Цифрлық қоғамға – нық қадаммен

2024 жылғы UN E-Government Survey есе­біне сәйкес, еліміз электронды үкіметті да­мыту бойынша әлемдік рейтингте 24-орынға кө­теріліп, өткен есеппен салыстырғанда өз пози­циясын 4 сатыға жақсартты.

Цифрлық қоғамға – нық қадаммен
www.gov.kz
64

Еліміз әлем бойынша цифрлық бас­қа­ру саласындағы орнын нық­та­ды. Биыл БҰҰ электронды үкімет бойын­ша жаһан­дық рейтингте 24-орын­ға көтерілдік. Осы­­лай­ша, көр­сет­кіш өткен есептегіге қара­­ған­да 4 са­тыға жақсарып отыр.

Есепте не екшеледі?

2024 жылғы UN E-Government Survey есе­біне сәйкес, еліміз электронды үкіметті да­мыту бойынша әлемдік рейтингте 24-орынға кө­теріліп, өткен есеппен салыстырғанда өз пози­циясын 4 сатыға жақсартты. Айта кету ке­рек, бұл – еліміздің осы рейтингке енгенінен бергі ең жақсы көрсеткіштің бірі. 
Рейтинг екі жыл сайын жаңарып отырады, оны 2001 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Экономикалық және әлеуметтік іс­тер департаменті (UN DESA) құрастырады. Зерт­теу БҰҰ-ның 193 мүше мемлекетінің элек­трон­дық үкіметті дамыту деңгейін баға­лай­­ды. Нақтырақ айт­қанда, БҰҰ сарапшылары елдердің электрон­ды қызметтерінің дамуын, адам ка­пи­талын және телекоммуникация инфра­құры­­­­лымын бағалайды.
Жиырма жылдан астам уақыт бойы бұл жо­ба үкіметтердің әлем бойынша электрондық үкімет тиімділігіне қатысты деректі, талдаулар мен көзқарастарды жинақтап келеді. Зерттеуді жүр­гізудің мақсаты – 2030 жылға дейін жаһан­дық күн тәртібіндегі тұрақты даму мақ­саттарынан ешкімнің сырт қалмауына жағдай жасау. 

Электрондық үкіметті дамыту Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Электрон­дық үкімет индексі (EGDI) арқылы бақы­ла­­­нады, ол ұлттық деңгейдегі прогресті өл­шейді. EGDI үш деңгейлі индекстің ор­та­ша мәнінен есептеледі. Оның бірі Ха­лық­аралық телекоммуникациялық одақ (ITU) ұсын­ған мәліметтер негізіндегі Теле­ком­му­ни­кациялық инфрақұрылым индексінен (TII), енді бір бөлігі Білім, ғылым және мә­­­­­дениет жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйы­мы (ЮНЕСКО) негізінен ұсынған мә­лі­мет­тер негізіндегі Адам капиталы индексінен (HCI), ал қалған бөлігі БҰҰ Экономикалық жә­не әлеуметтік істер департаменті (UN DESA) жүргізетін онлайн бағалау негізінде жи­налған мәліметтерден құрастырылатын Он­лайн қызмет индексінен (OSI) алынады. Бұл бағалау БҰҰ-ның 193 мүше мемле­ке­ті­нің ұлттық онлайн қатысуын бағалайтын тәуел­сіз онлайн бағалауға және Мүше мем­лекеттердің сауалнамасына (MSQ) негіз­де­леді.

