АЭС-тің ғылымға тигізер пайдасы көп

Қазақстанда АЭС салу мәселесі биылғы жылдың ең көп талқыланған тақырыптарының бірі десек, қателеспейміз. Мәселеге қатысты көпшілікті алаңдататын сұрақтың бірі – АЭС-тің қауіпсіздігі.

АЭС-тің ғылымға тигізер пайдасы көп
www.istockphoto.com
911

Қазақстанда АЭС салу мәселесі биылғы жылдың ең көп талқыланған тақырыптарының бірі десек, қателеспейміз. Мәселеге қатысты көпшілікті алаңдататын сұрақтың бірі – АЭС-тің қауіпсіздігі. Осыған байланысты біз АЭС құрылысына қатысты сарапшылардың пікірін сұраған едік.

Асуан СИЯБЕКОВ, «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС жетекші инженері:

АЭС-тен экология зардап шекпейді

– Экономика мен энергетика саласы әртүрлі сала болғанымен, бір-біріне тәуелді. Экономиканы энергетикасыз, энергетиканы экнономикасыз елестету қиын. Яғни, энергетика дамымаса, экономикада да алға жылжу болмайды. Қуат көзі бір сағатқа өшсе, бірнеше сала зардап шегеді. Сондықтан бүгінде адамзат энергетикаға өте тәуелді. Экономикамыз гүлденіп, алға бассын десек, бірінші кезекте энергетика саласын дамыту керек. Өйткені алдымызда энергия жетіспеушілігі сынды әлемдік мәселе күн тәртібінен түспей келеді. осы мәселені шешудің бір жолы – ғылым жетістігі саналатын АЭС салу екенін дамыған мемлекеттер әлдеқашан мойындаған.

Энергетикалық тәуелсіздік кез келген мемлекеттің негізі, оның экономикалық тұрақтылығына, ұлттық қауіпсіздігіне және сол елде өмір сүріп жатқан барша халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. АЭС қауіпсіз әрі таза энергия көзі ретінде танымал. Мәселен, дүние жүзінде 31 елде 416 реактор жұмыс істейді.  Бүгінде атом энергиясы әлемдегі электр энергиясының шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. Атом энергетикасының қуаты едәуір елдерге АҚШ (94 реактор), Франция (56 реактор), Қытай (56 реактор), Ресей (36 реактор), Үндістан (20 реактор), Оңтүстік Корея (26 реактор), Жапония (12 реактор) жатады. АЭС бір мемлекет үшін энергетикалық қауіпсіздік болса, екінші ел үшін экологияны жақсарту жолы, ал үшінші бір мемлекет оны экономикалық мақсатта қолданады. Бірақ барлық мемлекеттің мақсаты – энергетикалық тәуелділікті жою, қауіпсіз қуат көзін өндіру, бірнеше мыңдаған жыл  бойы мемлекетті энергия тапшылығынан құтқару.

2050 жылға қарай барлық әлем елдерінің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт-қа дейін өседі деген болжам бар. Бұл қазіргі қажеттіліктен 2 есе көп. Ал АЭС – базалық генерацияның экологиялық ең таза түрі. Атом электр стансасынан экология еш зардап шекпейді.  Олар көміртексіз энергияның негізгі құрамдас бөлігі. Сондықтан экология зардап шекпейді. Керісінше, бұл электр орталығы парниктік газдың әсерін азайтуға көмектеседі. Мәселен, қуаттылығы 1 000 МВт болатын атом электр стансасын жыл сайын пайдаланса да, парниктік газдар шығыны 8 миллион тоннаға азайып отырады. Атом электр стансалары көмір немесе табиғи газ қондырғыларына қарағанда отынды әлдеқайда аз тұтынады, бұл көміртегі бейтараптығы мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі. Оның үстіне ол сарқылмас қуат көзі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық Экономикалық Комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) ұйғарымымен, тек осы атом энергетикасы ғана парниктік газды ең аз бөлетін энергия түрі деп бекітілген. Ал одан өзге энергия түрлері, мәселен, көмір – 820 грамм/кВт/сағ (СО2 баламасы), табиғи газ – 490 грамм, су электр стансалары – 24 грамм, СЭС – 48 грамм бөлсе, атом – 12 грамм бөледі.

