Ауыл балалары Абай өлеңдерін жатқа оқиды

Бір таңғалатының, ауылдағы қай баланы тоқтатып сұрасаңыз, ұлы ақынның өлеңдерін жатқа айтады.

Ауыл балалары Абай өлеңдерін жатқа оқиды
291

Ақтөбе қаласына жақын аудандардың бірі – Хромтау ауданында Абай дейтін ауыл бар. Абай ауылдық округіне орталығы Абай ауылы мен Тассай ауылдары қарайды. Бүгінде әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары көрсеткішке ие бұл ауылда қазір 300-ден аса адам тұрады. Бір таңғалатының, ауылдағы қай баланы тоқтатып сұрасаңыз, ұлы ақынның өлеңдерін жатқа айтады. 

Аттан түспеген ардагерлер

Облыс орталығынан 90 шақырым, Хромтау қаласынан 14 шақырым жер­де орналасқан Абай ауылының жалпы ау­мағы – 99 230 гектар. Қазір бұл ауылда  105 түтін бар. Тұрғындар ауылға тұрақ­тан­ған. Себебі бұл ауылдың элеуметтік-эко­но­ми­калық көрсеткіші жоғары, электр же­лі­сі­мен, көгілдір отынмен, ауызсумен және бар­лық ұялы байланыс желісімен толық қам­тылған. 
– Округке қарасты Абай және Тассай ауыл­дарында алты көше бар. Соның бесеуі Абай ауылына тиесілі. Көше жолдарының ұзын­дығы – 11,7 шақырым. Жолдың дені ас­­­­­фальтталды, – дейді Абай ауылдық окру­гі­нің әкімі Махамбет Сүйіналин. 
Жергілікті тұрғындардың сапалы өмір сүруі үшін барлық әлеуметтік нысан жұмыс іс­тейді. Іргетасы 1985 жылы қаланған Абай негізгі мектебі, шағын орталық, медицина­лық пункт, кітапхана, учаскелік полиция инс­пекциясы ветеринариялық пункттер жұ­мыс істеп тұр. 
– Ауылымызда төрт түлігін өргізіп, өні­мін қорек етіп отырған жандардың қатары көп. Округ тұрғындарының дені – жұмысқа қабілетті. Олардың қатарында өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтушылар да бар. Бір қуанар­лы­ғы, округте тіркелген 55 зейнеткердің 30-ы – еңбекке қабілетті. Осындай жандардың жұ­­мыс­қа деген күш-қуаты, өмірлік тәжіри­бесі кейінгі буынға үлгі, – дейді округ әкімі. 
Қонаевтың ізі қалған

Ауыл тарихына қатысты қызықты мә­лі­меттер бар. Кезінде бұл ауылға Дінмұ­ха­мед Қонаевтың келгенін бүгінгі жұрт зор мақ­танышпен айтып, еске алады. 
1927-1930 жылдары жүргізілген жап­пай ұжымдастыру нәтижесінде осы жерде үш ұжымшар құрылған. Олар – Октябрь, Қы­зыл еңбек және Ворошилов. Ал 1950-1952 жылдары кіші ұжымшарлар бірік­ті­рі­ліп, Ворошилов атындағы үлкен ұжымшар бол­ған. Бұл ауылда алғашқы балабақша 1980 жылы ашылыпты. 
Тарихи деректерде  1981 жылы егін­нен мол астық жиналып, Абай ауы­лы­на Дін­мұха­мед Қонаев келген. Егін шаруа­шылығымен әлі де айналысатын қо­жалықтар жыл сайын мол өнім алып, бұл дәс­түрді әлі де жалғастырып жүр. 
Кейін, яғни 1989-1990 жылдары бұл ұжым­жарға Абай атауы беріліпті. 1995 жы­лы елді мекенде Ұлы Жеңістің 50 жыл­ды­ғы­на орай «Белгісіз жауынгер» ескерткіші, ал ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 150 жыл­ды­ғына орай ақынның еңселі ескерткіші ашыл­ған.

Табиғи ландшафттар туризм индустриясын дамытуға мүмкіндік береді...