Жаңа бағдар – жасанды интеллект

Есепте Қазақстан өте жоғары EGDI көр­сеткіші бар елдер тобына кіріп отыр. Осы көрсеткіш бойынша еліміз 24-орынды ие­леніп, Израильден кейінгі орынға тұрақ­та­ған. Биылғы рейтингте Қазақстаннан кейін­гі орындарда Уругвай, Швейцария, Түр­кия, Франция, Қытай, Канада тұр. 
– Қазақстанның eGov платформасы мың­даған онлайн қызметтерді ұсынады, бұл мемлекеттік бюджеттерге онлайн қол­же­тімділік пен E-License және Smart Data Ukimet сияқты цифрлық бастамалар ар­қы­лы үкіметтің ашықтығын арттырады. 2023-2029 жылдарға арналған цифрлық транс­фор­мация тұжырымдамасы мемлекеттік қыз­меттерді жақсартуға, мемлекеттік бас­­қарудың трансформациясын жедел­де­туге және экономикалық секторды да­мы­ту­ға бағытталған. Мақсат – техно­ло­гия­лар­ды пайдалану және азаматтарға бағыт­тал­ған қызметтерге назар аудару арқылы циф­р­лық дамыған және инклюзивті қоғам құру, – деп жазылған БҰҰ есебінде.
Жалпы, кейінгі 10 жылда технология­лар­дың дамуы өмір салтымызға түбегейлі өз­геріс алып келгені рас. Соның ішінде, элек­т­рон­ды үкіметтің дамуы әкімшілік жұ­мыстарды жеңілдетіп, тиімді ете түсті. Осы саладағы даму жолымыз біраз елге үлгі бол­ғанын айтып өту де – аса маңызды. Де­ген­мен Президент биылғы Жолдауында осы­мен тоқтап қалуға болмайтынын айт­қан болатын.
– Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. «Электронды үкімет» платформасына жа­санды интеллект технологиясын барын­ша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интел­лек­тіні кеңінен қолданатын және цифрлық тех­нологияларды дамытып жатқан елге ай­налуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты мін­де­тінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұ­мысқа атсалысуға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал Цифрлық даму министрі Жаслан Мә­диев бұл көрсеткішті бірлескен жұмыс­тың нәтижесі деп бағалады. 
– Бұл біздің цифрландырудағы және тиім­­ді мемлекеттік басқаруға қол жеткізу­де­гі жетістіктерімізді көрсететін маңызды көр­сеткіш. БҰҰ рейтингі екі жылда бір рет жа­салады және ол 193 елді бағалап, элект­рон­ды қызметтердің дамуы, адам капиталы мен телекоммуникациялық инфрақұры­лым сияқты негізгі аспектілерді ескереді. Бұл жетістік – бірлескен жұмыстың нәти­же­сі, және біз өз қызметтерімізді әрбір қа­зақстандық үшін қолжетімді, қауіпсіз жә­не инновациялық ету үшін жұмысты жал­ғастыра береміз! – деді Цифрлық даму ми­нистрі Жаслан Мәдиев.

Онлайн-қызметтен – алғашқы ондықта

Тағы бір айта кететін маңызды жайт – Қа­зақстан онлайн-қызметтер индексі (OSI) бойынша 10-орынға ие болып, әлемдік рей­тинг көшбасшылары – Оңтүстік Корея, Да­ния және Эстониямен қатар тұр. Сондай-ақ Қытай, Германия және Австралия сияқ­ты елдерден озып, осы саладағы алдыңғы қа­тарлы елдер сапына кірді.
Осы индекс бойынша Қазақстан ТМД ел­дері арасында Ресей Федерациясынан (43-орын), Армениядан (48-орын), Өз­бек­стан­нан (63-орын) және Әзербайжаннан (74-орын) озып, көш бастады.
Сондай-ақ теңізге шыға алмайтын ел­дер арасында да еліміз 0.9009 EGDI инд­ек­сі­мен 1-орынға ие болды. Одан кейін рей­­­­тингте Моңғолия, Армения және Өзбекстан тұр.

Телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту – тағы бір міндет

Рейтингте еліміз тағы бір көрсеткіш – те­лекоммуникациялық инфрақұрылым ин­дексі (TII) бойынша өз позициясын 23 орын­ға жақсартып, 41-орынға тұрақтады.
 – Жалпы, телекоммуникация желілері мен дата-орталықтарын барынша жетіл­діру­ге, кибер-қауіпсіздіктің әлемдік стан­дарт­тарын енгізуге және мамандарымыздың білік­тілігін арттыруға қатысты жұмысты жал­ғастыру керек, – деген еді Президент биыл­ғы қыркүйектегі Жолдауында. 
2025 жылы Каспий теңізі арқылы тал­шық­ты-оптикалық байланыс желісін тарту жо­басы аяқталмақ. Еліміз үшін бұл жоба­ның маңызы зор екенін, сол арқылы мәлі­мет­тердің халықаралық арнасымен және транс­шекаралық ағынымен байланысты цифр­лық инфрақұрылым құра алатыны­мыз­ды да Мемлекет басшысы айтқан еді.
Есепте сондай-ақ, Қазақстан цифрлық инф­рақұрылымға белсенді түрде инвес­ти­ция салып, жасанды интеллект, блокчейн жә­не заттар интернеті (IoT) сияқты озық тех­нологияларды енгізу арқылы цифрлық трансформация саласында айтарлықтай іл­герілегені айтылған. 
Ұлттық АКТ және цифрлық сауат­ты­лық­ты дамыту стратегиясы, сондай-ақ мем­лекеттік қызметтердің сапасын жақ­сар­туға баса назар аудару елдің әлемдік рей­­­­тингтерде одан әрі өсуіне және оны әлем­дегі цифрлық трансформация көшбас­шыларының бірі ретінде нығайтуға сеп болары сөзсіз.

Есептен бөлек, электронды үкіметтің дамуы цифрлық технологияларды күнделікті өмірде, халық игілігіне пайдалануға мүмкіндік беру арқылы көрініс тауып отыр. Тек қауіпсіздік мәселесі қаперден шықпаса болғаны. 
 

Серіктес жаңалықтары