Атом энергиясы – қазіргі жаһандық жылынумен күресу құралдарының да негізі. Мысалы, Еуропадағы атом электр стансалары жыл сайын 700 миллион тонна СО2 шығарындыларының алдын алады.

АЭС-тің қоршаған орта мен адам денсаулығына зиянды әсері жоқтығы бұрыннан дәлелденген. Атом электр стансасын салудағы басты негізгі басымдық – оның қоршаған ортаға зиянды әсерінің болмауы. Алдын ала жүргізілген зерттеулер бойынша атом электр стансасын салу және оны пайдалану кезінде Балқаш көлі немесе Ертіс өзенінің экожүйесіне ешқандай қауіп анықталған жоқ. Алайда жұмыс мұнымен тоқтамайды. Әрі қарай жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу кезеңінде ғылыми және инженерлік мамандар жан-жақты зерттеу жүргізетін болады.

Көпшілікті ойлантқан кадр мәселесіне алаңдауға негіз жоқ. Қазақстанда кәсіби ортада көпшілікке жақсы танымал Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институты табысты жұмыс істеуде, шетелдік атом электр стансалары үшін отын таблеткалары мен отын жинақтарын шығаратын зауыт салынды. Қазақстанның 4 жоғары оқу орны атом саласы үшін мамандарды даярлайды. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап «Атом өнеркәсібі», «Атом ядросы мен бөлшектері физикасы», «Техникалық физика (Атом электр стансалары мен қондырғылары), «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша 21 бакалавр, 12 магистр және 1 маман білім алды. Осы мақсатта болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, қабылданады, оның негізінде қажетті мамандар санын даярлау ұйымдастырылады. Бұл ретте атом электр стансаларының өнеркәсіптік өндірістік персоналының шамамен 20 пайызын ядролық білімі бар зауыт қызметкерлері құрайды.

Нұржан МҰХАМЕДОВ, ҚР ҰЯО, Атом энергиясы институты филиалының реакторлық құрылғыларды әзірлеу және сынау бөлімінің бастығы:

Ядролық реактор мен қару екі бөлек нәрсе

– Халықтың санасында Чернобыль апаты, Семей полигоны қатты сақталғандықтан АЭС мәселесінің аздап үрей туғызуы қалыпты жағдай. Мәселен, Семейдегі жарылыстардың зардабын әлі тартып келеміз. Алайда атом электр стансаларын ядролық қарумен салыстыруға болмайды. Ядролық реактор мен қару екі бөлек нәрсе. Олардың жұмыс істеу принциптері де бір-біріне ұқсамайды. Мәселе ядролық қаруда басқарылмайтын тізбекті реакция,  ал ядролық реакторда басқарылатын реакция жүреді. Одан бөлек ядролық реакторлар бірнеше қауіпсіздік жүйелерінен тұрады. Онда пассивті және активті қауіпсіздік жүйелері бар. Қазір дүние жүзінде салынып жатқан ІІІ+ деңгейлі реакторлардың қауіпсіздігі толығымен дәлелденген. Сондықтан олар 9 балдық жер сілкінісіне төзімді, ұшақ құласа да зақым келмейді, жоғары температурада балқып кетпейді, төменгі температурада қатып қалмайды. Егер электр қуаты болмаса, 72 сағат ішінде реактор өздігінен суытылады және толықтай қауіпсіз жағдайға көшіріледі. Реактор жұмысы тоқтаған соң оны қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

АЭС қалдығы да тұрғындардың алаңдаушылығын тудырып отырғаны жасырын емес. Ядролық реакторлардан қолданылған ядролық отын түзіледі. Бүгінде әлемде IV буын ядролық реакторлар жобалануда, яғни олардың қауіпсіздігі зерттеліп жатыр. Біз қауіп қылып отырған қолданылған ядролық отынды осы IV буынды ядролық реакторлардың негізгі отыны ретінде қолданылмақ. Яғни, біз қалдық деп отырған дүниені де пайдаға жаратуға болады.

