Көшпенділер ойындары Қазақстанда өтсінші деп тіледім – сербиялық балуан қыз

Қазақстан – менің сүйікті елдерімнің бірі. Көшпенділер ойындары бесінші рет өтеді деп естіген кезде, бірден Қазақстанда өтетін болар деп болжағанмын. Солай болсыншы деп тіпті іштей тіледім.

Көшпенділер ойындары Қазақстанда өтсінші деп тіледім – сербиялық балуан қыз
1738

Сербиядан келген балуан қыз Мария Игнатович – қазақ күресінен Еуропа чемпионы. Ол қазақ күресімен 3 жыл бұрын ғана айналыса бастаған. Осы аралықта төл күресіміз оның сүйікті спортына айналып үлгерген.

– Мен бұл ойындарда қазақ күресінен жарыстым. Бұл спорт түрін не себептен таңдадыңыз десеңіз, қазақ күресі – дзюдо мен күрестің қоспасы. Негізі, мен Сербияда әйелдер күресімен айналысамын. Ал қазақ күресімен үш жыл бұрын айналыса бастадым. Осы уақыт аралығында бұл күрес менің сүйікті спортыма айналды. Биыл қаңтар айында қазақ күресінен Бакуде өткен Еуропа чемпионатында жеңіске жеттім. Алайда осындағы алғашқы кездесуімде күтпеген жерден жеңіліп қалдым. Дегенмен алдағы уақытта талай рет жеңімпаз болатынымды білемін. Мен Көшпенділер ойындарына бірінші рет қатысып тұрмын. Қатысу туралы шешім қабылдағаныма еш өкінбеймін. Себебі мұнда біз естімеген, біз көрмеген көптеген спорт түрін қызықтадым. Әсіресе, аударыспақ спорты қатты әсер қалдырды. Сахалардың ұлттық спорты мас-рестлинг те қатты ұнады, – дейді ол.

Мария Астана қайта келуге тиіс қалалардың тізімінде тұрғанын айтады.

– Мен Қазақстанға екінші рет келіп тұрмын. Үнемі айтып жүрмін, Қазақстан – менің сүйікті елдерімнің бірі. Көшпенділер ойындары бесінші рет өтеді деп естіген кезде, бірден Қазақстанда өтетін болар деп болжағанмын. Солай болсыншы деп тіпті іштей тіледім. Себебі маған Астана қатты ұнайды. Бірінші рет қыста келгенде қала ішін көп араладым. Мен қарды қатты жақсы көремін. Сондықтан Астананың қысы мен мұнда қыстыгүні болатын күн райын айрықша ұнаттым. Сол кезде Астананы қайта келуге тиіс қалалардың тізіміне қосып қойғанмын. Жолым болып, көп ұзамай екінші рет келдім. Сербиядан төрт атлет келдік. Мен үшін жарыс аяқталды. Сондықтан қаланы тағы аралауға мүмкіндігім бар. Ең алдымен ұлттық мейрамханалардың біріне барамын. Кеше достарым жылқының етін жегізді. Мен мұны Сербияда да жегенмін. Алайда Қазақстандағы жылқы етінің дәмі ерекше екен. Алғашқы жарыс күні күресетіндіктен ашылу салтанатына бара алмадық. Салмақ өлшеу рәсіміне қатысу керек болды. Сөйтіп, бұл ойындардың басты ивенті саналатын ашылу салтанатына бара алмадым. Алайда онда қатысқан достарым видео жолдап отырды. Ондағы таспаланған көріністерді қарап, мұның бәрін өз көзіммен көре алмағаныма өкініп отырдым. Дегенмен Қазақстанға басқа күндері де жаңа эмоция, жаңа достар тауып бергеніне алғысым шексіз. Мен мұнда өткен әр күнімді жылы естелікке толтырып, барынша қызықты етіп өткізуге тырысып жатырмын, – дейді ол.

Серіктес жаңалықтары