Қазір бұл округте 35 шаруа қожалығы тір­­келген. Мал, егін шаруашылығымен ай­на­лысатын қожалықтардан бөлек, дүкен ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысушылар қа­тары да жыл өткен сайын артуда. Абай ауы­­лының әлеуметтік-экономикалық да­муын көтеру мақсатында «Ауыл аманаты» жо­­басы бойынша былтыр 8 адам 48 мил­лион теңге көлемінде несие алып, өз кәсіп­те­рін бастапты. Осылайша, бұл ауылда мем­лекеттік бағдарлама негізінде 8 жоба іске асырылған. 
Атап айтсақ, құс шаруашылығын дамы­тып, ешкі сүтін пайдаланып, жылыжай аш­қан тұрғындар қазір өз өнімдерін сатып, нәпақасын тауып отыр. 
– Ауылымыздың республикалық маңыз­ға ие Самара-Шымкент тас жолының бойында орналасуы, ауылдың оң дамуына сеп­тігін тігізіп отыр. Сондай-ақ жергілікті та­биғи ландшафттар туризм индустриясын дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді. Д­е­генмен өсудің оң динамикасына және бар­­лық қажетті әлеуметтік инфра­құры­лым­дардың болуына қарамастан, ауылдағы өмір сүру жағдайлары инженерлік инф­ра­құрылымды кешенді және егжей-тегжейлі дамытуды талап етеді, – деді Абай ауылдық округінің әкімі Махамбет Сүйіналин. 

«Абай аманаты» немесе эксперименттік алаң

Келер жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толмақ. Осы мерейлі датаға Абай ауы­лы тұрғындары дайындықты бүгіннен бас­тап кеткен. Абай негізгі мектебі дирек­то­рының міндетін атқарушы Совет Жұма­баев­тың айтуынша, мектеп оқушылары Абай өлеңдерін жатқа оқиды. 
– Мектебімізде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай дана, Абай дара қазақта» тақырыбында көлемді іс-ша­ра жоспарланып жатыр. Осы мақсатта ап­­талықтар ұйымдастырылып, жас ма­ман­дар арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жы­лы жүрек» атты Абай өлеңдерінен мә­нер­леп оқу сайысын өткізуді де жоспарлап жатыр­мыз. «Табиғат, таң қаламын тама­шаңа!» Абай шығармалары бойынша сурет байқауы, ақынның мерейтойына арналған ашық сынып сағаттары, оқушылардың Абай ескерткішіне саяхаты, Абай ауылдық кі­тапханасы қызметкерімен «Абай үні, Абай лебі» оқушылар арасында Абай өлеңдерінен мәнерлеп оқу жұмыстары да ұйымдастырылатын болады. Мұндай іс-ша­раларды өткізудегі мақсат – білім алу­шы­лардың бойына Ұлы ақынның баға жетпес мол мұрасын сіңіру, өскелең ұрпақтың ұлт­тық рухы мен патриоттық сезімдерін ояту. Мұндай жұмыстарды біз Абай күнінде ғана ұйымдастырмаймыз. Ақынның мол мұра­ларын жыл бойы дәріптеп келе жа­тыр­мыз, – дейді Совет Жұмабаев. 
Оның айтуынша, Абай арнайы бел­гі­ленген бір күнгі мерекеде ғана аты аталып қалатын тұлға емес. «Ол – тұтас қа­зақтың жаны. Сондықтан да біз жыл бойы Абай шығармаларын дәріптеу мақ­са­тында мектебімізде  «Абай аманаты» тақы­ры­бындағы эксперименттік алаң ашқан бо­ла­тынбыз. Соңғы үш жылдан бері осы экс­перименттік алаң іске асырылып жүр. Мұндағы мақсатымыз – балаларға қазақ тілін меңгертудің тиімді жолын анықтау, қазақ тілі арқылы ұлттық құндылықтарды дамыту, әрі Абай шығармашылығы арқылы ба­лалардың таза, анық, тартымды сөйлеу дағ­дысын қалыптастыру. Біз мұндай іс-ша­ра арқылы  балалардың ғана емес, олардың ата-аналарының да Абай шығармашылы­ғына деген қызығушылығын арттырып отыр­мыз», – дейді Абай атындағы мектеп­тің өкілі. 

