«Жүрегі тоқтап қалған»: Оқушы қыздың өліміне қатысты тың дерек белгілі болды

Қозғалған қылмыстық іс шеңберінде болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған жан-жақты және объективті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқаны атап өтілді

«Жүрегі тоқтап қалған»: Оқушы қыздың өліміне қатысты тың дерек белгілі болды
istockphoto.com
863

Астана полициясы 10 қыркүйекте қараусыз қалған ғимаратта денесі табылған 14 жастағы қыздың өліміне қатысты тергеуге түсініктеме берді.

Ulysmedia.kz сайтының мәліметінше, полиция қыздың жүрегі тоқтап қалғанын хабарлаған.

"Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу жолға шықты. Оқиға орнын егжей-тегжейлі тексеру жүргізілді. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды, алдын ала мәліметтер бойынша – жүректің тоқтауы", - деп хабарлады полиция.

Қозғалған қылмыстық іс шеңберінде болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған жан-жақты және объективті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Бұған дейін 14 жастағы оқушының денесі Астанадағы №5 мектеп-гимназия маңындағы қараусыз қалған ғимараттардың бірінен табылған болатын.

Оқушының денесі 10 қыркүйек күні кешкі сағат 9-дар шамасында бұрын балабақша болған, қазір маскүнемдер мен есірткіге әуес тұрғындардың ордасына айналған ескі ғимараттан табылған. Мәйітті сол жерден өтіп бара жатқан тұрғындар көрген. Артынша бірден полицияға хабарласады. Желідегі кей ақпараттарда марқұмның зиянды әрекеттерге әуес болғаны, көз жұмуына сол себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарапты. Жасөспірімнің әкесі бұған өкпелі. Қызының салауатты өмір салтын ұстанғанын айтады.

“Қызымның мұнда қайдан тап болғанын білмеймін. Шын мәнінде не болғанын мен де білгім келеді. Қызымның қайтыс болғаны туралы айтқанда мен Қостанайда болдым. Төбемнен жай түскендей болды. Ол волейбол ойнағанды жақсы көретін. Зиянды әрекетін байқаған емеспін,” - дейді марқұм оқушының әкесі Партак Александрюк.

Жасөспірімнің бұл ғимаратқа қалай тап болғаны әлі де жұмбақ. Әкесінің айтуынша, денеде ешқандай жарақат болмаған. Қылмыстық іс қозғалды. Баланың жақындары медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Ол, шамамен, 30-40 күннің ішінде дайын болады.

Қайғылы оқиға болған ғимараттың қараусыз қалғанына 5 жылдан асқан. Дәл қасында мектеп орналасқаннан кейін күндіз ішінде балалар ойнайтын көрінеді. Ал кешке қарай үйсіз жүргендер жиналып ішімдік ішіп, мазаны алады дейді тұрғындар. Бұған дейін де бірнеше рет қылмыс болғанын айтады.

“Есірткі пайдаланады. Нашаны осында тығып кетеді. Ғимарат бірнеше рет отқа оранды. Қыздардың да зорланған кезі болған. Жанындағы мектеп оқушылары үшін алаңдаймыз. Кеше болған оқиға тағы да қайталануы мүмкін ғой,”- дейді қала тұрғыны.

Тұрғындар осыған ұқсас жағдай бірнеше рет қайталанғасын  жергілікті биліктен нысанды бұзып тастауды өтінген. Бірақ оған әлі жауап жоқ.

Серіктес жаңалықтары