Негізі, ядролық қалдықтар көп емес. Олар ЖЭС-ке қарағанда АЭС-те  әлдеқайда аз болады. Референдум оң нәтиже көрсеткен жағдайда ары қарайғы зерттеу жұмыстарында осының бәрі жан-жақты қарастырылады. Өз кезегінде Ұлттық ядро орталығы қалдықтармен жұмыс істеудің негізгі принциптерін, қалай қолдану керегін біледі.  Ал енді қолданылған ядролық отынның өзіне келетін болсақ, Ақтау қаласында БН-350 ядролық реакторы жұмыс істеген болатын. Және де қазір ол реактор эксплуатациядан шығарылып, оның ядролық ҰЯО-ға қарайтын арнайы жерде сақталуда.

Елімізде соңғы жылдары энергия тапшылығы айқын сезіле бастады және бұл көрсеткіш жыл сайын үш пайызға өсіп отыр. 2035 жылы Қазақстанның  энергия қажеттілігі 26 ГВТ-қа жетеді. Сондықтан  ең таза энергия көзі ретінде бүгінде АЭС салу қарастырылуда. Жаңартылған энергия көздеріне көшу туралы да айтылып жатыр. Алайда  баламалы энергия көздері еліміздегі энергия тапшылығын жаба алмайды. Сондықтан негізгі энергия көзі ретінде АЭС салуды қарастыру керек.

Ғани МӘДИ, Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары:

АЭС –  ғылыми көзқарасты қажет ететін сала

– Өздеріңіз білетіндей, осы жылдың 6 қазанында Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. 2019 жылы Мемлекет басшысы аталған мәселені қазақстандықтардың қатысуымен шешу керектігін атап өткен болатын.

Бұл ел тарихында осы тақырыптағы алғашқы референдум болмақ. Бұған дейін Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша дауыс бердік. Бірақ қазір Президент осындай маңызды, стратегиялық шешім халықтың пікірін ескере отырып қабылдануы керек деген шешімге келді.

Бұл референдумның мәні – азаматтарға АЭС салудың маңыздылығын түсіндіру. Осы уақыт ішінде, әсіресе соңғы жылда, осы тақырып бойынша белсенді қоғамдық пікірталастар болды.

Референдумның нәтижесі оң болған жағдайда, Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы мемлекеттік саясаты бірнеше негізгі бағыттарға шоғырланады. Біріншіден, бұл – атом электр стансаларын жобалауды, салуды, пайдалануды және оны тоқтатқаннан кейінгі әрекеттерді қадағалауға жауап беретін реттеуші негізді құру.

Екіншіден, АЭС қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Біз нысандардың физикалық қорғалуына қатысты қатаң нормалар мен талаптарды енгізуді қолға аламыз. Ерте ескерту және тәуекелдерді азайту жүйелерін дамыту да басты назарда болады.

Үшіншіден, атом электр стансасын салудың экономикалық тиімділігі маңызды аспект болып табылады. Біз бұл жобаны дәстүрлі отын көздеріне тәуелділікті төмендететін энергия көздерін әртараптандыру стратегиясының бөлігі ретінде қарастырамыз. Қазақстанның энергетикалық жүйесіне пайдасы мен тәуекелдеріне мұқият талдау жүргізу – шешім қабылдаудың негізгі аспектілерінің бірі.

Әрине, Қазақстан ядролық қауіпсіздіктің барлық стандарттары мен нормаларын сақтап, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік сияқты халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық жасайды. Атом энергетикасын дамыту – үйлестірілген күш-жігерді талап ететін ұзақ мерзімді жоба және Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарына кіруіне ықпал етеді деп санаймын. 

АЭС салудың Қазақстанда ғылымның дамуына қосатын үлесі қандай деген мәселеге келсек, атом энергетикасы – энергия өндірудің бүкіл тізбегіне негізделген ғылыми көзқарасты қажет ететін жоғары технологиялық сала. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, атом энергетикасында көш бастап тұру озық ғылыми-техникалық әзірлемелердің арқасында қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты Қазақстанда АЭС салынуы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында, сондай-ақ экономика, экология, әлеуметтік ғылымдар және т.б. салаларда ғылымның қарқынды дамуына түрткі болады деп санаймын. Атом энергетикасының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру, ядролық, радиациялық технологиялар мен материалдар, пайдаланылған ядролық отынмен және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, радиациялық, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны мониторингілеу салаларындағы зерттеулер ерекше өзекті болатыны күмәнсіз.

