Бес асықты Мажарстанда шәкірттеріме үйретіп жүрмін – Тими Жанурик

Бес асық несімен қызық десеңіз, бұл – өте пайдалы ойын. Дәлдікке үйретеді. Әрі көзімізге жаттығу жасауға керемет мүмкіндік.

Бес асықты Мажарстанда шәкірттеріме үйретіп жүрмін – Тими Жанурик
806

Мажарстан студенттері ұлттық ойынымыз – бес асыққа қатты қызығады. Бұл туралы Көшпенділер ойындарына Мажарстаннан атынан қатысуға келген оқытушы Тими Жанурик айтады. 

– Әуелі керемет деңгейде өткен ашылу салтанатын сөз еткім келіп тұр. Мұндай ивент тек әлемдік деңгейдегі режиссерлердің емес, Қазақстандағы қарапайым ұйымдастырушылардың да қолынан келетінін күллі әлем білді.  Ештеңе аянып қалмаған. Ән де, би де болды. Көріністердің астарында жатқан тарихты бәрі түсінді. Атлеттерге керемет әсер еткенін өз көзіммен көрдім. Бұл ойын көпке дейін ұмытылмайды. Әсіресе, өз Туымызды көтеріп шыққандағы әсер жадымда мәңгі сақталады. Біз бұл сезімді өмірімізде бірінші рет сезініп тұрмыз. Алдымызда жүріп отырған атты адам, біздің елдің аты жазылған тақтайшаға дейін ұмытпаймын. Мажарлар шеруге шыққан кезде аренадағылар ыстық қарсы алды. Біз керісінше, ондағы адамдардың көптігін көріп, таң-тамаша болдық. Стадиондағы атмосфераны сипттауға сөз жетпейді. Кеш соңында командаластарымыз өзара бұл ивент расымен Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты іспетті өтті деп, әркім алған эмоциясын жасыра алмай, егжей-тегжей айтумен болды, – дейді ол.

Тимидің айтуынша, бес асық – өте пайдалы ойын.

– Мен бес асық, тоғызқұмалақ және мангаланы ойнай аламын. Бұл ойындарға бес асық және тоғызқұмалақтан жарысамын деп келген едім. Алайда екі жарыстың басталу уақыты бірдей болғандықтан, бес асықтан қатысқаным дұрыс деп ойладым. Бес асық несімен қызық десеңіз, бұл – өте пайдалы ойын. Дәлдікке үйретеді. Әрі көзімізге жаттығу жасауға керемет мүмкіндік. Қолымыз да көп қимылдайды. Мен – мажарлардың ұлттық аспабы ситерада ойнайтын фольк-әншімін. Тиісінше біз қолымызды көп қолданамыз. Кейде жылдам қимылдауымыз керек. Бес асықты ойнау арқылы ситерада ойнауым да жақсара түседі. Себебі саусақтарым да, көзім де жаттығады. Сондықтан бұл спортты жаныма жақын тартамын. Әрі бұл қыздар ойнайтын спорт түрі болған соң да маған ұнайды. Асық атуда жарысатын ерлер секілді жүгірудің қажеті жоқ. Мен Будапештте ситера ойнаудан сабақ беретін студенттеріме де бес асықты талай рет ойнатқанмын. Бірде асықтарды үйде ұмытып кеткенмін. Сабақ біткен соң олар «Асықтарды алып шығыңызшы. Ойнағымыз келеді» дейді. Осыдан-ақ бұл спортты Мажарстанда танымал қылуға мүмкіндік бар екенін түсінуге болады, – дейді Тими.

Көп шетел атлеті секілді, Тими де Астана көшелерінің таза екеніне таңғалғанын айтады.

– Мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Бірінші күні Астанада күн суық әрі жаңбыр болған соң, онша әсер ала қоймадым. Алайда екінші күні күн жылынған кезде қаланың келбеті өзгеріп шыға келді. Маған Астана қатты ұнады. Заманауи үлгіде салынған ғимараттарға назар аудармау мүмкін емес. Бәрі рет-ретімен ораналасқан. Көп тұрғыны бар қаланы қалай таза ұстайтындарына таңғалдым. Далада бірде-бір қоқыс көрмейсің. Қала өзіне баурап алды. Қонақүйден жарыс алаңына барғанға дейін автобустың терезесін ашып, жеткенше тамсанып барамын.

Тими мажарлардың ұлттық аспабы ситерада ойнайды. Ол жарыс өтіп жатқан арена мен этноауылда қазақтың ұлттық әндерін орындады.

– Мен – жолы болғыш қызбын. Келген күні мейрамханада ситерада ойнадым. Сосын кеше этноауылдың қақ ортасындағы шатырда өнер көрсеттім. Жарыс алаңына ситераны көтеріп апарғанмын, сол кезде еріктілердің арасынан қазақтың дәстүрлі әндерін керемет орындайтын бір қызбен таныстым. Ол кеше қазақша ән айтты, мен ситерамен сүйемелдедім. Одан бөлек, «Ақбаян», «Әгугай», «Әлқисса» туындыларын орындадым. Шатырға жиналған қазақтарға ұнағаны сонша, ұзақ уақыт ду қол шапалақтап тұрып алды. Ойын кезінде маған осындай  мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын. Ерекше есімнен кетпейтін тағы бір сәт, біз жарысқа түсіп жатқан «Алау» сарайында қол боста ситера тартып отырғанымда Моңғолиядан келгендер мен қазақ атлеттер келіп, ыңылдап ән айта бастады. Кейін тағы орындауымды өтінді. Мен мұны ешқашан ұмытпаймын. Қонақүйде де көбі таңғалды. Расымен, қазақтың спорты да, өнері де таңғалдырмай қоймайды, – дейді ол.

Серіктес жаңалықтары