Жас баланың аузына түкірту ырымы қайдан шыққан?
Кейде халық арасына белгілі, беделді, жақсылықпен аты шыққан абыройлы адамдар келіп жатса, жұртшылық сол адамдарға баласының аузына түкіртіп алатын әдеті бар.
Мұндағы мақсат – бала жақсыға ұқсасын, ізгі қасиеттерін бойына сіңірсін деген тілек. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» дейтін жұрт жақсының жақсы қасиеті балаға да жұғатынына сенеді.
Ал бұл ырым қайдан шыққан? «Отбасы хрестоматиясы. Салт-дәстүр сөйлейді» кітабында бұл ырымның шығу тарихына байланысты мына бір оқиға баяндалады.
Жас баланың аузына түкірту
Қызыр ата бірде Әзірет Сұлтанға қонаққа келеді. Яссауи бабамыз шәкірттерін отынға жұмсайды. Жолда жаңбыр жауып, әкелген отынның бәрі су болады. Бықсып жанбайды. Сүлеймен есімді шәкірттің ғана ағашы құрғақ екен. Асты соның отынымен пісіреді. Қызыр:
– Ұлым, сенің шөпшегің неге құрғақ? - дейді. Бала:
– Мен отынды шапаныммен орап, су тигізбей әкелдім, - дейді.
Баланың зеректігіне риза болған Қызыр:
– Балам, сенің атың «Хакім» болсын. Тәңірі саған хикмет берсін, - деп бата беріп, оның аузына түкіреді.
Қызырдан шарапат жұғып, Сүлеймен хикметке жүйрік болады. Құранның мағыналы сырларын өлеңге қосып жырлайды. Ел-жұрт оның хикметтерін жаттап, Құранға сауаты ашылады.
Содан бері сыйлы қонақтарға сәбидің аузына түкірту дәстүрі пайда болады. «Мақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» деген сөз осыдан қалса керек.