Сондай-ақ еліміздің атом энергетикасын дамытудағы ғылыми-техникалық әлеуеті зор екенін де айта кеткен жөн. Республикамызда атом энергетикасы саласында жақсы дамыған ғылыми-техникалық инфрақұрылым, іргелі және қолданбалы сипаттағы ең күрделі міндеттерді шешуге қабілетті жоғары білікті ғылыми кадрлар бар.

Елімізде атом энергетикасын дамытуға, атом электр стансасын салу мен оның қауіпсіз жұмыс істеуін қолдауға бағытталған ғылыми-техникалық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламалардың нәтижелері Қазақстанда да, әлемде де сұранысқа ие. Мәселен, бағдарламаларды орындау нәтижесінде қалыптасқан эксперименттік деректер базасы атом энергетикасының қауіпсіздігін арттыру, энергетикалық ядролық реакторлардағы ауыр апаттың даму барысын түсіну және басқару үшін өте маңызды. Реакторлардың перспективалық түрлерінің ядролық-физикалық сипаттамасын бағалау, радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеу тұжырымдамасын, АЭС орналасатын ауданда радиациялық мониторинг жүргізу жүйесінің схемасы мен құрамына қойылатын талаптарды айқындау Қазақстан Республикасында АЭС салу үшін қарастырылатын реакторларды тиімді және қауіпсіз пайдалану жағдайына талдау жасауға мүмкіндік береді.

Атом энергиясын қауіпсіз әрі тиімді өндіру және пайдалану үшін ғылыми негізделген деректер, инновациялық шешімдер қажет, бұл ғылыми зерттеулердің өзектілігі мен маңыздылығын айқындай түседі. Осылайша, сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып, АЭС салу Қазақстанда ғылымның дамуына жаңа серпін берері сөзсіз.

Ерұлан ОҢҒАРБАЕВ, Ядролық физика институтының Астана филиалының ДЦ-60 үдеткішінің технологиялық қызмет инженері:

ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ПАЙДА БОЛАДЫ

– Ядролық физика институтының АЭС салудағы тәжірибесі жеткіліксіз, сондықтан бұл жұмыстарды шетелдік мамандар жүзеге асырады. Дегенмен Ядролық физика институты АЭС жұмысына қажетті зерттеулерді жасай алады. Себебі институтта ядролық физика, нейрондық физика, материалтану және радиациялық төзімділік бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіледі.

Бүгінде Ядролық физика институтында радиоактивті қалдықтарды сақтайтын қойма бар. Осы қалдықтарды сақтау ісі жоғары деңгейде ұйымдастырылған және оған қажетті мамандар бар. Сонымен қатар  қауіпсіздік ережелері өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Себебі бұл жұмыстарды МАГАТЭ ұйымы қатаң бақылауда ұстайды. Осы ретте АЭС қалдықтарын сақтау үшін Қазақстанда жерасты қоймалары салынады. Бұл жұмыстарды қауіпсіз қамтамасыз етуге қажетті технологияларды қадағалау үшін біздің институтта мамандар жеткілікті. Сондай-ақ жарғақтық дистилляция әдісімен тұздар мен радиоактивті қалдықтардан суды тазартуда қолданылатын жарғақтардың кеуекті құрылымын сақтай отырып, шеткі сулану бұрышының >120° ұлғаюына алып келетін тректік жарғақтарды гидрофобизациялау әдістері алғаш рет әзірленген болатын. Наноталшықты жарғақтармен салыстырғанда кеуектер өлшемдері бойынша жіңішке үлестірілетін тректік жарғақтарды пайдалану радиоактивті қалдықтардан жақсы тазартуға мүмкіндік береді.

АЭС-тің ғылымға тигізер пайдасы көп, әсіресе, ядролық физика, инженерия, физика, материалтану сынды салалар дамиды. Сонымен қатар бізде жас ғалымдар мен мектеп түлектері бұл бағытта білім алуға ынтасы артады және де жаңа жұмыс орындары пайда болады.

Дайындаған А.БИМЕНДИЕВА

Серіктес жаңалықтары