Аржинттің үлесі

Ұлты молдаван Иван Аржинт – Абай ауылының тұрғыны. Ол – «Хромтау су» шаруашылық жүргізу құқықығындағы ок­ругке қарасты мекеменің маманы. Бір кез­дері ауылдағы Абай ескерткішінің бой кө­теруіне мұрындық болған Иванды көп­ші­лік қоғам белсендісі ретінде жақсы тани­ды.
1957 жылы Талдықорған облысының Қара­тал ауданы Красный Восток ауылында  дү­ниеге келген Иван Аржинттің отбасы тың игеру жылдарында Ақтөбеге, оның ішін­де Хромтау өлкесіне қоныс тепкен. Осы жерде білім алып, еңбекке ерте ара­лас­қан Иванның қазақтармен қарым-қа­тынасы нығая түседі. Өйткені 1974 жылы ол сыныптас құрбысы, қазақ қызы Базар­гүлмен бас қосады. Сөйтіп, Екінші дүние­жүзі­лік соғысының ардагері, Қазақ КСР ең­бек сіңірген қызметкері Берден Ташанов­тың күйеу баласы атанған Иванға қайын атасы ерекше құрметпен қарайды. Себебі ол жастайынан қазақтармен араласып-құра­ласып жүріп өскендіктен, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жақсы сақ­таған. Тіпті, қазақ тіліне деген құрметі де зор. Иван Аржинт үлгілі ұстазы Мәриям Жұ­мағалиеваның арқасында  қазақ тілін жетік меңгергенін айтады.
– 1976-1978 жылдары Семей өлкесінде Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Әс­керге дейін үйленіп, еңбекке ерте ара­лас­тым. Мектепті тәмамдағаннан соң ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, кейін заң мамандығы  бойынша білімімді жетіл­дір­дім. Содан Хромтау өлкесінің ауыл ша­руа­­­­шылығы саласын дамыту жолында та­бан аудармастан еңбек еттім. Қазір зейнет жа­сына шықсам да, ауданды ауызсумен қам­тамасыз ететін «Хромтау су» кәсіпор­нында вахталық әдіспен  жұмыс жасаймын, – дейді Иван Аржинт.
Ауданда еңбек еткен жылдары оның бригадасы астық дайындауда республика бойынша көш бастаған кездер де болыпты. Иван Аржинттің бұл еңбегі ескерусіз қал­ма­ған. Сол кездері облыс тарапынан көрін­ген­нің қолы жете бермейтін «Жигули» ав­то­көлігін еншілейді. 
Бүгінде Аржинттер отбасы көпке үлгі. Иван мен Базаргүлдің шаңырағында төрт пер­зент дүниеге келді. 
Кезінде ол – ауылға ұлы ақынның ескерт­кі­шін орнатуда сүбелі үлес қосқан жан­дар­дың бірі. Себебі ұзақ жыл қайта жөндеуден өтпеген ескерткішті жаңарту үшін бұқара­лық ақпарат құралдары арқылы жергілікті билікке хат жолдайды. Хатында: «1997 жы­лы  белгілі ақын  Амантай Өтегеновпен та­ныстым. Ол кезде мен – «Абай» ұжым­ша­ры­ның төрағасымын. Жағдай былай болды. 1997 жылы күзде кино және театр майтал­ман­дары Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова Хромтау ауданына  келді. Біз осы сәтті пайдаланып, Абай ауылында тұр­ғын­дармен кездесу ұйымдастырдық. Осы кездесуге Амантай Өтегенов те Ақтөбеден арнайы келді. Бұл күн Абай ауылы тұр­ғын­дары үшін нағыз мерекеге айналды. Аман­тай Өтегенов Абайдың өлеңдерімен қоса өз туындыларын да  оқыды. Шығармашы­лық кештен соң Хромтау ауданының басшылығы ауылдың еңбек озаттарын ма­рапаттады.  Хромтау жұрты Құман Тас­тан­бековті қазақы ою-өрнекпен өрнек­телген ер-тоқымы бар сәйгүлікке мінгізді. Осы жерде Абай ауылы тұрғындарының көз алдына «Қыз Жібек» фильміндегі салта­на­ты асқан  көрініс  тұрды. Сыйлы қонақ­тар аттанып бара жатқанда, Құман Тастан­бе­ков маған «Абай жолы» кітабын сыйға тарт­ты. Біз екеуміз жерлес болып шықтық. Мен Талдықорған облысы Қаратал ауданы­ның «Красный Восток» ұжымшарында ту­сам, ол біздің ауылға көрші Григорьев­ка­дан екен. Қонақтар көлікке мініп жатқанда Аман­тай Өтегенов маған: «Бауырым, ауыл­да ақын ескерткіші тұрса, жақсы болар еді», – деді. 
Көп кешікпей бұл ауылда еңселі Абай ескерткіші бой көтерді...

Айару СЕРІК, 
Ақтөбе облысы

 

Серіктес жаңалықтары