«Динара Адам жекіді»: Ақбота Керімбекова Ләззат Танысбайға үндеу жасады

«Динара Адам жекіді»: Ақбота Керімбекова Ләззат Танысбайға үндеу жасады
Коллаж: turkystan.kz
2356

Белгілі әнші Ақбота Керімбекова Qazaqstan телерадио кешенінің басқарма төрайымы Ләззат Танысбайға үндеу жасады.

Әншінің үндеу жасауына "Жұлдызды жұп" атты жаңа жобаның дұрыс ұйымдастырылмауы және отандық телеарналардағы жобаны, тендерді жеңіп алудың түрлі жолдары мәселесі себеп болған. 

Ақорданы, тіпті Тоқаевты белгілеген әншінің үндеу мәтіні төмендегідей:

"ҮНДЕУ
Ләззат Танысбайға және тексеруші органдарға

Жағдай былай! Бүгін “Қазақстан” ұлттық арнасының “Жұлдызды жұп” жобасының кезекті түсіріліміне Алматыдан Астанаға ұшып келдік. Біраз бұрын бағдарламаны ұйымдастырушылар маған хабарласып, SAAD мейманханасына бөлме броньдалған. Сол жаққа орналассаңыз” деді. Айтқандарын жасап, сонда барсам, “сізге орын броньдалмаған” дейді. Бірден жауапты қыздарға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, өзімнің қатты ауырып келгенімді, мәселені тезірек шешуін сұрадым. “Басқа жерге ауыссаңыз” деді. Көшіп-қонып жүруге шамамның болмай тұрғанын айтып, сәл назымды жеткіздім. Бір кезде аты-жөні жоқ, жоба продюсері, "әйгілі" Динара Адам хабарласып, жекіп, “я устала уже от всех этих капризов, все ваши капризы у меня выше голова стоят. Хочешь, уходи на х*р из этого проекта”, - дейді. Дәл осылай!

Қазақта “қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын” деген сөз бар. Ұлт ұлт болғалы маңдайымызға бұйырған жалғыз ұлттық арнамыздың маңдайалды жобаларына Алаш түге, адамның қадірін білмейтін, бірде-бір рет қазақша ойланып, ой қорытып көрмеген біреулер жетекшілік еткесін, көрген күн осы екен… Қазір қоғамда төл арналарымыздың осы тектес музыкалық жобаларына сын көп. “Тұрқы жоқ әнші, сұрқы жоқ сөз, ұлты жоқ ән қаптады” деп өкпелейді халық. 30 жылға жуық Қазақтың ғана әнін айтып, сахнада жүрген әншілерді осылай “послать” ете берсе, ән өнеріне қызмет етуге кімде құлық болады дейсіз? Жеке өзіме бұл жоба түк те қызық емес, тек, “мен болмасам, кім? Өз авторларымның туындылары халыққа жете берсін. Жасымды, жолымды пұлдап мен қатыспасам, менің орныма шөпті де, шөңгені де өлең ғып жүрген біреу табылады ғой” деген оймен шақыруларына келісім бергем. Бұған дейін бұл жобадан, бұл продюссерлік құрамнан бір тиын гонорар да алып көрмегем. Өзге елден келетін “әйдік” әншілердей райдер де қоймаймыз. Қарапайым күтіп алу әдебін сақтаса, менің бұларда нем бар? Сонысымен қоймай, анадай сөз айтады!.. Бұл кім сонда?!

Сосын, байқаймын, осындай ақшалы жобаларды тек осы Динара Адам ұтып алады. Бұған дейін не ұлттық арнаға, не ұлтқа берері бар жобасы болмаса да!.. Бұл күмән тудырмай ма? Жалпы, телеарна жариялайтын тендерді ұтып алудың ресми, бейресми жолдары қандай? Бұл жобаға қанша бөлінді, одан қатысушыларға қаламақы, дұрыс жатын орын қаралмаса, онда, мемлекет қаржысы қайда кетіп жатыр? Қазақы әншілерді “мамбет” санайтын, Қазақ руханиятына қосқан титімдей үлесі жоқ Динара Адамға бар жобаны ұтып ала беретін күш қайдан, қалай біткен, осыған дейінгі атқарған жұмыстарының есебі қандай деген сауалдар да мені ойландыра бастады. Сосын, ең ұлы режиссерлерді дайындайтын Кельндегі университетте профессор болған Болат Атабаевтың туған жерінде ұлттық арнаның бір музыкалық жобасын жасай алатын режиссер жоқтай, осы Динараның шешімімен Ресейден, Украинадан, т.б. шет елден режиссерлердің келіп, халықтың бәленбай ақшасын қалтасына басып, біздің өнерге жасап жүрген “қызметін” қай деңгейде бағалауға болады деген сұрақ та менің көкейімде тұр. “Спортымызды легионерлер құлдыратты” деп зар қақсап жатырмыз, ал теледидарымызды ше?..

Осы ретте, мен, көп әртістің “аузының ұшында” жүрген сауалды, осы өз үндеуімді Ұлттық арнаның басқарма төрайымы Ләззат Танысбайға тікелей жолдағым келеді.

Қаржылық бөліністер мен оның орынды, тиімді жұмсалуы бойынша тексеруші органдарға да осы үнім жетсе деймін!

Құрметпен,
Ақбота Керімбекова".

Серіктес жаңалықтары