түсіп, арқамыздан қағып, бауыр көруде. Тағы бір айтайын дегенім, көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты кере­мет болды. Мен онда таспаланған сәтті әлеуметтік желідегі жеке парақшама салған едім. Мұны көрген дос-туыстар мұның әлемдік деңгей екенін, Олимпиададан асып түс­песе, кем түспейтінін айтып, хабарлама жазып жатыр. Расында ашылу салтанаты айрық­ша әсер қалдырды. Үш жыл бұрын аударыспақпен айналысуды қолға алғаныма өкін­беймін. Себебі маған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу бақытын бұйырды. Құдай қаласа, бұл спортпен айналысуды жалғастыра беремін. Мен мұнда бо­лып жатқан барлық сайысты көруге тырысып жүрмін. Алайда 13 қыркүйек бо­латын бәйге жарыстарын асыға күтіп жүрмін. Себебі Қазақстанға жылқы са­татындықтан, мұнда бәйгеге деген қызығушылық жоғары екенін жақсы білемін, – дейді Илнұр.

Серіктес жаңалықтары